“Пайғамбарлардан үлгі алыңдар”. Жоел
1. Қызметте жүргенде Жоелдің кішіпейілділігіне қалай еліктей аламыз?
1 Жоел пайғамбар кім болған? Ол өзі жайлы “Петуелдің ұлы” екенін ғана айтқан (Жоел 1:1). Бұл кішіпейіл пайғамбар өзінің хабаршы ретіндегі рөліне емес, Ехобаның хабарына баса назар аударған. Сол сияқты, біз де қызметте жүргенде адамдардың өзімізді қадірлеп, мақтағанын емес, қайта, бар назарларын Ехоба мен Киелі кітапқа аударғанын қалаймыз (Қор. 1-х. 9:16; Қор. 2-х. 3:5). Оның үстіне, жариялап жүрген хабарымыз бізге күш береді. Ендеше Жоел пайғамбарлығының қай тұстары бүгінде бізге құлшынысымыз бен үмітімізді жандандыруға көмектеседі?
2. Ехобаның күнінің жақын қалғаны бізді не істеуге талпындыру керек?
2 “Ехобаның күні таяп қалды” (Жоел 1:15). Осы сөздер мыңдаған жыл бұрын жазылып кеткен болса да, біз бұл пайғамбарлықтың толық орындалатын уақытында өмір сүріп жатырмыз. Дүниедегі жағдайдың нашарлап жатқаны, айналамыздағы адамдардың немқұрайдылығы мен бізді келеке-мазақ еткені зұлым заманның ақыры жақын екенін дәлелдейді (Тім. 2-х. 3:1—5; Пет. 2-х. 3:3, 4). Ехобаның күнінің жақын екенін ойымызда ұстасақ, қызметті өмірімізде басты орынға қоятын боламыз (Пет. 2-х. 3:11, 12).
3. Неліктен зор алапат жақындаған сайын уағыз ісіне атсалысқанымыз әсіресе маңызды?
3 “Ехоба — өз халқының бас сауғалайтын панасы” (Жоел 3:16). Бұл тармақта айтылған “шайқалу” Ехобаның зор алапатта сот үкімін жүзеге асыратынына нұсқайды. Сол уақытта Ехобаның өз адал қызметшілерін құтқаратынын білгеніміз бізге жұбаныш береді (Аян 7:9, 14). Ал уағыз ісіне атсалысқанда және Ехобаның қолдауы мен күш беріп жатқанын сезінгенде, біз алдағы зор алапаттан аман өтуге көмектесетін сенім мен төзімділік дамытамыз.
4. Бізде қуанышты болып, болашаққа сеніммен қарауға қандай себеп бар?
4 Кейбіреулер Жоелдің пайғамбарлығын адамды тұнжырататын хабар ретінде қарастырса да, ол Құдай халқына құтқарылуға деген тамаша үміт сыйлайды (Жоел 2:32). Олай болса, Жоел 2:23-тегі: “Құдайларың Жаратқан Иеге қуанып, шат-шадыман болыңдар!”— деген сөздерге құлақ асып, болашаққа сенімділікпен қарайық және Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды құлшыныспен жариялайық.