Барлығынан асып түсетін сүйіспеншілік жолымен жүрсіңдер ме?
“ҚҰДАЙ — сүйіспеншілік”. Елші Жоханның бұл сөздері Құдайдың басты қасиетіне назар аударады (Жох. 1-х. 4:8). Құдайдың адамзатқа деген сүйіспеншілігінің арқасында біз оған жақындай түсіп, тығыз қарым-қатынас дамыта аламыз. Құдай сүйіспеншілігінің бізге басқа да әсері бар. Әдетте біздің біреуді сүйгеніміз және оның бізді сүйгені, қандай адам болып қалыптасатынымызға ықпал етеді. Біз Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, оның қасиеттерін таныта аламыз (Жар. 1:27). Сондықтан елші Жохан: “Біз [Құдайды] сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді”,— деп жазды (Жох. 1-х. 4:19).
Сүйіспеншілікті бейнелейтін төрт сөз
Елші Пауыл сүйіспеншілікті ‘барлығынан да асып түсетін жол’ деп атады (Қор. 1-х. 12:31). Неліктен Пауыл сүйіспеншілікті бұлай суреттеді? Бұл тармақта ол қандай сүйіспеншілік жайлы айтты? Жауабын білу үшін “сүйіспеншілік” сөзін жан-жақты қарастырып көрейік.
Ежелгі грек тілінде сүйіспеншілікті бейнелейтін төрт сөз болған: сторги́, э́рос, фили́а және ага́пи. Осылардың ішіндегі ага́пи сөзі Құдайдың “сүйіспеншілік” екенін айтқанда қолданыладыa. Профессор Уильям Баркли сүйіспеншіліктің осы түріне қатысты былай деп жазды: “Ага́пи сүйіспеншілігінің ой-санамен байланысы бар: ол жүректе өздігінен пайда болатын сезім ғана емес, саналы түрде ұстанатын принцип. Ага́пи ерік-жігермен тығыз байланысты” (“New Testament Words”). Демек, ага́пи — принципке бағынатын сүйіспеншілік. Алайда оған күшті сезім де кіреді. Принциптердің жақсысы да, жаманы да болатындықтан, мәсіхшілер міндетті түрде Киелі кітапта Ехобаның өзі орнатқан жақсы принциптерді басшылыққа алады. Киелі кітаптың көмегімен ага́пи-ді сүйіспеншіліктің басқа түрлерімен салыстырғанымыз мәсіхшілер танытуы керек сүйіспеншілікті жақсырақ түсінуге көмектеседі.
Отбасындағы сүйіспеншілік
Отбасының ұйыған айрандай болғаны қандай ғанибет! Отбасы мүшелерінің арасындағы ыстық бауырмалдық сезім грек тілінде сторги́ деп аталады. Мәсіхшілер отбасы мүшелеріне сүйіспеншілік танытуға тырысады. Пауыл осы заманның соңғы күндері адамдардың көпшілігінде “бауырмалдық жоқ” болатынын айтқанb (Тім. 2-х. 3:1, 3).
Өкінішке қарай, қазіргі дүниеде отбасы мүшелерінің арасында болу керек табиғи сезім азайып барады. Сондықтан да әйелдердің түсік жасатуы жиілеп кетті. Көптеген отбасы қарт ата-анасының қамын жасаудан бас тартуда. Сондай-ақ ажырасып жатқандардың саны тым көбейіп барады.
Оның үстіне, Киелі кітапта: “Басқалардың бәрінен де адам жүрегі құрық бойламас қулыққа толы болады”,— делінген (Ерм. 17:9). Отбасы мүшелеріне деген сүйіспеншілік — жүректен шығатын сезім. Алайда Пауыл күйеулер әйелдерін сүю керектігін айтқанда ага́пи сөзін қолданған. Мұндай сүйіспеншілікті ол Мәсіхтің қауымға танытатын сүйіспеншілігіне теңеді (Ефес. 5:28, 29). Бұл — отбасына бастама берген Ехобаның өзі орнатқан принциптерге негізделген сүйіспеншілік.
Отбасы мүшелеріне деген шынайы сүйіспеншілік қарт ата-анамыздың қамын ойлауға немесе балаларымызға жауапкершілік жүктеуден тартынбауға талпындырады. Сондай-ақ ата-аналарға сезімге беріліп, балаларын еркінсітпеуге және қажет кезінде оларды жөнге салып отыруға көмектеседі (Ефес. 6:1—4).
Еркек пен әйел арасындағы махаббат және Киелі кітап принциптері
Некедегі еркек пен әйелдің арасындағы ыстық сезім мен қарым-қатынас — Құдайдың сыйы (Нақ. с. 5:15—17). Десе де, мұндай сүйіспеншілікті білдіретін э́рос сөзін Киелі кітаптың жазушылары қолданбаған. Мұның себебі бірнеше жыл бұрын “Күзет мұнарасында” былай деп түсіндірілді: “Бүгінде адамзат ежелгі гректердің қателігін қайталап жатқанға ұқсайды. Гректер Эрос құдайына табынып, оның ғибадатханасында құрбандық шалатын болған... Бірақ тарихтан көретініміздей, жыныстық қатынасқа табыну адам баласын бұзды, азғындатты және күйретті. Киелі кітап жазушылары бұл сөзді сол себепті қолданбаған болу керек”. Адаммен жақын қарым-қатынасты оның тартымдылығына қызыққандықтан ғана дамытпас үшін, ғашықтық сезімді Киелі кітап принциптерінің көмегімен тізгіндеп отыруымыз керек. Өзімізден “Сол әйелге (не еркекке) деген махаббаттым шынайы сүйіспеншілікпен үйлесе ме?” деп сұрайық.
Жыныстық құштарлық өте күшті болатын ‘албырт шақта’ жастар Киелі кітаптың принциптерін берік ұстану арқылы құлықтылық жағынан тазалық сақтай алады (Қор. 1-х. 7:36; Қол. 3:5). Біз некені Ехобадан келген қасиетті сый деп қарастырамыз. Иса ерлі-зайыптыларға нұсқап: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деген (Мат. 19:6). Неке — жұбайлардың ыстық-суығы басылғанға дейін ғана созылатын одақ емес. Сондықтан қиындықтар туындағанда ажырасудың жолын іздемей, Құдайға ұнамды қасиеттерді танытуға тырысамыз. Бұлай еткеніміз отбасы бақытын баянды етеді (Ефес. 5:33; Евр. 13:4).
Достардың арасындағы сүйіспеншілік
Доссыз өмір қызық болмас еді. Киелі кітапта: “Шынайы дос ағайыннан жақын болар”,— делінген (Нақ. с. 18:24). Ехоба біздің шынайы достар тапқанымызды қалайды. Біз Дәуіт пен Жонатанның шынайы дос болғанын білеміз (Пат. 1-ж. 18:1). Сондай-ақ Киелі кітапта Исаның елші Жоханды жақсы көргені айтылған (Жох. 20:2). Достардың арасындағы сезімді гректің фили́а сөзі білдіреді. Қауымда қандай да бір бауырласпен дос болудың еш сөкеттігі жоқ. Петірдің 2-хаты 1:7-де біз ‘бауырластық сезімді’ (грекше филаделфи́а — фи́лос, яғни “дос” және аделфо́с, яғни “бауырлас”) сүйіспеншілікпен (ага́пи) толықтыруға шақырыламыз. Достық қарым-қатынасты сақтау үшін осы кеңеске құлақ асуымыз керек. Өзімізден “Достық сезімім Киелі кітап принциптерімен үйлесімді ме?” деп сұрағанымыз жөн.
Құдай Сөзі бізге адамдарды алалаудан аулақ болуға көмектеседі. Біз достарымызға жұмсақтық танытып, ал өзгелерге келгенде талапшыл болмаймыз. Сондай-ақ біреумен достасу үшін оған жағымпазданбаймыз. Бұдан да маңыздысы, Киелі кітап принциптерінің арқасында біз жақсы дос таңдап, адал әдеттен айыратындармен аралаласудан аулақ боламыз (Қор. 1-х. 15:33).
Мәсіхшілер арасындағы сүйіспеншілік
Мәсіхшілердің арасында ерекше сүйіспеншілік бар. Елші Пауыл: ‘Сүйіспеншіліктерің адал болуы керек... Бір-біріңді бауырлардай сүйіңдер’,— деп жазды (Рим. 12:9, 10). Шынында да, мәсіхшілердің бір-біріне деген ‘сүйіспеншіліктері (ага́пи) адал’. Бұл — тек жүректе оянатын сезім ғана емес, Киелі кітап принциптеріне негізделген қарым-қатынас. Сондай-ақ Пауыл “бауырлардай сүю” жайлы айтқан. Түпнұсқада бұл тіркес грек тілінде екі сөзбен берілген: филаделфи́а және филосторгос (филос және сторги). Бір ғалымның айтуынша филаделфи́а деген сөз “мейірімді әрі жанашыр болуды, жақсы көру мен көмектесуді” білдіреді. Бұл сезім ага́пи сүйіспеншілігімен үйлесіп, Ехобаға қызмет ететін адамдардың қарым-қатынасын нығайтады (Сал. 1-х. 4:9, 10). Ал филосторгос деген сөз Киелі кітапта бір-ақ рет қолданылған және отбасы мүшелерінің арасындағы жылулыққа нұсқайды.
Шынайы мәсіхшілерді отбасылық, достық сезімдері мен Киелі кітап принциптерін басшылыққа алатын сүйіспеншілік біріктіреді. Мәсіхшілер қауымы — адамдар жай ғана кездесіп тұратын клуб не ұйым емес, Ехоба Құдайға ғибадат ететін ынтымағы берік рухани отбасы. Сондықтан біз бір сенімдегілерді бауырлас деп атаймыз, әрі оларға солай қараймыз. Сондай-ақ бір-бірімізді досымыздай жақсы көреміз және қарым-қатынасымызда Киелі кітап принциптерін ұстанамыз. Олай болса, шынайы мәсіхшілер екенімізді көрсететін әрі бәрімізді біріктіретін сүйіспеншіліктің болуына әрқайсымыз өз үлесімізді қоса берейік (Жох. 13:35).
[Сілтемелер]
a Кейде ага́пи дұрыс емес істерге де қатысты қолданылады (Жох. 3:19; Тім. 2-х. 4:10; Жох. 1-х. 2:15—17).
b “Бауырмалдық жоқ” (асторгои́) деген тіркес болымсыз мағыналы а қосымшасы бар сторги́ сөзінің аудармасы.
[12-беттегі сөздер]
Бәрімізді біріктіретін сүйіспеншіліктің болуына қалай үлес қосып жүрсіңдер?