Ехоба өзінің меншігі болғаныңды қалайды
“Біз Ехобаның меншігіміз” (РИМ. 14:8 ЖД).
1, 2. а) Біз қандай мәртебеге ие болдық? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?
ЕХОБА Исраил халқына: “Барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше меншігім боласыңдар”,— деген. Бұл зор мәртебе еді (Мыс. ш. 19:5). Қазіргі кезде де мәсіхшілер қауымының мүшелері Ехобаның меншігі болу құрметіне ие (Пет. 1-х. 2:9; Аян 7:9, 14, 15). Мұның игіліктерін біз мәңгі көретін боламыз.
2 Ехобаның меншігі болу — мәртебе ғана емес, жауапкершілік те. Сондықтан кейбіреулер “Ехобаның талаптарын орындай алар ма екенмін? Күнә жасап, оның ықыласынан айырылып қалсам ше? Оның меншігі болғаным бас бостандығымнан айырмай ма?” деп уайымдауы мүмкін. Бұл орынды сұрақтар. Оларды қарастырмас бұрын, алдымен Ехобаның меншігі болудың қандай пайдасы бар екенін біліп алайық.
Ехобаның меншігі болу бақытты етеді
3. Рахаб Ехобаға қызмет етуді шешкенінің қандай пайдасын көрді?
3 Құдайдың меншігі болған адамдар қандай баталар алды? Ежелгі Иерихонда тұрған Рахаб есімді жезөкше әйелдің мысалын қарастырайық. Ол жастайынан қанахандықтардың жексұрын құдайларына ғибадат етсе керек. Бірақ Ехобаның Исраил халқына берген жеңістері туралы естігенде, оның шынайы Құдай екенін мойындады. Сондықтан өмірін қатерге тігіп, Құдайдың адамдарын құтқарды да, өз болашағын солардың қолына сеніп тапсырды. Киелі кітапта: “Бұрынырақ жеңіл жүрісті әйел болған Рахаб та (Құдайға сеніп) барлаушыларды үйіне түсіріп, басқа жолмен қашырып жіберді. Рахаб осы ісі арқылы ақталды емес пе?”— делінген (Жақ. 2:25). Заң арқылы сүйіспеншілік пен әділдікке тәрбиеленген әрі тазарған Құдай халқының мүшесі болғанда, Рахаптың қандай баталарға ие болғаны жайлы ойлап көріңдерші. Бұрынғы өмір салтын өзгерткеніне оның қуанғаны сөзсіз. Кейін ол исраилдіктің біріне тұрмысқа шығып, Ехобаға адал қызмет еткен Боғоз есімді ұл туды (Ешуа 6:25; Рут 2:4—12; Мат. 1:5, 6).
4. Рут Ехобаға қызмет етуді шешкенінің қандай пайдасын көрді?
4 Рут есімді моабтық әйел де Ехобаға қызмет етуді шешкен. Кішкентай кезінде ол Моабтың Хамош және басқа да құдайларына табынса керек. Алайда есейгенде Ехобаның шынайы Құдай екенін білді және өз еліне көшіп келген исраилдік жігітке күйеуге шықты (Рут 1:1—6 оқы). Кейінірек Рут абысыны Орпамен бірге енесі Нағимаға еріп, Бетлехемге көшпек болды. Бірақ Исраилде тұру жас келіндеріне қиын болатынын білген Нағима оларды үйлеріне қайтарғысы келеді. Орпа көніп, “ел-жұртына және сиынатын тәңірлеріне қайта оралды”. Ал Рут Ехобаға сенді және оның меншігі болғысы келді. Сондықтан ол Нағимаға: “Сізді тастап, қайта оралуға мені қинай көрмеңіз. Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын. Қайда тұрсаңыз, мен де сонда тұрамын. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады!”— деді (Рут 1:15, 16). Рут осы шешімінің арқасында жесірлерге, кедейлер мен кірмелерге қамқорлық көрсетуді талап еткен Құдай Заңының көп пайдасын көрді. Сөйтіп ол Ехобаның қанатының астында бақытты да қауіпсіз ғұмыр кешті.
5. Ехобаның адал қызметшілерінің мысалынан не білеміз?
5 Ехобаға өмірін бағыштап, көп жылдан бері адал қызмет етіп келе жатқан мәсіхшілерді білетін шығарсың. Олардан қызметте қандай баталарға ие болғанын сұрап көр. Әрине, қиындықтарға кезікпейтін қызметші жоқ, сонда да забур жыршысының: “Жаратушы Құдай Иесі қолдаған халық шат-шадыман”,— деген сөздерін растайтын мысалдар жетіп артылады (Заб. 143:15 Тт).
Ехоба шамадан тыс талап қоймайды
6. Неліктен Ехобаның талаптарын орындай алмаймын деп қорықпау керек?
6 Бәлкім, сен Ехобаның талаптарын орындауға шамам жете ме деп уайымдайтын боларсың. Оған қызмет ету, заңдарына сай өмір сүру және оның хабарын айту деген ойдың өзі сені шошытатын шығар. Мысалы, исраилдіктерге және Мысыр патшасына хабар айтуға жіберілгенде, Мұса өзін қабілетсіз сезінген болатын. Бірақ Құдай одан шамасы келмейтін істі талап еткен жоқ еді. Сондықтан ‘оған не істеу керектігін өзі үйретті’ (Мысырдан шығу 3:11; 4:1, 10, 13—15 оқы). Мұса ұсынылған көмекті қабыл алғандықтан, Құдайдың еркін орындай алды. Ехоба бізден де шамамыз келмейтін істі талап етпейді. Ол кемелсіз екенімізді ескереді, әрі көмектесуге дайын (Заб. 102:14). Құдайға Исаның ізбасары ретінде қызмет ету бізге ауыртпалық салмайды, қайта, жанымызды рақатқа бөлейді. Өйткені мұндай өмір жолы басқаларға жақсылық жасаумен байланысты және Ехобаның жүрегін қуантады. Иса: “Менің қасыма келіңдер, барлығың, Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, Жуас, кіші пейілмін шын жүректен”,— деген (Мат. 11:28, 29).
7. Ехоба берген тапсырмасын орындауымызға көмектесетініне неге сенімді бола аламыз?
7 Егер Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, ол әрқашан бізге қажетті күш-жігер береді. Мысалы, Еремияны алайық, ол батыл сөйлей алмайтын. Пайғамбар етіп тағайындалғанда: “О, Жаратушы Құдай! Мен әлі сөйлей де алмаймын, өйткені әлі тым жаспын”,— деген. Кейінірек тіпті: “[Құдайдың] атынан сөйлемейін”,— деп те айтқан (Ерм. 1:6; 20:9). Сөйтсе де Ехобаның қолдауымен Еремия адамдар тыңдағысы келмеген хабарды 40 жыл бойы уағыздады. Ехоба оны бірнеше рет: “Сені пәле-жаладан құтқару үшін Мен сенің қасыңда боламын”,— деп жігерлендірген (Ерм. 1:8, 19; 15:20).
8. Ехобаға арқа сүйейтініміз неден көрінеді?
8 Ехоба Мұса мен Еремияға күш-жігер берген болса, бізге де өзінің талаптарын орындауға көмектеседі. Ең бастысы, оған арқа сүйеу керек. Киелі кітапта былай делінген: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені” (Нақ. с. 3:5, 6). Ал оған арқа сүйейтінімізді Сөзі және қауымы арқылы беріп жатқан көмегін қабыл алуымызбен көрсетеміз. Ехобаның басшылығына сай өмір сүретін болсақ, оған адалдық сақтауға еш нәрсе кедергі жасай алмайды.
Ехоба әр қызметшісінің қамын ойлайды
9, 10. Забурдың 90-жырында қандай қорғаныш уәде етілген?
9 Өмірін Ехобаға бағыштау жайлы ойланғанда, кейбіреулер күнә жасап қойып, оның ықыласынан айырылып қалудан қорқуы мүмкін. Бақытымызға орай, Ехоба өзімен қарым-қатынасты сақтауымыз үшін қажетті қорғаныш береді. Бұл Забурдың 90-жырында қалай бейнеленгенін қарастырып көрейік.
10 Забур жыры келесі сөздермен басталады: “Хақ Тағаланың панасында тұрған адам, Құдіреттінің саясынан табады тыным. Мен Жаратқан Иеге былай дейтін болам: Бас сауғалайтын панам мен қорғаным, Сенімімді Саған артам, уа, Құдайым!” (Заб. 90:1—3). Құдай өзін сүйетіндерге және сенім артатындарға қорғаныш беруді уәде еткен (Забур 90:9, 14 оқы). Бұл қандай қорғаныш? Ежелде Ехоба кейбір қызметшілерін — кейде Мәсіхтің ата-тегін сақтау үшін — қауіп-қатерден қорғаған. Алайда адалдықтарынан тайдыруға тырысқан Шайтанның кесірінен көбісі түрмеге жабылды, соққыға жығылды, азапталып өлтірілді (Евр. 11:34—39). Сөйтсе де Ехоба мінсіздік сақтауға қажетті рухани қорғаныш бергендіктен, олар бәріне батылдықпен төзе алды. Олай болса, Забурдың 90-жырында рухани қорғаныш уәде етілген дей аламыз.
11. “Хақ Тағаланың панасы” деген не және Құдай кімге қорғаныш береді?
11 Забур жырындағы “Хақ Тағаланың панасы” деген тіркес рухани қорғанышты білдіреді. Құдайдың панасындағылардың сенімдеріне және Құдайға деген сүйіспеншіліктеріне ешкім де, еш нәрсе де қауіп төндіре алмайды (Заб. 14:1, 2; 120:5). Құдайға сенбейтіндер бұл орынды білмейді. Ал өзіне: “Сенімімді Саған артам, уа, Құдайым!”— дейтін қызметшілерін Ехоба қорғайды. Құдайдың панасында қала берсек, бізге Шайтанның “тұзағына” түсіп, Құдайдың ықыласынан айырылып қалудан қорқудың қажеті болмайды.
12. Қандай жайттар Құдаймен қарым-қатынасымызға қауіп төндіреді?
12 Қандай жайттар Құдаймен баға жетпес қарым-қатынасымызға қауіп төндіреді? Забур жыршысы бұлардың бірнешеуіне көңіл бөлген, олардың ішінде ‘түнгі індет-ауру, тал түсте басқа төнген апат’ бар (Заб. 90:5, 6). Әзәзілдің тұзағына түскендіктен, көп адам ешкімге тәуелді болғысы келмейді (Қор. 2-х. 11:3). Біреулер ашкөздік, менмендік, дүниеқұмарлықтың жетегінде жүрсе, басқалары патриотизм, эволюция және жалған дін сияқты пәлсапаларға алданған (Қол. 2:8). Сондай-ақ заңды некесіз жыныстық қатынасқа барып, азғындық жасап жатқандар да аз емес. Осындай рухани індеттің кесірінен миллиондаған адам Құдайға деген сүйіспеншілікті жоғалтқан (Забур 90:7—10 оқы; Мат. 24:12).
Құдайға деген сүйіспеншілігіңді сақта
13. Рухани күйімізге қауіп төндіретін нәрселерден Ехоба бізді қалай қорғайды?
13 Ехоба бізді рухани қауіп-қатерден қалай қорғайды? Забур жыршысы: “Періштелеріне Ол сен жайлы бұйрық береді: Қай жолмен жүрсең де, олар қорғап күзетеді”,— деген (Заб. 90:11). Көктегі періштелер ізгі хабарды уағыздай алуымыз үшін, бізге басшылық әрі қорғаныш береді (Аян 14:6). Сондай-ақ Киелі жазбаларды берік ұстанатын мәсіхші ақсақалдар тәлім беріп, бізді жаңсақ ой-пікірлерден қорғайды. Ал біреуге осы дүниенің ықпалымен күресу қиын болып жүрсе, ақсақалдар оған жеке көмек беруге дайын (Тит. 1:9; Пет. 1-х. 5:2). Сонымен қатар “адал да ақылды құл” бізге рухани ас-су беріп, эволюциялық ілімдерден және азғындық, баюға ұмтылу, мансап қуу сияқты зиянды құмарлықтардан қорғайды (Мат. 24:45). Осындай зиянды қалаулардың кейбіреуінен сақтануға саған не көмектесті?
14. Құдайдың панасында қалу үшін не істеуіміз керек?
14 Құдайдың панасында қалу үшін не істеуіміз керек? Біз күнде апат, қылмыс, жұқпалы ауру сияқты қауіпті жайттардан қорғану үшін қандай да бір шара қолданып жүрміз. Өзімізді рухани қауіп-қатерден қорғау үшін де үнемі шаралар қолдануымыз қажет. Бұл үшін Ехобаның әдебиеттер, қауым кездесулері мен конгрестер арқылы беріп жатқан басшылығын үнемі алып отыру маңызды. Ақсақалдардан кеңес сұраған жөн. Сондай-ақ түрлі жақсы қасиеттер танытатын бауырластармен тығыз араласайық. Сонда қауым бізге даналықпен әрекет етуге көмектеседі (Нақ. с. 13:20; Петірдің 1-хаты 4:10 оқы).
15. Ықыласынан айыруы мүмкін кез келген қауіп-қатерден Ехобаның қорғайтынына неге сенімді бола аламыз?
15 Ехоба бізді ықыласынан айыруы мүмкін кез келген қауіп-қатерден сақтайтынына еш күмән жоқ (Рим. 8:38, 39). Жоюды емес, көбіне Құдайдан ажыратуды көздеген ықпалды діни және саяси жауларынан Ехоба өз қауымын талай рет қорғаған. Осылайша ол: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады”,— деген уәдесінде тұрды (Ишая 54:17).
Нағыз бостандықты кім береді?
16. Неліктен бұл дүние бізге бостандық бере алмайды?
16 Ехобаның меншігі болу бізді бас бостандығымыздан айыра ма? Жоқ. Керісінше, осы дүниенің меншігі болу бізді бас бостандығымыздан айырады. Бұл дүние Ехобадан безген, әрі адамдарды алдап-арбаған қатыгез әміршінің қол астында (Жох. 14:30). Шайтанның дүниесі адамдарды бас бостандығынан айыру үшін экономикалық қысым жасайды (Аян 13:16, 17 салыстыр). Күнәнің де адамдарды азғырып, құл етіп алатын күші бар (Жох. 8:34; Евр. 3:13). Сондықтан Құдайға сенбейтіндер оның нормаларына қайшы келетін өмір салтын үгіттеп, бостандықты уәде етеді, бірақ оларға еліккен адам әп-сәтте күнәкар әрі лайықсыз өмір салтының құлдығына түседі (Рим. 1:24—32).
17. Ехоба бізге қандай бостандық ұсынады?
17 Ал егер өмірімізді Ехобаның қолына сеніп тапсырсақ, ол бізді кез келген зиянды нәрседен қорғайды. Біздің жағдайымыз қауіпті сырқатынан айығу үшін өмірін тәжірибелі хирургтың қолына сеніп тапсырған адамның жағдайына ұқсас. Себебі біздің бойымызда өлімге душар ететін күнә бар. Мәсіхтің құрбандығына сену арқылы өзімізді Ехобаның қолына тапсырсақ қана, күнәнің зардабынан құтылуға және мәңгі өмір сүруге үміттене аламыз (Жох. 3:36). Хирургтың тәжірибелі екенін білгенде, оның көмектесе алатынына сенімдірек боласың. Сол сияқты, Ехобаны жақынырақ таныған сайын оған көбірек сенім артатын боламыз. Ендеше, Құдай сөзін мұқият зерттей берейік. Сонда оның меншігі болуға қатысты барлық уайымды сейілтетін сүйіспеншілікті дамыта аламыз (Жох. 1-х. 4:18).
18. Ехобаның меншігі болу қандай бата әкеледі?
18 Ехоба барлық адамға ерік бостандығын сыйлаған. Оның Сөзінде: ‘Өзің және сенің үрім-бұтағың өлмеуі үшін өмірді таңда’,— делінген (Заң. қ. 30:19, 20). Ехоба өзіне қызмет етуді ерікті түрде таңдағанымызды қалайды. Осылайша біз оған сүйіспеншілігімізді көрсете аламыз. Жақсы көретін Құдайымыздың меншігі болу бізді бостандықтан айырмайды, қайта, баянды бақытқа қол жеткізуге көмектеседі.
19. Неге Ехобаның меншігі болу оның рақымының арқасында ғана берілген мәртебе деуге болады?
19 Күнәкар болғандықтан, біз кемелді Құдайдың меншігі болуға лайық емеспіз. Бұл мәртебе бізге Ехобаның рақымының арқасында ғана беріліп отыр (Тім. 2-х. 1:9). Сол себептен Пауыл: “Өмір сүрсек, Ехоба үшін өмір сүреміз; ал өлсек, Ехоба үшін өлеміз. Олай болса, өмір сүрсек те, өлсек те, Ехобаның меншігіміз”,— деді (Рим. 14:8 ЖД). Біз Ехобаның меншігі болуды таңдағанымызға ешқашан өкінбейміз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехобаның меншігі болудың қандай пайдасы бар?
• Неге Ехобаның талаптарын орындай аламыз деуге болады?
• Ехоба қызметшілерін қалай қорғайды?
[8-беттегі суреттер]
Бауырластардан Ехобаның меншігі болудың қандай пайдасын көргенін сұраңдар
[10-беттегі сурет]
Ехоба бізді қалай қорғайды?