Құдай қайда қарап отыр?
“Уа, Ехоба, не себепті алыста тұрсың? Басыма қасірет төнген кезде неге жасырынасың?” (ЗАБУР 9:22 ЖД).
КЕЗ КЕЛГЕН жаңалықтар топтамасына көз салсақ, “қасірет төнген кезде” өмір сүріп жатқанымыз айқын көрінеді. Ал өзіміз қылмыскерлердің қолынан зардап шеккенде, апатқа ұшырағанда не жақынымыздан айырылғанда, “Құдай қайда қарап отыр?”, “Ол қамымызды ойлай ма?”, “Ол өзі бар ма?” деген сұрақтар бізді ойландыруы мүмкін.
Бірақ біздің Құдайдан не күтуіміз керектігіне қатысты қате пікірде болуымыз мүмкін екені жайлы ойланып көрдіңіз бе? Мысалы, әкесінің жұмысқа кетіп қалғанына ренжіп отырған баланы көз алдыңызға елестетіңізші. Өзін тастап кеткендей сезінген ол әкесінің тезірек келгенін қалап, күні бойы: “Әкем қайда?”— деумен болады.
Әрине, бұл бүлдіршін балалықпен осылай деп жатыр дер едік. Өйткені дәл осы уақытта әкесі бүкіл отбасын қамтамасыз ету үшін еңбек етіп жатыр ғой! “Құдай қайда?” деп көз жасымыз көл болғанда, біз де сол бала сияқты болмай ма екенбіз?
Мысалы, біреулер Құдай жамандық жасаған адамды бірден жазаға тартуы тиіс деп күтеді. Өзгелері болса жақсы жұмыс, жар немесе тіпті ұтыс әкелетін лотерея билетін сыйлайтын “Аяз ата” сияқты болу керек деп ойлайды.
Бұл екі көзқарасқа сәйкес Құдай бірден әділдік орнатпаса немесе тілектерімізді орындамаса, оны біздің проблемаларымыздың еш қызықтырмағаны және қажеттіліктерімізді ойламағаны. Бұдан жаңсақ пікір болуы мүмкін емес! Шын мәнінде, дәл осы мезетте Ехоба Құдай бүкіл адамзат отбасының қамын жасап жатыр. Бірақ ол, көпшілік күткендей емес, өз жолымен әрекет етуде.
Олай болса, Құдай қазір нақты қандай шара қолданып жатыр? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін адамзат тарихының басына, яғни адамдардың Құдаймен қарым-қатынасына нұқсан келген кезге, оралуымыз керек. Бір айта кетерлік жайт, бұл қарым-қатынас қайта қалпына келместей бұзылған жоқ.
Күнәнің келтірген залалы
Жылдар бойы қараусыз қалып, астан-кестені шыққан үйді көз алдымызға елестетіп көрейікші. Төбесі құлаған, есіктері сынып жатыр және үйдің сырты әбден бүлінген. Алғашында бұл әп-әдемі үй болатын, ал қазір адам танығысыз күйде. Келтірілген залалды есептейтін болсақ, оны жөндеу бір күндік оңай шаруа емес.
Осыдан 6 000 жыл бұрын көзге көрінбейтін рух — Шайтан Адам ата мен Хауа ананы Құдайға қарсы бүлік шығаруға итермелеген кезде, адамзатқа қандай залал келтірілгенін қарастырайықшы. Бұл жайт орын алмай тұрғанда, алғашқы адам жұбының денсаулықтары кемелді болған әрі ұрпақтарымен бірге мәңгі өмір кешу мүмкіндіктері бар еді (Жаратылыс 1:28). Бірақ Адам мен Хауа күнә жасауымен болашақ адамзат отбасына залал келтірді.
Осы бүліктің салдарынан адам баласы қатты зардап шекті. Киелі кітапта былай делінген: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді” (Римдіктерге 5:12). Күнә өлім әкелуімен қатар Жаратушымызбен қарым-қатынасымызды бұзды. Сондай-ақ бізге тәндік, эмоционалдық жағынан залал келтіріп қана қоймай, ой-санамызды да арамдады. Нәтижесінде біз астан-кестені шыққан әлгі үйдің кебін кидік. Әділ адам Әйүп: “Әйелден туған адамның күні қысқа, қайғыға толы”,— деп айтқан кезде, біздің жағдайымызды дәл суреттеген (Әйүп 14:1).
Адам мен Хауаның күнәсінан кейін Құдай адам баласын тастап кетті ме? Мүлдем олай емес! Шын мәнінде, сол кезден бастап қазірге дейін көктегі Әкеміз адамзат отбасының қамы үшін әрекет етуде. Оның біздің игілігімізге жасап жатқан істерін жақсырақ түсіну үшін үйді қалыпқа келтіру барысында жасалатын үш қадамды қарастырайық. Сондай-ақ бұның Құдайдың адамзатты бастапқы күйге әкелу жолына қай жағынан ұқсас екенін талқылаймыз.
1 Үй иесі қандай залал келтірілгенін тексеріп болған соң, оны бұзып тастауды не жөндеуді шешуі керек.
Едем бағындағы бүліктен көп ұзамай Ехоба Құдай адамзаттың жағдайын қалпына келтіретінін жариялады. Бүліктің себепшісі болған көзге көрінбейтін рухқа ол: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың”, — деді (Жаратылыс 3:15).
Бұл сөздерімен Ехоба Едем бағындағы бүліктің себепшісінің көзін құртуды уәде етті (Римдіктерге 16:20; Аян 12:9). Бұған қоса, Ехоба болашақ “ұрпақ” бүкіл адамзатты күнәнің құлдығынан босататынын айттыa (Жоханның 1-хаты 3:8). Бұл уәделер маңызды шындықты ашты — Құдай жерді жоймай, керісінше, қайта қалпына келтірмек. Алайда адамзатты бастапқы күйге әкелу үшін уақыт қажет болатын.
2 Сәулетші қандай жөндеу жұмыстары жасалатынын нақты көрсететін жоба дайындайды.
Ехоба Құдай исраилдіктерге заң және ғибадат етуге арналған шатырдың құрылысының жобасын жасап берді. Киелі кітапта былай делінген: “Осындай ережелер — келуге тиісті нәрсенің әлсіз нұсқасы ғана” (Қолостықтарға 2:17). Демек, олар әлдеқайда маңызды нәрсенің жобасы еді.
Мысалы, исраилдіктер күнәлары кешірілу үшін құрбандыққа мал шалатын (Леуіліктер 17:11). Бұл көп ғасырлар өте адамзатты күнәдан толықтай азат ету үшін ұсынылатын ұлы құрбандықтың көрінісі едіb. Исраилдіктер ғибадат еткен шатыр мен ғибадатхананың құрылымы Мәсіхтің, яғни “ұрпақтың” құрбандық өлімінен бастап, көкке көтерілгенге дейінгі аралықта жасайтын әрекеттерінің бейнесі болған (7-бетті қараңыз).
3 Жобаны ұстанып, жөндеу жұмыстарын жүргізетін құрылысшы таңдап алынады.
Исраилдіктер шалған құрбандықтар адамзаттың төлемін өтеу үшін өз өмірін қиятын Мәсіхті бейнелеген. Иса сол уәде етілген Мәсіх болатын. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия оны “Құдайдың құрбандыққа жіберген тоқтысы” деп атаған (Жохан 1:29). Иса өзіне жүктелген бұл тапсырманы дайындықпен қабыл алды. Ол былай деген: “Көктен өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындау үшін келдім” (Жохан 6:38).
Құдайдың еркіне сай, Иса ‘көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанын қиып’ қана қоймай, Патшалықта бірге билік ету үшін шәкірттерімен келісім жасасуы да керек еді (Матай 20:28; Лұқа 22:29, 30). Құдай осы Патшалық арқылы адамзат баласына қатысты еркін жүзеге асырады. Құдай Патшалығы туралы хабар “ізгі хабар” деп аталған, өйткені онда Құдай жерге өзі билік жүргізу үшін көкте үкімет орнатқаны түсіндіріледі (Матай 24:14; Даниял 2:44)c.
Қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда
Көкке көтерілмес бұрын, Иса шәкірттеріне былай деп бұйырды: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер... Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” (Матай 28:19, 20).
Адамзатты бастапқы күйге келтіру шаралары Исаның өлімімен аяқталмайды. Осы шаралар бұл “дүниенің ақыр соңына дейін”, яғни Құдай Патшалығы жерге билік жүргізе бастағанға дейін, жалғаса бермек. Бұл уақыт өте жақын. Біз мұны Иса алдын ала айтып кеткен “ақыр заманның” белгісінің орындалуынан көріп отырмызd (Матай 24:3—14; Лұқа 21:7—11; Тімотеге 2-хат 3:1—5).
Бүгінде Ехоба куәгерлері 236 елде Исаның тапсырмасын орындап, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздап жүр. Сіздің қолыңыздағы журнал сол Патшалық және оның жүзеге асыратын істері туралы көбірек білуге көмектесу үшін басылған. “Күзет мұнарасының” әр санының 2-бетінде мынадай сөздер жазылған: “Бұл журнал Құдай Патшалығының, яғни көктегі үкіметтің, жақында зұлымдық атаулыны жойып, жер бетін жұмаққа айналдыратыны жайлы ізгі хабар арқылы адамдарға жұбаныш береді. Сонымен қатар мәңгі өмір сүре алуымыз үшін жанын қиған және қазір Құдай Патшалығының патшасы болып отырған Иса Мәсіхке сенуге шақырады”.
Әрине, қазіргі уақытта біз әлі де лаңкестік әрекеттер мен табиғи апаттар жайлы хабар естуіміз немесе өзіміз қайғыға душар болуымыз мүмкін. Алайда Киелі кітапты зерттесеңіз, Құдайдың бізді тастап кетпегеніне сенімді боласыз. Ол “әрқайсымыздан алыс емес” (Елшілердің істері 17:27). Ехоба Құдайдың түп атамыз бен анамыз жоғалтқанның бәрін қайта қалпына келтіру уәдесі міндетті түрде орындалады (Ишая 55:11).
[Сілтемелер]
a Жаратылыс 3:15-тегі пайғамбарлық жайында көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Ехобаға жақында” кітабының 19-тарауын қарауға болады.
b Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 5-тарауын қарауға болады.
c Құдай Патшалығы туралы көбірек мәлімет алу үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 8-тарауын қарауға болады.
d Көбірек мәлімет алу үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 9-тарауын қарауға болады.
[7-беттегі кесте/суреттер]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
“Шынайы киелі үйдің көшірмесі” Киелі шатырдың мәні
ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛАТЫН ОРЫН
Құдайдың Исаның құрбандығын қабылдауға деген ниеті (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:10—12).
БАС ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕР
Иса (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 9:11).
1 Ұлы кешірім күні бас діни қызметкер халықтың күнәлары үшін құрбандық шалатын (ЛЕУІЛІКТЕР 16:15, 29—31).
1 Б. з. 33 жылының 14 нисанында Иса біз үшін өзін құрбан етті (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 10:5—10; ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 2:1, 2).
ҚАСИЕТТІ ОРЫН
Исаның Құдайдың рухани ұлы ретінде қайта туылуы (МАТАЙ 3:16, 17; РИМДІКТЕРГЕ 8:14—17; ЕВРЕЙЛЕРГЕ 5:4—6).
ПЕРДЕ
Исаның тәндік денесі жердегі өмір мен көктегі өмірдің арасындағы бөгет (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 15:44, 50; ЕВРЕЙЛЕРГЕ 6:19, 20; 10:19, 20).
2 Бас діни қызметкер қасиетті орын мен ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған перденің арғы жағына өтеді.
2 Қайта тірілген Иса ‘Құдай алдында тұрып, бізді қолдау’ үшін перденің арғы жағына, яғни көкке көтерілді (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 9:24—28).
ЕҢ ҚАСИЕТТІ БӨЛМЕ
Көк (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 9:24).
3 Бас діни қызметкер ең қасиетті бөлменің ішіндегі келісім сандығына құрбандық қанын бүркитін (ЛЕУІЛІКТЕР 16:12—14).
3 Төгілген қанының құнын ұсыну арқылы Иса бізді күнәларымыздан біржола арылтты (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 9:12, 24; ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 3:21, 22).