Жұбайы қайтыс болғандар. Олардың мұқтаждықтары қандай? Біз қандай көмек бере аламыз?
Жарығы көмескі шағын ас үйде Джейн дастарқан жайып жатыр. Әйтеуір бірдеңе жеуі керек қой. Бір кезде алдындағы екі тәрелкені көреді де... көздері жасқа толып кетеді. Ол әдетінше екі адамға дастарқан жайыпты... Джейн екі жыл бұрын сүйікті күйеуінен айырылған еді.
МҰНДАЙ жағдайды басынан кешірмегендерге жұбайынан айырылудың адамға қаншалықты ауыр тиетінін түсіну мүмкін емес. Шынында да, адам баласына жақынынан айырылғанын толығымен түсіну үшін уақыт керек. Жетпіс екі жастағы Берилге күйеуінің беймезгіл өлімін қабылдау қиын болды. “Мен үшін бәрі де түсімде болып жатқан сияқты еді— дейді ол.— Енді осы есіктен ол ешқашан кірмейтініне сене алмайтынмын”.
Бір мүшесінен айырылған адамдарға кейде сол мүшесі бар секілді болып тұрады. Сол сияқты, жұбайы қайтыс болып, қайғыға батқан адам бірде топтың ішінен өзінің сүйікті жарын “көріп” қалған сияқты болса, тағы бірде өзі байқамай өмірден өткен жарына сөйлеп жатады.
Көбінесе отбасы мүшелері мен достары жақыны қайтыс болған адамға қалай көмектесерін білмей әбігерге түседі. Таныстарыңыздың арасында жарынан айырылған адам бар ма? Сіз оған қалай жәрдем бере аласыз? Жесір әйелге не әйелі өлген адамға көмектесу үшін қандай жайттарды ескеруіңіз керек? Оның өмір сүруге деген құштарлығын қайта ояту үшін не істеуге болады?
Аулақ болатын жайттар
Жары қайтыс болған адамның достары мен туыстары оның қамығып жүргенін уайымдап, ізгі ниетпен қайғыра бермеуге талпындыруы мүмкін. Алайда жарынан айырылған 700 адамның жағдайын қарастырған бір зерттеуші былай дейді: “Адамның қайғысы осынша уақыт созылуы керек деп нақты айтуға болмайды”. Сондықтан оның қайғысын басуға тырысудың орнына, жеткілікті уақыт берген дұрыс (Жаратылыс 37:34, 35; Әйүп 10:1).
Жерлеуге қатысты мәселелерде көмек көрсету орынды болғанмен, бәрін өз қолыма алуым керек деген ойдан сақ болыңыз. Әйелі қайтыс болған қырық тоғыз жасар Пол былай дейді: “Жерлеуді ұйымдастыруға көмек көрсеткендердің маңызды нәрселерді өзім шешуіме мүмкіндік бергендері маған ұнады. Әйелімнің жерлеу рәсімі лайықты түрде өтуі мен үшін маңызды еді. Бұл оған құрмет көрсетудің соңғы мүмкіндігі деп ойладым”.
Әрине, қандай да бір көмек көрсеткен өте орынды. Алпыс сегіз жастағы жесір әйел Илен былай дейді: “Жерлеуді ұйымдастыру мен құжаттарды толтыруға шамам келмеді, өйткені мен есімді жия алмай жүр едім. Балам мен келінімнің көмектескені қандай жақсы болды”.
Қайтыс болған адам туралы сөйлесуден еш тартынбаңыздар. Жоғарыда аты аталған Берил былай дейді: “Достарым барынша көмек көрсетті. Алайда көбісі күйеуім Джон туралы сөз қозғаудан тартынатынын байқадым. Бұл менде күйеуім өмірде мүлдем болмағандай сезім тудырғандықтан, маған ауыр тиді”. Жұбайы қайтыс болған адам кейде ол туралы әңгімелесуді қалайтын шығар. Қайтыс болған адамның қандай да бір қайырымды ісі не екеуіңізбен болған қызықты оқиға есіңізде болар? Мұны жақынын жоқтап жүрген адамға неге айтып бермеске? Егер қайтыс болған жұбайы туралы әңгіме қозғағаныңыз оған жағымды болатынын байқасаңыз, онда оны не үшін жақсы көргеніңізді және сағынып жүргеніңізді неге айтпасқа? Бұл азалы адамға оның қайғысына ортақтас екеніңізді көрсетеді (Римдіктерге 12:15).
Көмек ұсынарда, қайғырған адамға тым көп кеңес беруден аулақ болыңыздар. Оны қандай да бір шешімдерді тезірек қабылдауға итермелемеңіздерa. Оның орнына көрегендік танытып, өздеріңізден былай деп сұрағандарыңыз абзал: “Өмірдің ең қиын кезеңдерінің біріне кезіккен досыма не туысыма қалай көмектесе аламын?”
Біз не істей аламыз?
Жақынынан айырылған адамға, алғашқы уақытта, іс жүзіндегі көмек өте қажет болатыны сөзсіз. Мүмкін тамағын пісірерміз, алыстан келген туыстарын жайғастырармыз не жеке көңіл бөлерміз.
Жарынан айырылып, қайғы мен жалғыздыққа душар болғаны ерлер мен әйелдерге әртүрлі әсер ететінін ескергеніміз жөн. Мысалы, кей елдерде әйелінен айырылған ер адамдар 18 айдың ішінде қайта үйленіп жатады. Ал жесірлердің арасында бұл сирек кездесетін жайт. Мұндай айырмашылықтың себебі неде?
Әйелі өлген ерлер тәндік немесе жыныстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ғана үйленеді деген жаңсақ пікір кең тараған. Ал шын мәнінде, тек жұбайына ғана сенім артуға бейім келетіндіктен, жары қайтыс болғанда жалғыздық сезімі ер адамның жанын жегідей жеуі мүмкін. Сол себепті ер адамдардың көбісі, асығыс шешім қабылдаудың қаупіне қарамай, қайта үйленіп жатады. Ал жесір әйелдерге, тіпті күйеуінің достары өзін ұмытып кетсе де, эмоционалдық жағынан көмек көзін табу жеңілірек. Осылайша оларға жалғыздықпен күресу әлдеқайда оңай болады.
Досыңыз ер адам болсын, әйел заты болсын жалғыздықтың салдарын жеңілдету үшін не істей аласыз? Қырық тоғыз жасар жесір әйел Хелен былай дейді: “Көбісі көмектескісі келгенмен, бірінші болып әрекет ете бермейді. Олар жиі: “Бірдеңе керек болса, хабарласасың ғой”,— деп айта салады. Алайда кейбіреулер: “Мен дүкенге бара жатыр едім, бірге жүресің бе?” десе, мәз болып қалатынмын”. Әйелі қатерлі ісіктен қайтыс болған Пол, әлдекім бір жерге шақырғанда неліктен риза болатынын былай деп түсіндіреді: “Кейде адамдармен араласқың не жағдайың туралы сөйлескің келмейді. Бірақ бірге уақыт өткізіп, әңгіме-дүкен құрғаннан кейін өзіңді әлдеқайда жақсы сезінесің, жалғыздық сезімі де сейіліп қалады. Ол адамдардың сенің қамыңды ойлайтынын білгенің жаныңа жай береді”b.
Жанашыр болатын уақыт
Хелен туыстарының көбісі күнделікті тірліктеріне оралғанда, өзінің эмоционалдық көмекке қатты мұқтаж болғанын айтады. “Алғашында жақындарың сенің қасыңда болғанымен, уақыт өте өздерінің қалыпты өмірлеріне оралады. Ал сенің өмірің енді бұрынғыдай болмайды”. Осыны түсінетін нағыз достар жарынан айырылған адамның қасынан әрдайым табылуға тырысады.
Бәлкім, жары қайтыс болған адам некелері қиылған не ол қайтыс болған күні көңіл бөлгенді әсіресе қажет ететін шығар. Жоғарыда аты аталған Илен күйеуімен некелері қиылған күні жалғыздықпен күресуіне ержеткен ұлының қалай көмектесетінін айтады. “Жыл сайын ұлым мені сол күні қыдыртады. Түскі асты бірге ішеміз және күні бойы бірге боламыз”. Туысыңыздың не досыңыздың осындай қаралы күндерін неге түртіп алмасқа? Осылайша ол көңіл бөлуді аса қажет ететін кезде оның қасынан табыласыз. Ал егер өзіңіздің жағдайыңыз болмаса, басқа біреуден оған көңіл бөлуді өтінсеңіз болады (Нақыл сөздер 17:17).
Кейбіреулер жары қайтыс болған адамның өзі басқаларға жұбаныш бере алатынын байқады. Сегіз жыл бұрын күйеуінен айырылған Энни басқа жесір әйелмен пікір алысқаны жайлы былай дейді: “Оның күш-қуаты маған қатты әсер етті және еңсемді көтеруге талпындырды”.
Шынында да, азалы күйлерін жеңген жесір әйелдер не әйелі қайтыс болған ерлер басқаларға жігер мен үміт бере алады. Киелі кітапта келтірілген екі жесір әйел, жас келіншек Рут пен оның енесі Нағима, бір-бірінің жанынан табылды. Егер осы әңгімені оқыр болсақ, олардың бір-біріне тірек бола білгендері қайғыны жеңуге және қиындыққа төтеп беруге көмектескенін көре аламыз (Рут 1:15—17; 3:1; 4:14, 15).
Еңсе көтеретін уақыт
Әрине, жұбайы қайтыс болғандар өмірден өткен жарын ұмыта алмайды, бірақ өмір сүруді әрі қарай жалғастыру үшін күнделікті тіршіліктің қам-қарекетін жасауы керек. Дана патша Сүлеймен “жылап-сықтау уақыты” болатынын мойындаған. Алайда еңсе көтеретін уақыт та бар екенін айтқан (Екклесиаст 3:3, 4).
Жоғарыда аты аталған Пол, өткенді ұмыту қаншалықты қиын екенін айтады. “Әйелім екеуіміз бір-біріне оралып өскен қос ағаш сияқты едік. Алайда ағаштың бірі қурап, алып тасталды да, екіншісі ұсқынсыз болып жалғыз қала берді... Жалғыз қалғанда өзімді біртүрлі сезіндім”. Кейбіреулер өмірден өткен жарыма адалдық сақтаймын деген ниетпен өткенді ұмытып, кәдімгідей өмір сүре бергісі келмейді. Ал басқалары әрі қарай ойнап-күліп өмір сүре беруді сатқындық жасағанмен бірдей санап, тіпті үйден шыққысы келмей, адамдармен араласуды қояды. Мұндайда жары қайтыс болған адамға қайтадан еңсесін көтеруге қалай көмектесуге болады?
Көмек берудің бір мүмкіндігі — адамға ішіндегісін ақтарып, сезімдерімен бөлісуіне жол беру. Сегіз жыл бұрын әйелінен айырылған Херберт былай дейді: “Көңіл айтып келген адамдар қасыма отырып, ішімдегі шерімді тыңдаған кездерін мен ризашылықпен есіме аламын. Әрине, менімен бірге уақыт өткізу оларға аса қызықты болмаған да шығар, бірақ олардың жанашырлығы мен үшін өте бағалы”. Сондай-ақ рухани толысқан досының үнемі эмоционалдық жағдайын сұрап тұрғаны жанына жылу берген Пол былай деп бөлісті: “Оның шын жүректен көңіл бөлгені әрі жұмсақтық танытқаны мені баурап алатын, сондықтан жиі оған ішімдегіні ашық айтатынмын” (Нақыл сөздер 18:24).
Қайғыға батқан адамның бойын өкініш, кінә не ашу сияқты түрлі сезімдер билейді. Бұл сезімдерімен өзгелермен бөліскені оған жаңа жағдайға бейімделуге көмектеседі. Мысалы, барынша сенім артуға тұрарлық тұлғаға, Ехоба Құдайға, ішіндегісін ақтарғанының арқасында Дәуіт патша көп жігер алды. Осылайша өз-өзіне келіп, оған ұлының өлгенін қабылдау жеңілірек болды (Патшалықтар 2-жазба 12:19—23).
Жары қайтыс болған адамға, басында қиын болса да, әйтеуір бір күні күнделікті үй тірлігімен айналысу керек болады. Оны өзіңізбен бірге дүкен аралауға, кешке қарай серуендеуге және басқа да күнделікті істермен айналысуға шақыра аласыз ба? Не болмаса досыңыздан бір жұмысқа көмектесіп жіберуін неге сұрамасқа? Осылайша оның үйде жалғыз отыра беруіне жол бермейсіз. Мысалы, жесір әйел бала-шағаңызға қарайласып, не бір дәмді тағамды қалай жасайтынын көрсетіп бере алатын шығар. Ал әйелі қайтыс болған ер адам үйдегі қандай да бір жөндеу жұмыстарына жәрдемдесе алуы мүмкін. Осылай етсек, ол адамды әрекет етуге талпындырумен қатар, өмір сүруге деген құштарлығын қайта оятамыз.
Жары қайтыс болған адам өзгелермен араласып тұратын болса, өмір сүруге деген құштарлығы біртіндеп оянып, тіпті жаңа мақсаттары да пайда болуы мүмкін. Қырық төрт жастағы үш баласы бар жесір әйел Йонет былай деп есіне алады: “Күнделікті тұрмыс қамына оралу өте қиын болды. Үй тірлігімен айналысу, ақша ұстау және үш балаға қарау көп ауыртпалық әкелетін”. Алайда уақыт өте келе Йонет жұмыстарын ұйымдастыруға дағдыланды және балаларымен қарым-қатынасы одан сайын жақын бола түсті. Сондай-ақ жақын достарының көмегін қабыл алуға үйренді.
“Өмір құнды сый болып қала береді”
Достары мен туыстары жұбайы қайтыс болған адамға нағыз тірек бола білу үшін одан көп нәрсе күтпегендері жөн. Жарынан айырылған адамның көңілі бірде әжептеуір жақсы болса, бірде жаны күйзелуі мүмкін. Еңсесін басқан қайғы өте ауыр болғандықтан, ол айлап-жылдап осындай күйде жүруі ықтимал (Патшалықтар 3-жазба 8:38, 39).
Осындай кезде оның өзгелерден оңашаланып кетпеуіне және өмірден үміт үзбеуіне көмектесу үшін жанашырлықпен жігерлендіріп отыру қажет болар. Бұлай еткеніміз оның өзіне келуіне және әрі қарай да өмір сүруді жалғастыруына көмек болады. Әйелі қайтыс болған, қазір Африкада толық уақытты уағыздаушы болып қызмет ететін 60 жасар Клод былай дейді: “Тіпті сүйіктің бұл өмірден өтсе де, өмір құнды сый болып қала береді”.
Жары қайтыс болғаннан кейін адамның өмірі өзгереді. Соған қарамастан, жұбайынан айырылған жан өзгелер үшін көп нәрсе істей алады (Екклесиаст 11:7, 8).
[Сілтемелер]
a “Бағалы естеліктер ме, әлде ес жиюға кедергілер ме?” деген 12-беттегі қоршауды қараңыз.
b Жарын жоқтап жүргендерге көмектесуге қатысты қосымша мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Жақын адамың қайтыс болғанда” (ор.) деп аталатын кітапшаның 20—25 беттерінен табуға болады.
[11-беттегі сөздер]
Нағыз достар қол ұшын ұсынып, әрдайым жанымыздан табылады
[12-беттегі қоршау/сурет]
“Бағалы естеліктер ме, әлде ес жиюға кедергілер ме?”
“Уақыт өте келе адамның көзқарасы өзгеруі мүмкін екенін білгендіктен, мен күйеуімнің көп заттарын сақтап қойдым,— дейді бірнеше жыл бұрын күйеуі қайтыс болған Хелен.— Қазір осы заттарға қарап, қуанышты сәттерді есіме түсіріп тұрамын”.
Ал әйелінің қайтыс болғанына бес жылдан асқан Клод былай дейді: “Әйелімді ұмытпау үшін маған оның жеке заттарын сақтаудың қажеті жоқ. Меніңше сол заттардан арылғаным маған өмірдің ащы шындығына тіке қарауға және азалы уақыттың жеңілірек өтуіне көмектесті”.
Жоғарыда айтылған ойлардан көргеніміздей, қайтыс болған жарының жеке заттарын тастау-тастамауға қатысты әркімнің шешімі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан достар мен туыстардың жеке көзқарастарына сүйеніп кеңес бермегендері даналыққа жатады (Ғалаттықтарға 6:2, 5).
[9-беттегі суреттер]
Сіздің көмегіңізді аса қажет ететін күндері жанынан табыласыз ба?
[9-беттегі сурет]
Өзіңізбен бірге қыдыруға шақырыңыз
[10-беттегі суреттер]
Жұбайы қайтыс болған адамнан қандай да бір іске көмектесуін өтініңіз, я болмаса бірге демалуға шақырыңыз