Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.4. 28—32 бет.
  • Дәуіт пен Сүлейменнен жолы үлкен Исаны құрметтейік

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Дәуіт пен Сүлейменнен жолы үлкен Исаны құрметтейік
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Дәуіт Мәсіхтің бейнесі болған
  • Патша әрі Бағушы Исаның соңынан еріңдер
  • Жеңімпаз Патшаның соңынан еріңдер
  • Сүлеймен сұраған даналығына ие болды
  • Дана патшаның соңынан еріңдер
  • Бейбітшілік Патшасының соңынан еріңдер
  • “Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен”
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Дана патша Сүлеймен
    Киелі кітапта қандай хабар жазылған?
  • Көмек сұрап жалынғандарға кім қол ұшын береді?
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Өз еркіңді орындауға үйрете гөр”
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.4. 28—32 бет.

Дәуіт пен Сүлейменнен жолы үлкен Исаны құрметтейік

“Мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу бар!” (МАТ. 12:42).

1, 2. Адами тұрғыдан қарағанда, Дәуіттің майланбақ болғаны неге таңғалдырарлық еді?

САМУИЛ пайғамбар бұл қарапайым жас жігітті болашақ патша емес, жай ғана қойшы деп қабылдады. Оның үстіне, туған қаласы Бетлехем де аты шықпаған, тіпті “Яһуданың мыңдарының қатарына да қосылмайтын шағын” қала болатын (Миха 5:2 ЖД). Дегенмен шағын қаладан шыққан әрі елеусіз болып көрінген жас жігітті көп ұзамай Самуил пайғамбар Исраилдің болашақ патшасы етіп майламақ еді.

2 Есей патша болуға Құдай Дәуітті таңдайды деп ойламады. Самуил Құдайға адал болған Есейдің үйіне келіп, оның ұлдарының бірін болашақ патша етіп майламақ болғанда, сегіз ұлдың кенжесі Дәуіт тіпті алдына шақырылмаған да болатын. Бірақ Дәуітті Ехоба таңдады, ал бұл маңызды еді (Пат. 1-ж. 16:1—10).

3. а) Ехоба адамды қалай бағалайды? ә) Майланған кезден бастап Дәуіттің бойында қандай күш әрекет етті?

3 Ехоба Самуил көре алмайтын нәрсені көрді. Ол Дәуіттің бойындағы қасиеттерді көрді әрі бұл оған ұнамды болды. Құдай үшін адамның сырт көрінісі емес, жан дүниесі, болмысы маңызды (Патшалықтар 1-жазба 16:7 оқы). Сөйтіп, Ехоба Есейдің жеті ұлының бірін де таңдамағанын білгенде, Самуил қой бағып жүрген кенже ұлын шақыртады. Бұл былай болды: “Есей кісі жіберіп, ұлын алдыртты... Жаратқан Ие Самуилге: “Тұр, бұл сол, оған май жағу рәсімін жаса”,— деп бұйырды. Самуил алып келген құтысын қолға алып, Дәуітке ағаларының көзінше май жағу рәсімін орындады. Сол күннен бастап Жаратқан Иенің Рухы Дәуітке қонды” (Пат. 1-ж. 16:12, 13).

Дәуіт Мәсіхтің бейнесі болған

4, 5. а) Дәуіт пен Исаның кейбір ұқсастықтарын айтып бер. ә) Неліктен Исаның Дәуіттен мәртебесі зор?

4 Дәуіттен кейін 1 100 жыл өткенде, Бетлехем қаласында Иса да туылды. Оған да исраилдіктер патша емес, қарапайым адам деп қарады, яғни ол көпшіліктің ойындағыдай патша болмады. Алайда оны да Ехобаның өзі таңдады, әрі ол оның сүйіктісі болды (Лұқа 3:22)a. Исаға да ‘Жаратқан Иенің Рухы қонды’.

5 Дәуіт пен Исаның басқа да ұқсастықтары бар. Мысалы, Дәуітке кеңесшісі Ахитопел сатқындық жасаған болса, Исаны елшісі Яһуда Исқариот сатып кеткен (Заб. 40:10; Жох. 13:18). Екеуі де Ехобаға ғибадат ететін орын үшін зор құлшыныс танытқан (Заб. 26:4; 68:10; Жох. 2:17). Сондай-ақ Иса Дәуіттің мұрагері болды. Ол туылмай тұрғанда періште анасына: “Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды”,— деген (Лұқа 1:32; Мат. 1:1). Алайда Мәсіхке қатысты уәделердің бәрі Исада орындалғандықтан, ол Дәуіттен де мәртебесі зор әрі халық ұзақ уақыттан бері күткен Патша болып табылады (Жох. 7:42).

Патша әрі Бағушы Исаның соңынан еріңдер

6. Дәуіттің жақсы бағушы болғанын қайдан білеміз?

6 Иса да бағушы болып табылады. Жақсы бағушы деп кімді айтады? Отарына жем-шөбін беріп, аянбай қамқорлайтын және қауіп-қатерден батыл қорғайтын адамды айтады (Заб. 22:2—4). Дәуіт осындай бағушы болған. Ол жас кезінде әкесінің қойын баққан. Отарына арыстан не аю шапқанда, өмірін қатерге тігіп, қойларын батыл қорғаған (Пат. 1-ж. 17:34, 35).

7. а) Дәуітті патша болуға дайындаған не? ә) Иса ізгі Бағушы екенін қалай дәлелдеді?

7 Ұзақ жылдар бойы өрісте жүріп қой баққаны Дәуітті болашақта Исраил халқының бағушысы ретіндегі жауапкершіліктер мен міндеттерді мойнына алуға дайындады (Заб. 77:70, 71)b. Иса да жақсы бағушы екенін дәлелдеді. Ехоба оған “кішкентай қора” мен ‘басқа қойларды’ бағу үшін қажетті күш пен басшылық береді (Лұқа 12:32; Жох. 10:16). Сондықтан Иса ізгі Бағушы болып табылады. Ол отарын жақсы білетіні соншалық, әрбір қойды атымен шақырады. Оларды қатты сүйгендіктен, жерде болған кезінде, игіліктері үшін құрбандықтарға барды (Жох. 10:3, 11, 14, 15). Иса ізгі Бағушы болғандықтан, Дәуіт ешқашан істей алмайтынды істеді. Оның берген төлем құрбандығы адамзаттың өлімнен құтқарылуына жол ашты. Исаға ‘кішкентай қорасын’ көктегі өлмес өмірге, ал ‘басқа қойларын’ қасқыр іспетті адамдардан тазартылған жаңа дүниедегі мәңгі өмірге жеткізуге ешнәрсе кедергі жасай алмайды (Жохан 10:27—29 оқы).

Жеңімпаз Патшаның соңынан еріңдер

8. Неліктен Дәуітті батыл жауынгер болған дей аламыз?

8 Дәуіт патша Құдай халқының мекенін қорғаған батыл жауынгер еді, әрі “қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап” отырған. Дәуіттің қолбасшылығымен халық өз шекарасын Мысырдың шетіндегі өзеннен Евфрат өзеніне дейін кеңейтті (Пат. 2-ж. 8:1—14). Ехобаның қолдауымен ол ең қуатты билеушіге айналды. Бұл жайлы Киелі кітапта: “Дәуіттің аты барлық жерге жайылды және Жаратушы оны барлық халық үшін қорқынышты етті”,— делінген (Шеж. 1-ж. 14:17).

9. Болашақ Патша ретінде Исаның қалай жеңімпаз болғанын түсіндір.

9 Иса Дәуіт сияқты өжет адам болған. Болашақ Патша ретінде Иса жындардың құрсауындағы адамдарды босатып, олардан үстем екенін көрсетті (Мар. 5:2, 6—13; Лұқа 4:36). Тіпті Құдайдың қас жауы Шайтан Ібілістің де оған билігі жүрмеді. Ехобаның қолдауымен Иса Шайтанның қол астындағы дүниені жеңген (Жох. 14:30; 16:33; Жох. 1-х. 5:19).

10, 11. Исаның көктегі жауынгер Патша ретіндегі рөлі қандай?

10 Иса өліп, көкке қайта тірілгеннен кейін алпыс жылдай өткенде, елші Жохан пайғамбарлық аян көреді. Онда Иса көктегі жауынгер Патша ретінде суреттелген болатын. Жохан былай деп жазды: “Қарап қалсам, алдымда ақ боз ат тұр екен. Ат үстіндегінің қолында садағы, басында жеңімпаздың тәжі бар екен. Ол жеңу үшін жеңімпаз ретінде шықты” (Аян 6:2 сілт.). Ақ боз атқа мінген — Иса. Ол 1914 жылы ‘басына тәж’ кигізіліп, көкте Патша ретінде таққа отырды. Бұдан соң көп ұзамай ол Құдай Патшалығының Патшасы ретінде Шайтанмен шайқасты да, оны жын-перілерімен қоса жерге лақтырды. Осылайша Иса Дәуіт сияқты жеңімпаз патша болды (Аян 12:7—9). Исаның жорығы толық жеңіске жеткенге дейін, яғни Шайтанның зұлым дүниесін түп тамырымен жойғанға дейін, жалғасады (Аян 19:11, 19—21 оқы).

11 Иса — Дәуіт сияқты жанашыр патша. Ол ‘өте үлкен тобырды’ Һар-Магедоннан аман алып шығады (Аян 7:9, 14). Сондай-ақ қайта тірілген 144 000 серіктестерімен билік жүргізген кезінде “сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді” (Ел. іс. 24:15). Бұл адамдарға жер бетінде мәңгі өмір сүру мүмкіндігі беріледі. Оларды керемет болашақ күтіп тұр! Бәріміз де игілік істеуді жалғастыра берелік, сонда Дәуіттен жолы үлкен Патша билік жүргізгенде, оның жердегі әділ әрі бақытты азаматтарының қатарында боламыз (Заб. 36:27—29).

Сүлеймен сұраған даналығына ие болды

12. Сүлеймен Құдайдан не сұрады?

12 Дәуіттің ұлы Сүлеймен де Исаның бейнесі болдыc. Ол патша тағына отырғанда, Ехоба түсінде аян беріп, оған сұраған нәрсесінің бәрін беретінін айтады. Сүлеймен зор байлық пен күш, ұзақ өмір сұрауына болар еді. Бірақ ол шын көңілден Ехобаға: “Маған осы халықтың лайықты басқарушысы болуға даналық пен білік сыйлай гөр. Онсыз Сенің осыншама көп халқыңа дұрыстап билік жүргізу ешкімнің де қолынан келмейтін іс”,— дейді (Шеж. 2-ж. 1:7—10). Сонда Ехоба Сүлейменге сұрағанын берді (Шежірелер 2-жазба 1:11, 12 оқы).

13. Қалайша Сүлейменнің даналығының теңдесі болмады және бұл даналық оған қайдан келді?

13 Сүлеймен Ехобаға адал болған кезінде, заманынында теңдесі болмаған дана сөздер айтқан. Оның айтқан нақыл сөздерінің саны үш мыңға жетеді (Пат. 3-ж. 4:30, 32, 34). Олардың көбісі жазылып қалдырылған, әрі даналық іздегендер үшін әлі күнге дейін құнды болып табылады. Сәба елінің патшайымы 2 400 шақырым жерден келіп, Сүлейменнің даналығын “қиын сауалдар” қойып сынайды. Сонда ол Сүлейменнің айтқандарына және патшалығының сән-салтанатына қайран қалады (Шеж. 2-ж. 9:1—8). Оған мұндай даналық қайдан келгенін Киелі кітап былай көрсетеді: “Барлық патшалар Сүлейменмен жүздесіп, оның Құдай сыйлаған даналығын тыңдауды қалады” (Шеж. 2-ж. 9:23).

Дана патшаның соңынан еріңдер

14. Неліктен Исаның “Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор” болған?

14 Сүлейменнен даналығы асып түскен бір ғана адам болды. Ол — өзін “Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу” деп суреттеген Иса Мәсіх (Мат. 12:42). Иса “мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер” айтқан (Жох. 6:68). Мысалы, оның Таудағы уағызы Сүлейменнің нақыл сөздеріндегі принциптерді тереңірек түсіндіріп, толықтырады. Сүлеймен Ехобаның қызметшілерін бақытты ететін көп нәрсені түсіндірген (Нақ. с. 3:13; 8:32, 33; 14:21; 16:20). Иса болса нағыз бақыт Ехобаға ғибадат етумен және Оның уәделерінің орындалуымен байланысты екеніне баса назар аударды. Ол былай деді: “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты, өйткені аспан патшалығы солардікі” (Мат. 5:3 ЖД). Иса үйреткен ілімдердің астарындағы прициптерді ұстанатындар “өмірдің қайнар көзі” Ехобаға жақындайды (Заб. 35:10; Нақ. с. 22:11; Мат. 5:8). Мәсіх — ‘Құдайдың даналығының’ бейнесі (Қор. 1-х. 1:24, 30). Уәде етілген Патша Иса Мәсіхке ‘Жаратқан Иенің Рухы қонып, даналық дарыған’ (Ишая 11:2).

15. Құдайдан келген даналықтың пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?

15 Құдайдан келген даналықтың пайдасын көру үшін, біз Исаның ізбасарлары ретінде не істеуіміз керек? Бұл даналық Құдай Сөзінде жазылғандықтан, оны сол жерден табуға тырысуымыз керек. Демек, Киелі кітапты, әсіресе Иса айтқан сөздерді, мұқият зерттеп, оқығанымыздың үстінен ой жүгірткеніміз абзал (Нақ. с. 2:1—5). Сонымен қатар Құдайдан үздіксіз даналық сұрауымыз керек. Көмек сұрап, шын жүректен айтылған дұғаға Құдай міндетті түрде жауап беретінін білеміз (Жақ. 1:5). Киелі рухтың көмегімен біз Құдай Сөзіндегі қазына іспетті даналықты таба аламыз, бұл бізге қиыншылықтарды жеңуге және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі (Лұқа 11:13). Сүлеймен “қауым жинаушы” деп те аталған. Ол “халықты үнемі білімге үйретіп отырған” (Екк. 12:9, 10 ЖД). Иса да мәсіхшілер қауымының Басы болғандықтан, қауым жинаушы болып табылады (Жох. 10:16; Қол. 1:18). Сондықтан қауым кездесулеріне барып, “үнемі” білім алғанымыздың маңызы зор.

16. Сүлеймен мен Исаның қандай ұқсастығы бар?

16 Сүлеймен өте белсенді патша болған. Ол бүкіл елде жүргізілген құрылыс жұмысын ұйымдастырып, оның басшылығымен сарайлар, жолдар, сумен қамтамасыз ету жүйелері, азық-түлік сақтайтын қалалар мен жауынгерлерге арналған қалалар соғылды (Пат. 3-ж. 9:17—19). Мұның игілігін бүкіл халық көрді. Иса да құрылысшы болып табылады. Ол ‘іргетасқа’ өз қауымын салды (Мат. 16:18). Сондай-ақ ол жаңа дүниеде жүргізілетін құрылыс ісіне басшылық етеді (Ишая 65:21, 22).

Бейбітшілік Патшасының соңынан еріңдер

17. а) Сүлейменнің билігі несімен ерекше болды? ә) Сүлеймен нені істей алмады?

17 Сүлейменнің есімі “бейбітшілік” дегенді білдіретін еврей сөзінен шыққан. Ол Иерусалим қаласынан билік жүргізді, ал оның атауы “Екі еселі бейбітшілікке ие болған” деген мағына береді. Оның қырық жылдық билігі кезінде Исраил халқы бұрын-соңды болмаған тыныштықта өмір сүрді. Сол кез туралы Киелі кітапта былай делінген: “Иуда мен Исраил, әрбір адам өзінің жүзім ағашының астында, өзінің інжір ағашының астында Даннан Вирсавияға дейін Сүлеймен өмір сүрген барлық күндерде тыныштықта өмір сүрді” (Пат. 3-ж. 4:25). Алайда ол қаншама дана болса да, қол астындағы халықты аурудан, күнә мен өлімнен азат ете алмады. Ал одан жолы үлкен Патша өз азаматтарын мұның бәрінен құтқарады (Римдіктерге 8:19—21 оқы).

18. Мәсіхшілер қауымында біз қандай батаға иеміз?

18 Бүгінгі күннің өзінде мәсіхшілер қауымында бейбітшілік орнаған. Расында да, біз нағыз рухани жұмақтың рақатын көрудеміз. Құдаймен және бір сенімдегі бауырластармен татумыз. Осындай рухани жұмақты Ишая пайғамбар былай деп суреттеген: “Олар төс үстінде қаруын қайта соққылап, соқаға қылышын айналдырады, ораққа найзасын. Халықтар енді қайтып ешқашан да бір-біріне қарсы қару көтермейді, олар соғысуды тіптен үйренбейді” (Ишая 2:3, 4). Құдай рухының басшылығына сай әрекет ету арқылы рухани жұмағымызды көркейте түсеміз.

19, 20. Бақытты болуымызға қандай себептер бар?

19 Ал болашақтағы өмір әлдеқайда керемет болмақ. Исаның билігі кезінде мойынсұнғыш адамдар бұрын-соңды болмаған бейбіт өмірдің рақатын көреді, әрі бірте-бірте “өткіншіліктің құлдығынан босатылып”, кемелділікке жетеді (Рим. 8:21). Мәсіхтің мыңжылдық билігінің соңында ақырғы сынақтан өтіп, “момын адамдар жерге ие болады да, әлем байлықтарының [“сарқылмас тыныштықтың” ЖД] игілігін көреді” (Заб. 36:11; Аян 20:6—10). Шынында да, Мәсіх Исаның билігі Сүлеймендікінен де асып түсіп, біз ойлағаннан әлдеқайда зор болмақ!

20 Мұса, Дәуіт және Сүлейменнің тұсында Исраил халқы бақытты өмір кешкен болса, Мәсіхтің билігі кезінде біз одан да зор бақытқа кенелеміз (Шеж. 2-ж. 7:10). Мұса, Дәуіт пен Сүлейменнен жолы үлкен жалғыз Ұлы арқылы істеген бар игілігі үшін Ехобаға деген ризашылығымыз шексіз!

[Сілтемелер]

a Дәуіт деген есім “Сүйікті” дегенді білдірсе керек. Ехоба екі жағдайда көктен дауыстап, Исаны да: “Менің сүйікті рухани Ұлым”,— деген (Мат. 3:17; 17:5).

b Сонымен қатар Дәуіт бағушысының соңынан еретін қой іспетті адам болған. Ол Ұлы Бағушысы Ехобадан қорғаныш пен басшылық іздеп, сеніммен: “Жаратқан Ием — менің Бағушым, Мен еш нәрседен де тарықпаймын”,— деген (Заб. 22:1). Жақия Исаны ‘Құдайдың Тоқтысы’ деп бейнелеген (Жох. 1:29).

c Бір қызығы, Сүлейменнің екінші есімі Едиях еді, бұл “Иаһтың сүйіктісі” дегенді білдіреді (Пат. 2-ж. 12:24, 25).

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Неліктен Исаның Дәуіттен мәртебесі зор?

• Неліктен Исаның Сүлейменнен мәртебесі зор?

• Дәуіт пен Сүлейменнен жолы үлкен Исаны неліктен құрметтейсің?

[31-беттегі сурет]

Сүлейменнің Құдайдан алған даналығы одан жолы үлкен Иса Мәсіхтің даналығының бейнесі болды

[32-беттегі сурет]

Мәсіх Исаның билігі Сүлеймендікінен және Дәуіттікінен де асып түсіп, біз ойлағаннан да зор болмақ!

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу