Жариялаушыларға қажеттілік көбірек жерде қызмет ете аласың ба?
“Біз Құрама Штаттарында бар жағдайымызды жасап, жайбарақат өмір сүріп жаттық. Алайда ондағы дүние-мүлікке деген құмарлық ақырында бізге де, екі ұлымызға да кері әсерін тигізуі мүмкін екенін ойлап уайымдадық. Бұрын әйелім екеуміз миссионер болып қызмет еткен едік, сондықтан біз қайтадан қарапайым, бірақ бақытты өмір кешкіміз келді”.
РАЛЬФ пен Пам 1991 жылы бірнеше филиалға хат жазып, Патшалықты жариялаушыларға қажеттілік көбірек жерде қызмет еткілері келетін ниеттерін білдіреді. Мексикадағы филиал оларға елдеріндегі ағылшын тілді аймақта уағыздаушыларға зор қажеттілік барын хабарлайды. Филиал тіпті бұл танаптағы егіндіктің ‘жинауға дайын пісіп тұрғанын’ жазады (Жох. 4:35). Көп ұзамай Ральф пен Пам шақыруды қабыл алып, 8 және 12 жасар ұлдарымен бірге Мексикаға көшуге дайындалады.
Үлкен аймақ
Ральф былай дейді: “Құрама Штаттарынан кетпей тұрғанда, кейбір бауырластар бізге игі ниетпен: “Шетелге көшу өте қауіпті ғой!” “Ауырып қалсаңдар қайтесіңдер?” “Ағылшын тілді аймаққа көшудің не қажеті бар? Бәрібір ондағыларды шындық қызықтырмайды!”— дейтін. Алайда біз шешімімізден таймадық. Себебі бұл сезімге беріліп, ойланбай қабылданған шешім емес еді, біз мұны жылдар бойы жоспарлаған болатынбыз. Біз үлкен қарыз алудан аулақ болдық, қайта ақша жинадық әрі қандай қиындықтарға кезігуіміз мүмкін екенін отбасымызбен көп мәрте талқыладық”.
Ең алдымен, Ральф отбасымен Мексикадағы Бетелге барады. Ондағы бауырластар сол елдің картасын көрсетіп: “Мынау сендердің уағыздайтын аймақтарың!”— деді. Содан соң отбасы Мехико қаласынан 240 шақырым жердегі шетелдік тұрғыны көп Сан-Мигель-де-Альенде қаласына қоныс тебеді. Үш жылдан кейін сол қалада 19 жариялаушыдан тұратын ағылшын тілді қауым пайда болды. Бұл Мексикадағы ағылшын тілді алғашқы қауым еді, алайда алда көп жұмыс күтіп тұрды.
Мексикада Құрама Штаттарының шамамен бір миллион азаматы тұрады. Сондай-ақ көптеген мексикандық студенттер мен мамандық иелері үшін ағылшын тілі екінші тіл болып табылады. Ральф былай дейді: “Біз көп жұмысшы сұрап дұға ететінбіз, әрі үйіміздегі жататын бөлмелеріміздің біреуін, былайша айтқанда, ‘жерді барлау’ үшін келетін бауырластарға дайын ұстайтынбыз” (Ру. сан. 13:2).
Қызмет аясын кеңейту үшін өмірлерін қарапайым етті
Көп ұзамай қызмет аясын кеңейткісі келген бауырластардың қатары көбейді. Олардың бірі Құрама Штаттарынан келген Билл мен Кэти еді. Бұрын олар жариялаушыларға қажеттілік көп жерлерде 25 жыл қызмет еткен. Олар испан тілін үйренеміз деп жүрген екен, бірақ Құрама Штаттарынан келген көп зейнеткер тұратын Чапала көлінің жағалауындағы Акикик қаласына көшкеннен кейін, жоспарлары өзгереді. Мұны түсіндіріп: “Акикик қаласында шындықты білгісі келетін ағылшын тілді адамдарды өте көп кездестірдік”,— дейді Билл. Екі жылдан кейін Билл мен Кэти жаңа қауым ашылғанына қуанды, бұл Мексикадағы ағылшын тілді екінші қауым еді.
Канадада тұрған Кен мен Жоан өмірлерін қарапайым етіп, Патшалықты уағыздау ісіне көбірек уақыт жұмсағылары келеді де, Мексикаға көшіп барады. Кен былай деді: “Бірнеше күн бойы жылы суы, электр қуаты болмай қалатын және телефоны істемей қалатын жерде өмір сүруді үйрену үшін бірталай уақыт қажет болды”. Алайда уағыздау ісі оларға зор қуаныш әкелді. Көп ұзамай Кен қызмет көмекшісі, ал екі жылдан кейін ақсақал болып тағайындалды. Алғашында қыздары Британи үшін жастары аз ағылшын тілді шағын қауымда қызмет ету оңай болмады. Кейіннен ол Патшалық сарайларын соғуға қатыса бастады да, нәтижесінде елдің түкпір-түкпірінде тұратын жақсы достар тапты.
Техас штатында (АҚШ) тұрған Патрик пен Роксана көрші елде ағылшын тілінде сөйлейтін адамдар тұратынын әрі онда үлкен қажеттілік бар екенін естіп қуанады. Патрик: “Мексиканың солтүстік-шығысындағы Монтеррей қаласына барып келгеннен кейін, сол жерде қызмет етуге Ехобаның басшылық беріп жатқанын сезіндік”,— деді. Олар бес күннің ішінде Техастағы үйлерін сатып, Мексикаға көшеді. Ол жерде күн көру оларға оңай болған жоқ, бірақ екі жылдан кейін-ақ олар 17 жариялаушыдан тұрған шағын топтың 40 жариялаушысы бар қауымға айналғанының куәсі болды.
Қызмет аясын кеңейту үшін өмірлерін қарапайым еткен тағы бір жұп — Джефф пен Деб. Олар Құрама Штаттарындағы үлкен үйлерін сатып, Мексиканың шығыс жағалауындағы Канкун қаласына көшіп барып, шағын пәтерге қоныстанды. Бұрын олар үйлеріне жақын жердегі кондиционері бар ыңғайлы ғимаратта өтетін конгреске баратын. Ал Канкунға көшкеннен кейін ең жақын жердегі ағылшын тіліндегі конгреске бару үшін оларға сегіз сағат жол жүру керек болды әрі ол төбесі ашық стадионда өтетін. Кейіннен Канкунда 50 жариялаушыдан тұратын қауым құрылғанда, олар зор қуанышқа кенелді.
Кейбір мексикандық бауырластар да ағылшын тілді аймақта уағыздау ісіне көмектесе бастады. Мысалы, Рубен мен оның отбасы Сан-Мигель-де-Альенде қаласында ағылшын тілді алғашқы қауым құрылғанын және олардың уағыздайтын аймақтарына бүкіл Мексика жататынын білгенде, көп ойланып жатпастан сонда қызмет етуді шешеді. Оларға ағылшын тілін үйренуге, өзге мәдениетке бейімделуге және қауым кездесулеріне бару үшін апта сайын 800 шақырым жол жүруге тура келді. Рубен былай дейді: “Көп жылдан бері Мексикада тұратын, бірақ ізгі хабарды бұрын өз тілінде естімеген шетелдіктерге куәлік ету бізді қуанышқа бөледі. Олардың кейбірі тіпті көздеріне жас алып, ризашылықтарын білдіретін”. Сан-Мигель-де-Альенде қаласындағы қауымға біраз көмектескеннен кейін, Рубен мен оның отбасы орталық Мексидағы Гуанахуато қаласында ізашар болып қызмет етті. Онда олар 30-дан астам жариялаушыдан тұратын ағылшын тілді қауымды құруға көмектесті. Бүгінде олар Гуанахуатоның маңындағы Ирапуато қаласындағы ағылшын тілді топта қызмет етеді.
Жолықтыру қиын адамдарға куәлік ету
Мексикада шетелдіктердіктерден басқа ағылшынша сөйлейтін жергілікті тұрғындар да көп. Оларға Патшалық туралы хабарды жеткізу оңай емес, себебі олар бай аймақтарда тұратындықтан, есікті үй қызметшілері ашады. Есікті үй иелері ашқан күннің өзінде, Ехоба куәгерлері жергілікті кішігірім секталардың бірі деп ойлап, бізбен сөйлескілері келмейді. Алайда шетелдік Куәгер уағыздаса, кейбірі сөйлесуге ыңғай таныта бастайды.
Орталық Мексикадағы Керетаро қаласында тұратын Глорияның мысалын қарастырайық. Ол былай деді: “Бұрын испанша сөйлейтін Куәгерлерді кездестіретінмін, бірақ оларды тыңдамайтынмын. Алайда отбасым және достарым қиыншылықтарға кезіге бастағанда, жан күйзелісіне ұшырадым, сондықтан Құдайға дұға айтып, тығырықтан шығудың жолын көрсет деп жалбарындым. Көп ұзамай шетелдік бір әйел есігімді қақты да, үйде ағылшынша сөйлейтін адамның бар-жоғын сұрады. Ол шетелдік болғандықтан, не үшін келгенін білгім келді де, оған ағылшынша сөйлейтінімді айттым. Ол сөйлеп тұрғанда мен ішімнен: “Мына американдық мұнда не жоғалтты?”— дедім. Бірақ мен Құдайдан көмек сұраған едім ғой, сондықтан бұл әйелді Құдай жіберген шығар деп ойладым”. Глория Киелі кітап зерттеу сабағына келісті. Сосын, отбасының қарсылығына қарамастан, жылдам рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Қазір Глория жалпы ізашар ретінде қызмет етуде. Күйеуі мен ұлы да Ехобаның қызметшісі болды.
Қызмет аясын кеңейткендердің алатын баталары
Патшалықты жариялаушыларға қажеттілік көбірек жерде қызмет етудің өз қиындықтары болғанымен, әкелетін батасы көп. Мақаланың басында айтылған Ральф былай дейді: “Біз Британия, Қытай, Ямайка және Швециядан келген адамдармен, тіпті Гананың кейбір ақсүйектерімен Киелі кітап зерттеу сабағын өткіздік. Бұл адамдардың кейбірі толық уақытты уағыздаушылардың қатарына қосылды. Соңғы жылдары отбасымызбен жеті ағылшын тілді қауымның пайда болғанының куәсі болдық. Екі ұлымыз бізбен бірге ізашар болып қызмет етті, ал қазір олар Құрама Штаттардағы Бетелде қызмет етуде”.
Бүгінде Мексикада 88 ағылшын тілді қауым мен көптеген топ бар. Мұндай өсім ненің арқасында болды? Мексикада ағылшынша сөйлейтін адамдардың көбісі бұрын Куәгерлердің уағызын естімеген. Басқалары өз елдеріндегідей туыстары мен достарының тарапынан қысым көрмегендіктен, ізгі хабарға құлақ асуға мүмкіндіктері болды. Ал өзге біреулері зейнетке шығып, рухани нәрселерге көңіл бөлуге бос уақыттары болғандықтан, Киелі кітапты зерттеуге ықылас танытты. Сондай-ақ ағылшын тілді қауымдарда әрбір үшінші жариялаушы не одан көбі ізашар болып қызмет етеді, ал бұл қауымдардың құлшынысы мен өсіміне септігін тигізуде.
Сені де көл-көсір бата күтіп тұр
Әлі көптеген адамның Патшалық туралы хабарды ана тілінде естіп қабыл алатыны шүбәсіз. Олай болса, Ехобаға көбірек қызмет еткісі келетін жас, кәрі, салтбасты не үйленген көптеген бауырластардың жариялаушыларға қажеттілік көбірек жерге көшуге даярлық танытып жатқандары бізді жігерлендіреді. Әрине, оларға қиындықтармен күресуге тура келеді. Бірақ бұл ақжүректі адамдардың Киелі кітаптағы шындықты қабылдағанда келетін қуанышпен салыстырғанда түк те емес. Сен де өміріңде өзгерістер жасап, өз еліңдегі не шетелдегі Патшалықты уағыздаушыларға қажеттілік көбірек аймаққа көшіп бара аласың ба?a (Лұқа 14:28—30; Қор. 1-х. 16:9). Көшіп бара алсаң, қызметіңнен көл-көсір бата аларың сөзсіз!
[Сілтеме]
a Қажеттілік көбірек жерде қызмет етуге қатысты мәліметті “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” (ор.) кітабынан қара (111, 112-беттер).
[21-беттегі қоршау]
Бақытты зейнеткерлер көзге түсуде
Берил есімді бір әйел Британиядан Канадаға қоныс аударды. Онда ол бірнеше халықаралық компанияда басқарушы болып жұмыс істеген. Сондай-ақ ол жақсы шабандоз болатын, тіпті 1980 жылы Канаданың атынан Олимпиадаға қатысты. Зейнетке шыққан соң, Берил күйеуімен бірге Чапалаға (Мексика) көшіп барды. Олар жиі ұлттық ресторандарда тамақтанатын. Сол жерде Берил ағылшын тілінде сөйлейтін бақытты зейнеткерлерді байқағанда, олармен танысып, Мексикада не істеп жүргендерін сұрайтын. Сонда олар әрқашан дерлік Ехоба куәгерлері болып шығатын. Ақырында, Берил күйеуі екеуі Құдайды білу өмірді бақытты әрі мағыналы етсе, онда Құдайды тануымыз керек деген қорытындыға келеді. Бірнеше ай мәсіхшілердің кездесулеріне қатысқаннан соң, Берил Киелі кітапты зерттеу сабағына келісті. Кейін ол бірнеше жыл бойы жалпы ізашар болып қызмет етті.
[22-беттегі қоршау]
“Олардың бізбен бірге болғаны — зор бата”
Патшалықты жариялаушыларға қажеттілік көбірек жерге көшіп барғандарды жергілікті бауырластар қатты бағалайды. Кариб аралдарындағы бір филиал былай деп жазды: “Осында қызмет етіп жатқан жүздеген шетелдік бауырластар кетіп қалса, бұл қауымдардың рухани тұрақтылығына кері әсер етеді. Иә, олардың бізбен бірге болғаны — зор бата!”
Құдай Сөзінде ‘ізгі хабарды таратып жүрген әйелдердің қалың қол’ екені айтылған (Заб. 68:11 ЖД). Олай болса, шетелде қызмет етіп жүргендердің арасында салтбасты әйел бауырластардың көп болғаны таңғалдырмайды. Осы жанқияр бауырластар зор көмек көрсетуде. Шығыс Еуропадағы бір филиал былай деп хабарлады: “Қауымдарымызда әйел бауырластар өте көп, кейде 70 пайызға дейін жетеді. Басым көпшілігі шындыққа жақында ғана келген, сондықтан өзге елдерден келген салтбасты ізашар әйел бауырластар оларды көп нәрсеге үйретіп, қауымға зор көмек көрсетуде. Бұл бауырластарды біз қатты бағалаймыз!”
Осы әйел бауырластардың өздері шетелдегі қызметтері жайлы не айтады? Шетелде бірнеше жыл ізашар ретінде қызмет еткен отыздан асқан Анжелика былай дейді: “Қиындықтар көп болды. Тағайындалған бір аймақта күн сайын батпақ жолдармен жүріп шаршайтынмын, қай жерге барсам да, азап шеккен адамдарды көріп, қынжылатынмын. Алайда қызмет етіп жүріп адамдарға көмектесу маған қанағат әкелетін. Сондай-ақ көмектескенім үшін жергілікті әйел бауырластардың ризашылық білдіріп жылы сөз айтқандары көңіліме дем беретін. Ал бір бауырлас елдеріне келіп ізашар ретінде қызмет етіп жатқаным оны да толық уақытты қызметті бастауға талпындырғанын айтты”.
Ізашар болып қызмет етіп жатқан елуден асқан Сью былай дейді: “Қиындықтар міндетті түрде болады, бірақ олар алатын баталармен салыстыруға да келмейді. Мұндағы қызметім тамаша! Жас қыз бауырластармен жиі уағыздайтындықтан, мен олармен қиындықтарды қалай жеңуге болатыны жайлы Киелі кітаптан және әдебиеттерімізден оқыған ойлармен бөлісемін. Салтбасты болсам да, көп жылдан бері ізашар ретінде қызмет ете жүріп қиындықтарға төтеп бергенім, оларға да өмірлеріндегі қиындықтарға төтеп беруге көмектесіп жатқанын естіп тұрамын. Осындай бауырластарға көмектесуден зор қанағат сезінемін”.
[20-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
МЕКСИКА
Гуанахуато
Ирапуато
Чапала
Акикик
Чапала көлі
Монтеррей
Сан-Мигель-де-Альенде
Керетаро
МЕХИКО
Канкун
[23-беттегі сурет]
Кейбір бауырластар ізгі хабарды естімеген шетелдіктерге уағыздаудан қуаныш алады