Ехобаның билігі ақталады!
‘Адам баласының билігін Құдіретті (Құдай) ұстайды’ (ДАН. 4:17).
1, 2. Неге адамзат билігінің болашағы жоқ деуге болады?
АДАМЗАТ билігінің болашағы жоқ екені күмәнсіз. Мұның басты себебі адамзат баласы билікті тиімді қолдана алатындай даналыққа ие емес. Адамзат билігінің болашағы жоқ екені әсіресе қазіргі уақытта айқын көрінуде. Өйткені бүгінде билік басындағылардың көбі ‘өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, кеуде көтерген’ адамдар ретінде танылуда (Тім. 2-х. 3:2—4).
2 Көп уақыт бұрын түп атамыз бен анамыз Құдайдың билігінен бас тартқан еді. Осылай етулерімен олар тәуелсіз боламыз деп ойлаған болу керек. Бірақ шын мәнінде олардың бұл әрекеті Шайтанның билігіне бағыну еді. Алты мың жыл бойы Шайтанның ықпалында болған адамзат баласының билігі бізді қазіргі құлдыраған күйге жеткізді (Жох. 12:31). Бір тарихи еңбекте адамзаттың қазіргі жағдайы түсіндіріле келе, “кемелді дүниені іздеудің” пайдасы жоқ екені айтылған. Онда былай делінген: “Оны табу былай тұрсын, оған қол жеткізуге тырысудың өзі тоталитаризмге және ең сорақысы соғысқа алып келеді”. Адамзат билігінің болашағы жоқтығының қандай айқын көрінісі десеңші!
3. Адам ата мен Хауа ана күнә жасамағанда, Құдай жерге билігін қалай жүргізер еді?
3 Түп атамыз бен анамыздың жалғыз ғана тиімді басшылықтан, яғни Құдайдың билігінен, бас тартқаны қандай өкінішті! Егер олар адал болып қалғанда, Ехоба жерге билігін қалай жүргізер еді? Біз мұны нақты білмейміз. Бірақ мынаған сенімді болуға болады: егер адамдардың бәрі Құдайдың билігін мойындағанда, жер бетінде сүйіспеншілік болып, алалаушылық атымен болмас еді (Ел. іс. 10:34; Жох. 1-х. 4:8). Сонымен қатар Құдайдың шексіз даналығын есепке алар болсақ, мынаған да сенімді бола аламыз: егер адамзат Ехобаның билігінен бас тартпағанда, адам билігінің кесірінен осы уақытқа дейін жіберілген қателер орын алмас еді. Құдай билік еткенде, ‘мархабатпен барлығын тойындырар’ еді (Заб. 144:16). Қысқаша айтқанда, кемелді билік болар еді (Заң. қ. 32:4). Адамзат баласының одан бас тартқаны қандай өкінішті!
4. Шайтанға қаншалықты билік етуге жол берілді?
4 Біз мынаны да ұмытпағанымыз жөн: Ехоба адамзатқа өзін-өзі басқаруға жол бергенімен, жаратылыстарының үстінен билік ету құқынан ешқашан бас тартқан емес. Тіпті кезінде дүркіреп тұрған Бабыл патшасының өзі ‘адам баласының билігін Құдіреттінің [Ехобаның] ұстайтынын’ мойындауға мәжбүр болған (Дан. 4:17). Түбінде, Ехоба Патшалығы арқылы өзінің еркін жүзеге асырады (Мат. 6:10). Ол қарсыласы Шайтанның көтерген дауын біржола шешу үшін, оның аз уақытқа “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” болуына жол бергені рас (Қор. 2-х. 4:4; Жох. 1-х. 5:19). Дегенмен Шайтан Ехоба жол берген нәрсені ғана жасай алады (Шеж. 2-ж. 20:6; Әйүп 1:11, 12; 2:3—6 салыстыр). Шайтан билеп-төстеген дүниеде өмір сүргеніне қарамастан, Ехобаның билігін таңдаған адамдар қашан да болған.
Құдайдың Исраил халқына билік етуі
5. Исраил халқы Ехобаға қандай уәде берді?
5 Әбілден бастап Исраил халқы пайда болғанға дейін, Ехобаға ғибадат етіп, оның өсиеттерін орындаған адал адамдар болған (Евр. 11:4—22). Мұсаның күндерінде Ехоба Жақыптың үрім-бұтағымен келісім жасасып, олар Исраил халқын құрады. Б. з. б. 1513 жылы исраилдіктер өздері және ұрпақтары үшін Ехобаны Билеушілері ретінде қабылдайтынын білдіріп: “Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз”,— деп уәде берді (Мыс. ш. 19:8).
6, 7. Құдай исраилдіктерге билігін қалай жүргізді?
6 Ехоба исраилдіктерді белгілі бір мақсатпен таңдаған еді (Заңды қайталау 7:7, 8 оқыa). Ол мұны исраилдіктердің игілігін ойлағандықтан ғана істеген жоқ. Құдайдың есімі мен оның билік ету құқы ақталуы керек еді, әрі бұл әлдеқайда маңызды болатын. Исраилдіктер Ехобаның жалғыз шынайы Құдай екендігіне куәлік ету керек-тін (Ишая 43:10; 44:6—8). Ехоба бұл халыққа былай деді: “Сен Жаратушы Иенің, өз Құдайыңның қасиетті халқысың және де жер бетін жайлап жатқан барлық халықтардың ішінен сен Оның жеке өз халқы болуың үшін Жаратушы Ие сені таңдап алды” (Заң. қ. 14:2).
7 Құдай исраилдіктерге билігін жүргізгенде, олардың кемелсіз екенін ескерді. Ехобаның заңдары кемелді еді және оларға қарап оның қандай қасиеттерге ие екенін білуге болатын. Мұса арқылы берген заңдарынан Ехобаның қасиеттілігі, әділдікті ұнататыны, кешіруге дайын және төзімді екені айқын көрініп тұрды. Кейінірек, Ешуа мен оның замандастарының кезінде, халық Ехобаға мойынсұнғанның арқасында тыныштықта өмір сүріп, рухани баталарға кенелді (Ешуа 24:21, 22, 31). Исраил халқының тарихындағы сол кезең Ехобаның басшылығының табысты болатынын көрсетті.
Адам басшылығы сын көтермейді
8, 9. Исраил халқы Құдайдан не талап етті және мұның нәтижесі қандай болды?
8 Уақыт өте келе, исраилдіктер Құдайдың басшылығынан жиі бас тартып, оның қорғанышынан айырылып қалып отырды. Ақырында, олар Самуил пайғамбар арқылы өздеріне патша талап етті. Ехоба Самуилге олардың талабын орындауды айтты. Алайда әрі қарай: “Олар сенен емес, Менен бас тартып, өздеріне патшалық етуіме қарсы болып тұр”,— деді (Пат. 1-ж. 8:7). Исраилдіктерге араларынан патша тағайындауға рұқсат еткенімен, Ехоба адам билігінің сын көтермейтінін ескертті (Патшалықтар 1-жазба 8:9—18 оқы).
9 Тарих Ехобаның айтқандарының рас екенін дәлелдеді. Патша басқарғаннан кейін, әсіресе ол патшалар Құдайға адалдық танытпаған кезде, Исраил қиыншылықтан көз аша алмай қалды. Осыны есте ұстар болсақ, ғасырлар бойы Ехобаны танымай, ел басқарған үкіметтегілер қол астындағылардың жағдайын жақсарта алмағандығы таңғалдырмайды. Рас, кейбір үкімет басындағылар тыныштық пен қауіпсіздікке қол жеткізу үшін Құдайдан бата тілейді. Алайда өзінің билігін мойындамайтын басшыларды Құдай қайдан жарылқасын? (Заб. 2:10—12).
Құдайдың билігін мойындайтын жаңа халық
10. Неге Ехоба Исраил халқынан бас тартты?
10 Исраил халқының Ехобаға адал қызмет еткісі келмейтіні анық болды. Олар тіпті Құдай тағайындаған Мәсіхтен бас тартты. Сонда Ехоба да олардан бас тартып, олардың орнына жаңа халықты құрайтын топты таңдамақ болды. Ақыр аяғында, б. з. 33 жылы Ехобаның майланған қызметшілерінің қауымы пайда болды. Ехобаның билігінің қол астындағы осы қауым жаңа халық еді. Пауыл бұл халықты ‘Құдайдың рухани Исраил халқы’ деп атады (Ғал. 6:16).
11, 12. Басшылық етуге қатысты ежелгі Исраил мен ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ арасында қандай ұқсастықтар бар?
11 Исраил халқы мен ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ арасында айырмашылықтар мен ұқсастықтар бар. Ежелгі Исраилден айырмашылығы — мәсіхшілер қауымында патша жоқ, сондай-ақ адамның күнәсі өтелу үшін құрбандық әкелу талап етілмейді. Ал ұқсастықтарының бірі — Исраил халқында рубасылары болғандай, мәсіхшілер қауымында ақсақалдар бар (Мыс. ш. 19:3—8). Бұл мәсіхші ақсақалдар отарға билік етпей, қайта, қауымды қамқорлап бағып, дайындықпен рухани істерде басшылықты қолға алады. Олар қауымның әрбір мүшесіне сүйіспеншілікпен қарап, бәріне бірдей сый-құрмет көрсетеді (Қор. 2-х. 1:24; Пет. 1-х. 5:2, 3).
12 Құдайдың Исраил халқымен қарым-қатынасы жайлы ой жүгірте отырып, ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ мүшелері мен олардың серіктестері, яғни ‘басқа қойлар’, Ехоба мен оның билігіне деген ризашылықтарын арттыра алады (Жох. 10:16). Мысалы, тарихтан көретініміздей, Исраил билеушілері қол астындағыларына жақсы жағынан болсын, жаман жағынан болсын, қатты әсер еткен. Бұл жайт мәсіхшілер қауымындағы жетекшілерді, ежелгі патшалар сияқты билік жүргізбесе де, әрдайым сенімнің жақсы үлгісін көрсетуге талпындыру керек (Евр. 13:7).
Бүгінде Ехоба өз билігін қалай жүргізуде?
13. 1914 жылы қандай маңызды оқиға орын алды?
13 Бүгінде мәсіхшілер адамзат билігінің соңы таяп қалғанын жариялауда. 1914 жылы Ехоба көкте өзінің Патшалығын орнатып, оның патшасы етіп Иса Мәсіхті тағайындады. Сол кезде ол Исаға “жеңу үшін жеңімпаз” болуға билік берді (Аян 6:2). Сондай-ақ таққа жаңа отырған Патшаға: “Жауларыңның арасында билік жаса”,— деп айтылды (Заб. 109:2 Тт). Өкінішке қарай, халықтар Ехобаның билігіне мойынсұнудан бас тартып келеді. Олардың іс-әрекеттері Ехобаны еш мойындағылары келмейтінін көрсетеді (Заб. 13:1).
14, 15. а) Бүгінде Құдай Патшалығы бізге қалай билік етуде әрі осыған орай, өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз керек? ә) Құдайдың билігі ең жақсы билік екені неден көрінеді?
14 Бүгінде жер бетінде ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ майланған мүшелерінің азғанасы қалды. Исаның бауырлары болып табылатын олар Мәсіхтің атынан жіберілгендер ретінде әрекет етіп келеді (Қор. 2-х. 5:20). Олар адал да ақылды құл ретінде тағайындалған. Олардың міндеті — майланғандар мен жерде мәңгі өмір сүруге үміті бар әрі күн санап өсіп келе жатқан мәсіхшілерді қамқорлау және рухани ас-сумен қамтамасыз ету (Мат. 24:45—47; Аян 7:9—15). Ехобаның бұл шараға батасын беріп отырғаны бүгінде шынайы мәсіхшілердің рухани өркендеп жатқанынан көрінеді.
15 Әрқайсысымыз өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: “Қауымда қандай жауапкершіліктер алуым керектігін жете түсінемін бе? Ехобаның билігіне бар ниетіммен қолдау көрсетемін бе? Ехобаның Патшалығының азаматы екендігімді мақтан тұтамын ба? Шама-шарқым жеткенше, Құдай Патшалығы туралы өзгелерге айта беруге бел будым ба?” Жалпы алғанда, біз Басқарушы кеңестің нұсқауларына дайындықпен мойынсұнамыз және қауым ақсақалдарымен де қызметтесеміз. Осылай Құдайдың билігін мойындайтынымызды көрсетеміз (Еврейлерге 13:17 оқы). Құдайдың билігіне дайындықпен мойынсұнғанымыздың арқасында осы жікке бөлінген дүниеде таптырмайтын дүниежүзілік бірлікке қол жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ арамызда тыныштық пен әділдік орнап, Ехоба мадақталуда. Бұның бәрі оның билігі ең жақсы билік екенін көрсетеді.
Ехобаның билігі үстем болады
16. Бүгінде әрбір адам нені шешіп алуы керек?
16 Едемде көтерілген даудың шешілетін уақыты тез таяп келеді. Демек, қазір адамдар үшін бір шешімге келетін уақыт. Әрбір адам Ехобаның билігін мойындай ма, әлде адамзат билігінен айырылғысы келмей ме, міне, осыны шешіп алуы керек. Ал біздің момын адамдарға дұрыс шешім қабылдауға көмектесу мәртебеміз бар. Жуырда, Һар-Магедонда, Құдайдың билігі Шайтанның ықпалындағы адамзат үкіметтерінің орнын біржола басады (Дан. 2:44; Аян 16:16). Адамзат билігі құрып, Құдай Патшалығы бүкіл жер бетіне билік етеді. Сонда Құдайдың билігі толық мағынада ақталады (Аян 21:3—5 оқы).
17. Момын адамдарға билікке қатысты дұрыс шешім қабылдауға не көмектеседі?
17 Ехобаның жағына шығуды әлі нақты шешпегендер дұға ете отырып, Құдайдың билігі адамзатқа қандай баталар әкелетіні жайлы ойланып көрсе болады. Адамзат билігі қылмысты, соның ішінде терроризмді де, тоқтата алмай отыр. Ал Құдайдың билігі жер бетіндегі зұлымдардың бәрін құртады (Заб. 36:1, 2, 9). Адамзат билігінің тұсында адамдар соғыстан көз ашпаса, Құдайдың билігі ‘дүниедегі соғыстарды тоқтатады’ (Заб. 45:10). Құдайдың билігінің астында тіпті адамдар мен жануарлар тату-тәтті өмір сүреді! (Ишая 11:6—9). Адамзат билігінің тұсында кедейлік пен ашаршылық өмірдің ажырамас бөлігі болып отырса, Құдайдың билігі бұларды жояды (Ишая 65:21). Адамзат билеушілерінің ниеті жақсы болғанмен, ауру мен өлімді жоюға дәрменсіз. Ал Құдай билік еткенде, аурулар сауығып, кәрілер жас кезіндегі күш-қайратқа ие болады (Әйүп 33:25; Ишая 35:5, 6). Жер беті жұмаққа айналып, тіпті өлгендер қайта тіріледі (Лұқа 23:43; Ел. іс. 24:15).
18. Құдайдың билігі ең жақсы билік екеніне сенетінімізді қалай көрсете аламыз?
18 Иә, Құдайдың билігі түп атамыз бен анамыздың Жаратушыдан бас тартуына түрткі болған Шайтанның адамзатқа келтірген барлық залалын жояды. Ойлап көрші, Шайтан шамамен 6 000 мың жыл бойы адамзатқа залал келтірген болса, Құдай Мәсіх арқылы 1 000 жылдың ішінде сол залалдың бәрін құртады! Бұл — Құдай билігінің ең жақсы билік екендігінің неткен бұлтартпас дәлелі! Құдайдың Куәгерлері ретінде біз оны Билеушіміз деп мойындаймыз. Сондықтан өміріміздің әрбір күнінде, әрбір сағатында Ехобаның қызметшісі және оның Патшалығының азаматы екенімізді әрі оның Куәгері болғанымызды мақтан тұтатынымызды көрсетейік. Сондай-ақ әрбір мүмкіндікті пайдаланып, Құдайдың билігі ең жақсы билік екенін білгісі келетіндерге уағыздай берейік.
[Сілтеме]
a Заңды қайталау 7:7, 8: “Жаратушы Ие сендерді барлық халықтардың арасындағы саны көп болғандықтан өз қол астына алған жоқ, қайта, барлық халықтардың арасынан сендер аз болғаннан кейін сендерді таңдап алды. Бұлай істеп отырғандығының себебі сол — Жаратушы Ие сендерді шексіз сүйеді және де ол өздеріңнің әкелеріңнің алдында берген антынан таймау үшін Жаратушы Ие Өзінің қуатты қолдары арқылы сені құлдық шаңырағынан, перғауындардың, Мысыр патшасының қол астынан босатып алып шығып, осыларды істеді”.
Төмендегі жазба орындарынан Құдайдың билігіне қатысты не білуге болады?
[29-беттегі суреттер]
Ехоба өз билігінен ешқашан бас тартпаған
[31-беттегі сурет]
Ехобаның билігіне дайындықпен мойынсұнудың арқасында дүниежүзілік бірлікке қол жеткізіп отырмыз