“Киелі Рух пен Қалыңдық: “Келе гөр!”— деп шақырады”
“Киелі Рух пен Қалыңдық: “Келе гөр!”— деп шақырады. Мұны естіген әркім де “Келе гөр!” десін. Жаны сусаған әркім сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдасын!” (АЯН 22:17).
1, 2. Патшалық ісі біздің өмірімізде қандай орында болу керек және неге?
ПАТШАЛЫҚ ісі біздің өмірімізде қандай орында болу керек? Иса шәкірттеріне: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!”— деді. Сонда Ехоба оларға қажеттінің бәрін қосып беретін еді (Мат. 6:25—33). Ол Құдай Патшалығын аса құнды інжу-маржанға теңеген. Оны тапқан саудагер “өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады” (Мат. 13:45, 46). Олай болса, Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісі біз үшін де аса маңызды болуы керек емес пе?!
2 Алдыңғы екі мақаладан білгеніміздей, қызметте батыл сөйлегеніміз және Құдай Сөзін шебер қолданғанымыз бізді Құдай рухы жетелейтіндігін көрсетеді. Сондай-ақ киелі рух Патшалықты уағыздау ісіне жүйелі түрде атсалысуға көмектеседі. Қалайша?
Әрқашан да есік ашық!
3. Барлық адамдар “Келе гөр!” деп қандай суға шақырылуда?
3 Бүгінде киелі рухтың көмегімен барлық адамдарға арналған хабар таратылуда (Аян 22:17 оқы). Бұл хабар — “Келе гөр!” деген шақыру. Оны қабылдаған адамдар ерекше сумен шөлін қандыратын болады. Ол — оттегі мен сутегіден тұратын кәдімгі су емес. Әрине, кәдімгі су адам өмірі үшін маңызды. Бірақ Иса құдық басында самариялық әйелмен сөйлескенде басқа мағынадағы су туралы айтты: “Ал кімде-кім Мен беретін “судан” ішсе, ол мәңгі-бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін “су” оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан “қайнарға” айналады” (Жох. 4:14). Иә, адамдарға ұсынылып жатқан ерекше су мәңгі өмірге жетелейді.
4. Өмір суына деген қажеттілік қалай пайда болды және бұл қандай су?
4 Өмір суына деген қажеттілік Адам ата әйеліне еріп, Жаратушылары Ехоба Құдайдың өсиетін аяқ асты еткен күннен бастап туындады (Жар. 2:16, 17; 3:1—6). Күнә жасаған Адам ‘қолын созып, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісін алып жеп, мәңгі өмір сүріп жүрмеуі’ үшін, әйелі екеуі тамаша үйлерінен қуылды (Жар. 3:22). Сөйтіп олардың барлық ұрпақтары ажалды болды (Рим. 5:12). Өмір суы адамзатты күнә мен өлімнен азат етіп, олардың жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүруі үшін Құдайдың ойластырған барлық шараларын білдіреді. Мұның бәрі Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында мүмкін болды (Мат. 20:28; Жох. 3:16; Жох. 1-х. 4:9, 10).
5. Өмір суын сый ретінде алуға бізді, түптеп келгенде, кім шақырады? Түсіндір.
5 ‘Сыйлық ретінде өмір суын қабылдауға’ шақырып отырған негізінде кім? Адамзат мәңгі өмірге ие болу үшін қолданылатын барлық шаралар Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде ‘мөлдір тастай жылтылдаған өмір суының өзеніне’ айналады. Бұл өзен ‘Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алады’ (Аян 22:1). Демек, өмір суының көзі — “өмірдің қайнары” Ехоба Құдай (Заб. 35:10). “Тоқты” Иса Мәсіх арқылы келетін бұл суды тек Ехобаның арқасында ғана ала аламыз (Жох. 1:29). Аталмыш бейнелі өзен Адам атаның тілазарлығының салдарын жою үшін қолданатын Ехобаның барлық шараларын білдіреді. Иә, “Келе гөр!” деп шақыратын, түптеп келгенде, Ехоба Құдай.
6. ‘Өмір суының өзені’ қашан аға бастады?
6 Білгеніміздей, ‘өмір суының өзені’ толық мағынада Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде ағады. Дегенмен бұл өзен 1914 жылы басталған “Иеміздің күнінде” (ЖД) аға бастады (Аян 1:10). Содан бері мәңгі өмірге жетелейтін шаралар жүргізілуде. Бұл шаралар Құдай сөзіне негізделген. Ал ондағы хабар ‘суға’ теңеледі (Ефес. 5:26 сілт.). Ізгі хабарды естіп, құлақ асу арқылы ‘өмір суымен’ шөлін қандыру үшін барлық адамға есік ашық. Иеміздің күнінде осы шақыруды кімдер айтып жүр?
Қалыңдық: “Келе гөр!”— деп шақырады
7. Бірінші болып “Келе гөр!” деп шақырған кім және ол кімді шақыруда?
7 Ең бірінші болып “Келе гөр!” деп “қалыңдық”, яғни майланған мәсіхшілер, шақырды. Кімді? Әрине, өздерін емес. Олар ‘құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасынан’ кейін жерде мәңгі өмір сүруге үміті бар адамдарды шақыруда (Аян 16:14, 16 оқы).
8. Майланған мәсіхшілердің Ехобаның шақыруын 1918 жылдан бері таратып келгенін қайдан білеміз?
8 Мәсіхтің майланған ізбасарлары адамдарды 1918 жылдан бері шақыруда. Сол жылы айтылған “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адамның ешқашан өлмеуге мүмкіндігі бар” деген баяндамадан соң көптеген адамның Һар-Магедон шайқасынан кейін жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүруге үміті оянды. 1922 жылы Сидар-Пойнтта (Огайо штаты, АҚШ) өткен конгресте тыңдаушыларға ‘Патша мен оның патшалығын жариялауға’ үндеу тасталды. Осы үндеудің арқасында қалыңдыққа жататын майланғандардың тамтығы әлдеқайда көп адамды шақыра алды. 1929 жылы “Күзет мұнарасының” 15 наурыздағы санында Аян 22:17-ге негізделген “Шын көңілден шақыру” деген мақала жарық көрді. Онда былай айтылған еді: “Адал майланғандар тамтығы Ең жоғарғы Құдайға қосылып, “Келе гөр!” деп шын көңілден шақырады. Бұл хабар әділдік пен шындықты аңсаған адамдарға дәл қазір айтылу керек”. Бейнелі қалыңдық әлі де шақыруда.
Мұны естіген әркім де “Келе гөр!” десін
9, 10. Ізгі хабарды қабыл алғандар “Келе гөр!” деген шақыруды әрі қарай тарату ісіне қалай шақырылды?
9 “Келе гөр!” деген шақыруды қабыл алғандар жөнінде не деуге болады? Олар да басқаларға “Келе гөр!” деп айтады. 1932 жылы “Күзет мұнарасының” 1 тамыздағы санында (232-бет) былай жазылған: “Майланғандар Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауды қалайтын барлық адамды осы іске қатысуға шақырулары керек. Иеміздің хабарын айту үшін бұл адамдардың майланған болуы шарт емес. Ехоба куәгерлері Һар-Магедоннан аман өтіп, жерде мәңгі өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өмір суын беру мәртебесіне ие болғандарына қуанышты”.
10 Ізгі хабарды естіген өзге де адамдардың “Келе гөр!” деп айтуға міндетті екеніне нұсқап, 1934 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 тамыздағы санында (249-бет) былай делінді: “Ионадав табына жататындар Ехобаның майланған куәгерлері болмаса да, Иқу табымен бірге Патшалық хабарын уағыздауы керек”. 1935 жылы Аян 7:9—17 тармақтарда айтылған өте ‘үлкен тобырдың’ кім екені анық түсіндірілді. Бұл Құдай хабарын тарату ісіне зор серпіліс берді. Сол уақыттан бері осы хабарды қабыл алған үлкен тобырдың мүшелері өскен үстіне өсе түсуде. Қазіргі уақытта олардың саны жеті миллионнан асты. Ізгі хабарды ризашылықпен қабылдаған олар өмірлерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтті. Сөйтіп олар қалыңдық табымен бірге ‘сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдаңдар’ деп өзгелерге құлшына жариялауда.
Киелі Рух: “Келе гөр!”— деп шақырады
11. Киелі рух І ғасырдағы уағыз ісінде қандай рөл атқарды?
11 Иса Назареттегі мәжілісханада уағыздаған кезінде Ишая пайғамбардың жазбасын алып, келесі сөздерді оқыды: “Жаратқан Ие Маған Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға Ізгі хабар жеткізуге тағайындап, тұтқындарға босатылып, соқырларға көре алатындықтарын жар салуға жіберді. Мені езілгендерді қанаудан азат етуге және Жаратқан Иенің кешірім беретін мейірімділік жылын жариялауға да жіберді”. Содан соң бұл сөздердің өзіне қатысты екенін көрсетіп: “Сіздер естіген осы сөздер бүгін орындалды”,— деді (Лұқа 4:17—21). Көкке көтерілер алдында ол шәкірттеріне былай деді: “Бірақ сендер Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар, сөйтіп... жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар” (Ел. іс. 1:8). Расында да, киелі рух І ғасырда ізгі хабарды уағыздау ісінде маңызды рөл атқарды.
12. Біздің күніміздегі шақыру ісіне Құдай рухының қаншалықты қатысы бар?
12 Біздің күніміздегі адамдарды шақыру ісіне Құдайдың киелі рухының қаншалықты қатысы бар? Киелі рух Ехобадан бастау алады. Ехоба рухы арқылы қалыңдық табына жататындардың ойлары мен жүректеріне әсер етіп, Киелі кітапты түсінулеріне көмектеседі. Сондай-ақ киелі рух майланғандарды жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарды “Келе гөр!” деп шақырып, оларды Жазбалардағы шындыққа үйретуге талпындырады. Ал шақыруды қабыл алған, сөйтіп Иса Мәсіхтің шәкірті болып, өзгелерге шындықты уағыздап жүрген адамдар жайында не деуге болады? Киелі рух оларға да қозғау салады. Олар ‘киелі рухтың атымен шомылдыру рәсімінен өткен’ және сол рухтың басшылығына мойынсұнып, көмегіне жүгінеді (Мат. 28:19). Майланғандар мен өте үлкен тобыр таратып жүрген хабар рухтың жетелеуімен жазылған Киелі кітапқа негізделген. Демек, олар киелі рухтың шақыруын таратуда. Расында да, бізді киелі рух жетелейді. Олай болса, шақыру ісін қалай атқаруымыз керек?
Олар “Келе гөр!” деп шақырады
13. “Киелі Рух пен Қалыңдық: “Келе гөр!”— деп шақырады” деген нені білдіреді?
13 Киелі рух пен қалыңдық: “Келе гөр!”— деп, бір-ақ рет шақырып қойған жоқ. Түпнұсқа тілінде бұл жазба орнында үздіксіз әрекетті білдіретін етістік қолданылған. Бұл шақыру ісінің ұдайы атқарылатынын көрсетеді. Ал шақыруды естіп, оны қабыл алғандар туралы не деуге болады? Олар да “Келе гөр!” деп шақыруда. Киелі кітапта өте үлкен тобырдың ‘күні-түні [Құдайдың] киелі үйінде қызмет ететіні’ айтылған (Аян 7:9, 15). Қандай мағынада? (Лұқа 2:36, 37; Елшілердің істері 20:31; Салониқалықтарға 2-хат 3:8 оқы). Жасы ұлғайған Ханна мен елші Пауылдың мысалынан көрінетіндей, “күні-түні” қызмет ету жүйелі түрде әрі жан-тәнімен қызмет етуді білдіреді.
14, 15. Ехобаға ұдайы ғибадат етудің маңыздылығы Даниялдың мысалынан қалай көрінеді?
14 Ұдайы ғибадат етудің маңыздылығын Даниял пайғамбардың мысалынан да көруге болады (Дан. 6:4—10, 16). Оның күніне үш рет дұға айту әдеті болған. Арыстанның орына тасталу қаупі төнсе де, ол дұға айтуды бір айға да тоқтатпады. Осылайша Даниял Ехобаға ұдайы ғибадат ету қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті (Мат. 5:16).
15 Даниял арыстанның орына тасталғаннан кейін, ертеңіне Дарий патша келіп: “Даниял, тірі Құдайдың пендесі-ау! Өзің ұдайы сиынатын Құдайың сені құтқара алды ма?”— деді. Сонда Даниял: “Патша! Сен мың жаса! Менің Құдайым Өзінің періштесін жіберіп, арыстандардың аузына қалқан қойды, сөйтіп олар маған зақым жасаған жоқ, өйткені мен Оның алдында пәк едім және патша, сенің алдыңда да мен ешқандай қылмысқа барған емеспін”. Ехоба Даниялды қызметін “ұдайы” атқарғаны үшін жарылқады (Дан. 6:19—22).
16. Даниялдың үлгісіне қарап, өзімізге қандай сұрақ қойғанымыз жөн?
16 Даниял үшін жүйелі түрде ғибадат ету өмірден де маңызды болды. Біз жайлы да солай деуге бола ма? Патшалық туралы ізгі хабарды ұдайы жариялау үшін қандай құрбандықтарға барып жүрміз не баруға дайынбыз? Бір де бір айды бос өткізбей, үнемі Ехоба туралы куәлік берейік! Мүмкін болса, апта сайын қызметке қатысайық. Тіпті денсаулығымыз тым нашар болғандықтан айына 15 минут уағыздасақ та, есеп тапсырғанымыз жөн. Неліктен? Өйткені бәріміз де киелі рух және қалыңдықпен бірге өзгелерді “Келе гөр!” деп шақырғымыз келеді. Иә, Патшалықты жариялау ісіне жүйелі түрде қатысу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайық.
17. Ехобаның шақыруын жеткізудің қандай мүмкіндіктерін қалт жібермеуіміз керек?
17 Біз қызметке арнайы бөлген уақытта ғана емес, әрбір мүмкіндікті пайдаланып уағыз айтуға тырысамыз. Мысалы, дүкен аралағанда, саяхаттағанда, демалысқа шыққанда, жұмыста немесе мектепте ‘жаны сусаған әркімді сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдауға’ шақыру неткен мәртебе! Тіпті билік басындағылар уағыз ісіне тыйым салса да, біз парасаттылықпен куәлік беруді жалғастыра береміз: сақтықпен үйме-үй уағыздаймыз немесе бейресми куәлік етудің мүмкіндіктерін барынша пайдаланамыз.
“Келе гөр!” деп шақыра беріңдер
18, 19. Құдаймен бірге еңбектенуді мәртебе санайтыныңды қалай көрсетіп жүрсің?
18 Киелі рух пен қалыңдық өмір суына шөліркеген әркімді тоқсан жылдан аса уақыт бойы “Келе гөр!” деп шақыруда. Сен олардың жан тебірентерлік шақыруын естідің бе? Олай болса, біз сені де осы хабарды басқаларға жеткізуге шақырамыз.
19 Ехобаның сүйіспеншілікке толы осы хабары әлі қанша уақыт таратылатынын біз білмейміз. Дегенмен басқаларды “Келе гөр!” деп шақыру арқылы ‘біз Құдаймен бірге еңбектенеміз’ (Қор. 1-х. 3:6, 9). Бұл — үлкен құрмет! Қызметке ұдайы қатысу арқылы “Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық” (Евр. 13:15). Жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндер қалыңдық табымен бірге “Келе гөр!” деп шақыруларын тоқтатпасын. Осылайша көптеген адам ‘өмір суына’ қол жеткізе бергей!
Не білдіңдер?
• “Келе гөр!” деген шақыру кімге арналған?
• Түптеп келгенде, “Келе гөр!” деп шақырып жатқан кім?
• “Келе гөр!” деген шақырудың таралуында киелі рухтың рөлі қандай?
• Неліктен қызметке үнемі атсалысуға тырысуымыз керек?
[16-беттегі кесте/суреттер]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
“Келе гөр!” деп шақыра беріңдер
1914
5 100 жариялаушы
1918
Көп адам жұмақ орнаған жерде өмір сүреді
1922
“Патша мен оның патшалығын жариялаңдар, жариялаңдар, тағы да жариялаңдар!”
1929
Майланғандардың тамтығы “Келе гөр!” деп шақырады
1932
“Келе гөр!” деп майланғандар ғана шақырмайды
1934
Ионадав табы уағыздауға шақырылды
1935
“Өте үлкен тобырдың” кімдер екені анықталды
2009
7 313 173 жариялаушы