Мәсіхші отбасылар, Исадан үлгі алыңдар!
“Мәсіхтің Өзі бізге... үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек” (ПЕТ. 1-Х. 2:21).
1. а) Құдайдың Ұлы жарату ісінде қандай қызмет атқарды? ә) Исаның адамзатқа деген сезімі қандай?
ҚҰДАЙ аспан мен жерді жаратқанда тұңғыш Ұлы қасында “шебер жұмысшысы” (ЖД) болды. Әкесі Ұлымен бірге қызметтесіп, түрлі жан-жануарларды жаратты және жер бетін өсімдіктерге толтырды. Сондай-ақ өзіне рухани жағынан ұқсас жаратылыстар мекендейтін Жұмақты дайындады. Иса деген есіммен белгілі болған Құдай Ұлы “адамзатқа шат-шадыман” қуанып, оларды ерекше жақсы көрді (Нақ. с. 8:27—31; Жар. 1:26, 27).
2. а) Ехоба кемелсіз адамзатты немен қамтамасыз етті? ә) Киелі кітаптан басшылық табуға болатын өмірдің бір саласы қандай?
2 Алғашқы адам жұбы күнә жасағаннан кейін, бүкіл адамзатты күнәдан азат ету Ехобаның маңызды ниетінің біріне айналды. Бұл үшін Құдай Мәсіхтің өмірін төлем ретінде құрбан етті (Рим. 5:8). Сонымен қатар, адамдар кемелсіз болса да, бақытты өмір сүре алулары үшін өзінің Сөзі Киелі кітапты берді (Заб. 118:105). Осы Сөзі арқылы Ехоба отбасын берік әрі бақытты етуге қажетті басшылықпен қамтамасыз етті. Мысалы, Жаратылыс кітабында ер адам әйеліне қосылып, екеуі біртұтас болу керектігі жазылған (Жар. 2:24).
3. а) Иса некеге қатысты қандай принциптерді үйретті? ә) Бұл мақалада нені қарастырамыз?
3 Иса жердегі қызметі кезінде некенің о бастан мәңгілік болу үшін құрылғанына баса назар аударды. Сондай-ақ некеге немесе отбасы бақытына кері әсер ететін көзқарас пен жүріс-тұрыстан аулақ болуға көмектесетін принциптерді үйретті (Мат. 5:27—37; 7:12). Бұл мақалада Исаның жерде өмір сүрген кезде көрсеткен үлгісі мен үйреткен тәлімінің отағаларына, әйелдерге, ата-аналар мен балаларға бақытты да мағыналы өмір сүруге қалай көмектесетінін қарастырамыз.
Мәсіхші күйеу әйелін қалай қастерлейді?
4. Иса мен мәсіхші күйеулердің рөлінде қандай ұқсастық бар?
4 Құдай Исаны қауымның Басы еткеніндей, күйеуді отбасының басы етіп тағайындады. Елші Пауыл былай деген: “Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің “басы”. Мәсіх сенушілерді құтқарып алды, енді қауым — Оның рухани денесі. Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!” (Ефес. 5:23, 25). Демек, Иса ізбасарларына қалай қараса, күйеулер әйелдеріне солай қарауы керек. Ендеше, Исаның Құдайдан алған билікті қалай қолданғанын қарастырайық.
5. Иса билігін қалай қолданды?
5 Иса жуас, кішіпейіл болған (Мат. 11:29). Сондай-ақ ол белсенді қызмет еткен, әрі ісіне жауапкершілікпен қараған (Мар. 6:34; Жох. 2:14—17). Шәкірттеріне жұмсақтықпен кеңестер беріп, қажет кезінде оларды қайталап отырған (Мат. 20:21—28; Мар. 9:33—37; Лұқа 22:24—27). Иса ешқашан оларға ұрысып, кемсіткен емес және өздерін жағымсыз, үйреткендерін орындауға қабілетсіз сезінулеріне жол бермеген. Қайта, мақтап әрі жігерлендіріп отырған (Лұқа 10:17—21). Өздеріне сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қараған Исаны шәкірттерінің құрметтегені бізді таңғалдырмайды.
6. а) Исадан үлгі алған күйеулер әйелдеріне қалай қарайды? ә) Петір күйеулерді не істеуге шақырды?
6 Исаның үлгісінен күйеулер отбасының басы болу деген үстемдік жүргізуді білдірмейтінін үйренеді. Күйеу әйелін сыйлап, оған жанқиярлықпен сүйіспеншілік танытуы керек. Елші Петір күйеулерді әйелдерін ‘ерекше қастерлеуге’ шақырды (Петірдің 1-хаты 3:7 оқы). Олай болса, күйеуі билігін жүргізе отырып, әйелін қастерлейтінін қалай көрсетеді?
7. Күйеуі әйелін қастерлейтінін қалай көрсетеді? Мысал келтіріңдер.
7 Әйелін қастерлейтін күйеу отбасына қатысы бар шешім қабылдарда оның ойы мен сезімін ескереді. Мысалы, басқа жерге көшу, жұмыс орнын ауыстыру, сондай-ақ қай жерде демалу, тарыққан кезде қаржыны қалай жұмсау сияқты мәселелер туындауы мүмкін. Отбасының игілігін ойлайтын мейірімді күйеу мұндай жағдайда әйелімен ақылдасады. Сонда күйеуінің қабылдаған шешімінен байсалдылық пен сүйіспеншілік көрінеді. Мұндай шешімді қолдау әйеліне оңай (Нақ. с. 15:22). Әйел өзін қастерлейтін күйеуін сүйіп қана қоймайды, оған құрмет көрсетеді. Ал ең маңыздысы, мұндай күйеу Ехобаның қолдауына ие болады (Ефес. 5:28, 29).
Әйелі күйеуін құрметтейтінін қалай көрсетеді?
8. Неге Хауаның ісін қайталаудан аулақ болғанымыз жөн?
8 Мәсіхші әйелдер үшін Иса билікке мойынсұнудың кемелді үлгісін көрсетті. Оның билікке деген көзқарасы алғашқы әйелдікінен мүлдем өзгеше. Хауа өзінен кейінгі әйелдерге жақсы үлгі көрсетпеді. Оның Ехоба тағайындаған әрі оның нұсқауын жеткізіп отырған басшысы болды. Алайда Хауа күйеуінің билігін мойындамады. Ол басшысы Адам арқылы алған Құдайдың нұсқауына құлақ аспады (Жар. 2:16, 17; 3:3; Қор. 1-х. 11:3). Хауа алданған күннің өзінде, ‘Құдай жақсы біледі’ деп сөйлеген дауысты тыңдамас бұрын, күйеуімен ақылдасуы керек еді. Бірақ Хауа бұлай етпек түгілі, күйеуінің өзіне нұсқау беруге дәті барды (Жар. 3:5, 6; Тім. 1-х. 2:14).
9. Иса мойынсұнудың қандай үлгісін көрсетті?
9 Иса болса өзінің Басшысына мойынсұнудың кемелді үлгісін қалдырды. Исаның көзқарасы мен өмірінен көретініміздей, “Құдайға тең болу оның ойына да келмеген” (ЖД). Қайта, ол ‘құдіреті мен салтанатты ұлылығынан өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдады’ (Філіп. 2:5—7). Бүгінде Иса — билік жүргізіп отырған Патша, бірақ оның көзқарасы өзгерген жоқ. Ол барлық істе кішіпейілділікпен Әкесіне мойынсұнып, оның билігін қолдайды (Мат. 20:23; Жох. 5:30; Қор. 1-х. 15:28).
10. Әйелі күйеуінің басшылығын қалай қолдай алады?
10 Исаға еліктейтін мәсіхші әйел күйеуінің билігін қолдайды (Петірдің 1-хаты 2:21; 3:1, 2 оқы). Мұның бір мысалын қарастырайық. Баласы ата-анасының рұқсаты керек бір іске қатысқысы келіп, анасынан сұранады. Бұл мәселе бұрын талқыланбаған болса, анасы оған “Әкеңнен сұрадың ба?” дегені дұрыс. Егер сұрамаған болса, өзі шеше салмай, күйеуімен ақылдасуы керек. Сондай-ақ мәсіхші әйел баланың көзінше күйеуіне қарсы шықпағаны не оның шешіміне наразылық білдірмегені дұрыс. Келіспейтін жайт болса, оны күйеуімен оңашада талқылағаны жөн (Ефес. 6:4).
Исаның ата-аналарға көрсеткен үлгісі
11. Иса ата-аналарға қандай үлгі көрсетті?
11 Иса үйленіп, балалы болмаса да, ата-аналарға керемет үлгі қалдырды. Қалайша? Ол шәкірттеріне сүйіспеншілікпен әрі шыдамдылықпен тәлім берді. Бұл оның сөзінен де, ісінен де байқалды. Сондай-ақ ол тапсырма беріп қана қоймай, оны қалай орындауды да көрсетті (Лұқа 8:1). Исаның көзқарасы мен іс-әрекетінен шәкірттері бір-біріне қалай қарау керектігін үйренді (Жохан 13:14—17 оқы).
12, 13. Құдайды қастерлейтін бала өсіргісі келетін ата-анадан не талап етіледі?
12 Бала ата-анасының жақсы да, жаман да істеріне еліктеуге бейім. Сондықтан, ата-аналар, өздеріңнен былай деп сұраңдар: Теледидар көру мен көңіл көтеруге және Киелі кітапты зерттеу мен уағыздауға қанша уақыт бөліп жүрміз? Отбасымыз үшін өмірде ең маңыздысы не? Іс-әрекетіміз бен шешімдерімізден шынайы ғибадатты бірінші орынға қоятынымыз көріне ме? Егер ата-ана балаға Құдайды қастерлеуді үйреткісі келсе, мұны алдымен өз жүректерінде дамытулары керек (Заң. қ. 6:6).
13 Ата-ана Киелі кітап принциптерін күнделікті өмірде ұстанатын болса, бұл баланың назарынан тыс қалмайды, әрі олардың сөзі мен тәлімі өтімдірек болады. Алайда бала екіжүзділікті байқаса, шын мәнінде Киелі кітап прициптерінің маңызы мен пайдасы шамалы деген тұжырымға келуі мүмкін. Мұның нәтижесінде бала осы дүниенің қысымына қарсы тұра алмай қалуы ықтимал.
14, 15. Ата-аналар балаларына қандай құндылықтарды бағалауды үйретулері керек және мұны қалай істей алады?
14 Мәсіхші ата-аналар бала өсіру дегеннің тек оны асыраумен шектелмейтінін түсінеді. Сондықтан олар балаларын материалдық пайданы ғана көздейтін мақсаттарға талпындырмайды (Екк. 7:12). Иса шәкірттерін рухани құндылықтарды бағалап, оларды басты орынға қоюға үйреткен (Мат. 6:33). Сол себепті ата-аналар балаларының бойында рухани мақсаттарға ұмтылуға деген ықыласын оятуға тырысады.
15 Мұның бір жолы — балаларға толық уақытты қызметшілермен араласуға жағдай жасау. Жасөспірімдер ізашарлармен немесе аудандық бақылаушы және оның әйелімен таныс болса, олардан қандай жігер алатынын ойлап көріңдерші. Миссионерлер, бетелдіктер және халықаралық құрылыс қызметшілері қонаққа келсе, қызметтегі қуаныштарымен бөлісе алады. Олардың көптеген қызықты оқиғалар айтып берері сөзсіз. Жанқиярлық рухтары балаларыңа әсер етіп, оларға дана шешім қабылдауға, рухани мақсаттар қоюға және толық уақытты қызметте өздерін қамтамасыз етуге қажетті ғана білім алуға көмектесуі мүмкін.
Балалар, Исаның үлгісіне қалай еліктей аласыңдар?
16. Иса ата-анасын және көктегі Әкесін сыйлайтынын қалай көрсетті?
16 Балалар, Иса сендерге де керемет үлгі қалдырды. Исаны Жүсіп пен Мәриям бағып-қақты және ол тілалғыш бала болды (Лұқа 2:51 оқы). Ата-анасы кемелсіз болса да, Иса бұл жауапкершілікті олар Ехобаның өзінен алғанын түсінді. Сондықтан оларды сыйлады (Заң. қ. 5:16; Мат. 15:4). Өскеннен кейін де Иса әрқашан көктегі Әкесіне ұнайтынды істеді. Мысалы, ол азғыруларға қарсы тұрды (Мат. 4:1—10). Жастар, сендер кейде ата-аналарыңның айтқанын тыңдағыларың келмейтін шығар. Олай болса, Исаға еліктеуге сендерге не көмектеседі?
17, 18. а) Жастар мектепте қандай сынақтарға кезігуде? ә) Оларға сынақтарға төтеп беруге нені есте ұстағандары көмектеседі?
17 Сыныптастарыңның басым көпшілігі Киелі кітаптың нормаларын елемейтін болар. Олар сені күдікті іс-әрекетке қатыстыруға тырысуы, ал бас тартқан жағдайда келеке-мазақ етуі мүмкін. Тіпті сол үшін саған келемеж ат та қойып алған шығар. Олай болса, қалай әрекет еткенің дұрыс? Көпшіліктен қорқып, олардың ықпалына беріліп қалсаң, ата-анаңның және Ехобаның ренжитінін жақсы білесің. Егер сыныптастарыңның дегенімен жүретін болсаң, қандай жағдайға ұшырауың мүмкін екенін ойлап көрші. Бәлкім, сенің ізашар не қызмет көмекшісі болу, қажеттілік бар жерде не Бетелде қызмет ету мақсаттарың бар шығар. Сыныптастарыңмен тығыз араласқаның осы мақсаттарға қол жеткізуге көмектесе ме?
18 Мәсіхші жастар, сендер сенімдерің сыналған қандай да бір жағдайға тап болғансыңдар ма? Мұндай жағдайда қалай әрекет еткен дұрыс? Исаның үлгісі жайлы ойланыңдар. Ол азғыруға қарсы тұрған және дұрыс нәрсені істеуден тайсалмаған. Осыны есте ұстайтын болсаңдар, дұрыс емес іске қатысқыларың келмейтінін сыныптастарыңа нақты айта аласыңдар. Иса сияқты Ехобаға мойынсұнып, қуанышпен қызмет ету мақсатыңды әрдайым назарыңда ұста (Евр. 12:2).
Отбасында бақытты болудың кілті
19. Қандай өмір адамға нағыз бақыт әкеледі?
19 Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх адамдарға бар жақсылықты тілейді. Кемелсіз болсақ та, қандай да бір шамада бақытты өмір сүре аламыз (Ишая 48:17, 18; Мат. 5:3). Иса шәкірттеріне адамзатты бақытты ететін рухани шындықтарды ғана емес, ең жақсы өмір жолымен жүруді үйретті. Сонымен қатар ол сөзімен де, ісімен де байсалдылықтың үлгісін көрсетті. Оған еліктеу бәрімізге де пайдалы. Сондықтан күйеулер, әйелдер, ата-аналар мен балалар, Исадан үлгі алыңдар! Оның тәлімін түсіну және көрсеткен үлгісіне еліктеу отбасында нағыз бақытқа кенеліп, қуаныш табуға көмектеседі.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Күйеу Құдай берген билікті қалай қолдануы керек?
• Исаның үлгісіне әйел қалай еліктей алады?
• Исаның шәкірттерімен қарым-қатынасынан ата-аналар не үйренулеріне болады?
• Жастардың Исадан қандай үлгі алғаны жөн?
[8-беттегі сурет]
Сүйіспеншілігі мол күйеу отбасына қатысты шешімді қалай қабылдайды?
[9-беттегі сурет]
Әйелі күйеуін қолдайтынын қандай жағдайларда көрсете алады?
[10-беттегі сурет]
Балалар ата-аналарының жақсы үлгісіне еліктейді