Өмірімізді неліктен Ехобаға бағыштаймыз?
“Соның меншігімін деп жүрген Құдайымның бір періштесі өткен түні жанымда пайда болды” (ЕЛ. ІС. 27:23).
1. Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын қандай қадамдар жасалу керек, осыған орай қандай сұрақтар туындайды?
“ИСА МӘСІХТІҢ құрбандығының негізінде өз күнәларыңа өкініп, әрі Ехобаның еркін орындау үшін оған бағышталдың ба?” Бұл — шомылдыру рәсімінен өтетіндерге арналған баяндаманың соңында қойылатын екі сұрақтың бірі. Мәсіхші өмірін неліктен Ехобаға бағыштау керек? Құдайға бағышталудың қандай пайдасы бар? Бағышталмаған адам неге Құдайға ұнамды түрде ғибадат ете алмайды? Бұл сұрақтардың жауабын білмес бұрын, бағышталу дегеннің не екенін қарастырып алайық.
2. Өмірді Ехобаға бағыштау деген не?
2 Өмірді Құдайға бағыштау деген не? Елші Пауылдың Құдаймен қарым-қатынасы жайлы не дегеніне көңіл бөлейікші. Ол дауылға тап болған кемедегі адамдарға өзінің Ехоба ‘Құдайдың меншігі’ екенін айтқан (Елшілердің істері 27:22—24 оқы). Шынайы мәсіхшілердің бәрі де Ехобаның меншігі. Ал осы дүние болса, жалпы алғанда, “Шайтанның билігінде” (Жох. 1-х. 5:19). Мәсіхші Құдайдың меншігіне айналу үшін, өмірін бағыштайтынын дұғада айтып, оған уәде береді. Құдайдың еркіне сай бағышталған соң, адам шомылдыру рәсімінен өтеді.
3. Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі ненің белгісі болды және ізбасарлары оған қалай еліктейді?
3 Иса Құдайдың еркін орындауды таңдауымен бізге үлгі көрсетті. Ол Исраил халқынан шыққандықтан, Құдайға бағышталып қойған еді. Сондықтан Иса шомылдыру рәсімінен өмірін Құдайға арнау үшін өткен жоқ. Ол: “Уа, Құдай, Сенің еркіңді орындау үшін келе жатырмын”,— деген (Евр. 10:7; Лұқа 3:21). Демек, Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі өзін Әкесінің еркін орындауға ұсынғанының белгісі болды. Исаға еліктеп ізбасарлары да шомылдыру рәсімінен өтеді. Бірақ олардың шомылдыру рәсімінен өтуі дұғада өз өмірлерін Құдайға бағыштағандарын көпшілікке паш етуді білдіреді.
Бағышталудың пайдасы
4. Дәуіт пен Жонатанның достығынан міндет жайлы не білеміз?
4 Құдайға бағышталу — аса маңызды жайт. Өйткені бұл қандай да бір міндетті мойынға алуды білдіреді. Дегенмен мұның пайдасы да бар. Алдымен, міндет алудың адамдардың қарым-қатынасында қаншалықты пайдалы екенін қарастырайық. Мысал ретінде достықты алып көрейік. Достықтың игілігін көру үшін, оның жүктейтін міндетін де мойныңа алуың керек. Бұл — досыңның қамын ойлау міндеті. Дәуіт пен Жонатанның достығы — Киелі кітаптағы ерекше достық қарым-қатынастардың бірі. Олар тіпті дос болуға бір-біріне серт берген (Патшалықтар 1-жазба 17:57; 18:1, 3 оқы). Қазіргі кезде мұндай достық сирек кездеседі. Дегенмен бір-бірінің алдындағы міндетін сезінген достардың қарым-қатынасы әдетте берік болады (Нақ. с. 17:17; 18:24).
5. Мейірімді қожайынының қамқорлығын өмір бақи көру үшін құл не істеу керек еді?
5 Құдайдың исраилдіктерге берген Мұса заңынан адамдардың тағы бір қарым-қатынасында міндеттің пайдалы екенін көреміз. Құл мейірімді қожайынының қамқорлығында өмір бақи болғысы келсе, ант беріп, өмірлік келісім жасасуы керек еді. Заңда бұл туралы былай делінген: “Қызметші: — Қожайынымды, әйелім мен балаларымды сүйемін, бостандық алмаймын,— десе, қожайыны қызметшісін төрешілердің алдына алып барсын. Оны есіктің не жақтаудың қасына қойып, құлағын бізбен тессін. Сонда ол қожайынының өмірлік басыбайлы қызметшісі болып қалады” (Мыс. ш. 21:5, 6).
6, 7. а) Міндет алудың қандай пайдасы бар? ә) Міндеттің Ехобамен қарым-қатынасымызға қандай қатысы бар?
6 Некелескен жұп мойындарына үлкен міндет алады. Олар бұл міндетті қағаз жүзінде келісім жасағандықтан емес, бір-біріне ант бергендіктен сезінеді. Егер еркек пен әйел некелеспей, жай ғана бірге тұрып жатса, онда өздері де, балалары да қарым-қатынастарының берік болатынына сенімді бола алмайды. Ал бір-біріне ант беріп, Құдайға ұнамды неке құрғандар қарым-қатынастарының сақталатынына сенімді. Өйткені Киелі кітаптың кеңесі бойынша, олар туындаған қиындықтарды сүйіспеншілікпен шешуге тырысады (Мат. 19:5, 6; Қор. 1-х. 13:7, 8; Евр. 13:4).
7 Ертеде адамдар жұмысшы жалдағанда келісім жасасудың тиімді екенін білген (Мат. 20:1, 2, 8). Қазіргі кезде де солай: қандай да бір іс бастағанда не жұмысқа тұрғанда қағаз жүзінде келісім жасап алу өте тиімді. Сонымен мойнымызға міндет алу достықта, некеде және біреумен іскерлік байланыста қарым-қатынасымызды нығайтуға пайдалы екенін байқадық. Олай болса, өмірімізді толығымен Ехобаға бағыштағанымыз онымен қарым-қатынасымызды нығайтуға қаншалықты пайдалы десеңші! Енді ежелгі Исраил халқы өзін Ехоба Құдайға бағыштаудың қандай пайдасын көргенін, сондай-ақ бағышталудың жауапкершілік алудан мәні неге зор екенін қарастырайық.
Құдайға бағышталған Исраил халқы
8. Құдайға бағышталу исраилдіктер үшін нені білдірді?
8 Исраилдіктер Құдайға ант берген кезден бастап оның бағышталған халқы болып есептелді. Ехоба Синай тауының етегіне жиналған жамағатқа: “Егер айтқандарыма құлақ асып, Менің келісімімді ұстанып жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше меншігім боласыңдар”,— деді. Сонда бүкіл халық бірауыздан: “Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз!”— деді (Мыс. ш. 19:4—8). Исраилдіктер үшін бағышталудың жауапкершілік алудан да мәні зор еді: олар енді Ехобаның халқы болды, ал Ехоба оларға “ерекше меншігім” деп қарады.
9. Исраилдіктер Ехобаға бағышталудың қандай пайдасын көрді?
9 Исраилдіктер Ехобаның меншігі болудың көп игілігін көрді. Ехоба баласының қамын жеген мейірімді ата-анадай оларға адал әрі қамқор болды. Сондықтан ол исраилдіктерге: “Әлде әйел өз сәбиін ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлын аямай ма?! Анасы ұмытып кеткен күнде де Мен сені ешқашан ұмытпаймын”,— деді (Ишая 49:15). Құдай оларға Заң арқылы басшылық берді, пайғамбарларын жіберіп жігерлендірді және періштелерімен қорғады. Осыған орай забур жыршысы: “Иеміз Жақыпқа білдірді бұйрықтарын, Исраилге заңдары мен жарлықтарын, Басқа ешбір халыққа мұны істемеді”,— деп жырлады (Заб. 147:8, 9; Забур 33:8, 20; 47:15 оқы). Кезінде Ехоба меншікті халқына қамқор болса, қазіргі уақытта да өзіне бағышталған қызметшілерінің қамын ойлайды.
Неге Ехобаға бағышталу керек?
10, 11. Біз Құдайдың бүкіләлімдік отбасында туылдық па? Түсіндір.
10 Бағышталу мен шомылдыру рәсімі жайлы ойланғанда кейбіреулер: “Құдайға бағышталмай-ақ ғибадат ете беруіме неге болмайды?”— деп сұрар. Бұл сұрақтың жауабы адамзаттың Құдаймен қарым-қатынасы қандай күйде екенін түсінгенде ғана анық болады. Адам ата жасаған күнәнің кесірінен барлығымыз Құдайдың отбасынан тыс қалдық (Рим. 3:23; 5:12). Оның бүкіләлемдік отбасына қабылдану үшін өзімізді Құдайға бағыштау өте маңызды. Неге?
11 Ешқайсымыз туған әкемізден Құдайдың о баста ниет еткен мәңгілік өмірін мұра етпедік (Тім. 1-х. 6:19). Алғашқы адам жұбы күнә жасауымен бүкіл адамзатты көктегі сүюші Әкемізден аластатты (Заңды қайталау 32:5 салыстыр). Сол кезден бері адамдар Құдайдың бүкіләлемдік отбасынан тыс қалды, яғни туылғаннан Құдайдың ұлдары бола алмайды.
12. а) Кемелсіз адам Құдайдың отбасына қабылдану үшін не істеуі қажет? ә) Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын қандай қадамдар жасау керек?
12 Дегенмен әрбір адам Құдайға өтініш білдіріп, оның мақұлдауына ие болған қызметшілерден тұратын отбасына қабылдана аладыa. Біз сияқты күнәкар пенделер үшін бұл қалайша мүмкін? Елші Пауыл: ‘Тәңірге әлі де қас болған кезде Оның рухани Ұлының өлімі арқылы Құдаймен татуластық’,— деп жазды (Рим. 5:10). Біз шомылдыру рәсімінен өтуімізбен Құдайдың ықыласына ие болу үшін таза ар-ұждан сұрайтынымызды көрсетеміз (Пет. 1-х. 3:21 сілт.). Бірақ шомылдыру рәсіміне дейін бірнеше қадам жасау керек: Құдай туралы білім алу, оған сенім артуды үйрену және өкініп, теріс жолдан қайту (Жох. 17:3; Ел. іс. 3:19 ЖД; Евр. 11:6). Құдайдың отбасына қабылдану үшін тағы бір маңызды қадам жасау қажет. Қандай?
13. Неге Құдайдың отбасына мүше болу үшін бағышталу антын беру маңызды?
13 Адал қызметшілерден тұратын Құдайдың отбасына мүше болғысы келген әркім, алдымен Ехобаға шын жүректен уәде беруі қажет. Бұған бір мысал келтірейік. Бір қамқор әке жетім балаға көңіл бөліп, оны асырап алғысы келеді. Бірақ ол алдымен баланың өзіне уәде бергенін қалап, оған: “Сені ұлым етіп асырап алмас бұрын, мені әке ретінде жақсы көріп, сыйлауға дайын екеніңді білгім келеді”,— дейді. Бала уәде бергенде ғана, қамқор әкенің отбасына қабылданады. Бұл орынды емес пе? Ехоба да бізді отбасының мүшесі етпес бұрын, бағышталу антын бергенімізді қалайды. Киелі кітапта: “Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады”,— делінген (Рим. 12:1).
Сүйіспеншілік пен сенімнің белгісі
14. Неліктен өмірді Құдайға бағыштау сүйіспеншіліктің белгісі болып табылады?
14 Ехобаға бағышталу антын бергеніміз — оны шын жүректен жақсы көретіндігіміздің белгісі. Бұл неке антын беруге ұқсайды. Мәсіхші күйеу жігіт қалыңдығының сүйетінін оған барлық жағдайда адалдық сақтауды ант етуімен білдіреді. Бұл — жай ғана бір нәрсені істеу уәдесі емес, адамға берілетін серт. Мәсіхші күйеу жігіт неке антын бермесе, қалыңдығымен бірге өмір сүре алмайтынын жақсы түсінеді. Сол сияқты, біз де бағышталу антын бермесек, Ехобаның отбасына қабылдана алмаймыз. Сонымен Құдайға бағышталу, кемелсіздігімізге қарамастан, оның меншігі болуды әрі басымызға қандай күн туса да, оған адалдық сақтауды қалайтынымызды білдіреді (Мат. 22:37).
15. Өмірімізді бағыштау неге сенімнің де белгісі дей аламыз?
15 Ехобаға өмірімізді бағыштау сенімнің де белгісі болып табылады. Неге? Себебі Құдайға жақындаудың біз үшін игілікті болатынына сенеміз (Заб. 72:28). “Қыңыр, азғын ұрпақтың арасында” өмір сүріп Ехобаның еркін орындау қиынға соғатындықтан, Ехобаның бізді қолдайтынына күмәнданбаймыз (Філіп. 2:15; Қор. 2-х. 4:7). Кемелсіздіктің кесірінен біз шалыс қадам басып қоюымыз мүмкін, бірақ Ехобаның бізге рақым ететініне сенімдіміз (Забур 102:13, 14; Римдіктерге 7:21—25 оқы). Сондай-ақ мінсіздік сақтауға бел буғанымыз үшін Құдай бізді жарылқайтынына сенеміз (Әйүп 27:5).
Өмірімізді Құдайға бағыштау бақытты етеді
16, 17. Неге Ехобаға өмірімізді бағыштау бізді бақытты етеді?
16 Ехобаға өмірімізді бағыштау берумен байланысты, сондықтан біз бақыттымыз. Өйткені Иса: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деп маңызды бір шындықты айтқан (Ел. іс. 20:35). Исаның өзі жерде қызмет еткен кезде беруден келетін бақытты барынша сезінген. Себебі ол, қажет болған жағдайда, тіпті ас-сусыз, демалыссыз, қолайсыз жағдайларға қарамастан, адамдарға өмір жолын табуға көмектескен (Жох. 4:34). Осылайша Әкесін қуантудан өзін бақытты сезінген. ‘Мен әрқашан Оған ұнайтынды істеймін’,— деді ол (Жох. 8:29; Нақ. с. 27:11).
17 Иса ізбасарларына бақытты ететін өмір жолын көрсетіп: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын”,— деген (Мат. 16:24). Мұндай өмір жолы бізді қамқор Ехобаға жақындата түседі. Өмірімізді қолына сеніп тапсыра алатын одан артық кім бар?!
18. Өмірімізді адамға не қандай да бір іске емес, Ехобаға бағыштау неге бізді әлдеқайда зор бақытқа бөлейді?
18 Ехобаға бағышталып, соған сай өмір сүру бізді зор бақытқа бөлейді. Бұл өмірімізді адамға не қандай да бір іске арнаумен салыстыруға да келмейді. Мысалы, адамдар өмірлерін байлық жинауға арнап жатады, бірақ бұдан нағыз бақыт пен қанағатты сезіне алмайды. Ал өздерін Ехобаға бағыштайтын адамдар болса баянды бақыттың көзін табады (Мат. 6:24). Олар “Құдаймен бірге еңбектенуші” болу мәртебесіне қол жеткізеді. Алайда бұл өміріңді еңбекке емес, ризашылығы мол Құдайға бағыштауды білдіреді (Қор. 1-х. 3:9). Адамның жанқиярлық рухын ешкім Құдайдан артық бағалай алмайды. Ол адал қызметшілерін тіпті жастық шаққа оралтып, мәңгілік бойы шапағатын төгеді (Әйүп 33:25; Еврейлерге 6:10 оқы).
19. Ехобаға өмірін бағыштайтындар қандай мәртебеге ие болады?
19 Өміріңді Ехобаға бағыштасаң, онымен тығыз қарым-қатынаста бола аласың. Киелі кітапта: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— делінген (Жақ. 4:8; Заб. 24:14). Ехобаның меншігі болу неге дұрыс шешім екенін келесі мақалада қарастырамыз.
[Сілтеме]
a Исаның “басқа қойлары” мыңжылдық биліктің соңына дейін толық мағынада Құдайдың ұлдары бола алмайды. Алайда олар өздерін Құдайға бағыштағандықтан, оны “Әке” дей алады және шынайы қызметшілерінен тұратын отбасының мүшесі болып есептеледі (Жох. 10:16; Ишая 64:8; Мат. 6:9; Аян 20:5).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Өмірімізді Құдайға бағыштау деген нені білдіреді?
• Құдайға бағышталудың қандай пайдасы бар?
• Неге мәсіхші өмірін Ехобаға бағыштау керек?
[6-беттегі сурет]
Бағышталғанымызға сай өмір сүрудің арқасында баянды бақыттың көзін табамыз