Қиындықтардың арқасында Ехобаға көбірек арқа сүйеуді үйрендік
Айтып берген: Ада Дэлло Стритто
“Бүгінгі күнгі тармақты дәптеріме қазір ғана көшіріп болдым. Жасым 36-да болғанмен, екі ауыз сөзді жазуға екі сағат уақытым кетті. Неге сонша ұзақ дейсіз бе? Қазір анам түсіндіріп береді” (Жоел).
КҮЙЕУІМ екеуміз 1968 жылы шомылдыру рәсімінен өттік. Біздің Давид, Марк және Жоел есімді үш ұлымыз бар. Кенже баламыз 1973 жылы Бельгияның астанасы Брюссель қаласынан оңтүстікке қарай 60 шақырым қашықтықта жатқан Бенш қаласында туылды. Мен оны мерзімінен бұрын босандым. Оның туылған кездегі салмағы 1,7 келі болды. Сол себепті оны салмақ қосқанынша перзентханада қалдырып кетуге тура келді.
Біраз апта өтсе де ұлымыздың жағдайы түзелмеді. Сонда күйеуім Луиджи екеуміз оны балалар дәрігеріне алып бардық. Оны қарап болған дәрігер: “Өте өкінішті, Жоелдің бойында бауырларында жоқ көптеген ауру бар”,— деді. Біз ұзақ уақыт үнсіз тұрып қалдық. Осы мезет мен ұлымыздың денсаулығы өте нашар екенін түсіндім. Содан кейін дәрігер күйеуімді қолтықтап, жеке алып шықты да: “Балаларыңыз хромосомия 21-мен ауырады”,— деді. Бұл ауруды Даун синдромы деп те атайдыa.
Мұны естігенде салы суға кеткен біз баламызды тағы бір маманға көрсетуді шештік. Ол бөпемізді бір сағат бойы үн-түнсіз мұқият тексерді. Бұл кезде Луиджи екеумізге уақыт өтпей қойғандай болды. Ақырында дәрігер бізге қарап, былай деді: “Балаларың сендердің қамқорлықтарыңа өте мұқтаж болады”. Содан кейін ол мейіріммен: “Бірақ Жоел бақытты болады, өйткені ата-анасы оны өте жақсы көреді!”— деп қосты. Бойымды алай-дүлей сезім билеген мен Жоелді ақырын қолыма алдым да, біз үйге қайттық. Ол кезде Жоелдің туылғанына 8 апта болған еді.
Қауым кездесулері мен қызметтен күш алдым
Одан кейінгі медициналық сараптама кезінде Жоелде жүрек кемістігі мен рахиттің ауыр түрі бар екені де анықталды. Оның жүрегі тым үлкен болғандықтан өкпесін қысатын. Сол себепті оның ағзасына микробтар тез жабысатын. Көп уақыт өтпей, төрт айлық кезінде ол бронхиальді пневмония ауруына шалдығып, қайтадан ауруханаға түсіп қалды да, оған ешкімді кіргізбей қойды. Оның қиналғанын көргенде, жүрегіміз қарс айырылатын еді. Біз оны қолымызға алып, аймалағымыз келетін, бірақ 10 ай бойы оған қол тигізуге де рұқсат етілмеді. Бұл біз үшін мазасыз күндер болды. Өйткені Луиджи екеумізге бір-бірімізді құшақтап, оған қарап тұрудан және дұға етуден басқа ештеңе қалмаған еді.
Сол қиын уақытта біз 6 және 3 жасар Давид пен Маркті алып, қауым кездесулерінен қалмай жүрдік. Біз үшін Патшалық сарайында болу, Ехобаның аяулы алақанында болумен тең болды. Бауырластардың арасында болған сол уақыттың ішінде біз ауыртпалығымызды Ехобаға арта алатынымызды сезініп, жан тыныштығына кенелетінбіз (Заб. 54:23). Тіпті Жоелға қарайтын медбикелер де қауым кездесулері бізге байсалдылық сақтауға көмектесетінін байқады.
Сол уақытта мен Ехобадан қызметке шығуға күш беруін өтініп, жалбарынатынмын. Үйде көз жасымды көл қылып отыра бергенше, Ехобаның ауру-сырқаусыз өмір туралы уәдесі маған қалай күш беретінін өзгелерге айтқым келетін. Қызметке шығуға мүмкіндігім болған сайын, Ехобаның дұғаларыма жауап бергенін сезінетінмін.
“Бұл керемет қой!”
Ақыры Жоелді үйге алып келгенде біздің қуанғанымызды айтсаңшы! Бірақ келесі күні-ақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Жоелдің жағдайы нашарлап, оны қайтадан ауруханаға алып баруға тура келді. Оны тексерген дәрігерлер: “Жоелдің көп дегенде алты ай өмірі қалды”,— деді. Екі айдан кейін, ол сегіз айлық кезінде, Жоелдің халі нашарлап, олардың айтқандары келетіндей көрінді. Дәрігер біздің жанымызға отырып, былай деді: “Өте өкінішті, бірақ біз бұдан артық ештеңе істей алмаймыз”. Сосын былай деп қосты: “Бұл жағдайда оған Ехоба ғана көмектесе алады”.
Мен ауруханаға оралып, Жоелдің палатасына келдім. Эмоциялық жағынан да, тәндік жағынан да қатты қалжырағаныма қарамастан, оның жанында болуды шештім. Біраз әйел бауырластар менің жанымда болып, Луиджи үлкен балаларымызға қарады. Осылай бір апта өткен соң, кенеттен Жоелдің жүрегі тоқтап қалды. Медбикелер жүгіріп келгенімен, ештеңе де істей алмады. Бірер минут өткен соң олардың бірі жұмсақ үнмен: “Ол көз жұмды...”— деді. Бойымда әл қалмаған мен өкіріп, еденге құладым. Содан кейін бөлмеден шығып, Ехобаға дұға еткім келгенімен, жан жарасын сөзбен айтып жеткізе алмадым. Он бес минуттай өткенде, медбике маған дауыстап: “Жоел қайта оянды!”— деді. Сосын ол: “Жүріңіз, сіз қазір оны көресіз”,— деп қолымнан жетелей жөнелді. Жоелдің жанына келгенімде, оның жүрегі қайта соға бастаған еді! Оның дүниеге қайта келгендігі туралы хабар жылдам тарап, дәрігерлер мен медбикелер оны көруге келе бастады. Олардың көбісі: “Бұл керемет қой!”— десті.
Жоел алғашқы қадамын жасады
Жоелдің өмірінің алғашқы жылдарында балалар дәрігері жиі бізге: “Жоел сендердің шексіз сүйіспеншіліктеріңе мұқтаж”,— деп айтатын. Ол туылғалы бері Ехобаның сүйіспеншілікке толы қамқорлығын сезіндік. Сондықтан Луиджи екеуміз ұлымызға да солай еткіміз келді. Бұлай етуге мүмкіндіктеріміз де көп болды, себебі ол не істемесін біздің көмегімізді қажет ететін.
Бес жасқа дейін қазан мен наурыз айларының арасында Жоел аурудан көз ашпайтын. Сондықтан аурухана мен үйдің арасын жол қылатынбыз. Сөйткенмен де, Давид пен Маркқа мүмкіндігінше көп уақыт бөлуге тырыстым. Олар да өз тараптарынан Жоелға көмектесетін. Нәтижесінде ол таңғаларлық жетістіктерге қол жеткізді. Мысалы, біраз дәрігерлер бізге Жоелдің ешқашан жүрмейтінін айтқан еді. Алайда бір күні, ол кезде Жоел төрт жаста болатын, Марк жүгіріп келіп: “Жоел, қане мамама не істей алатыныңды көрсетші!”— деді. Сонда Жоел мені таңғалдырып, алғашқы қадамын жасады. Қатты қуанған біз отбасымызбен дұғада Ехобаға шын жүректен ризашылығымызды білдірдік. Ол басқа да, мейлі кішкентай болсын, жетістіктерге жеткен сайын біз оны жылы сөздермен мақтап отырдық.
Нәресте кезінен тәлім бергеннің пайдасы
Біз Жоелді мүмкіндігінше жиі қауым кездесулеріне алып баратынбыз. Ағзасы әлсіз болғандықтан, микробтардан қорғау үшін оны беті жабылатын арнайы бесікарбамен алып жүретінбіз. Тіпті бауырластармен еркін араласа алмаса да, оған қауыммен бірге болу өте ұнайтын.
Бауырластардың сүйіспеншілік танытып, іс жүзінде көмек көрсеткендері біз үшін күш-қуаттың қайнар көзі болды. Бір ер бауырлас жиі Ишая 59:1-дегі: “Біліп алыңдар: Жаратқан Иенің қолы сендерді құтқаруға құдіретті, Оның құлағы мінажаттарыңды естуге мүкіс емес”,— деген сөздерді есімізге салатын. Бұл сөздер бізді Ехобаға арқа сүйеуге талпындыратын.
Жоел өскен сайын біз Ехобаға деген қызмет оның өмірінің маңызды бөлігі болуына барынша тырысатынбыз. Ол көктегі Әкесімен сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынас дамыта алуы үшін, Ехоба туралы айтудың мүмкіндігін қалт жібермейтінбіз. Біздің шындық жолында тәрбиелеу үшін күш салғанымыз жақсы нәтиже беруі үшін, Ехобаның батасын тілеп, жалбарынатынбыз.
Жасөспірім шағында Жоелдің Киелі кітаптағы шындықпен өзгелермен бөлісуді ұнататынын байқап, риза болдық. Он төрт жасында күрделі отадан кейін өзіне келген Жоел: “Мама, дәрігерге Киелі кітапқа негізделген әдебиет берсем бола ма?”— деп сұрағанда жүрегім жарыла жаздады. Осыдан біраз жыл өткен соң Жоелға тағы бір ота жасалды. Оның өліп кетуі мүмкін екені анық еді. Ота жасар алдында Жоел дәрігерге бәріміз бірге дайындаған хатты табыстады. Ол хатта Жоелдің қан құюға қатысты көзқарасы түсіндірілген болатын. Дәрігер одан: “Сен осында жазылғандармен келісесің бе?”— деп сұрады. Сонда Жоел: “Иә, дәрігер!”— деп нық жауап қатты. Ұлымыздың Жаратушыға арқа сүйеп, оған жағымды болуды шешкенін көргенде, біз мақтаныш сезіміне бөлендік. Сондай-ақ бізден бар көмегін аямаған аурухана қызметшілеріне риза болдық.
Жоелдің рухани өсуі
Жоел он жеті жасында шомылдыру рәсімінен өтті. Ол біз үшін неткен естен кетпес күн болды десеңші! Оның рухани өсіп жатқанын көру біз үшін үлкен қуаныш. Сол уақыттан бері оның Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен шындыққа деген құлшынысы еш суыған емес. Ол кездескен адамның бәріне: “Шындық — бұл менің өмірім!”,— деп айтқанды ұнатады.
Кейіннен Жоел оқуды және жазуды үйренді. Бұл оған оңайға соққан жоқ. Бір сөз жазғанының өзі ол үшін үлкен жеңіс еді. Сол уақыттан бері ол әр күнін “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасындағы тармақты қарастырумен бастайды. Тармақты қарастырып болған соң, оны қиын болса да дәптеріне көшіреді. Оның көшірмелері қазір бір том болып жиналып қалды.
Қауым кездесуі болатын күні Жоел бізді Патшалық сарайға ерте баруға талпындырады, өйткені ол есік аузында тұрып келгендерді жылы қарсы алуды қалайды. Кездесу кезінде ол түсініктемелер беруді және көріністерге қатысқанды ұнатады. Сондай-ақ микрофон тасиды және басқа да міндеттерді атқарады. Егер денсаулығы жарап жатса, апта сайын бізбен бірге уағызға шығады. 2007 жылы оның қызмет көмекшісі болып тағайындалғаны туралы хабарландыру болғанда, біз қуаныштан көзімізге жас алдық. Бұл Ехобаның тағы бір батасы еді!
Ехобаның көмегін сезіндік
1999 жылы біз тағы да бір бақытсыздыққа душар болдық. Жол ережесін бұзған бір жүргізуші біздің көлігімізге соқтығысып, Луиджи ауыр жарақат алды. Оның бір аяғын кесіп тастады және омыртқасына бірнеше күрделі ота жасалды. Ехобаға арқа сүйегеннің нәтижесінде оның қызметшілеріне беретін күшін біз тағы сезіндік (Філіп. 4:13). Луиджи мүгедек болып қалса да біз дұрыс көзқарас сақтауға тырысамыз. Жұмысқа жарамай қалғандықтан, оның Жоелға көп уақыт бөлуге мүмкіндігі бар. Ал мен болсам көбірек рухани істермен айналыса аламын. Сондай-ақ Луиджи отбасымыздың және қауымның рухани мұқтаждықтарына көп уақыт бөле алады. Ол әлі де қауымдағы ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі ретінде қызмет етеді.
Жағдайымыз соны талап ететіндіктен, біз бір-бірімізге көп уақыт бөлеміз. Уақыт өткен сайын парасаттылыққа және мүмкін емес нәрсені күтпеуге үйреніп жатырмыз. Ұнжырғамыз түскен сәттерде, сезімдерімізді дұғада Ехобаға жайып саламыз. Бір өкініштісі, ұлдарымыз Давид пен Марк кәмелет жасқа толып, үйден кеткен соң бірте-бірте Ехобаға қызмет етуді доғарды. Біз олардың Ехобаға қайта оралатынына үміттенеміз (Лұқа 15:17—24).
Көптеген жылдар бойы Ехоба бізді қолдап отырғанын сезініп келеміз және қиыншылықтарға кезіккенде оған арқа сүйеуді де үйрендік. Ишая 41:13-тегі: “Мен, сиынатын Құдай Иең, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін. Қорықпа, Мен сені қолдап қорғаймын!”,— деген сөздер бізге әсіресе ыстық. Ехоба құдіретті қолымен жетелеп келе жатқанын білгеніміз бізге жұбаныш береді. Иә, қиыншылықтар бізді көктегі Әкеміз Ехобаға арқа сүйеуге үйретті!
[Сілтеме]
a Бұл тұқым қуалайтын және адамның ми жұмысына әсер ететін ауру. Әдетте адам геномында хромосомалар жұптасып келеді, ал трисомиямен туылған балалардың хромосомаларының бір жұбында артығы болады. Трисомия 21 кезінде хромосоманың 21 жұбында артығы болады.
[16, 17-беттердегі суреттер]
Жоел анасы Адамен бірге
[18-беттегі сурет]
Ада, Жоел және Луиджи
[19-беттегі сурет]
Жоел Патшалық сарайында бауырластарды қарсы алғанды өте ұнатады