Отбасы бақытының сыры
Ақша және отбасы
Күйеуі: “Меніңше, әйелім Лаураa ақшаны оңды-солды шаша береді. Ол қажетсіз заттарды сатып алады. Үнемдеу дегенді бімейді, сол себепті отбасында проблема туындайды. Қалтасында ақшасы болса, ол жаратпай қоймайды”.
Әйелі: “Мен үнемдеуді білмейтін де шығармын, бірақ күйеуім үйдің керек-жарағы, мысалы, азық-түлік, жиһаз, басқа да ұсақ-түйек заттар, қанша тұратынынан мүлдем хабарсыз. Үйде мұны білетін мен ғана. Мен не қажет екенін білемін және дүрдараздық тудыратынын білсем де, оларды бәрібір сатып аламын”.
ҚАРЖЫ мәселесін сабырлықпен талқыламағанның кесірінен отбасының шырқы бұзылады. Сондықтан бұл ерлі-зайыптылардың арасында үнемі туындап тұратын проблемаға айналған.
Ақшаны орнымен жұмсамағандықтан ерлі-зайыптылар стреске ұшырайды, дауласады, жүйкелері тозады, тіпті рухани әлсірейді (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Қаржы проблемасын шеше алмайтын ата-ана көп жұмыс істеуге мәжбүр болып, балаларына және бір-біріне эмоционалдық және рухани жағынан қолдау көрсете алмай қалады. Сондай-ақ мұндай отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар ақшаны орнымен жұмсауды үйрене алмайды.
Киелі кітапта: “Ақша қорғаныш берер”,— делінген (Екклесиаст 7:12 ЖД). Бірақ ақша қорғаныш болу үшін, оны қалай жұмсауды ғана емес, жұбайыңмен қаржы мәселесін дұрыс талқылауды да үйрену қажетb. Бірге отырып талқылағанның арқасында қаржы мәселесіне қатысты қиындықтар туындамайды, қайта, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы нығая түседі.
Алайда неге ақшаның себебінен отбасында соншама көп проблема туындайды? Қаржы мәселесін талқылағандарың араларыңда кикілжің тудырмай, керісінше, қиыншылықты шешуге көмектесуі үшін не істеулеріңе болады?
Проблема неден туындайды?
Жиі проблема ақшаны қалай жаратқаннан емес, ерлі-зайыптылар бір-біріне сенбегендіктен және үрейден туындайды. Мысалы, әйелінен әрбір теңгенің қалай жаратылғанын айтуды талап ететін күйеу, оның қаржыны дұрыс жұмсайтынына сенбейтінін көрсеткен болар еді. Ал күйеуін үнемдеуді білмейді деп жазғыратын әйел отбасы болашақта жоқшылыққа тап бола ма деп қорқатынын көрсетеді.
Проблеманың туындауының тағы бір себебі — ерлі-зайыптылардың шыққан ортасы. Үйленгеніне сегіз жыл болған Мэтью былай дейді: “Әйелім ақшаны орнымен жұмсайтын отбасынан шыққан. Ол мен сияқты қорқа бермейді. Ал менің әкем маскүнем болған және көп темекі шегетін. Ол кейде ұзақ уақыт бойы жұмыссыз жүретін. Біз жиі жоқшылық көретінбіз, сондықтан менің бойымда қарызға батып қаламыз ба деген қорқыныш қалыптасып қалған. Осы сезімімнің салдарынан кейде әйелім екеуіміздің арамызда түсініспеушілік туындап қалады”. Проблеманың туындауының себебі неде болмасын, ақша сендердің отбасыларыңа қорғаныш болу үшін не істеулеріңе болады?
Сен үшін маңызды ақша ма, әлде отбасың ба?
Табысқа жетудің төрт жолы
Киелі кітап қаржы мәселесіне арналған басшылық емес. Бірақ одан ақшаға қатысты туындайтын проблемаларды шешуге көмектесетін кеңестер табуға болады. Қазір соларды қарастырып, өмірде қолдануға тырысып көрелік.
1. Ақша мәселесін сабырлықпен талқылауды үйреніңдер.
“Даналық ақылдасқандарда болар” (Нақыл сөздер 13:10). Шыққан орталарыңа байланысты сендерге өзгелермен, әсіресе жұбайларыңмен, қаржы мәселесін талқылау ыңғайсыз болуы мүмкін. Дегенмен де осы маңызды мәселені талқылауды үйрену даналыққа жатады. Мысалы, неге ата-анаңның ақшаға деген көзқарасы өзіңе қалай әсер еткенін жұбайыңа түсіндірмеске? Сол сияқты, оған да шыққан ортасы әсер еткенін түсінуге тырыс.
Қаржы мәселесін талқылау үшін проблеманың туындауын күтудің қажеті жоқ. Киелі кітап жазушыларының бірі: “Екі адам өзара келіспей жолға бірге шыға ма?”— деген (Амос 3:3). Бұл принципті қалай қолдануға болады? Түсініспеушіліктің алдын алу үшін қаржы мәселесін талқылауға арнайы уақыт бөліңдер.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢДЕР: Отбасының қаржысы жайында сөйлесуге үнемі уақыт бөліңдер. Мұны әр айдың, не аптаның басында істеуге болады. Талқылауға көп емес, 15 минут не одан да аз уақыт жұмсаңдар. Екеуің де шаршамай тұрған кезді таңдап, сөйлесіңдер. Дастарқан басында немесе балалармен бірге демалып жүргенде қаржы мәселесін талқыламауды келісіп алыңдар.
2. Кіріске деген дұрыс көзқарас.
‘Бір-біріңді өз бастарыңнан артық сыйлаңдар’ (Римдіктерге 12:10). Үйде табыс табатын бір өзің ғана болсаң, ақшаны өзіңдікі ғана емес, отбасынікі деп қарастырғаның жұбайыңды сыйлайтыныңды көрсетеді (Тімотеге 1-хат 5:8).
Жұбайың екеуің де жұмыс істесеңдер, қанша табыс тапқандарыңмен қоса, үлкен шығыс шығарғандарыңды да айтуларыңмен бір-біріңе құрмет көрсетесіңдер. Ал жасырсаңдар, бір-біріңе деген сенімділік жоғалады және қарым-қатынастарың бұзылады. Әрбір теңгені жаратар алдында жұбайыңмен міндетті түрде ақылдасудың қажеті жоқ та шығар. Бірақ үлкен соманы жаратар алдында жұбайыңмен ақылдасатын болсаң, оның көзқарасын бағалайтыныңды көрсетесің.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢДЕР: Ақылдаспай-ақ жарататын соманы келісіп алыңдар. Мүмкін, ол 200 не 2000 теңге болар. Егер бұдан көп ақшаны жаратқалы жатсаңдар, жұбайларыңмен ақылдасқандарың дұрыс.
3. Жоспарларыңды жазып отырыңдар.
“Ұқыптының ой-ниеті дәулетке бастар” (Нақыл сөздер 21:5). Болашаққа жоспар құрудың және еңбегіңді зая кетірмеудің бір жолы — отбасы бюджетін құру. Тұрмыс құрғанына бес жыл болған Нина былай дейді: “Кіріс-шығысты жазып отырғандарың жағдайды дұрыс бағамдауға көмектеседі. Көріп тұрған нәрсені жоққа шығара алмайсың”.
Отбасының бюджетін құру үшін міндетті түрде есепші болудың қажеті жоқ. Үйленгеніне 26 жыл болған екі баланың әкесі Даррен былай дейді: “Біз бір аптаға жетерлік ақшаны бірнеше хатқалтаға салып қоятынбыз. Олардағы ақшаны тамаққа, көңіл-көтеруге және шаштаразға жұмсаймыз деп шештік. Егер бірінде ақша таусылып қалса, басқасынан ала тұратынбыз, бірақ қайтадан оның орнын толтырып қоюға тырысатынбыз”. Егер төлемдеріңді жиі қолма-қол емес, Интернет немесе несие карточкасы арқылы төлесеңдер, шығынды жазып қойып отыру әсіресе маңызды.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢДЕР: Тұрақты шығындарыңды жазып қойыңдар. Кірістің қаншасын сақтап қоятындарыңды белгілеп қойыңдар. Сондай-ақ бағасы өзгеріп отыратын басты қажеттіліктердің тізімін жасап, тамаққа, электр қуатына, телефонға кететін ақшаны жазыңдар. Сосын, бірнеше ай бойы шын мәнінде қанша ақша жұмсағандарыңды байқап отырыңдар. Қарызға батып қалмау үшін, қажет болса, өмір салттарыңа өзгеріс енгізуге дайын болыңдар.
4. Кімнің немен айналысатынын келісіп алыңдар.
“Біреуден екеу жақсы, өйткені олар бейнеттерінің зейнетін көреді” (Екклесиаст 4:9, 10). Кей отбасыларында қаржыға отағасы жауапты. Өзгелерінде бұл міндетті әйелдері атқара береді (Нақыл сөздер 31:10—28). Алайда көп ерлі-зайыптылар қаржыға қатысты міндеттерін бөлісіп атқарады. Отандасқанына 21 жыл болған Марио былай дейді: “Әйелім төлемдер мен кішігірім шығындардың есебін жүргізуге жауапты. Ал мен салықтарды, үлкен төлемдерді және жалға алынған заттардың құнын төлеймін. Біз бір-бірімізді хабардар етіп отырамыз және арамыздағы әріптестікті сақтаймыз”. Қай тәсілді таңдасаңдар да, ең маңыздысы — бірлесіп әрекет ету.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢДЕР: Бір-біріңнің мықты және әлсіз тұстарыңды есепке ала отырып, кім не нәрсеге жауапты болатынын талқылаңдар. Бір-екі ай өткеннен кейін міндеттеріңді қайта қарастырыңдар. Өзгеріс жасауға дайын болыңдар. Жұбайың атқарып жүрген, мысалы, төлемдерді төлеу, дүкен аралау сияқты істерді бағалай білу үшін, арагідік міндеттеріңмен ауысып отырыңдар.
Қаржы мәселесін талқылағанда, ең маңызды нәрсені естен шығармаңдар
Ақша мәселесін талқылау бір-біріңе деген сүйіспеншіліктеріңді суытпауы тиіс. Тұрмыс құрғанына бес жыл болған Лия былай дейді: “Күйеуім екеуміз ақша туралы сөйлескенде, ашық және шыншыл болуды үйрендік. Нәтижесінде бірлесіп әрекет етіп жатырмыз және бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз арта түсті”.
Ақшаны қалай жұмсағылары келетінін талқылау арқылы ерлі-зайыптылар үміттерімен, армандарымен бөліседі және некелеріне жауапкершілікпен қарайтындарын көрсетеді. Қымбат затты сатып алмас бұрын өзара кеңесуімен олар бір-бірінің көзқарастары мен сезімдерін құрметтейтінін дәлелдейді. Белгілі бір соманы ақылдаспай-ақ жұмсауға мүмкіндік берулерімен бір-біріне сенетіндерін білдіреді. Бұлар сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынастың орнығуына септігін тигізеді. Мұндай қарым-қатынас ақшадан әлдеқайда құнды, сол себепті ақшаға бола проблема тудырудың қажеті не?
a Есімдер өзгертілген.
b Киелі кітапта: “Еркек — әйелдің “басы”,— делінген. Сол себепті ол отбасында ақшаның қалай жұмсалатынына жауапты және әйеліне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарауға міндетті (Ефестіктерге 5:23, 25).
ӨЗІҢНЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРА:
Соңғы рет жұбайымыз екеуміз қаржы мәселесін сабырлықпен қашан талқыладық?
Отбасымыздың қамы үшін жұбайымның еңбек етіп жүргенін бағалайтынымды қалай көрсете аламын?