Ехобаның сұрақтарына көңіл қоясың ба?
КИЕЛІ КІТАПТА адамды сезімдері мен ниеті туралы ой жүгіртуге талпындыратын сұрақтар көптеп саналады. Ехоба Құдайдың өзі маңызды шындықтарды үйрету үшін сұрақтар қолданады. Мысалы, ол Қабылды алған бетінен қайтару үшін біраз сұрақтар қойған (Жар. 4:6, 7). Сондай-ақ Ехобаның сұрақтары Ишая пайғамбарды әрекетке талпындырған. Ехоба: “Мен кімді жіберейін? Біздің хабаршымыз кім болады?”— деп сұрағанда, Ишая: “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр”,— деп жауап қатты (Ишая 6:8).
Ұлы ұстаз Иса да сұрақтарды шебер қолданған. Ізгі хабарларда ол қойған 280-нен астам сұрақ келтірілген. Бірде ол сұрақтарды сыншылардың аузын жабу үшін қолданды. Дегенмен, көбінесе, оның сұрақ қойғандағы мақсаты тыңдаушыларының жүрегіне әсер етіп, өздерінің рухани күйлері жайлы ойлануға талпындыру болған (Мат. 22:41—46; Жох. 14:9, 10). Сол сияқты, Грек жазбаларының 14 кітабын жазған елші Пауыл да адамдарға дұрыс тұжырымға келуге көмектесу үшін сұрақтар қойған (Рим. 10:13—15). Мысалы, оның римдіктерге жазған хатында көптеген сұрақтар бар. Ондағы Пауылдың сұрақтары адамдарды ‘Құдайдың даналығы’ мен ‘терең білік-парасатын’ түсінуге және бағалауға талпындырады (Рим. 11:33).
Кейбір сұрақтар жауапты талап еткенімен, өзгелері іштей терең ой жүгіртуге қозғау салады. Ізгі хабарлардан Исаның соңғысын көп қолданғанын байқауға болады. Бір жолы ол шәкірттеріне: “Парызшылардың және Иродтың “ашытқыларынан” сақтаныңдар!”— деп ескертті. Иса олардың екіжүзділігі мен жалған ілімдері туралы айтқан еді (Мар. 8:15; Мат. 16:12). Оның не айтқысы келгенін түсінбеген шәкірттері нан алуды ұмытып кеткендерін айтып, бір-бірімен дауласа бастады. Сонда олардың өздері дұрыс тұжырым жасауына көмектесу үшін Исаның не істегеніне назар аударайықшы. Ол төмендегідей сұрақтар қойды: “Нанымыз жоқ деп неге пікірлесіп отырсыңдар? Жасағандарымды әлі де түсінбей, олардың мәнісін ұқпайсыңдар ма? Әлде жүректерің қасарысқан ба? Көздерің болғанмен көрмей, құлақтарың болғанмен естімейсіңдер ме?.. Сендер әлі де ұқпай тұрсыңдар ма?” Исаның сұрақтары шәкірттеріне терең ой жүгіртіп, айтқандарының мәнін түсінуге талпындырды (Мар. 8:16—21).
“Мен сенен сұраймын”
Ехоба Құдай Әйүптің ойын түзету үшін сұрақтарды қолданды. Бірнеше сұрақтың үстінен ой жүгірткен Әйүп Жаратушысымен салыстырғанда өзінің түкке тұрғысыз екенін түсінді (Әйүп 38—41 тараулар). Ехоба әр сұрағына жауап күтті ме екен? Олай болмаса керек. “Жердің негізін Мен салған кезде сен қайда болдың?”— деген сияқты сұрақтар, Әйүптің ойы мен сезіміне әсер ету үшін қойылғаны анық. Бірінен соң бірі қойылған сұрақтардан кейін Әйүп үнсіз қалды десе болады. Оның бар айтқаны мынау болды: “Мен Саған не жауап бермекпін? Қолыммен аузымды жабамын” (Әйүп 38:4; 39:34). Мән-жайды түсінген Әйүп сабасына түсіп, ой қалпын өзгертті.
Әйүп “бүлінбеген, әділ” адам болғанмен, оның сөздерінен кейбір жайттарға байланысты көзқарасының бұрыс екендігі байқалатын. Мысалы, Елиуй оның “Құдайды емес, өзін көбірек ақтағанын” айтты (Әйүп 1:8; 32:2; 33:8—12). Сол себепті Ехоба Әйүптің көзқарасын өзгерту үшін де сұрақтар қойды. Құйын ішінен сөйлеген Ехоба былай деді: “Мәнсіз сөздермен аянды жабырқатып тұрған кім бұл? Қазір еркек секілді, беліңді байла: Мен сенен сұраймын, сонда сен Маған түсіндір” (Әйүп 38:1—3). Сұрақтар арқылы Ехоба жаратылыстарынан көрінетін шексіз құдіреті мен асқан даналығына назар аударды. Осының арқасында Әйүп Құдайдың шешімдерінің әрдайым әділ екеніне көз жеткізді. Әлемнің Әміршісі өзіне сұрақтар қойғанда, Әйүп қандай қастерлі сезімге бөленген болу керек десеңші!
Ехобаның сұрақтарының үстінен ой жүгіртейік
Біз туралы не деуге болады? Киелі кітапта жазылған сұрақтардың біз үшін пайдасы бар ма? Әрине! Ол сұрақтардың үстінен ой жүгірткеніміз рухани жағынан көптеген пайдасын тигізеді. Құдай сөзінің әсерлі болуында сұрақтардың да үлесі бар. Шын мәнінде “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті... ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Евр. 4:12). Алайда пайдасын көру үшін, ол сұрақтарды өзімізге қоюымыз керек (Рим. 15:4). Қазір біраз мысалдарды қарастырып көрелік.
“Бүкіл әлемнің Қазысы әділетті шешім қабылдамаушы ма еді?” (Жар. 18:25). Бұл риторикалық сұрақты Ыбырайым Құдай Содом мен Ғомораны жоятын кезде қойды. Ыбырайым Ехоба әділ адамды жауызбен бірге өлтіріп, әділетсіз әрекет етуі мүмкін емес деп түсінді. Ыбырайымның сұрағынан оның Ехобаның әділеттілігіне деген берік сенімін көруге болады.
Бүгінде біреулер Ехобаның болашақ соты туралы, мысалы, Һар-Магедоннан нақты кімдер аман өтетініне және кімдердің қайта тірілетініне қатысты, қандай да бір болжамдар айтуы мүмкін. Осындай жайттарды ойлап әуре болғанша, Ыбырайымның сұрағын есте ұстағанымыз жөн. Ыбырайым іспетті, Ехобаның мейірімді де әділ Әке екеніне сенімді болсақ, бос уайымға салынбаймыз, күмәнданбаймыз әрі бекер сөз таластырмаймыз.
“Осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз өмірін біраз уақыт ұзарта алады?” (Мат. 6:27 сілт.). Исаның халыққа және өзінің шәкірттеріне арнаған бұл сұрағы олардың назарын өздерін Ехобаның қамқор қолына тапсырулары керектігіне аударды. Соңғы күндерде өмір сүріп жатқандықтан, уайымдайтын жайттар жетіп артылады, алайда оларды ойлай бергеннен түк шықпайды.
Өзіміздің не жақындарымыздың жағдайын уайымдап жүрген болсақ, Исаның сұрағы жайында ойланайық. Бұлай еткеніміз мазамызды алып, күш-қайратымыздан айыратын жағымсыз ойлардан және сары уайымнан арылуға көмектеседі. Иса ‘әуедегі құстарды асырайтын’ және ‘дала гүлдерін киіндіретін’ көктегі Әкеміздің бізге не қажет екендігінің бәрін білетініне сендірді (Мат. 6:26—34).
“Қойнына от салған киімін өртемей ме?” (Нақ. с. 6:27). Нақыл сөздер кітабының алғашқы тоғыз тарауында әкесінің ұлына айтқан ақыл-кеңестері жазылған. Жоғарыда келтірілген сұрақ некесіз жыныстық қатынастың салдары өте қайғылы болатынын көрсетеді (Нақ. с. 6:29). Егер біреуге қылымсып, қырындап жүргенімізді немесе өнегесіз қалауларымыздың пайда болғанын байқасақ, жоғарыдағы сұрақ есімізді жиюға көмектеседі. Бұл сұрақтың астарында жатқан принципті ескерсек, басқа да азғыруларға төтеп бере аламыз. Сондай-ақ бұл сұрақ Киелі кітаптағы “адам не ексе, соны орады” деген сөздерді нықтай түседі (Ғал. 6:7).
“Басқа Біреудің қызметшісін айыптауға қандай қақың бар?” (Рим. 14:4). Римдіктерге арналған хатында елші Пауыл І ғасырдағы қауымда болған қиындықтар туралы жазған. Мәдениеті мен шыққан ортасы әртүрлі мәсіхшілер бір-бірінің шешімдері мен әрекеттеріне күдікпен қарауды әдетке айналдырған болатын. Пауылдың сұрағы оларды бауырмал болуға талпындырып, үкім шығаруды Ехобаның еркіне қалдыру керектігін естеріне салды.
Бүгінде де Құдай халқы әртүрлі ортадан шыққан адамдардан тұрады. Дегенмен Ехоба арамызда бірліктің болуына көмектеседі. Біз ынтымақтың болуына үлес қосып жүрміз бе? Егер бауырласымыздың ар-ұжданына сай істеген әрекетіне наразылық білдірер болсақ, өзімізге Пауылдың жоғарыдағы сұрағын қойғанымыз жөн.
Сұрақтар бізге Ехобаға жақындауға көмектеседі
Жоғарыдағы мысалдар Құдай Сөзіндегі сұрақтардың адамды өз-өзін тексеруге талпындыра алатынын көрсетеді. Сол сұрақтардың мәнмәтінін қарастырғанымыз оларды өзіміздің жағдайымызға қатысты қолдануға көмектеседі. Сондай-ақ Киелі кітаптан біз үшін пайдалы басқа да сұрақтарды табуға болады (14-беттегі қоршауды қараңдар).
Құдай Сөзіндегі сұрақтардың үстінен терең ой жүгірткеніміз ойымыз бен ниетімізді Ехобаның әділ принциптеріне сай келтіруге көмектеседі. Ехоба біраз сұрақтар қойған соң, Әйүп: “Мен Сен туралы құлағыммен естіп едім; енді өз көзіммен Сені көріп тұрмын”,— деді (Әйүп 42:5). Иә, Әйүп Ехоба тура жанында жүргендей сезінді. Кейінірек шәкірт Жақып та: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— деді (Жақ. 4:8). Құдай Сөзінің, соның ішінде сұрақтардың да рухани өсуімізге және Ехобаны анығырақ “көруімізге” көмектесуіне жол берейік!
[14-беттегі қоршау]
Төмендегі сұрақтар Ехобаның көзқарасын білуге қалай көмектеседі?
▪ “Жаратқан Иеге шын ұнайтын — Құрбандық пен басқа сый-тарту ма, Әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?” (Пат. 1-ж. 15:22).
▪ “Көзді жаратқан [Тәңірдің] Өзі әлде көрмей ме?” (Заб. 93:9).
▪ “ Жалқау неме, қашанғы ұйықтап жатасың, Ұйқыңнан оянып, қашан тұрасың?” (Нақ. с. 6:9).
▪ “Сенің ренжіп, ашуланатындай қандай қақың бар?” (Жүніс 4:4).
▪ “Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда?” (Мат. 16:26).
▪ “Мәсіхтің сүйіспеншілігінен бізді не айыра алады?” (Рим. 8:35).
▪ “Құдайдан қабылдамаған нелерің бар?” (Қор. 1-х. 4:7).
▪ “Жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ?” (Қор. 2-х. 6:14).
[15-беттегі сурет]
Ехобаның сұрақтарынан Әйүп не нәрсеге үйренді?