Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.4. 24—28 бет.
  • Мұсадан жолы үлкен тұлғаны бағалаңдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мұсадан жолы үлкен тұлғаны бағалаңдар
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Мәсіхтің бейнесі болған Құдайдың қызметшілері
  • Мұса Исаның бейнесі болған
  • Иса мен Мұсаның ұқсастықтары
  • Мәсіхті пайғамбар ретінде мойында
  • Мәсіхті келістіруші ретінде бағала
  • Мәсіхті құтқарушы ретінде құрметте
  • Ехобаның жолдарын біл
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Мұсаның сеніміне елікте
    2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Мұса сүйіспеншілік танытқан пайғамбар
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Мұса кім болған?
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.4. 24—28 бет.

Мұсадан жолы үлкен тұлғаны бағалаңдар

“Құдай Иеміз сендерге мен сияқты бір Пайғамбарды бауырластарыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарының бәрін тыңдаңдар” (ЕЛ. ІС. 3:22).

1. Иса Мәсіх адамзат тарихына қалай әсер етті?

ЕКІ МЫҢ жыл бұрын дүниеге бір ұл бала келгенде, көктегі періштелердің үлкен тобы Құдайға мадақ айтқан, ал мұны далада мал күзетіп жатқан бірнеше адам естіген (Лұқа 2:8—14). Отыз жылдан кейін ер азамат болған бұл бала қызметіне кірісті. Қызметі үш жарым жылға созылса да, адамзат тарихын өзгерте алды. XIX ғасырдың атақты тарихшысы Филип Шафф бұл адам жайлы былай деген: “Бір сөз жазбаса да, ол көп адамды қолына қалам алуға талпындырды, сондай-ақ көптеген уағыз бен баяндаманың, пікір алысудың, танымдық кітаптың, өнер туындысының және мадақтау жырларының пайда болуына негіз берді. Оның осындай ықпалы бұрын-соңды өмір сүрген ұлы адамдардікін түгел алғандағыдан да зор болды”. Әңгіме, әрине, Иса Мәсіх туралы болып отыр.

2. Елші Жохан Иса мен оның қызметі жайлы не айтқан?

2 Елші Жохан Исаның қызметі жайлы кітап жазып, соңында былай деген: “Исаның істеп кеткен көптеген басқа да істері бар. Олар туралы толықтай жазса, жазылуға тиісті кітаптар, менің ойымша, бұл дүниеге сыймас еді” (Жох. 21:25). Ол Исаның үш жарым жыл ішінде айтқандары мен істегендерінің шамалысын ғана жаза алатынын мойындаған. Дегенмен Жохан жазған Ізгі хабардағы тарихи оқиғалар өте құнды болып табылады.

3. Исаның Құдай ниетіндегі рөлін тереңірек түсінуге не көмектеседі?

3 Маңызды төрт Ізгі хабардан басқа, Киелі кітаптың өзге жерлерінен де Исаның өміріне қатысты сенім нығайтатын жайттарды білуге болады. Мысалы, Исадан бұрын өмір сүрген кейбір адал адамдардың өмірі жайлы Киелі кітаптағы мәліметтер оның Құдай ниетіндегі рөлін тереңірек түсінуге көмектеседі. Солардың кейбірін қарастырайық.

Мәсіхтің бейнесі болған Құдайдың қызметшілері

4, 5. Кімдер Исаның бейнесі болған және қалай?

4 Жохан мен Ізгі хабардың басқа үш жазушысының айтуынша, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен Құдайдың Майланғаны әрі болашақ Патша Исаның бейнесі болған. Құдайдың осы қызметшілері Исаның рөлін қалайша бейнелеген және бұдан біз не білеміз?

5 Қысқаша айтқанда, Киелі кітапта Мұсаның пайғамбар, келістіруші және құтқарушы болғаны жазылған. Иса да — пайғамбар, келістіруші және құтқарушы. Дәуіт бағушы және Исраилдің жауларын жеңген патша болған. Иса да Құдай халқының бағушысы және жеңімпаз Патшасы болып табылады (Езек. 37:24, 25). Ал Сүлеймен Құдайға адал болып жүрген шағында, дана патша болған әрі оның тұсында Исраил тыныштықта өмір сүрген (Пат. 3-ж. 4:25, 29). Иса — ең дана патша, әрі ол Киелі кітапта “тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әмірші” деп аталады (Ишая 9:6). Мәсіх Исаның Құдай ниетіндегі рөлі осы қызметшілердікіне ұқсас, бірақ олардан әлдеқайда зор екені анық. Алдымен, Исаны Мұсамен салыстырайық, бұл оның Құдай ниетіндегі рөлін толығырақ түсініп, бағалауға көмектеседі.

Мұса Исаның бейнесі болған

6. Исаны тыңдау қажет екенін елші Петір қалай түсіндірді?

6 Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамынан кейін көп ұзамай елші Петір ғибадатханада жиналған халықтың алдында тұрып, Мұсаның Иса Мәсіхте орындалған пайғамбарлығын келтіреді. Петір мен Жохан сал болып туылған бір қайыршыны сауықтырғанда, жұрт ‘аң-таң болып’, оқиғаның мән-жайын білуге жиналған еді. Сонда Петір бұл кереметтің Иса Мәсіх арқылы әрекет етіп жатқан Ехобаның киелі рухының арқасында болғанын түсіндірді. Бұдан кейін ол Еврей жазбаларындағы үзіндіге назар аударып: “Мұса ата-бабаларымызға былай деген еді ғой: “Құдай Иеміз сендерге мен сияқты бір Пайғамбарды бауырластарыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарының бәрін тыңдаңдар”,— деді (Ел. іс. 3:11, 22, 23; Заңды қайталау 18:15, 18, 19).

7. Мұсадан жолы үлкен пайғамбар туралы айтқаны Петірдің тыңдаушыларына неге түсінікті еді?

7 Мұсаның осы сөздерін Петірдің тыңдаушылары жақсы білгенге ұқсайды. Олар еврей болғандықтан, Мұсаны құрметтеген (Заң. қ. 34:10). Халық Мұсадан жолы үлкен пайғамбардың келуін күткен. “Ол Мәсіх — Құдайдың Таңдаулысы” болу керек еді (Лұқа 23:35).

Иса мен Мұсаның ұқсастықтары

8. Мұса мен Исаның өміріндегі кейбір ұқсастықтар қандай?

8 Исаның жердегі өміріндегі кейбір жайттар Мұсанікіне ұқсас болған. Мысалы, екеуін де нәресте шағында қатыгез билеуші өлтірмек болған, бірақ олар аман қалған (Мыс. ш. 1:22—2:10; Мат. 2:7—14). Сондай-ақ екеуі де Мысырдан шығарылған. Ошия пайғамбар Ехобаның сөздерін келтіріп, былай деген болатын: “Исраилдың жігіт шағында Мен оны жақсы көріп ем, сөйтіп Өз ұлымды Мысырдан алып шығып ем” (Ошия 11:1). Ошияның бұл сөздері Ехобаның Мұса арқылы Исраил халқын Мысырдан алып шыққан кезіне нұсқады (Мыс. ш. 4:22, 23; 12:29—37). Алайда оның айтқандары пайғамбарлық та еді. Бұл Ирод патша өлгеннен кейін Жүсіп пен Мәриям Исаны алып Мысырдан қайтқан кезде орындалды (Мат. 2:15, 19—23).

9. а) Мұса мен Иса қандай кереметтер жасаған? ә) Иса мен Мұсаның басқа да ұқсастықтарын келтір. (26-беттегі “Иса мен Мұсаның тағы басқа ұқсастықтары” деген қоршауды қара.)

9 Мұса да, Иса да кереметтер жасаған, бұл оларды Ехобаның өзі қолдағанын көрсетті. Киелі кітапқа сай, кереметтер жасаған тарихтағы ең бірінші адам Мұса еді (Мыс. ш. 4:1—9). Мысалы, оның әмірімен Ніл өзені және оның тоғандары қанға айналды, Қызыл теңіз қақ жарылды, сондай-ақ шөл далада жартастан су ақты (Мыс. ш. 7:19—21; 14:21; 17:5—7). Иса да сумен байланысты кереметтер жасаған. Бір үйлену тойында ол суды шарапқа айналдырып, алғашқы кереметін жасады (Жох. 2:1—11). Кейін Иса Ғалилея көлінде көтерілген дауылды басты. Ол тіпті су бетімен жүрген (Мат. 8:23—27; 14:23—25). Мұса мен Исаның тағы басқа ұқсастықтары 26-беттегі қоршауда жазылған.

Мәсіхті пайғамбар ретінде мойында

10. Нағыз пайғамбар деп кімді айтады және неге Мұсаны дәл сондай пайғамбар деуге болады?

10 Адамдардың көбісі пайғамбар деп болашақты алдын ала айтатын адамды есептейді, бірақ бұл оның міндетінің бір қыры ғана. Нағыз пайғамбар — “Құдайдың ұлы істерін” жариялап, рухтың жетелеуімен сөйлейтін Ехобаның өкілі (Ел. іс. 2:11, 16, 17). Бұдан басқа ол болашақтағы жайттарды хабарлайды, Ехобаның ниетінің қырларын ашады немесе оның үкімін жариялайды. Мұса дәл осындай пайғамбар болған. Ол Мысырдың басына түскен он жазаның әрқайсысын алдын ала айтқан. Синай тауында исраилдіктерге Заң келісімін берген. Сондай-ақ халықты Құдайдың еркін орындауға үйреткен. Дегенмен Мұсадан жолы үлкен пайғамбар келу керек еді.

11. Мұсадан жолы үлкен пайғамбар ретіндегі рөлін Иса қалай орындады?

11 Б. з. б. бірінші ғасырда Зәкәрия өзінің баласы Жақияға қатысты Құдайдың еркін ашып, пайғамбарлық айтты (Лұқа 1:76). Кейінірек, сол ұлы шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия ретінде танымал болды. Ол халықтың көптен бері күткен Мұсадан жолы үлкен пайғамбардың, Иса Мәсіхтің, келетінін жариялады (Жох. 1:23—36). Пайғамбар ретінде Иса көптеген жайттарды алдын ала айтқан. Мысалы, ол өзінің қалай, қай жерде және кімнің қолынан қаза болатынын пайғамбарлық еткен (Мат. 20:17—19). Сондай-ақ Иса тыңдаушыларын таңғалдырып, Иерусалим мен ондағы ғибадатхананың жойылатынын айтқан (Мар. 13:1, 2). Ол тіпті біздің күнімізде болып жатқан оқиғаларды алдын ала айтып кеткен (Мат. 24:3—41).

12. а) Қалай Иса дүниежүзілік уағыздау және тәлім беру ісіне бастау берді? ә) Исадан біз қандай үлгі аламыз?

12 Иса пайғамбар ғана емес, уағыздаушы және тәлімгер болған. Ол Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздады және зор батылдықпен сөйлеген (Лұқа 4:16—21, 43). Иса теңдесі жоқ тәлімгер болған. Оның тыңдаушылары: “Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес!”— деген (Жох. 7:46). Иса ізгі хабарды зор құлшыныспен жариялады, әрі мұнысы ізбасарларына қатты әсер етті. Осылайша ол осы күнге дейін жалғасып келе жатқан дүниежүзілік уағыздау және тәлім беру ісіне бастау берді (Мат. 28:18—20; Ел. іс. 5:42). Өткен жылы Мәсіхтің шамамен жеті миллион ізбасары Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауға және адамдарға Киелі кітап шындықтарын үйретуге шамамен 1 500 000 000 сағат жұмсады. Осы маңызды іске сен де барынша атсалысып жүрсің бе?

13. ‘Сергек те салауатты жүруге’ не көмектеседі?

13 Ехобаның Мұса іспетті пайғамбардың келетіні жайлы уәдесі орындалды. Мұны білгенің саған қалай әсер етеді? Бұл жақын болашаққа қатысты пайғамбарлықтардың орындалатынына деген сеніміңді нығайта ма? Мұсадан жолы үлкен Исаның үлгісі туралы терең ой жүгірткеніміз жақында қандай оқиғалардың орын алатынын ұмытпай, ‘сергек те салауатты жүруге’ көмектеседі (Сал. 1-х. 5:2, 6).

Мәсіхті келістіруші ретінде бағала

14. Қалай Мұса исраилдіктер мен Құдайдың арасындағы келістіруші болды?

14 Иса Мәсіх Мұса сияқты келістіруші болған. Ехоба Мұса арқылы исраилдіктермен Заң келісімін жасасқан. Егер Жақыптың ұлдары Құдайдың осы заңдарын ұстанғанда, оның ерекше меншігі, яғни қауымы болып қалар еді (Мыс. ш. 19:3—8). Бұл келісім б. з. б. 1513 жылдан б. з. бірінші ғасырына дейін күшінде болды.

15. Неліктен Иса әлдеқайда жақсы келістіруші болып табылады?

15 Б. з. 33 жылы Ехоба жаңа Исраилмен, яғни ‘Құдайдың рухани Исраил халқымен’, бұрынғыдан әлдеқайда жақсы келісімге тұрды. Бұл халық майланған мәсіхшілердің дүниежүзілік қауымын құрайды (Ғал. 6:16). Мұса арқылы жасалған келісімдегі Құдайдың заңдары тасқа жазылса, Иса арқылы жасалған келісімдегі заңдар адам баласының жүрегіне жазылды. Сондықтан бұл — алдыңғысынан әлдеқайда жақсы келісім (Тімотеге 1-хат 2:5; Еврейлерге 8:10 оқы). Қазір ‘Құдайдың рухани Исраил халқы’ оның ерекше меншігі, яғни Мәсіх басқарған Патшалықтың ‘өнімін беріп тұратын халқы’, болып табылады (Мат. 21:43). Жаңа келісім осы халықтың мүшелерімен жасалған. Бұл әлдеқайда жақсы келісім болғандықтан, оның игілігін сансыз көп адам, тіпті өлім ұйқысында жатқандар да, көріп, мәңгілік баталарға ие бола алады.

Мәсіхті құтқарушы ретінде құрметте

16. а) Ехоба Мұсаны Исраилді құтқару үшін қалай қолданды? ә) Мысырдан шығу 14:13-ке сай, нағыз құтқарушы кім?

16 Мысырдан шығар түннің алдында исраилдіктердің тұңғыш балаларына өлім қаупі төніп тұрды. Өйткені шамалы уақыттан кейін Құдайдың періштесі Мысырды аралап, тұңғыш балалардың бәрін өлтірмек еді. Ехоба Мұса арқылы исраилдіктерге тоқтының қанын алып, үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жақса, тұңғыштары аман қалатынын айтты (Мыс. ш. 12:1—13, 21—23). Бұл солай болды. Кейін бүкіл халыққа өлім қаупі төнді: олар Қызыл теңіз бен соғыс күймелерімен өкшелеп қуып келе жатқан Мысыр әскерінің ортасында қалып, тұзаққа түскендей болды. Алайда Ехоба халқын құтқару үшін тағы да Мұсаны қолданып, теңізді керемет түрде қақ бөлді (Мыс. ш. 14:13, 21).

17, 18. Неге Иса Мұсадан зор құтқарушы болып табылады?

17 Ехобаның Иса арқылы құтқарғаны ең зор құтқарылу болып табылады. Иса арқылы тілалғыш адамдар күнәнің құрсауынан босады (Рим. 5:12, 18). Бұл мәңгілік азаттыққа жеткізеді (Евр. 9:11, 12). Исаның есімі “Ехоба — Құтқарушы” дегенді білдіреді. Ол Құтқаруышымыз ретінде бұрынғы күнәларымыздан азат етіп қана қоймай, керемет болашаққа жол ашты. Иса ізбасарларын күнәның құлдығынан босату арқылы Ехобаның қаһарынан аман қалуға және онымен жақын қарым-қатынаста болуға жол ашты (Мат. 1:21).

18 Иса адамзатты күнәдан құтқарды. Ал уақыты келгенде күнәнің салдары — аурудан, тіпті өлімнен азат етеді. Мұның қалай жүзеге асатынын түсіну үшін, 12 жасар қызы қайтыс болған Жайыр есімді кісінің үйінде болған оқиғаны қарастырып көрейік. Иса Жайырға: “Қорықпа, тек сенімің болсын, сонда қызың аман қалады”,— дейді (Лұқа 8:41, 42, 49, 50). Оның айтқанындай-ақ қыз қайта тірілді! Осы сәттегі ата-анасының қуанышын көз алдыңа елестете аласың ба? Ал өлгендер Исаның даусын естіп, қабірден шыққан кездегі біздің қуанышымызда шек болмайтыны жайлы ойлап көрдің бе? (Жох. 5:28, 29). Шынында да, Иса — біздің Құтқарушымыз! (Елшілердің істері 5:31 оқы; Тит. 1:4; Аян 7:10).

19, 20. а) Исаның Мұсанікінен зор рөлі жайлы ойланғанымыз бізге қалай әсер етеді? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?

19 Біз адамдарға Исаның құтқару үшін жасаған істерінің пайдасын көруге көмектесе аламыз. Мұны білгеніміз бізді уағыздау мен тәлім беру ісіне қатысуға талпындырады (Ишая 61:1—3). Сондай-ақ Исаның Мұсаныкінен зор рөлі жайлы ойланғанымыз, ол зұлымдарға шығарған үкімді жүзеге асыруға келгенде, өз ізбасарларын құтқаратынына деген сенімімізді нығайтады (Мат. 25:31—34, 41, 46; Аян 7:9, 14).

20 Иә, Исаның Мұсадан жолы үлкен. Ол Мұса ешқашан істей алмайтын көптеген тамаша істер жасаған. Исаның пайғамбар ретінде айтқан сөздері және келістіруші ретінде жасаған істері бүкіл адамзатқа пайдасын тигізуде. Ал Құтқарушы ретінде ол адамзатты уақытша емес, мәңгілік азат етеді. Алайда ежелдегі адал қызметшілерден Иса жайлы әлі де көп нәрсе білуге болады. Келесі мақалада оның Дәуіт пен Сүлеймендікінен әлдеқайда зор рөлін қарастырамыз.

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

Неліктен Иса Мұсадан жолы үлкен...

• пайғамбар

• келістіруші

• құтқарушы

...болып табылады?

[26-беттегі сурет/қоршау]

Иса мен Мұсаның тағы басқа ұқсастықтары

◻ Екеуі де Ехоба мен оның халқына қызмет ету үшін жоғары дәрежеден бас тартқан. Қор. 2-х. 8:9; Філіп. 2:5—8; Евр. 11:24—26

◻ Екеуі де майланған, немесе ‘мәсіх’, ретінде қызмет еткен. Мар. 14:61, 62; Жох. 4:25, 26; Евр. 11:26 ЖД

◻ Екеуі де Ехобаның атынан келген. Мыс. ш. 3:13—16; Жох. 5:43; 17:4, 6, 26

◻ Екеуі де момын әрі кішіпейіл болған. Ру. сан. 12:3; Мат. 11:28—30

◻ Екеуі де қалың тобырды тамақтандырған. Мыс. ш. 16:12; Жох. 6:48—51

◻ Екеуі де сот жүргізген және заң берген. Мыс. ш. 18:13; Малх. 4:4; Жох. 5:22, 23; 15:10

◻ Екеуіне де Құдай үйін басқару тапсырылған. Ру. сан. 12:7; Евр. 3:2—6

◻ Екеуі де Ехобаның адал куәгері болған. Евр. 11:24—29; 12:1 сілт.; Аян 1:5 сілт.

◻ Құдай Мұсаның да, Исаның да мәйітін керемет түрде жоқ қылған. Заң. қ. 34:5, 6; Лұқа 24:1—3; Ел. іс. 2:31; Қор. 1-х. 15:50; Яһд. 9

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу