Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 1.10. 22—25 бет.
  • Сізді ренжіткенде, кек алған дұрыс па?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Сізді ренжіткенде, кек алған дұрыс па?
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Кек қайтару жақсылыққа апармайды
  • Кектен кектің туындауы
  • “Көзге көз”
  • Татулық сақтаңыз
  • 2 | Кек алуды ойламаңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2022
  • Ашуды тізгіндеу арқылы ‘жамандықты жеңейік!’
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Құдай Заңы әділдік пен туралықты талап еткен
    2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар!”
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 1.10. 22—25 бет.

Сізді ренжіткенде, кек алған дұрыс па?

КӨП адам кек алу қанағат әкеледі деп ойлайды. Біреу ренжітсе не зиянын тигізсе, әдетте бойымызды ашу-ыза кернейді. Туа біткен жаман мен жақсыны айыру сезімі әділдік орнатуды талап етеді. Алайда мұндай кезде қалай әрекет еткен дұрыс?

Бізді ренжітетін түрлі жағдайлар бар. Біреу бізді менсінбеуі, салып қалуы, итеріп жіберуі мүмкін. Я болмаса тіпті балағаттайтын, қол жұмсайтын, тонап кететін шығар. Осындай кездері сіз өзіңізді қалай ұстайсыз? Көп адам: “Мен бәрібір өшімді аламын”,— деп айтады.

Құрама Штаттарда бастауыш сынып оқушылары өздерін түзеткен мұғалімдерден кек алу үшін оларға жала жабады. Жаңа Орлеан қаласының мұғалімдер бірлестігінің президенті Бренда Митчелл былай дейді: “Оқушылардың жаласының кесірінен мұғалімдер жаман атты болады”. Тіпті оқушылардың өтірігі ашылған соң да, мұғалімдер жаман атты болып қала береді.

Жұмыстан шығарылған ашулы жұмысшылар да кек алудың жолын іздейді. Кейбіреулер мекеменің маңызды электронды мәліметтерін жойып жібереді не бүлдіреді. Тағы басқалары мекеменің құпияларын ашады не басқа компанияларға сатып жібереді. Бұған қоса, “Нью-Йорк таймс” газетінде айтылғандай, “мекеменің мүлкін ұрлау әлі де кек алудың бір жолы болып табылады”. Сондықтан көптеген компанияларда адамды жұмыстан шығарған кезде, ол заттарын жинап, мекемеден шығып кеткенше бір күзетші бақылап тұрады.

Өш алу, әсіресе, таныс-тамырлар, достар, отбасы мүшелерінің арасында жиі орын алып жатады. Бірі ойланбай сөйлеп не әрекет етіп сезімін жаралап қойса, екіншісі де солай етеді. Егер досыңыз дауыс көтерсе, сіз де солай жауап қатасыз ба? Отбасы мүшелерінің бірі ренжітсе, өш алуға тырысасыз ба? Әсіресе, жақын адамыңыз ренжіткен кезде ашу-ызаға бой алдырып қою оңай.

Кек қайтару жақсылыққа апармайды

Әдетте адамдар кек қайтаруларымен жан жарасын жазамыз деп ойлайды. Мысалы, еврей рубасы Жақыптың балалары қарындастары Динаны қанахандық Сихемнің зорлағанын естігенде, “қатты ренжіп, оларды ашу кернеді” (Жаратылыс 34:1—7). Қарындастары үшін кек алуды көксеген Жақыптың екі ұлы Сихем мен оның отбасына қастық жасауды ойластырды. Қулыққа барған Шимон мен Леуі қанахан қаласына басып кіріп, Сихемді қоса, бүкіл еркек кіндіктіні өлтірді (Жаратылыс 34:13—27).

Осы қантөгіс мәселені шешті ме? Балаларының не істегенін естіп-білген Жақып оларды сөгіп былай деді: “Сендер мені осы жерде тұрған қанахандықтар мен перездіктерге жек көрінішті қылып, бақытсыздыққа итермеледіңдер... Әлгілер жиналып қарсы шығып, мені жеңіп, үй-ішіммен жоқ қылар” (Жаратылыс 34:30). Иә, олардың кек алғандары мәселені шешкен жоқ, керісінше, жағдайды ушықтырып жіберді; енді Жақыптың отбасы ашуға мінген көрші халықтардың шабуылына ұшырауы мүмкін еді. Осы жайттан қорғағысы келген болса керек, Құдай Жақыпқа Бетелге көшуді бұйырды (Жаратылыс 35:1, 5).

Дина зорланғаннан кейін орын алған осы оқиғалардан маңызды сабақ аламыз. Кектен кек туындап, шексіз жалғаса беруі мүмкін.

Кектен кектің туындауы

Есіл-дертіміз бізді ренжіткен адамнан өш алуға ауса, өзіміз жапа шегеміз. Ренжіткен адамды кешіру жайлы бір кітапта былай делінген: “Ашу-ыза жаныңды жегідей жейді. Болған жайтты ойлай берем деп күш-қайратыңнан айырыласың, уақытыңды сарп етесің. Өш алудың жолын іздеп мазаң кетеді”. Киелі кітапта: “Қызғаныш денеге жара салар”,— деп тура айтылған (Нақыл сөздер 14:30).

Расында да, бойын ашу-ыза кернеген адам қайдан қуанышты болсын? Бір түсініктемеші былай дейді: “Кек алу қанағат әкеледі деп ойласаңыз, кекшіл адамның бетіне үңіліп қараңыз”.

Этникалық, діни қақтығыстар болып жатқан елдердегі жағдайды қарастырып көрейікші. Жиі бір қантөгіс басқа қантөгіске әкеп соғады. Сол себепті жеккөрушілік пен өлім жалғаса береді. Мысалы, террористер бомба жарып, 18 адам қыршынынан қиылғанда, қайғыға батқан бір әйел: “Біз олардан есесін қайтаруымыз керек”,— деді. Осылайша жауыздық жалғаса береді де, көп адам қайғыға ұшырайды.

“Көзге көз”

Кейбір адамдар Киелі кітап кек алуды мақұлдайды деп ойлайды. Олар: “Киелі кітапта ‘көзге көз, тіске тіс’ деп айтылған ғой”,— деп жатады (Леуіліктер 24:20). Бір қарағанда “көзге көз” деген заң кек алуға талпындыратын сияқты. Алайда негізінде ол кек туғызбау үшін шығарылған. Неге олай дейміз?

Егер екі исраилдік төбелесіп қалып, бірі екіншісінің көзін шығарып жіберсе, Заң бойынша, әділ жазаға тартылатын. Алайда айыпкерді не оның отбасы мүшелерінің бірін зардап шеккен адам жазаламайтын. Заң бойынша, бұл мәселені төрешілер шешетін. Қасақана қылмыс жасаған адамға дәл сондай жаза қолданылатынын білгені адамдарды қылмыс жасаудан сақтайтын.

Оның үстіне, аталмыш заңды жарияламас бұрын, Ехоба Құдай Мұса арқылы былай деді: “Өз бауырыңмен жауласпа... Өз халқыңның ұлдарына кектенбе және өшікпе” (Леуіліктер 19:17, 18). Демек, “көзге көз, тіске тіс” деген ережені дұрыс түсіну үшін бүкіл Заңды ескеру керек. Ал Иса айтқандай бүкіл Таурат заңы келесі екі өсиетке негізделген: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” және “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” (Матай 22:37—40). Ал мәсіхші әділетсіздікке кезіккенде, қалай әрекет еткені жөн?

Татулық сақтаңыз

Киелі кітапта Ехоба татулықтың Құдайы ретінде суреттелген әрі ол қызметшілерінің де ‘тыныштыққа ұмтылғандарын’, яғни татулық сақтағандарын қалайды (Еврейлерге 13:20; Петірдің 1-хаты 3:11). Алайда осы қағидаға сай өмір сүру мүмкін бе?

Жердегі қызметі кезінде жаулары Исаның бетіне түкірді, қамшылады және қуғындады. Оны жақын адамы сатып жіберді, тіпті шәкірттері де тастап кетті (Матай 26:48—50; 27:27—31). Иса не істеді екен? Елші Петір былай деп жазды: “Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды” (Петірдің 1-хаты 2:23).

Петір былай деп түсіндірді: “Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек” (Петірдің 1-хаты 2:21). Иә, Исаға еліктеуге шақырылған мәсіхшілер әділетсіздікке кезіккенде де, сол сияқты әрекет ету керек. Осыған байланысты Исаның өзі былай деген: “Жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Тәңір Иеге сиынып мінажат етіңдер! Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар” (Матай 5:44, 45).

Иса сияқты, сүйіспеншілік танытатын адамдар өздеріне жамандық жасалғанда немесе солай-ау деп ойлағанда, қалай әрекет етеді? Нақыл сөздер 19:11-де былай делінген: “Даналығы адамға сабыр сыйлар, қатені кешіру оған құрмет болар”. Сондай-ақ олар: “Жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!”— деген кеңесті де ұстанады (Римдіктерге 12:21). Осы дүниені жайлаған кекшіл рухтан бұл қалайша ерекшеленеді десеңші! Шынайы мәсіхшілерге тән сүйіспеншілік кек алудан сақтайды және ‘қатені кешіруге’ көмектеседі, өйткені сүйіспеншілік “кек те сақтамайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:5).

Бұл дегеніміз зорлық-зомбылықтың құрбаны болсақ не басқа қауіп төнсе, үндемей басымызды ие беруіміз керек дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ! Елші Пауыл “жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!” дегенде, мәсіхші азапқа төзіп, қол қусырып отыруы керек дегісі келген жоқ. Қайта, бізге қауіп төнгенде қорғануға құқымыз бар. Егер сізге қауіп төнсе не біреулер дүние-мүлкіңізге қол салып жатса, полицияға телефон соғуды жөн көрерсіз. Егер мұндай жағдай жұмыста не мектепте болса, басшыларға жүгінуімізге болады (Римдіктерге 13:3, 4).

Десе де бұл дүниеде әділдік орната алмайтынымызды есте сақтағанымыз жөн. Өмір бойы әділдік іздеген көп адам оны таба алмай, өмірден мүлдем түңілген.

Шайтан адамдардың бір-бірін жек көріп, кекшіл болғанын көргенде қатты қуанады (Жоханның 1-хаты 3:7, 8). Сондықтан Киелі кітаптың келесі сөздерін жадымызда ұстағанымыз ақылдылыққа жатады: “Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Киелі жазбада Жаратқан Иенің: “Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын” дегені жазылған ғой” (Римдіктерге 12:19). Егер барлығын Ехобаның қаһарына қалдырар болсақ, жанымыз жараланбайды, жүйкеміз тозбайды және зорлық-зомбылықтан аулақ боламыз (Нақыл сөздер 3:3—6).

[24-беттегі сөздер]

“Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” және “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!”

[25-беттегі суреттер]

“Сүйіспеншілік... кек те сақтамайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:5).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу