Өзіңізді зұлым рухтардан қорғаңыз
ДЖЕЙМС Соломон аралдарындағы Малаита деген жердің оқшау аймағында туған. Ол жас кезінен рухтарға сеніп өскен. Джеймс былай дейді: “Мен ешқашан рухтардан біреуге зиян келтіруді өтінген емеспін. Бірақ тыныш өмір сүруім үшін рарафоно ырымынa жасау арқылы өзімді залалдан қорғауым керек деп ойлайтынмын”.
Жер бетіндегі көптеген адамдар сияқты Соломон аралдарының тұрғындары да рухтар адамдарға не көмектеседі, не зиян келтіреді деп сенеді. Негізінде, олардың көпшілігі өздері жақсы деп есептейтін рухтардан қорықпайды, керісінше, оларды жандарына жақын тұтады.
Рухтардың күшіне деген сенімі адамдарды әртүрлі әрекетке итермелейді. Мысалы, Джеймстің бала кезінде ауыл әйелдері корокороның (көкектің бір түрі) даусын ести сала балаларын үйге кіргізіп тастайтын. Неге? Өйткені олардың ойынша, бұл құс жамандықтың жаршысы еді.
Ал қазір сол ауылдың адамдарының кейбірі есіктің жақтауының жоғарғы жағына ақ тас іліп қояды. Джеймс те осылай істейтін. Ол тастың зұлым рухтардан қорғайтын күші бар деп сенетін. Бұған қоса Джеймс жұмыста жүргенде, түскі тамақтан қалған қалдықтарды жинап, сөмкесіне салып алатын. Себебі әлдебіреу қалдықтарды тауып алып, дуа жасайды деп қорқатын.
Сіздің еліңізде дәл мұндай ырым жоқ болар. Алайда Джеймс секілді сіз де зұлым рухтардан қорғанудың қандай да бір ырымын жасайтын шығарсыз. Оларды ұстанбасам, зұлым рухтар зиян тигізеді деп ойларсыз.
Киелі жазбаларға сенсеңіз, келесі сұрақтардың жауабын білгіңіз келері сөзсіз: 1) Зұлым рухтар қандай зиян келтіреді? 2) Кейбір әдет-ғұрыптарды ұстану арқылы жындардың ықпалына түсіп қалмаймыз ба? 3) Тыныш өмір сүру үшін нағыз қорғанышты қайдан табуға болады?
Зұлым рухтар қалай зиян келтіреді?
Киелі кітапта зұлым рухтар аруақтар емес екені айтылады. Онда былай делінген: “Тірілер өлетінін біледі, ал марқұмдар ештеңені болжай алмайды” (Екклесиаст 9:5). Зұлым рухтар — шын мәнінде, адамдарды алдауға тырысып жүрген Шайтанға қосылған бүлікшіл періштелер (Аян 12:9).
Жазбалардан зұлым рухтардан қорғануымыз керек екені анық көрінеді. Елші Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге былай деп жазды: “Біз адам баласына қарсы емес... көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”. Елші Петір барлық зұлым рухтардың билеушісі — Шайтан Ібілісті ‘қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүрген’ ақырған арыстан ретінде суреттеген (Ефестіктерге 6:12; Петірдің 1-хаты 5:8).
Шайтан әдетте адамдарды алдап, Құдайға ұнамсыз әрекеттерге итермелеу немесе азғыру арқылы зиян тигізеді. Киелі кітап Шайтанның өзі ‘өңін айналдырып, нұрлы періште болып көрінетінін’ айтады (Қорынттықтарға 2-хат 11:14). Ол өзін қорғаушы ретінде көрсетеді, бірақ оның ниеті арам. Шайтан өзі және Құдай жайлы шындықты адамдар білмеу үшін олардың “саналарын соқыр қылып қойған” (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Ол адамдарды қандай мақсатпен алдайды?
Шайтан адамдардың өзіне ғибадат етуін көксейді. Ол тіпті Құдай Ұлы Исаның да өзінің ‘аяғына жығылып табынғанын’ қалады. Иса оған: “Кет қасымнан, шайтан! “Құдай Иеңе ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!” деп жазылған ғой!”— деді (Матай 4:9, 10). Иса Шайтанға ғибадат еткенмен бірдей болатын нәрселердің бәрінен бас тартқан.
Ехоба Құдай — ең құдіретті рухани тұлға. Ол өзіне мойынсұнатындардың орны толмастай жапа шегуіне жол бермейді (Забур 83:18 ЖД; Римдіктерге 16:20). Бірақ біз Иса сияқты Ехобаға ұнамды болғымыз келсе, Шайтанға немесе оның жын-перілеріне ғибадат еткенмен тең болатын әрекеттерден аулақ болуымыз керек. Сондықтан ұстанып жүрген әдет-ғұрыптарымыз жындарға ғибадат етумен байланысты ма, жоқ па, соны анықтап алуымыз керек. Мұны қалай істеуге болады?
Құдайға ұнамсыз әдет-ғұрыптарды анықтау
Ехоба Құдай өзінің ежелгі халқы исраилдіктерді көрші халықтардың әдет-ғұрыптарын үйренуден сақтандырған. Ол былай деген: “Көріпкел, көзбайлаушы, балгер, сәуегей сенімен бірге тұрмауы керек, аруақтарды шақыратын бақсы, сиқыршы сенің жаныңда болмауы керек”. Сондай-ақ Киелі кітапта: “Осыларды жасайтын кез келген адам Жаратушы Иенің, сенің Құдайыңның алдында жексұрын болады”,— делінген (Заңды қайталау 18:10—12).
Олай болса, жергілікті аймақтағы әдет-ғұрыптар жайлы ойланып көріңізші: Олар ырымдармен байланысты емес пе? Әдет-ғұрыптардың астарында жансыз заттың жамандықтан қорғайтын күші бар деген сенім жатқан жоқ па? Олар дуадан қорғайды деген мақсатпен жасалмай ма? Бұл әрекет Ехоба Құдай мен оның тағайындалған өкілі Исадан басқа рухтарға мойынсұну болып табылмай ма? (Римдіктерге 14:11; Філіпіліктерге 2:9, 10).
Мұндай нәрселер байқалатын әдет-ғұрыптардан аулақ болуымыз керек. Неліктен? Елші Пауыл рухтың жетелеуімен: “Иеміздің және жындардың да дастархандарына бірдей қатысуларыңа болмайды!”— деген. Сондай-ақ Пауылдың ескертуінше, адамның Құдайға да, басқа рухтарға да ұнамды болуға тырысқаны ‘Құдайдың қызғанышының қозуына’ түрткі болады (Қорынттықтарға 1-хат 10:20—22). Ехоба Құдай адамнан шексіз берілгендікті талап етеді, әрі ол бұған лайық (Мысырдан шығу 20:4, 5).
Енді мына сұрақты да қарастырып көрейік: әлдебір әдет-ғұрып адам өз іс-әрекетінің салдарына жауапты емес деген ойды қолдай ма? Мысалы, көп елдің мәдениетінде, сондай-ақ Киелі кітапта жұбайының көзіне шөп салу мен некеге дейінгі жыныстық қатынас айыпталады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Алайда Тынық мұхиты аймағындағы елдердің кейбірінде қыздың некеге дейін еркекпен жыныстық қатынасқа түскені кейде айыпталмайды. Өйткені ол “көк шөппен”b дуаланғандықтан, осындай әрекетке барғанын айтып ақталуы мүмкін.
Алайда Киелі кітапта біз өз іс-әрекетіміз үшін жауапты екеніміз айтылған (Римдіктерге 14:12; Ғалаттықтарға 6:7). Бірінші әйел Хауа Құдайдың тілін алмауға итермелеген Шайтан екенін айтып: “Мені жылан азғырған соң жедім”,— деген болатын. Бірақ Ехоба Хауаны іс-әрекеті үшін жауапқа тартты (Жаратылыс 3:13, 16, 19). Біз де Ехобаның алдында іс-әрекетіміз үшін жауап береміз (Еврейлерге 4:13).
Зұлым рухтардан қорғану үшін не істеу керек?
Құдайға ұнамды болып, Киелі кітаптың принциптерімен өмір сүргіңіз келсе, сізге өте маңызды қадамдар жасау қажет. Бұған қатысты бірінші ғасырда Ефес қаласында өмір сүрген ақжүректі адамдар бізге жақсы үлгі қалдырды. Олар зұлым рухтардың ықпалынан босау үшін барлық сиқырлыққа қатысы бар кітаптарын жинап алып, ‘көпшіліктің алдында өртеп жіберген’ еді (Елшілердің істері 19:19).
Сондай-ақ бұл адамдар кітаптарын өртемес бұрын, ‘жасаған күнәларын ашық мойындаған’ болатын (Елшілердің істері 19:18). Елші Пауылдың Иса Мәсіх туралы айтқан сөздері олардың жүрегіне дейін жетіп, сиқырлық жайлы кітаптарын жоюға талпындырған, сондай-ақ әдет-ғұрыптарына деген көзқарастарын өзгерткен.
Негізінде, санамызға сінген әдет-ғұрыптардан бас тарту оңайға соға бермейтіні рас. Жоғарыда айтылып кеткен Джеймстің бұған көзі жетті. Ол Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуді бастаған және зерттеу сабағында білгендері оған ұнайтын. Алайда ол рарафоно ырымын жасауды тоқтатпады. Ол неге бұлай ете беретіні туралы ойланғанда, Ехобаның болашақта орындалатын уәделеріне сенсе де, зұлым рухтардан қорғану үшін осы ырымды жасай беруім керек деген ұғым санасына сіңіп кеткенін түсінді.
Джеймске көзқарасын өзгертуге не көмектесті? Ол былай деді: “Мен Ехобаға дұға етіп, қорғап-қолдауын және өзіне сенім артуға көмектесуін сұрадым. Бұған қоса баяғы ырымымды тастадым”. Осылай еткенінің Джеймске зияны тиді ме? Ол: “Жоқ,— дейді.— Қайта, ырым жасауды қойғаннан кейін Ехобаға арқа сүйеуді үйрендім. Сонымен қатар оның жақын дос бола алатынына көзім жетті”. Соңғы жеті жыл бойы Джеймс басқа адамдарға Киелі кітаптағы шындықты үйретіп, толық уақытты қызмет атқарып жүр.
Джеймс сияқты, сіз де жергілікті ырымдар жайлы ойланып көріңізші. Бұлардың Құдайға ұнамды-ұнамсыз екенін ақылмен саралап-салмақтаңыз (Римдіктерге 12:1, 2). Сосын, рухтармен байланысы барларынан еш қорықпастан бас тартыңыз. Осылай етсеңіз, Ехоба сізді қорғап-қолдайды (Қорынттықтарға 2-хат 6:16—18). Джеймс секілді, Киелі кітаптағы: “Жаратқан Иенің есімі — мықты мұнара, Бас сауғалар әділге қауіпсіз пана”,— деген сөздердің растығына көзіңіз жетеді (Нақыл сөздер 18:10).
[Сілтемелер]
a Рухтарды шақыру ырымы.
b Бұл атау шөпті не тамақты дуалап, сосын оны қызға беретін ырымды білдіреді. Сонда дуаланған шөп не тамақ қыздың бойында еркекке деген құмарлығын оятады-мыс. Бірақ бұл қызға білдіртпей есірткі беріп, оны зорлаған жағдаймен бірдей емес. Мұндай жағдайда ол кінәсіз болып есептеледі.
[26-беттегі сурет]
Корокоро
[Түпдерек]
Courtesy of Dr. Bakshi Jehangir
[26-беттегі сурет]
Ауыл қызы дуадан сақтану үшін тамақтың қалдықтарын теріп жүр