Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w13 15.12. 27—31 бет.
  • Жұбайың көз жұмғанда...

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жұбайың көз жұмғанда...
  • 2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЖАЗЫЛМАСТАЙ КӨРІНЕР ЖАН ЖАРАСЫ
  • ҚАЙҒЫМЕН БІРТІНДЕП КҮРЕСУ
  • ҚАЙТА ТІРІЛУГЕ ҮМІТ — ЖҰБАНЫШТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
  • ҮМІТТЕНУДІҢ КЕЛЕЛІ СЕБЕБІ
  • Жұбайы қайтыс болғандар. Олардың мұқтаждықтары қандай? Біз қандай көмек бере аламыз?
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Қайғымен қалай күресуге болады?
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехоба қиындық көрген кезіміздің бәрінде жұбатады
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w13 15.12. 27—31 бет.

Жұбайың көз жұмғанда...

КИЕЛІ КІТАПТА күйеу “әйелін өзін сүйгендей сүю керек”, ал әйел “күйеуіне зор құрмет көрсету” керек екендігі анық айтылған. Екеуі де өздерінің рөлдерін “біртұтас” денедей атқару қажет (Ефес. 5:33; Жар. 2:23, 24). Жылдар өте ерлі-зайыптылар бір-біріне жіпсіз байланып, бір-біріне нағыз тірек болып, сүйіспеншіліктері нығаяды. Қатар өсіп жатқан екі ағаштың тамырлары сияқты, бақытты отбасындағы күйеу мен әйелдің сезімдері бір-бірімен өріліп, байланып қалады.

Алайда ерлі-зайыптылардың бірі көз жұмса ше? Онда өмірдің талай суығында тірек боп келген отбасының керегесі қирағандай болады. Ал жұбайын жоғалтқан адамның жүрегі сыздап, жалғыздықтың, ал кейде тіпті ашу мен өз-өзін кінәлау сезімінің жетегінде жүреді. 58 жыл бойы некеде өмір сүріп келген Дариғаa зайыбын жоғалтқан талай адамдарды білетін. Бірақ өзінің күйеуі қайтыс болғанда, ол былай деді: “Осыдан бұрын мен жарыңды жоғалту деген не екенін түсінбейтінмін. Бұны өз басыңнан өткергенде ғана толық түсінеді екенсің”.

ЖАЗЫЛМАСТАЙ КӨРІНЕР ЖАН ЖАРАСЫ

Кейбір ғалымдардың айтуынша, сүйікті жұбайдың қайтыс болуы — өмірде ең ауыр тиетін соққы. Жан жарынан айырылған адамдар бұны растай алады. Малика көп жыл бұрын күйеуінен айырылған еді. Жалғыз кешіп жатқан өмірі жайлы ол: “Мен өзімді мүгедек сияқты сезінемін”,— дейді. 25 жыл бойы күйеуімен өмір кешкен бұл әйелдің енді жан дүниесі қандай күйде екені айтпаса да түсінікті.

Кезінде Салима күйеулері қайтыс болған жесір әйелдердің неге жылдар бойы қайғыратынын түсінбейтін. Кейіннен ол 38 жыл бойы бір шаңырақтың астында өмір сүрген күйеуінен айырылады. Содан бері 20 жыл өтті, бірақ ол: “Мен ол туралы күнде ойлаймын”,— дейді. Оны қатты сағынғандықтан, ол жиі көзіне жас алады.

Киелі кітапта жарын жоғалтқан адамның қайғысы ауыр және ұзаққа созылатыны жазылған. Сара дүние салғанда, күйеуі Ыбырайым оны “жоқтап қайғырған” (Жар. 23:1, 2). Қайта тірілуге сенімі болса да, сүйікті жарынан айырылған Ыбырайымды зілдей мұң басты (Евр. 11:17—19). Ал қымбатты жары Рахила қайтыс болғанда, Жақып оны еш ұмыта алмады. Балаларымен әңгімелескенде ол Рахиланы аяулы сезімдермен еске алатын (Жар. 44:27; 48:7).

Жазбалардағы осы оқиғалардан біз не нәрсені байқай аламыз? Жарынан айырылған адамдардың жан жарасы ұзаққа созылады. Олардың көз жастары мен қайғы-мұңы әлсіздіктің белгісі емес, ауыр соққының салдары деп түсінуіміз керек. Олар ұзақ уақыт бойы жанашырлық пен демеуге мұқтаж болуы мүмкін.

ҚАЙҒЫМЕН БІРТІНДЕП КҮРЕСУ

Адам өзінің өмірлік зайыбынан айырылғанда, ол енді бұрынғы бойдақ кезіндегідей өмір сүре береді деп айта алмайсың. Неге? Некеде көп жылдар бойы бірге тұрып келгендіктен, әйелі өзін жабырқаулы сезінгенде, күйеуі оны қалай жұбатып, көңілін қалай орнықтыру керектігін білетін. Ал енді күйеуі өмірден ғайып болғанда, онымен бірге жұбаныш пен махаббаттың қайнар көзі де ғайып болады. Тура солай әйелі де күйеуіне сенімділік ұялатып, бақытқа бөлейтін. Оның нәзік құшағына, жанға жай беретін сөздеріне, қамыңды ойлаған аялы алақанына ештеңе жетпейтін. Егер әйелі көз жұмса, күйеуінің жан сарайы қаңырап қалуы мүмкін. Сондықтан жан жолдасынан айырылған ер де, әйел де болашаққа сенімсіздікпен әрі қорқынышпен қарайды. Киелі кітаптағы қандай принцип олардың көңілдерін орнықтырып, жантыныштығын бере алады?

Ехоба саған қайғыңмен күннен-күнге күресуге көмектесе алады

“Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетеді” (Мат. 6:34). Исаның осы сөздері негізінен күнделікті қам-қарекетке қатысты айтылса да, сүйіктісін жоғалтқандарға да ауыр соққыдан бас көтеруге көмектескен. Әйелі қайтыс болғаннан бірнеше ай өткен соң, Нияз былай деп айтты: “Әселге деген сағынышым әлі де басылар емес, ал кейде жағдайым тіпті ушығып кеткендей көрінеді. Бірақ мен бұл кәдімгі нәрсе екенін және уақыт өте жан жарам әйтеуір бір жазылатынын білемін”.

Иә, Нияз уақыттың емдеуіне мүмкіндік беруі керек еді. Мұны ол қалай істей алды? Нияз былай деді: “Ехобаның көмегімен мен бүгінгі күнді ойлап, ертеңгі күн жайлы уайымдамауға үйрендім”. Ол қайғы-мұңға берілмеді. Әрине, оның қайғысы бір түнде ғайып болып кеткен жоқ, бірақ бұл оны жегідей жеп те тастамады. Егер сен сүйіктіңді жоғалтсаң, күн сайын кішкенеден күресуге тырысып көр. Ертеңгі күн саған қандай жақсылық дайындап қойғанын білмейсің ғой.

Өлім әуел баста Ехобаның ниетіне кірмеген. Бұл — “Ібілістің істерінің” бірі (Жох. 1-х. 3:8; Рим. 6:23). Шайтан өлім мен сонымен байланысты уайымды адамдарды құлдықта ұстау үшін және олардың үмітін үзу үшін қолданады (Евр. 2:14, 15). Әлдекім қазір де, жаңа өмірде де бақытты болмаймын деп ойласа, Шайтан рақаттанады. Олай болса, жалғыз қалған адамның барлық азап-қайғысына себеп болған Адам атаның күнәсі мен Шайтанның бүлігі екенін ұмытпайық (Рим. 5:12). Бірақ Ехоба Шайтанның жойқын қаруын — өлімді жоқ қылып, келтірген зардаптың орнын толықтай толтырады. Сондықтан сен сияқты жұбайын жоғалтқан көп адам өлімге қатысты Шайтан себетін уайым-қайғыға берілмейді.

Қайтыс болған адамдар жер бетінде қайта тірілгенде, адамдар арасындағы қарым-қатынас өзгеретін болады. Өмірге қайта оралып, өздерінің балаларымен, немере-шөберелерімен бірге кемелділікке жететін ата-аналар, ата-әжелер мен ата-бабалар туралы ойлап көрші. Кәріліктің барлық нышаны ғайып болады. Сол кезде жас ұрпаққа өздерінің ата-әжелеріне қазіргідей емес, жаңаша қарауға үйрену керек болатын да шығар. Осындай өзгерістер адамзат қоғамында қуанышты жайттардың бірі болатыны сөзсіз.

Қайта тірілетін адамдарға қатысты көкейімізде сан түрлі сұрақтар бар шығар. Мәселен, екі не одан көп өмірлік жарын жоғалтқан адаммен не болмақ? Саддукейлер алдымен бірінші, содан кейін екінші, сөйтіп-сөйтіп соңында жеті күйеуінен айырылған әйел туралы сұрақ көтерген (Лұқа 20:27—33). Жұмақта мұндай адамдардың қарым-қатынастары қандай болмақ? Біз бұның қалай болатынын білмейміз әрі бұл туралы пікір айтып, уайым жеудің қажеті жоқ. Бұл мәселеде біз толықтай Құдайға арқа сүйеуіміз керек. Бірақ бір жайт айдан анық — Ехобаның болашақта жүзеге асыратын кез келген нәрсесі игі болмақ. Сондықтан болашаққа күдікпен емес, үмітпен қарайық.

ҚАЙТА ТІРІЛУГЕ ҮМІТ — ЖҰБАНЫШТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Құдай Сөзіндегі ең айқын ілімдерінің бірі бұл — өмірден өткен адамдардың қайта тірілуі. Киелі кітапта жазылған қайта тірілу туралы ежелдегі оқиғалар “есте сақтау қабірдегілердің бәрі оның [Исаның] даусын еститін уақыттың келетініне” кепілдік береді (Жох. 5:28, 29 сілт.). Сол кезде адамдар өлімнің құрсауынан босанған жандарды қарсы алып, зор бақытқа кенеледі. Ал қайта тірілгендер қандай бақытты күй кешетінін біз тіпті елестете де алмаймыз.

Бір кездері көз жұмған жандар қайта тірілгенде жер беті бұрын-соңды болмаған шаттыққа толады. Миллиардтаған өлілер енді тірілердің қатарына қосылады (Мар. 5:39—42; Аян 20:13). Болашақта болатын осы ғажайып сәтті көз алдына елестеткені өмірлік серігінен айырылған жанға үлкен жұбаныш береді емес пе?!

Қайта тірілу болып жатқанда біреуіміз болсын мұңаятын боламыз ба? Киелі кітаптың жауабы — жоқ. Ишая 25:8-ге сай, Ехоба “өлімді біржола жоқ қылады”. Бұл дегеніміз өлім және оның әкелген барлық қасіреті толықтай жоқ болады. Пайғамбарлықта әрі қарай былай делінген: “Жаратушы Тәңір Ие барлық бет-жүздердің көз жастарын сүртіп жұбатады”. Егер қазір жан жарыңды жоғалтқандықтан қайғырып жүрсең, ол қайта тірілгенде сен нағыз бақытқа кенелетінің сөзсіз.

Жаңа дүниеде Құдай нендей нәрселерді жүзеге асыратынын бірде-бір адам соңына дейін түсінбейді. Ехоба былай дейді: “Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік” (Ишая 55:9). Исаның қайта тірілу туралы айтқан уәдесіне сенім танытсақ, біз Ыбырайым сияқты Ехобаға арқа сүйейтінімізді көрсетеміз. Дәл қазір әр мәсіхші үшін ең маңыздысы — Ехобаның барлық талаптарын орындау. Егер солай етсек, біз қайта тірілетіндермен бірге “келер заманда өмірге ие болуға лайық” боламыз (Лұқа 20:35).

ҮМІТТЕНУДІҢ КЕЛЕЛІ СЕБЕБІ

Болашақты уайымдағанымыздан гөрі, үмітімізді нығайтқанымыз дұрыс. Адамдар ертеңгі күнге үреймен қарайды. Бірақ Ехоба бізге керемет үміт сыйлаған. Ол барлық қалауларымыз бен қажеттіліктерімізді нақты қалай қанағаттандыратынын біле алмасақ та, оның солай ететініне еш күмәнданбасақ болады. Елші Пауыл былай деп жазған: “Ал орындалған үмітті ешкім үміт демейді, себебі ол орындалғанда, үміт болудан қалады емес пе? Бірақ әлі орындалмаған нәрсеге үміттенсек, оны төзімділікпен талмай күтеміз” (Рим. 8:24, 25). Құдайдың уәделері орындалатынына берік сенсең, төзімді боласың. Соңына дейін табандылық танытсаң, Ехоба барлық “жүрек қалауыңды” орындайтын жарқын болашаққа жетесің. Ол “мархабатпен барлығын тойындырады” (Заб. 36:4; 144:16; Лұқа 21:19).

Ехоба уәде еткен жарқын болашаққа зор сеніммен қара

Исаның өлімі жақындаған кезде елшілердің көңілдері түсіп, абдырап қалып, бойларын қорқыныш билеген. Бірақ Иса оларды былай деп жұбатты: “Абыржымаңдар. Құдайға сеніңдер, маған да сеніңдер... Мен сендерді жетімсіретпей, қайта ораламын” (Жох. 14:1—4, 18, 27). Оның бұл сөздері майланған мәсіхшілердің сеніміне ғасырлар бойы іргетас болып, төзімділік танытуға көмектесіп келді. Тап солай сүйікті жандарын көруді аңсап жүргендер де еш мұңаймау керек. Ехоба мен оның Ұлы сені ешқашан жетімсіретіп қалдырмайды. Сен бұған толықтай сенімді бол!

a Есімдер өзгертілген.

Қайғырып жүргендерді жұбатыңдар

Жұбайы көз жұмған бауырласты жұбатып, көмек көрсету үшін алғашында қауымдағылардың көбісі үйіне барып тұратын болар. Мысалы, күйеуін жоғалтқан әйел бауырласқа отбасы мен достарының көңіл бөлгені жүрегіне жылы тиетін шығар. Бірақ соған қарамастан оның жан жарасы бірден жазылмауы мүмкін, сондықтан ол біраз уақыт бойы жұбаныш пен демеуге мұқтаж болады. Киелі кітапта былай делінген: “Шынайы дос әрдайым жақсы көрер, Қиыншылықта бауырыңдай көмектесер” (Нақ. с. 17:17).

Қайғырып жатқан адаммен қалай сәлемдескен дұрыс? Бұл орайда Киелі кітапта келесідей кеңес беріледі: “Бәрің де пікірлес, қайғыға ортақтас, бауырластарды сүйетін, мейлінше жанашыр, кішіпейіл болыңдар” (Пет. 1-х. 3:8). Жұбайын жоғалтқан бауырлас біраз уақытқа дейін өзін жақсы сезінбеуі мүмкін. Сол себепті “жағдайың қалай?” не “бәрі жақсы ма?” деген сөздер игі ниетпен айтылса да, орынды болуы екіталай. Қайғырып жүрген адам “менің жағдайым қалай болушы еді?” немесе “мұндай кезде қалай бәрі жақсы болуы мүмкін?” деп ойлауы ықтимал. Сондықтан “сені көргеніме қуаныштымын” не “сені қауымда көру маған жігер береді” секілді шын жүректен айтылған жылы сөздер көңілді әлдеқайда хош ететіні сөзсіз.

Жұбайы қайтыс болған бауырласты бір шыны шайға не серуендеп қайтуға шақырсаң болады. Әйелі қайтыс болған Әділжанды үйіне барып тұрған достары жұбатқан болатын. Олар не жайлы әңгімелесетін? Ол былай дейді: “Біз көбіне қиыншылықтарым жайлы емес, қайта, жігер беретін нәрселер жайлы сөйлесетінбіз”. Ал күйеуінен айырылған Клара: “Менің жақын достарым дәл уақытында, дәл қажет сөздерді жиі айтып тұрады. Кейде ештеңе айтпайды, жай ғана қасымда болады”,— дейді.

Жан жарын жоғалтқан бауырлас қайғысы жайлы сөйлескісі келсе, оны мұқият және шыдамдылықпен тыңда. Бірақ жеке өміріне қатысты сұрақтар қойма. Жазғырудан аулақ бол. Оған қалай және қанша уақыт бойы қайғы-мұңын шағу керектігіне қатысты кеңес айтудың керегі жоқ. Егер ол оңаша қалғысы келсе, түсінікпен қара. Басқа бір жолы сөйлесерсің. Сүйіспеншілік танытуды доғарма (Жох. 13:34, 35).

Болашаққа қатысты сұрақтарың бар ма?

Ехобаның уәделерінің орындалуы туралы ойланып-толғану — кәдімгі нәрсе. Ыбырайым Ехобаның ұлды боласың деген уәдесі туралы жиі ойланатын. Ехоба оны шыдамды болуға талпындырды. Бұл адал кісінің үкілі үміті ақталды (Жар. 15:2—5; Евр. 6:10—15).

Оған Жүсіп өлім құшты деп мәлімдегенде, Жақып қатты қайғырды. Жылдар өтсе де, ұлын өлі деп ойлаған Жақыптың қайғы-мұңы басылмады. Алайда Ехоба адал қызметшісінің ойына кіріп те шықпаған бір керемет батаны бермекші еді. Кейіннен Жақып Жүсіппен және өзінің немерелерімен қауышып, шаттыққа бөленді. Сонда ол: “Өзіңнің жүзіңді қайта көруден үмітім үзілген еді. Ал Құдай маған тіпті ұлдарыңды да көруге бұйыртты”,— деді (Жар. 37:33—35; 48:11).

Осы Киелі кітаптағы оқиғалардан қандай сабақ аламыз? Біріншіден, құдіреті күшті Құдайға өз еркін орындауға ештеңе тосқауыл бола алмайтынына сенім арту керек. Екіншіден, біз дұға етіп, Ехобаның еркіне сай әрекет етсек, ол қазірдің өзінде қамымызды ойлап, болашақта да қажеттіліктерімізді қанағаттандырып, қалауларымызды толықтай орындайтын болады. Пауыл былай деп жазған: “Бойымызда әрекет етіп жатқан күші арқылы Құдай біз сұраған не ойлаған нәрселердің бәрінен әлдеқайда көп нәрсе істей алады. Ол қауым арқылы және Мәсіх Иса арқылы ұрпақтан ұрпаққа мәңгі бақи даңқтала берсін! Аумин” (Ефес. 3:20, 21).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу