Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w10 15.1. 12—16 бет.
  • Мәсіхтің шынайы ізбасары екеніңді көрсет

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мәсіхтің шынайы ізбасары екеніңді көрсет
  • 2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құдай Сөзін ұстанып өмір сүру
  • Құдай Патшалығын жариялау
  • Құдай есімімен аталуды мақтан тұту
  • “Осы күнәкар дүниені... сүймеңдер”
  • Шынайы мәсіхшілерге тән сүйіспеншілік таныту
  • Жариялауымыз керек хабар
    Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз
  • Ехобаның ұлы есімін даңқта!
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Құдайға ұнамды ғибадат
    Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
  • Ехобаның өз есімін асқақтатуы
    Құдай Патшалығы билік етуде!
Көбірек мәлімет
2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w10 15.1. 12—16 бет.

Мәсіхтің шынайы ізбасары екеніңді көрсет

“Әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді” (МАТ. 7:17).

1, 2. Мәсіхтің шынайы ізбасарларының жалған мәсіхшілерден айырмашылығы, әсіресе осы соңғы күндері, неден көрінеді?

ИСА өзінің шынайы ізбасарларын жалған ізбасарлардан берген жемістеріне, яғни ілімдері мен жүріс-тұрыстарына, қарап ажыратуға болатынын айтқан (Мат. 7:15—17, 20). Адамның ойы мен қалауы жүріс-тұрысына міндетті түрде әсер етеді (Мат. 15:18, 19). Жалған ілімдерді қабылдайтындар “жаман жеміс”, ал рухани шындықты үйренетіндер “жақсы жеміс” береді.

2 Осындай екі түрлі жемісті осы заманның соңғы күндерінде де айқын көруге болады (Даниял 12:10 оқыa). Жалған мәсіхшілердің Құдай туралы көзқарасы бұрмаланған әрі олар сырт көзге ғана Құдайға ұнайтындай болып көрінеді. Ал рухани шындықты түсінетіндер Құдайдың киелі рухына кенеліп, шындыққа сай ғибадат етуде (Жох. 4:24; Тім. 2-х. 3:1—5). Олар Мәсіхтікіндей қасиеттер дамытуға тырысады. Сен өзің жайлы не дей аласың? Шынайы мәсіхшілерді ерекшелендіретін бес белгіні қарастыру барысында өзіңе келесі сұрақтарды қойып, ой жүгіртіп отыр: Жүріс-тұрысым және үйретіп жүргендерім Құдай Сөзіне сай келе ме? Осылайша шындықты адамдарға тартымды етіп көрсетемін бе?

Құдай Сөзін ұстанып өмір сүру

3. Ехобаға қандай адам ұнайды және адамның шынайы мәсіхші екені неден көрінеді?

3 “Маған: “Мырза, Ие!” дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады”,— деген Иса (Мат. 7:21). Демек, Ехобаға өзін мәсіхшімін деп атайтын емес, мәсіхшіге лайықты әрекет ететін адам ұнайды. Мәсіхтің шынайы ізбасары болу адамның өмір салтынан, мысалы ақшаға, еңбекке, көңіл көтеруге, әдет-ғұрып пен мейрамдарға деген көзқарасынан, сондай-ақ некедегі жарымен және басқа адамдармен қарым-қатынасынан көрінеді. Ал жалған мәсіхшілер осы дүниенің күннен-күнге құлдырап бара жатқан ой қалпы мен өмір салтына еліктейді (Заб. 91:8).

4, 5. Ехобаның Малахи 3:18-дегі сөздерінің өмірімізге қандай қатысы бар?

4 Малахи пайғамбар: “Сонда тақуа [әділ] мен күнәһардың арасында, Құдайға құлшылық етуші мен Оған құлшылық етпеушінің арасында қандай айырмашылық бар екенін тағы да көресіңдер”,— деп жазды (Малх. 3:18). Осы сөздердің үстінен ой жүгірткенде, өзіңе келесі сұрақтарды қойып көр: Осы дүниелік адамдарға ұқсаймын ба, әлде олардан өзгешемін бе? Әріптестерім немесе сыныптастарым сияқты болуға тырысамын ба, әлде Киелі кітап принциптерін берік ұстанып, қажет болғанда, шындықты қорғап сөйлеуге дайынмын ба? (Петірдің 1-хаты 3:15, 16 оқы). Әрине, біз өзімізді басқалардан артық етіп көрсеткіміз келмейді, бірақ Ехобаны сүймейтін және оған қызмет етпейтін адамдардан айырмашылығымыздың айқын болғанын қалаймыз.

5 Егер жақсаруың керек қандай да бір жайтты байқасаң, неге сол жайлы дұға етпеске? Жүйелі түрде Киелі кітапты зерттеу, дұға ету мен қауым кездесулеріне қатысу арқылы рухани күшеюге тырысқаның жөн. Киелі кітаптағы сөздер бойыңа сіңген сайын, Құдайдың атын дәріптеу сияқты “жақсы жемісті” көбірек бере түсесің (Евр. 13:15).

Құдай Патшалығын жариялау

6, 7. Құдай Патшалығы туралы хабарға негіздеп жалған және шынайы мәсіхшілердің айырмашылығын айт.

6 Иса: “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиістімін. Мен сол үшін осында жіберілдім”,— деген (Лұқа 4:43). Неліктен Құдай Патшалығы оның уағызының басты тақырыбы болды? Өйткені осы Патшалықтың патшасы ретінде Иса қайта тірілген майланған бауырларымен бірге адамзатты қайғы-қасіретке батырған күнә мен Ібілістен біржола құтқарады (Рим. 5:12; Аян 20:10). Сондықтан ол өзінің ізбасарларына Патшалық туралы хабарды зұлым заман жойылғанша жариялауды тапсырды (Мат. 24:14). Бұл іске жалған мәсіхшілер қатысып жатқан жоқ, әрі бұл олардың қолынан келмейді де. Неге? Мұның үш себебі бар. Біріншіден, олар өздері түсінбейтін хабарды уағыздай алмайды. Екіншіден, көпшілігінде уағыздау кезінде кездесетін күлкі-мазаққа және қарсылыққа төтеп беруге қажетті кішіпейілділік пен батылдық жоқ (Мат. 24:9; Пет. 1-х. 2:23). Үшіншіден, жалған мәсіхшілерге Құдай өзінің рухын бермейді (Жох. 14:16, 17).

7 Мәсіхтің нағыз ізбасарлары болса Құдай Патшалығының не екенін және оның болашақта не істейтінін түсінеді. Оның үстіне, олар Патшалықтың мүддесін өмірлерінде бірінші орынға қойып, ол туралы хабарды дүниежүзіне жариялап жүр. Бұл істе Ехоба оларға рухымен қолдау көрсетуде (Зәк. 4:6). Сен осы іске жүйелі түрде қатысасың ба? Патшалықтың жариялаушысы ретінде алға басу үшін қызметке көбірек уақыт жұмсауға және оның сапасын арттыруға тырысасың ба? Бұл үшін кейбіреулер Киелі кітапты жақсы қолдануды үйренуде. Жазбаларды қолданып тәлім беруді әдетке айналдырған елші Пауыл: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті”,— деп жазған (Евр. 4:12; Ел. іс. 17:2, 3).

8, 9. а) Қызметте жазба орнын оқып берудің маңыздылығын қандай мысалдардан көреміз? ә) Құдай сөзін қолдану шеберлігімізді қалай арттыра аламыз?

8 Үйме-үй уағыздап жүрген ер бауырлас католик дінін ұстанатын бір кісіге Даниял 2:44-ті оқып, Құдай Патшалығының болашақта нағыз бейбітшілік пен тыныштық орнататынын түсіндірді. Сонда ол кісі: “Өз сөзіңізбен айта салмай, Киелі кітапта не жазылғанын көрсеткеніңізге ризамын”,— деді. Басқа бір ер бауырлас Грек православие шіркеуіне баратын әйелге бір жазба орнын ашып көрсеткенде, ол бірнеше сұрақ қойды. Бауырлас жұбайымен бірге бұл сұрақтарға Киелі кітаптың көмегімен жауап берді. Соңында әйел оларға: “Сіздермен неге сөйлескенімді білесіздер ме? Есік ашқанымда, қолдарыңызда Киелі кітап болды, әрі оны ашып оқып бердіңіздер”,— деді.

9 Әрине, әдебиеттеріміздің көмегі зор болғандықтан, оларды уағызда адамдарға ұсынуымыз керек. Дегенмен Киелі кітап біздің басты құралымыз болып табылады. Оны қызметте жиі қолданып жүрмеген болсаң, неге соған ұмтылмасқа? Бұл үшін Құдай Патшалығын және оның адамзатты қалай құтқаратынын түсіндіретін бірнеше жазба орнын таңдап ал. Сонан соң, оларды уағыз кезінде оқып беруге дайын бол.

Құдай есімімен аталуды мақтан тұту

10, 11. Құдайдың есіміне қатысты Иса қандай көзқарас танытты, ал жалған мәсіхшілер ше?

10 “Менің Құдай екеніме куәгер боласыңдар”,— деді Ехоба (Ишая 43:12 Тт). Ехобаның ең басты Куәгері Иса Мәсіх Құдайдың есімімен аталуды мәртебе санады, әрі оны адамдарға ашты (Мысырдан шығу 3:15; Матай 6:9; Еврейлерге 2:12 оқы). Ол Әкесінің есімін жариялағандықтан “адал куәгер” деп аталған (Аян 1:5 сілт.).

11 Ал өздерін Құдайдың және оның Ұлының қызметшілеріміз деп санайтындардың көбісі Киелі кітап аудармаларынан Құдай есімін алып тастап, опасыздық жасады. Католик шіркеуінің дін басыларына арналған соңғы жарлықта: “Тетраграмматонмен (ЙҺВҺ) берілетін Құдайдың есімі [ғибадат кезінде] қолданылмасын да, айтылмасын да”,— делінді. Мұндай көзқарас Құдайдың есімін қатты қорлайды!

12. 1931 жылы қандай маңызды жайт орын алды?

12 Мәсіх пен одан бұрын өмір сүрген “бұлтша көп куәлерге” еліктеп, шынайы мәсіхшілер Құдай есімін қолдануды мәртебе санайды (Евр. 12:1 Тт). Мысалы, 1931 жылы олар Ехоба куәгерлері деген атауды қабылдады. Бұдан Құдай қызметшілерінің Ехоба деген есімге қатысты көзқарастары баршаға айқын бола түсті (Ишая 43:10 оқыb). Сонымен шынайы мәсіхшілер ‘[Құдайдың] атымен аталған халыққа’ айналды (Ел. іс. 15:14).

13. Қалайша Құдай есімімен аталуға лайықты өмір сүре аламыз?

13 Қалайша әрқайсымыз Құдай есімімен аталуға лайықты өмір сүре аламыз? Мұның бір жолы — адамдарға Құдай туралы куәлік беру. “Иеміздің атын атап сиына жалбарынған әркім құтқарылады”,— деді Пауыл. Бірақ олар “Иемізге сенбесе, қалай Оған сиынады? Ол туралы естімесе, қалай сенеді? Оны ешкім уағыздамаса, қайдан естиді? Ал Құдай жібермесе, қалай уағыздайды?” (Рим. 10:13 сілт., 14, 15). Сондай-ақ әдептілік сақтай отырып, Жаратушымызды қорлайтын жалған ілімдерді әшкерелеуіміз керек. Себебі мұндай ілімдер, мысалы тозақ туралы ілім, сүйіспеншіліктің Құдайына емес, Ібіліске тән рухқа нұсқайды (Ерм. 7:31; Жох. 1-х. 4:8; Марқа 9:17—27 салыстыр).

14. Құдайдың есімін білгендері кейбіреулерге қалай әсер етті?

14 Көктегі Әкеміздің есімімен аталып жүргеніңді мақтан тұтасың ба? Оның киелі есімін басқалардың да білуіне көмектесесің бе? Парижде (Франция) тұратын бір әйел Ехоба куәгерлері Құдай есімін біледі дегенді естіп, үйіне Куәгер келгенде, одан өзінің Киелі кітабынан Құдайдың есімін көрсетуін сұрады. Бауырлас Забур 82:19 ашып көрсеткенде, ол қатты әсер алып, Киелі кітапты зерттеуге келісті. Қазір ол басқа елде Ехобаға адал қызмет етіп жүр. Австралияда тұратын бір католик әйел Киелі кітаптан Құдайдың есімін алғаш көргенде, қуаныштан көзіне жас алды. Бүгінде ол — ұзақ жылдан бері ізашар ретінде қызмет етіп келе жатқан бауырлас. Жақында Ямайкадағы бауырластар бір әйелге Киелі кітабынан Құдайдың есімін көрсеткенде, ол да қуанғанынан жылап жіберді. Сонымен Құдай есімімен аталып жүргеніңді мақтан тұт және бұл киелі есімді, Исаға еліктеп, барлығына жарияла.

“Осы күнәкар дүниені... сүймеңдер”

15, 16. Шынайы мәсіхшілер осы дүниеге қалай қарайды және өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз жөн?

15 “Осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер! Осы дүниені сүйгендердің көктегі Әкеге сүйіспеншілігі жоқ” (Жох. 1-х. 2:15). Мына дүние және оның күнәкар құмарлықтары Ехобаға және оның киелі рухына қарсы тұрады. Сондықтан шынайы мәсіхшілер оның бөлігі болудан, тіпті оны сүюден бас тартады. Себебі олар Жақыптың: “Осы дүниемен дос болғысы келген әркім Құдайдың жауына айналады”,— деген сөздерін жақсы түсінеді (Жақ. 4:4).

16 Азғыруларға толы бұл дүниеде Жақыптың сөзіне сай әрекет ету оңай емес (Тім. 2-х. 4:10). Сондықтан Иса ізбасарлары үшін Құдайға былай дұға еткен: “Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес” (Жох. 17:15, 16). Өзіңе келесі сұрақтарды қойып көрші: Осы дүниенің бөлігі болмауға тырысамын ба? Киелі кітапқа қайшы келетін және жалған дінмен байланысы болмаса да, осы дүниенің рухын танытатын мейрамдар мен әдет-ғұрыптарға менің қалай қарайтынымды адамдар біле ме? (Қор. 2-х. 6:17; Пет. 1-х. 4:3, 4).

17. Ақ жүректі адамдарды Ехобаның жағына шығуға не талпындыруы мүмкін?

17 Киелі кітаптың принциптерін ұстанғанымыз бізді осы дүниеге жағымды етпесе де, ақ жүректі адамдардың шындыққа қызығушылығын оятуы мүмкін. Сеніміміздің Киелі кітапқа берік негізделгенін және өміріміздің барлық саласына әсер ететінін байқағанда, былайша айтқанда, олар майланған мәсіхшілерге: “Біз сенімен бірге барамыз, өйткені біз Құдай сендер жағында екенін естідік”,— деуі мүмкін (Зәк. 8:23).

Шынайы мәсіхшілерге тән сүйіспеншілік таныту

18. Ехобаны және адамдарды сүюге не жатады?

18 Иса: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— деп айтқан. Сонымен қатар ол: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!”— деген (Мат. 22:37, 39). Осында айтылған сүйіспеншілікке (грекше ага́пи) міндет пен борышты ескеру, әділ принциптер мен әдептілік нормаларына сай әрекет ету жатады. Сондай-ақ бұл шын жүректен шығатын күшті сезімді де білдіреді (Пет. 1-х. 1:22). Мұндай сүйіспеншілікке сөз бен іс-әрекеттен байқалатын өзімшілдік мүлдем жат (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—7 оқы).

19, 20. Шынайы мәсіхшілердегі сүйіспеншіліктің күшін көрсететін қандай мысалдар бар?

19 Сүйіспеншілік Құдайдың киелі рухының жемісі болғандықтан, ол шынайы мәсіхшілерге ерекше қабілет берді. Осының арқасында олар басқалар жеңе алмаған нәсілдік, мәдени және саяси кедергілерді жеңе алды (Жохан 13:34, 35 оқы; Ғал. 5:22). Мұндай сүйіспеншілік қой іспетті момын адамдарға әсер етпей қоймайды. Мысалы, Исраилде тұратын бір еврей жігіт мәсіхшілердің кездесуіне алғаш рет келгенде, еврей мен араб бауырластардың Ехобаға бірге ғибадат етіп жатқанын көріп, қатты таңғалды. Нәтижесінде, ол Киелі кітапты зерттеуге келісті және кездесулерге үзбей келетін болды. Сен де бауырластарыңа осындай сүйіспеншілік танытып жүрсің бе? Патшалық сарайына жаңадан келген адамды байқасаң, ұлты мен нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, жылы қарсы аласың ба?

20 Шынайы мәсіхшілер барлық адамға сүйіспеншілік танытуға тырысады. Сальвадорда тұратын жас бауырлас католик шіркеуінен ажырағысы келмеген сексен жеті жастағы әжеймен Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізді. Бір күні ол сырқаттанып, ауруханаға жатып қалды. Ауруханадан шыққанда Куәгерлер азық-түлік алып, жағдайын сұрап келеді. Сөйтіп бір ай бойы оған қамқорлық көрсетіп тұрды. Ал шіркеуінен оған бірде-бір адам келмеді. Бұл оған қалай әсер етті? Ол үйіндегі табынатын бейнелерді түгел құртып, шіркеумен байланысын үзді де, Киелі кітап зерттеуді қайтадан қолға алды. Сүйіспеншіліктің әсері күшті болатындығы сонша — жүрекке сөзден де қатты әсер ете алады.

21. Болашағымыз берік болу үшін не істеу қажет?

21 Жақында Иса жалған мәсіхшілерге: “Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!”— дейді (Мат. 7:23). Олай болса, өмір салтымызбен Әкемізге де, оның Ұлына да мадақ әкелейік. Сондай-ақ ол: “Айтқандарымды тыңдап, орындаған әркім үйін жартасқа салған көреген адамға ұқсас болады”,— деген болатын (Мат. 7:24). Егер өзіміздің Мәсіхтің шынайы ізбасары екенімізді дәлелдесек, Құдайдың шапағатына ие болып, болашағымыз жартасқа салынған үй сияқты берік болады!

[Сілтемелер]

a Даниял 12:10: “Талайлар тазарады, ағарады... арсыздар арсыздығын істейді және онысын арсыздардың біреуі де білмейді, ал ақылы барлар түсінеді”.

b Ишая 43:10 (Тт): “Ал менің куәгерім, дейді Жаратушы Ие, сендерсіңдер, және бұл Мен екенімді түсініп, Маған сенулерің және білулерің үшін Өзім таңдап алған Менің қызметшім: Маған дейін Құдай болған жоқ, және Менен кейін де болмайды”.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Шынайы мәсіхшілер мен жалған мәсіхшілердің арасында қандай айырмашылық бар?

• Шынайы мәсіхшілер беретін кейбір “жемісті” атаңдар.

• Мәсіхшіге лайықты қандай мақсаттарға ұмтылып жүрсің?

[13-беттегі сурет]

Қызметте Киелі кітапты үнемі қолданасың ба?

[15-беттегі сурет]

Киелі кітапқа қайшы келетін мейрамдарға қалай қарайтыныңды басқалар біле ме?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу