КИЕЛІ КІТАПҚА НЕГІЗДЕП ӘҢГІМЕЛЕСУ
Киелі кітапты не үшін зерттеу керек?
Төменде Ехоба куәгерлерінің әдетте адамдармен қалай әңгімелесетіні көрсетілген. Ехоба куәгерінің есімі Берік, ал онымен әңгімелескен кісінің есімі Ермек делік.
ТАРИХИ ТҰРҒЫДАН ТУРА
Ермек. Кешіріңіз, мен діндар адам емеспін. Бұл жөнінде әңгімеміз жараса қоймас.
Берік. Ашық айтқаныңызға рақмет. Есімім Берік болады. Ал сіздің ше?
Ермек. Ермек.
Берік. Танысқаныма қуаныштымын, Ермек.
Ермек. Мен де.
Берік. Айып етпесеңіз, сұрайыншы, өзіңіз туып-өскен отбасы дінге жақын ба еді?
Ермек. Иә. Бірақ үйден кетіп, оқуға түскен соң, дін дегенді ұмыттық қой...
Берік. Солай ма? Қандай оқу оқыдыңыз?
Ермек. Негізінен тарих пен қоғамдық пәндерді. Тарихты әрқашан ұнататынмын, адамзат қоғамының осы уақытқа дейін қалай дамып келгенін білген жақсы ғой.
Берік. Иә, тарих деген қызық қой. Мүмкін, білетін шығарсыз, Киелі кітапты тарихи кітапқа жатқызуға болады. Ізденіс жүргізгенде Киелі кітапты қолданған кезіңіз болған ба?
Ермек. Жоқ. Оның жақсы кітап екенін білемін, бірақ оны тарихи кітап ретінде қарастырмаппын.
Берік. Сіз көзі ашық, көкірегі ояу адам сияқтысыз ғой. Бірер минутыңыз болса, Киелі кітаптағы тарихи айғақтардың бірнешеуін көрсетейін деп едім.
Ермек. Мейлі. Бірақ менде Киелі кітап жоқ.
Берік. Ештеңе етпейді, менде бар. Бірінші мысал Шежірелер 1-жазба 29-тарау, 26, 27-тармақтарда жазылған. Онда былай делінген: “Осылай Есей ұлы Дәуіт бүкіл Исраилдің патшасы болған еді. Ол 40 жыл бойы Исраилде патшалық құрды. Хебронда 7 жыл, Иерусалимде 33 жыл билік етті”.
Ермек. Сонда бұл мәлімет қалайша тарихи айғақ болып табылады?
Берік. Бір кездері сыншылар Дәуіт патшаның тарихи тұлға екеніне күмән келтірген болатын.
Ермек. Солай ма?! Неге?
Берік. Оның шынымен өмір сүргеніне Киелі кітаптан басқа дәлелдер кемде-кем болған. Бірақ 1993 жылы археологтар “Дәуіттің үйі” дегенді білдіретін сөздері бар өте көне тас тауып алды.
Ермек. Ә, қызық екен.
Берік. Тарихта болғанына күмән келтірілген тағы бір Киелі кітап кейіпкері Понти Пилат еді. Ол Иса пайғамбардың күндерінде билік еткен. Оның есімі Лұқа кітабының 3-тарауының 1-тармағында басқа да әміршілердің арасында аталады.
Ермек. Иә, міне тұр екен. Онда: “Понти Пилат Яһудеяның әміршісі, ал Ирод Ғалилея аймағының әкімі”,— делінген.
Берік. Дұрыс айтасыз. Бірнеше жыл бойы кейбір ғалымдар Понти Пилаттың тарихи тұлға екенін дауға салған. Ал осыдан 50 жыл бұрын Таяу Шығыста Пилаттың есімі анық етіп қашалып жазылған тас табылды.
Ермек. Ым-м, бұл жайлы ешқашан естімеппін.
Берік. Сізбен осындай ойлармен бөлісіп жатқаныма қуаныштымын.
Ермек. Шынымды айтсам, Киелі кітапқа әдеби туынды ретінде құрметпен қараймын, бірақ оның біздің күнімізге қандай қатысы бар? Ондағы мәлімет тарихи тұрғыдан тура болғанымен, бізге айтарлықтай пайдасы жоқ сияқты.
КӨНЕ, БІРАҚ ЗАМАНАУИ КІТАП
Берік. Көп адам сізбен келісетін шығар. Бірақ мен басқаша ойлаймын. Неге екенін түсіндіріп көрейін. Адам баласының негізгі қажеттіліктері дүние жаратылғаннан бері өзгерген жоқ. Мысалы, тамақ, киім мен баспана қашан да қажет болған. Адамның күні адаммен демекші, бәріміздің де араласуға әрі берекелі отбасын құруға деген қажеттілігіміз бар. Бұлардың бәрі қай-қайсысымыз үшін де қымбат емес пе?
Ермек. Әрине.
Берік. Киелі кітап осы мәселелерді де айналып өтпейді. Сол үшін де оны көне, бірақ заманауи кітап деп атауға болады.
Ермек. Қалай сонда?
Берік. Басқаша айтқанда, Киелі кітап ғасырлар бұрын жазылса да, ондағы негізгі принциптер әлі күнге дейін құнын жоғалтпаған.
Киелі кітап ғасырлар бұрын жазылса да, онда әлі күнге дейін құнын жоғалтпаған негізгі қағидалар бар
Ермек. Солай ма? Не нәрсеге қатысты?
Берік. Мысалы, ақшаға дұрыс көзқарас сақтау, отбасы өмірін бақытты ету және жақсы дос бола білуге қатысты. Киелі кітаптағы кеңестер осындай мәселелерде жол көрсеткіш іспетті бола алады. Мысалы, отбасы өмірін алайық. Бұл күндері жақсы күйеу, үлгілі отағасы болу оңай емес екенімен келісетін шығарсыз?
Ермек. Бұл жерде енді келіспеске болмайды. Әйелім екеуміз отау құрғалы бір жылдай болды. Біз бір-бірімізді әрдайым жақсы түсінеміз дей алмаймын.
Берік. Иә, ондай-ондай болып тұрады. Осыған қатысты Киелі кітапта пайдалы да қарапайым кеңестер бар. Мәселен, Ефестіктерге 5-тарауды алайық. Сондағы 22, 23 және 28-тармақтарға назар аударыңызшы. Қаласаңыз, өзіңіз оқысаңыз болады.
Ермек. Мейлі. “Әйелдер күйеулеріне Иемізге бағынғандай бағынсын, өйткені Мәсіх қауымның, яғни дененің, құтқарушысы әрі басы болғандай, күйеу — әйелінің басы”. 28-тармақ: “Тап солай, күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек. Әйелін сүйген өзін де сүйеді”.
Берік. Рақмет. Ерлі-зайыптының екеуі де осы бір қарапайым кеңестерді орындауға тырысса, отбасы өмірі жақсармас па еді?
Ермек. Иә, солай сияқты. Бірақ айту оңай демекші...
Берік. Рас, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Бірақ Киелі кітаптағы дәл сол тарауда бізді парасатты болуға шақыратын сөздер барa. Кез келген некеде байсалды болуды әрі кішірейе салуды қажет ететін кездер болады. Киелі кітап кеңестерінің байсалды болуға көмектесетініне әйелім екеуміздің әбден көзіміз жеткен.
Ермек. Сөзіңіздің жаны бар екен.
Берік. Ехоба куәгерлерінің веб-сайтында неке мен отбасы өміріне қатысты жақсы мәлімет бар. Бірер минутыңыз болса, кейбірін көрсетіп берейін.
Ермек. Жақсы. Біраз уақытым бар.
Берік. Веб-сайттың мекенжайы — www.jw.org. Ал мынау — сайттың негізгі беті.
Ермек. Мұндағы суреттер әдемі екен.
Берік. Бұл жерде Куәгерлердің дүниежүзі бойынша уағыз ісін қалай атқаратыны көрсетілген. Бізге керек мәліметті табу үшін алдымен “Басылымдар” деген жерге кіресіз. Сосын сол жақтағы тізімнен онлайн кітапхананы таңдайсыз. Осы жердегі іздеу жолына “Отбасы бақытының сыры” деп терсек, осы туралы әртүрлі мақалалар шығады. Сізге мұндағы тақырыптардың қайсысы қызық?
Ермек. “Қиыншылықтарды шешу”. Мұның маған пайдасы тиіп қалар.
Берік. Бұл мақалада некедегі қиындықтарды шешудің төрт қадамы көрсетілген. Мына абзацқа назар аударыңызшы. Оқып жібересіз бе?
Ермек. Жарайды. “Пікір алысуды некеге жан бітіретін қан дер болсақ, сүйіспеншілік — оның жүрегі, ал сыйластық — өкпесі”. Ә, қызық түсіндірген екен.
Берік. Иә, маған да ұнады. Мұнда Киелі кітаптан бір үзінді келтірілген екен. Оны ашу үшін үстінен басасыз.
Ермек. Ефестіктерге 5:33 пе? Ә, міне, ашылды. Былай дейді: “Әрқайсысың әйеліңді өзіңді сүйгендей сүй. Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін”.
Берік. Қарап тұрсақ, жұбайлардың бір-бірінен күтетін нәрсесі болады екен. Осы үзіндіде сол күткен нәрсені жұбайлар бір-біріне беру керектігіне назар аударылады.
Ермек. Сонда қалай? Сізді онша түсінбедім.
Берік. Кез келген күйеу әйелінен құрмет күтеді, солай емес пе? Ал әйелі күйеуінің шынайы сүйіспеншілігіне мұқтаж, оны көрсетіп тұрса екен дейді.
Ермек. Иә, бұл рас.
Берік. Егер күйеуі әйелін жақсы көретінін білдірудің жолдарын әрдайым іздесе, әйеліне оны кұрметтеу жеңілірек болмас па еді?
Ермек. Шынымен де.
Берік. Осы бір ғана үзінді 2000 жыл бұрын жазылғанмен, жұбайлардың екеуінің де қажеттілігін қамтиды. Ондағы кеңестер тиімді, оларды өмірінде қолданған жұбайлар шынымен пайдасын көреді. Алдыңғы мысалда айтылғандай, олардың некесінің бейнелі “жүрегі” мен “өкпелері” ауырмай, сау болады.
Ермек. Киелі кітап мен ойлағаннан да күшті екен ғой.
Берік. Иә, келісемін. Сізбен тағы да осы жерде кездесіп, мақаладағы “Қиыншылықтарды шешуге көмектесетін төрт қадам” деген тақырыпшаға қатысты ойыңызды білгім келер едіb.
Ермек. Жарайды, әйелім екеуміз қарап шығармыз.
Сізді Киелі кітаппен байланысты қандай да бір тақырып қызықтыра ма? Ехоба куәгерлерінің ілімдері немесе іс-шаралары жайлы білгіңіз келе ме? Онда Ехоба куәгерлерінің бірін кездестіргенде, бұл туралы қысылмай сұрасаңыз болады. Ол сіздің сұрақтарыңызға қуана-қуана жауап береді.
a Ефестіктерге 5:17-ні қараңыз.
b Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 14-тарауын қараңыз.