Шайтан билігінің болашағы жоқ
“Зұлымның ісі алға баспайды” (ЕКК. 8:13 ЖД).
1. Зұлымдардың әділ жазаға тартылатыны неліктен жұбаныш беретін хабар?
ЗҰЛЫМДАР ертелі-кеш әділ жазаға тартылады. Олар өз істері үшін жауап беретін болады (Нақ. с. 5:22; Екк. 8:12, 13). Бұл — әсіресе әділдікті жақсы көретіндерге және зұлымдардың қолынан әділетсіздік көріп, жапа шеккен адамдарға жұбаныш беретін хабар. Бұдан да маңыздысы, жазасын тартатындардың ішінде зұлымдықтың түп атасы Шайтан Ібіліс те бар (Жох. 8:44).
2. Едем бағында көтерілген мәселені шешу үшін неліктен уақыт қажет болды?
2 Едем бағында менмендікке бой алдырған Шайтан адамзаттың Ехобаның билігінен бас тартуына себепші болды. Шайтанға қосылып, Ехобаның билігіне шек келтірген Адам ата мен Хауа ана оның алдында күнәға батты (Рим. 5:12—14). Әрине, Ехоба олардың осы бүліктерінің соңы немен бітерін білді. Алайда бұл бүкіл саналы жаратылыстарға да анық болуы керек еді. Сол себепті осы бүліктің арты жақсы болмайтынына бәрінің де көзі жету үшін уақыт қажет болды.
3. Адамзат орнатқан билікке қалай қарауымыз керек?
3 Адамзат Құдай билігінен бас тартқан соң, оларға өз үкіметін құруға тура келді. Елші Пауыл Римдегі мәсіхшілерге жазған хатында “мемлекеттік билігі барлар” жайында айтты. Пауылдың кезінде мемлекеттік билік император Неронның қол астындағы Рим үкіметі болды. Нерон б. з. 54—68 жылдары билік етті. Пауыл бұл мемлекеттік билікті “Құдай орнатқан” деп жазды (Римдіктерге 13:1, 2 оқы). Бұл жерде Пауыл адамзаттың басшылығы Құдайдың билігінің көрінісі екенін айтқысы келді ме? Жоқ. Ол жай ғана Құдай жол беріп отырған уақытта мәсіхшілер “Құдайдың орнатқан тәртібіне” бағынулары керектігін айтты.
Апатқа бастар жол
4. Адамзат билігінің неліктен болашағы болмайтынын түсіндір.
4 Шайтанның ықпалындағы адамзат билігінің болашағы жоқ екені анық. Неге? Біріншіден, ол Құдайдың даналығына негізделмеген. Тек Ехоба кемелді даналыққа ие. Сондықтан ол жүргізген билік қана табысты бола алады (Ерм. 8:9; Рим. 16:27). Өз қателігінен үйренетін адамдардан айырмашылығы Ехоба ненің жақсы болатынын алдын ала біледі. Оның басшылығына мойынсұнбайтын кез келген билік құрылымының болашағы болмайды. Осы себептен, оның арам ниетін айтпағанда, Шайтанның адамзат басшылары арқылы жүргізіп отырған билігінің болашағы жоқ екені о баста-ақ белгілі болған.
5, 6. Неге Шайтан Ехобаға қарсы шықты?
5 Әдетте есті адам болашағы жоқ нәрсеге жоламайды. Ал егер ол бірбеткейлік танытар болса, ақырында өзінің қателігін мойындауға мәжбүр болады. Құдіреті шексіз Жаратушыға қарсы тұрудың еш пайдасы жоқ екені тарих бойы сан мәрте дәлелденді (Нақыл сөздер 21:30 оқы). Алайда өзімшілдік пен менмендікке көзін тұмшалауға жол берген Шайтан Құдайдан теріс айналды. Сөйтіп Шайтан ақыр аяғы апатқа әкелетін жолға түсті.
6 Кейіннен Бабыл патшасы да Шайтанға тән қасиет танытып былай деді: “Аспанға көтерілемін де Құдайдың жұлдыздарынан да жоғары жерге тағымды орнатамын және солтүстіктің шетіндегі құдайлардың жиылыстарында тау үстінде отырамын; Бұлт торлаған биікке көтерілемін де, Құдіреттіге ұқсаймын” (Ишая 14:13—15). Бұл билеушінің ақылсыз жоспары аяқсыз қалды, ал Бабылдағы патша әулеті құрдымға кетті. Тап солай, Шайтан мен оның дүниесі жақында тып-типыл жойылады.
Неге Ехоба бұған жол берді?
7, 8. Ехобаның біраз уақытқа зұлымдыққа жол бергенінің кейбір пайдалы жақтары қандай?
7 Кейбіреулер: “Неге Ехоба болашағы болмайтынын біле тұра, адамзаттың Шайтанның жағына шығып, өздерінің үкімет жүйесін құруына жол берді?”— деуі мүмкін. Әрине, оған жол бермеуге Құдайдың құдіреті жетер еді (Мыс. ш. 6:3). Бірақ даналығы мол Құдай адамзаттың өз бетінше әрекет етуіне жол бергені түбінде жақсы жеміс беретінін білді: Ехобаның сүйіспеншілікке негізделген әділ билігі ақталмақ еді, сондай-ақ адалдығын сақтаған адамдар Құдай шешімінің пайдасын көрмек еді.
8 Шайтанның жағына шығып, Құдайдан тәуелді болуды шешпегенде, адамзат осыншама қайғы-қасіретке ұшырамас еді! Ехобаның адамдарға біраз уақыт өзін-өзі басқаруға жол бергені қазірдің өзінде пайдасын тигізуде. Ізгі ниетті адамдар Құдайға құлақ асып, оған сенім артқанның даналыққа жататынын түсінуде. Тарих бойы адамдар биліктің неше түрін қолданып көрді, бірақ олардың ешқайсысы да өзін ақтамады. Бұл жайт Ехобаның билігі ең жақсы екеніне Құдайдың қызметшілерінің сенімдерін нығайта түсті. Әрине, Ехобаның Шайтанға билік жүргізуге жол бергені адал Куәгерлерді қоса алғанда, адамзат баласына қиыншылықтар алып келді. Дегенмен зұлымдыққа уақытша жол берілгені адал Куәгерлерге пайдасын да тигізді.
Бүлік Ехобаның даңқының артуына себеп болды
9, 10. Шайтанның билігі қалай Ехобаға даңқ әкелгенін түсіндір.
9 Адамзаттың Шайтанның ықпалына еріп, өздерінің билік жүйесін құрғаны Ехобаның билік ету жолының тиімсіз екендігінің көрсеткіші болған жоқ. Керісінше, тарихтан көріп отырғанымыздай, Еремияның рухтың жетелеуімен жазған адамзат өзін-өзі басқара алмайтыны жайлы сөзі рас болып шықты (Еремия 10:23 оқыa). Сонымен қатар Шайтанның бүлігі Ехобаға өзінің ізгі қасиеттерін паш етуге керемет мүмкіндік берді. Қалайша?
10 Шайтанның билігінің салдарын көріп отырғандықтан, Ехобаның кемелді қасиеттері біз үшін одан сайын ашыла түсуде. Осылайша оны сүйетіндердің көзінде көктегі Әкеміздің даңқы арта түсуде. Бір қызығы, Шайтанның билік ету жолы Құдайдың даңқын асыруда. Ол Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қарсы көтерілген бүлікті керемет жолмен шешкеніне назар аударады. Бұны жақсырақ түсіну үшін Ехобаның кейбір қасиеттерін қысқаша қарастырайық және Шайтанның өз билігін зұлымдықпен жүргізуі оны осы қасиеттерін тағы қалай танытуға талпындырғанын көрейік.
11. Ехоба сүйіспеншілігін қалай көрсетті?
11 Сүйіспеншілікке толы. Киелі жазбада: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жох. 1-х. 4:8). Адамның жаратылуына да бірінші кезекте Құдайдың сүйіспеншілігі себеп болды. Біздің керемет жаратылғанымыз да Құдайдың сүйіспеншілігін паш етеді. Сонымен қатар Ехоба бізге сүйіспеншілікпен адамзат баласына керектінің бәрі бар әдемі тұрақ сыйлады (Жар. 1:29—31; 2:8, 9; Заб. 138:14—16). Кейіннен адам өміріне зұлымдық келіп енгенде, Ехоба өзінің сүйіспеншілігін басқа қырынан көрсетті. Елші Жохан Исаның сөздерін келтіріп: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады”,— деген (Жох. 3:16). Құдай жалғыз Ұлын күнәкарлардың төлемін өтеу үшін жерге жіберді. Сүйіспеншілігін паш етудің бұдан асқан жолы болуы мүмкін бе?! (Жох. 15:13). Құдайдың бұл ісі адамдар үшін де үлгі болып табылады. Олар да күнделікті өмірлерінде Құдай сияқты жанқиярлық сүйіспеншілік таныта алады. Иса да солай еткен (Жох. 17:25, 26).
12. Не нәрсе Ехобаның құдіретін паш етеді?
12 Құдіретті. ‘Бүкіл әлемнің Иесі — Құдай!’ ғана өмірге бастау бере алады (Аян 11:17; Заб. 35:10). Адам жарық дүниеге келгеннен кейін, былайша айтқанда, таза парақты толтыра бастайды. Ал өмірден өткенде, бұл парақтың беті оның қандай адам болып қалыптасуына әсер еткен шешімдеріне, іс-әрекеттері мен бастан кешірген оқиғаларына толы болады. Мұның бәрі Ехобаның да жадында сақталады. Уақыты келгенде, Ехоба ол адамды қандай болған болса, дәл солай қайта тірілтеді (Жох. 5:28, 29). Осылайша Ехоба алғашында адамның өлгенін қаламаса да, өлген адамды өмірге қайта әкелуге де күші жететінін паш етеді. Шынында да, Ехобаның құдіреті шексіз!
13. Исаның құрбандық өлімі Ехобаның кемелді әділдігін қалай паш етті?
13 Әділ. Ехоба өтірік айтпайды, әділетсіз де емес (Заң. қ. 32:4; Тит. 1:2). Тіпті өзіне қиын болса да Ехоба ешқашан шындық пен әділдіктен таймайды (Рим. 8:32). Сүйікті ұлы Исаның құдайсыз адам сияқты бөренеге шегеленіп өлуі Ехоба үшін өте ауыр болған болу керек. Сөйтсе де адамзат баласын қатты жақсы көргендіктен Ехоба осындай жайттың орын алуына жол берді. Осылайша өзі орнатқан әділдік принципінен аттап өтпеді (Римдіктерге 5:18—21 оқы). Әділетсіздікке толы дүниеде Ехобаның әділдіктің керемет үлгісін көрсетуге мүмкіндігі болды.
14, 15. Ехоба керемет даналығы мен төзімділігін қандай жолдармен көрсетуде?
14 Дана. Адам ата мен Хауа ана күнә жасай сала, Ехоба олардың бүлігінің салдарының бәрін қалай жоятынын ашты (Жар. 3:15). Осындай шұғыл әрекеті мен қызметшілеріне ниетін біртіндеп жария еткені Ехобаның даналығын айқындай түсті (Рим. 11:33). Ешнәрсе де Құдайдың мәселені оңтайлы шешуіне кедергі жасай алмайды. Өнегесіздік, соғыс, парасатсыздық, тілазарлық, қатыгездік, алалаушылық және екіжүзділік жайлаған дүниеде Ехоба үшін өзінің жаратылыстарына шынайы даналықтың не екенін көрсетуге керемет мүмкіндік туды. Шәкірт Жақып былай деген: “Көктен келген даналық адамды ең алдымен пәк таза қылады, содан кейін ынтымақшыл, төзімді, ымырашыл, қайырым мен игі істер жасағыш, ешкімді алаламайтын әділ қылып, екі жүзділіктен арылтады” (Жақ. 3:17).
15 Төзімді және асқан шыдамды. Егер адамзаттың кемелсіздігі, күнәлары мен кемшіліктері болмағанда, Ехобаның төзімділігі мен асқан шыдамдылығын толық түсіне алмас едік. Ехобаның мыңдаған жылдар бойы оларға төзіп келе жатқаны оның осы қасиеттерді кемелді түрде танытатынын көрсетеді және біз мұны бағалай білуіміз керек. Елші Петірдің: “Иеміз төзімділік танытуда, себебі Ол адамдарды құтқарғысы келеді, мұны дұрыс ұғыңдар!”— деп айтқаны өте қисынды (Пет. 2-х. 3:9, 15).
16. Неге Ехобаның кешіруге дайын екендігі бізді зор қуанышқа бөлейді?
16 Кешіруге дайын. Біз бәріміз де күнәкармыз және көп қате жібереміз (Жақ. 3:2; Жох. 1-х. 1:8, 9). Сол себепті Ехобаның “кешірімі шексіз” болғанына қаншалықты риза болуымыз керек десеңші! (Ишая 55:7). Мынаны ойлап көрейікші: күнә жасап қойғанда, Ехобаның қателерімізді кешіретінін білгеніміз бізді зор қуанышқа бөлейді (Заб. 50:7, 11, 19). Оның осы жағымды қасиетін өз өмірімізде сезінгеніміз Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді нығайтып, өзгелермен қарым-қатынасымызда оған еліктеуге талпындырады (Қолостықтарға 3:13 оқы).
Неліктен бұл дүниенің халі мүшкіл?
17, 18. Қай мағынада Шайтанның билігінің болашағы жоқ?
17 Шайтан билеген бүкіл дүние, оның билік ету жолы, ғасырлар бойы құлдыраған үстіне құлдырауда. 1991 жылы бір газетте былай делінген болатын: “Бұл дүниенің халі мүшкіл ме? Иә, бірақ... бұған Құдай жауапты емес, адамдардың өздері жауапты” (“The European”). Қаншалықты тура айтылған сөздер десеңші! Шайтанның ықпалына ерген адамзат Құдайдың билігінен адамның билігін артық көрді. Осылайша олар болашағы жоқ билік жүйесін таңдады. Дүниежүзі бойынша адамдардың қайғы-қасірет шегіп жатқаны — адамзат билігінің халі мүшкіл екенінің көрінісі.
18 Шайтанның билігі адамды өзімшілдікке итермелейді. Ал өзімшілдік Ехобаның билігінің негізі болып табылатын сүйіспеншіліктен ешқашан үстем бола алмайды. Шайтанның билігі тұрақтылық, бақыт және қауіпсіздік әкеле алмады. Ал Ехобаның билігі ақталады. Бізде мұның дәлелі бар ма? Иә, мұны біз келесі мақаладан көреміз.
[Сілтеме]
a Еремия 10:23: “Жаратушы Ие, өз бағыт-бағдарын белгілеудің адам құзырында емес екенін, жол жүріп бара жатқан [пенденің] табан тірер бағытты өзінің айқындауға шамасының жетпейтінін білемін”.
Төмендегі жазба орындарынан билікке қатысты нені білуге болады?
[25-беттегі суреттер]
Шайтанның билігі адамзатқа ешқашан жақсылық әкелмейді
[Түпдеректер]
U.S. Army photo
WHO photo by P. Almasy
[26-беттегі сурет]
Өлген адамды өмірге қайта әкелуге де Ехобаның күші жетеді
[27-беттегі сурет]
Өзінің ұлын құрбандыққа беру арқылы Ехоба сүйіспеншілігі мен әділдігін паш етті