Киелі кітаптағы кеңестер қазіргі таңда да пайдалы
“Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылған әрі тиімді” (ТІМОТЕГЕ 2-ХАТ 3:16).
ҒАСЫРЛАР бойы Киелі кітап өскен ортасы әртүрлі адамдарға өмірлерін жақсы жаққа өзгертуге көмектесіп келеді. Жоғарыда келтірілген жазба орнынан көрінетіндей, мұның себебі — Киелі кітаптағы даналық Құдайдан келген. Оны жазған адамдар Құдайдың ойын жазған. Киелі кітапта былай делінген: “Адамдарға Оның хабарларын айтуға Құдайдың Киелі Рухы қозғау салып отырды” (Петірдің 2-хаты 1:21).
Киелі кітаптағы кеңестердің пайдалы болуының, кем дегенде, екі себебі бар. Біріншісі, ол өміріңізді жақсартудың тура жолын көрсетеді. Екіншісі, жақсы өмірге жету үшін сол тура жолмен жүруге талпындырады. Қазір осы екі жайтты қарастырайық.
Дұрыс мақсат қоюға көмектесетін пайдалы кеңестер
Киелі кітапта Құдайдың келесі уәдесі жазылған: “Мен саған ақыл-кеңес беремін, Жүретін жолыңды көрсетемін. Сені таса қылмай көзімнен, Әрдайым жетелеп жүремін Мен” (Забур 31:8). Байқасаңыз, Құдай кеңес беріп қана қоймайды, сонымен қатар туындаған жағдайдың түп тамырын көруге көмектесетін қабілет, яғни ақыл береді. Осы қабілеттің арқасында өмірімізді мағынасыз нәрселер үшін босқа сарп етпей, шын мәнінде пайдалы мақсаттарға ұмтыламыз.
Қазіргі кезде көп адамның есіл-дерті — мансап қуу не байлыққа қол жеткізу. Өзін-өзі жетілдіруге арналған кітаптар қулық-сұмдық арқылы байлық пен жоғары дәрежеге қалай жетуге болатыны жайлы кеңестерге толы. Ал Киелі кітапта болса: “Адамдар ортасында өзара қызғаныш... бос әбігершілік пен таусылмас азап! Күмісті жақсы көретін адамның, күміске ешқашан көзі тоймайды”,— деп жазылған (Екклесиаст 4:4; 5:10). Бұл сөздер шын мәнінде пайдалы ма?
Мұны пайымдау үшін жапондық Акиноридің басынан өткен жағдайды қарастырайық. Акинори қатаң іріктеуден өтіп, алдыңғы қатарлы университетке қабылданады да, оны бітіріп шыққан соң, беделді фирмаға жұмысқа орналасады. Осылайша ол алдына қойған мақсатына қол жеткізеді. Алғашында оған барлығы да ойдағыдай болып көрінеді. Алайда жетістіктерге жеткенімен, бақытты бола алмайды. Қайта, жүйкесі әбден тозып, қажығаннан ауыр дертке шалдығады. Бірге жұмыс істейтін жолдастарының көмегі де шамалы болады. Жаны күйзелген ол, ішкілікке салынады, тіпті өз-өзіне қол салғысы да келеді. Бірде Акинори Ехоба куәгерлерімен бірге Киелі кітап зерттеуді бастайды. Киелі кітаптан білгендері оған көзқарасын өзгертуге және өмірде ненің маңызды екенін түсінуге көмектеседі. Уақыт өте келе Акинори дертінен айыға бастайды. Менмендік пен атаққұмарлықтан арылған ол Киелі кітаптағы: “Жан тыныштығы ғұмырды ұзартар”,— деген сөздердің растығына көз жеткізеді (Нақыл сөздер 14:30).
Сіздіңше, өмірде ұмтылуға тұрарлық ең басты мақсат қандай? Не нәрсеге қол жеткізгеніңіз сізге шынайы бақыт әкелер еді? Жақсы жар тапқаныңыз ба? Әлде балаларды аяққа тұрғызу ма? Бәлкім, досыңыздың көп болғаны шығар? Немесе ойнап-күліп өмір сүру ме? Әрине, бұлардың бәрі жақсы мақсаттар. Алайда Киелі кітаптың түсіндіруінше, өмірдің басты мәні мен мақсаты бұлар емес. Пайдалы кеңестердің көзі — Құдай Сөзінде өмірден нағыз қанағат алу үшін шын мәнінде не қажет екені айтылған. Онда былай делінген: “Құдайдан қорық және Оның шарттарын сақта, өйткені адам баласына қажеттілердің баршасы осының ішінде” (Екклесиаст 12:13). Құдайдың осы өсиетін орындауға немқұрайды қарайтын болсақ, өміріміз мән-мағынасыз өтіп, барлық нәрседен көңіліміз қалады. Ал Құдайдың талаптарын орындайтын адам туралы Киелі кітапта: “Жаратқанға сенім артқан бақытты болар”— делінген (Нақыл сөздер 16:20).
Киелі кітап адамды өмірін өзгертуге талпындырады
Елші Пауыл былай деп жазған: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Еврейлерге 4:12). Киелі кітаптың адамның өмірін жақсы жаққа өзгерте алатын құдіреті бар. Ол адамға өз болмысын танып білуге көмектеседі. Сонда кішіпейіл адамдар өзгеруі қажет екенін түсінеді. Мысалы, ежелдегі Қорынт қаласындағы бұрын ұрлық жасаған, ішкілікке салынған, азғын өмір кешкен мәсіхшілерге елші Пауыл былай деген: “Бұрын кейбіреулерің сондай болдыңдар, алайда сендер күнәдан тазарып, енді... Құдайымыздың Рухы арқылы Оның қасиетті халқы болып, ақталдыңдар” (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Бүгінде де Құдайдың киелі рухы құдіретті әрі белсенді әрекет етуде; ол адамдарға өмірлерін жақсы жаққа өзгертуге қозғау салады.
Еуропада тұратын Марио қатыгез болған және марихуана шегетін әрі оны сатумен айналысатын. Бірде полиция қызметкері Марионы есірткі сатып тұрған жерінен ұстап алған болатын. Сонда ол қатты ашуланып, полиция қызметкерін тарпа бас салды да, көлігінің тас-талқанын шығарды. Оның үстіне, Марио жұмыс істемейтін әрі қарыздары басынан асып кеткен еді. Осы жаман әдеттерінен өздігінен арыла алмайтынын түсініп, ол Киелі кітапты зерттеуге келісті. Көп ұзамай Марио рухани қадамдар жасап, сырт-көрінісін қалпына келтірді, есірткі қабылдауды, сатуды және ашуға берілуді доғарды. Бұрынғы өмір салтын білген адамдар Марионы көргенде, оны тоқтатып: “Марио, бұл сенбісің?”— деп қатты таңғалып жүретін болды.
Акинори мен Марионы және басқа да адамдарды өмірлерін күрт өзгертуге және нағыз қанағат тауып, қуанышқа бөленуге не талпындырды? Әрине, бұл Киелі кітапты зерттеу арқылы ие болған Құдай туралы білім екені анық. Тек Құдай ғана қазір бақытты өмір сүруге және болашақтағы мәңгі өмірге жетуге көмектесетін пайдалы кеңестер бере алады. Қамқор әке секілді Ехоба Құдай Киелі кітап арқылы былай дейді: “Балам, зейін қойып сөзімді қабыл ал! Сонда сенің ғұмырың ұзақ болар... Лайым сені тура жолмен жетелеймін. Сол жолмен бөгелмей еркін жүресің, Жүгірсең де ешқашан сүрінбейсің. Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма, Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта” (Нақыл сөздер 4:10—13). Шынында да, Жаратушымыз беретін басшылықтан пайдалы өзге басшылықтың болуы мүмкін емес.
[7-беттегі қоршау/сурет]
Қазіргі уақытқа арналған пайдалы кеңестер
Киелі кітапта өмірдің барлық саласына арналған пайдалы кеңестер жазылған. Төменде кейбір мысалдар келтірілген:
• Басқалармен жақсы қарым-қатынаста болу
‘Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!’ (Матай 7:12).
‘Араларыңда ең кішік кім болса, ең ұлыларың сол’ (Лұқа 9:48).
‘Қонақжайлылық танытыңдар!’ (Римдіктерге 12:13).
• Жаман әдеттерден арылу
“Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар” (Нақыл сөздер 13:20).
“Шарап ішіп, етке тоймас, Мешкейлерге қосылма!” (Нақыл сөздер 23:20).
“Ызақормен дос болма, Ашушаңмен байланыспа” (Нақыл сөздер 22:24).
• Берік отбасын құру
“Әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің, ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті” (Ефестіктерге 5:33).
‘Ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер! Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар!’ (Қолостықтарға 3:12, 13).
• Балаларға көмектесу
“Баланы жастан салсаң тура жолға, Есейгенде ол содан таймайды да” (Нақыл сөздер 22:6).
“Ал ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4).
• Ашу-ыза, ұрыс-керістен аулақ болу
“Жәбір сөз ашу туғызар, Биязы жауап ашуды басар” (Нақыл сөздер 15:1).
“Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар” (Римдіктерге 12:10).
Тіпті достарымыздың арасында іскерлік істерге қатысты жазбаша түрде келісім жасап алғанымыз түсініспеушіліктен сақтайды. Құдайдың қызметшісі Еремия былай деп жазған: “Және де осыны кітапқа жаздым да мөр бастым, соған куәгерлерді шақырдым да таразыға салып күмісті өлшедім” (Еремия 32:10).
• Дұрыс көзқарас дамыту
‘Күллі шынайы, ұнамды да тартымды, қандай да адамгершілікті және мақтауға тұрарлық қасиет болмасын, солар туралы ойланатын болыңдар!’ (Філіпіліктерге 4:8).
Киелі кітапта жағымсыз ойларға беріліп, ‘ұдайы наразылық білдіріп, күңкілдеу’ айыпталады. Онда былай делінген: ‘Лайым үміттеніп қуаныңдар’ (Яһуда 4, 16; Римдіктерге 12:12).
Осы керемет кеңестерге құлақ асқанымыз жан тыныштығына кенеліп, қанағат сезіміне бөленуге ғана емес, Құдайдың талаптарына сай болып, баталарына ие болуға да көмектеседі. Киелі кітапта былай делінген: “Әділдер осылай елді иеленеді, Өмір бақи оны мекен етеді” (Забур 36:29).
[5-беттегі суреттер]
Акиноридің кәсіпкер болған кезі (сол жақта) және қазіргі уақытта әйелімен бірге Киелі кітаптағы шындықты қуанышпен айтып жүрген кезі