Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.3. 20—24 бет.
  • Ехоба біздің бірігіп мадақ айтуымызға лайық

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба біздің бірігіп мадақ айтуымызға лайық
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ехобаның ұлы істері
  • Құдайдың ұлы істері мен қасиеттері
  • Ехоба уәделеріне берік
  • Ехобаның ғаламат күші
  • Мәңгі әрі сенім артуға тұрарлық принциптер
  • Киелі әрі қорқыныш сезімін оятатын Құтқарушымыз
  • Зәбүр. Мазмұны
    Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы
  • Ұлы істері үшін Ехобаны мадақтаңдар!
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.3. 20—24 бет.

Ехоба біздің бірігіп мадақ айтуымызға лайық

“Аллилуйя” (ЗАБ. 110:1).

1, 2. “Аллилуйя” сөзінің мағынасы қандай және ол Грек жазбаларында қалай қолданылған?

“АЛЛИЛУЙЯ”! Бұл сөзді мәсіхшілер әлемінің шіркеуіндегілер жиі айтады. Ал өзге біреулер оны сөздеріне салмақ беру үшін қолданады. Алайда оның асқақ мағынасын білетіндер некен-саяқ. Оның үстіне, бұл сөзді ауызға алатын көп адамның лайықсыз жүріс-тұрысы Құдайды қорлайды (Тит. 1:16). Бір Киелі кітап сөздігінде айтылғандай, Забур жырларын жазғандар “Аллилуйя” сөзін барлық адамды өздерімен бірге Ехобаны мадақтауға шақыру үшін қолданған. Киелі кітапты зерттейтін көп ғалымның пікірінше, “Аллилуйя” сөзі “Иаһты, [яғни] Ехобаны, мадақтаңдар” дегенді білдіреді.

2 Сол себепті Забур 110:1-де кездесетін осы сөз “Жаңа дүние аудармасында” “Иаһты мадақтаңдар!” деп аударылған. Ал оның грек тіліндегі баламасы Аян 19:1—6 тармақтарда жалған діннің жойылуын тойлауға қатысты төрт рет қолданылған. Сол кезде шынайы ғибадатты ұстанатындар үшін “Аллилуйя” сөзін лайықты түрде қолдануға ерекше себеп болады.

Ехобаның ұлы істері

3. Үнемі жиналып тұруымыздың басты себебі қандай?

3 110-шы Забурды жазған жыршы Ехобаның біздің бірігіп мадақ айтуымызға барынша лайық екендігінің біраз себебін келтірген. 1-тармақта: “Жаратқан Ие, Сені бар жүрегіммен, діндарлар кеңесі мен жиналыста мадақтап ұлықтаймын”,— делінген. Бүгінде Ехоба куәгерлері осы сөздерге қосылады. Біздің қауым кездесулері мен үлкен конгрестерде үнемі жиналып тұруымыздың басты себебі — Ехобаны мадақтау.

4. Біз Ехобаның істерін қалай зерттей аламыз?

4 “Ехобаның істері ұлы, олардан қуаныш табатындардың бәрі оларды зерттейді” (Забур 111:2 ЖД). “Зерттейді” деген сөзге көңіл аударшы. Бір анықтамалықта айтылғандай, бұл тармақты Құдайдың істері жайлы “бар ықыласымен, терең ой жүгіртетін және оларды зерттейтін” адамдарға қатысты қолдануға болады. Ехобаның жаратылыстарының барлығы өз қызметін керемет түрде атқарады. Ол Күн, Жер, Айды бір-бірімен дұрыс байланыста болатындай етіп орналастырған, сондықтан жер бетінде жылу мен жарық бар, сондай-ақ күн мен түн, жыл мезгілдері ауысып тұрады, теңіз сулары тасып және қайтып отырады.

5. Адамдар ғалам туралы көбірек білген сайын не нәрсеге көздері жетуде?

5 Ғалымдар Жердің Күн жүйесіндегі орнына және Айдың орбитасы, көлемі мен салмағына қатысты керемет жайттарды ашты. Осы аспан денелерінің орналасуы мен өзара байланысының арқасында жыл мезгілдерінің әсемдікпен және жүйелі түрде ауысуы мүмкін болып отыр. Сондай-ақ керемет түрде ретке келтірілген және тәртіппен әрекет ететін ғаламдағы физикалық күштер жөнінде көп нәрсе ашылды. Машинажасау саласының профессоры бір еңбегінде былай деді: “Соңғы 30 жылда соншама көп ғалымның не себепті ойларын өзгертіп, әлем кездейсоқ пайда болды дегенге нану үшін орасан зор сенім керек екенімен келісіп жатқанын түсіну қиын емес. Мұқият ойластырылып жасалған тұрағымыз туралы біліміміз артқан сайын, саналы Құрастырушының бар екендігі де анық бола түседі” (“The Designed ‘Just So’ Universe”).

6. Құдайдың адамды қалай жаратқаны сенде қандай сезім тудырады?

6 Құдайдың ұлы істерінің тағы бірі — адам баласын жаратуы (Заб. 138:14). Ол адамға ой-сана мен тіршілікке қажетті дене мүшелерін, сондай-ақ жұмыс істеу қабілетін берді. Мысалы, біздің сөйлеу, тыңдау, оқи және жаза білу сияқты керемет қабілеттеріміз бар. Сонымен қатар бізде таңғажайып өнер туындысына татырлық құрылым — денемізді тік ұстап тұратын тірек — бар. Денеміздің құрылысы, тепе-теңдік сақтай алуы, қимыл-қозғалыс жасауы және ағзада жүретін химиялық процестер туралы ойлағанда, бойымызды ерекше бір сезім билейді. Ал миымыз бен сезімдерімізді іске қосатын ғажап жүйке түйіндері жайлы айтар болсақ, ғалымдардың жетістіктері олармен салыстыруға да келмейді. Негізінде, адамдар ой-санасы мен сезім мүшелері болғандықтан ғана жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Тіпті ең тәжірибелі әрі қабілетті инженердің өзі әдемі де пайдалы етіп жасалған он “иінтірек” — саусақтарымыз бен бармақтарымызға ұқсас ештеңе жасай алмас еді. Ойлап көрші, Құдай берген саусақтарды ептілікпен қолданбай ғажап өнер туындыларын жасау не құрылыс жүргізу мүмкін бе?

Құдайдың ұлы істері мен қасиеттері

7. Неге Киелі кітапты Құдайдың ұлы істерінің бірі деп қарастыруымыз керек?

7 Ехобаның ұлы істеріне адамзат үшін жасаған ғажайып істері де жатады. Олар жайында Киелі кітапта жазылған. Бұл кітаптың өзі де — бастан-аяқ үйлесімді керемет туынды. Ол басқа кітаптардың ешқайсысына да ұқсамайды, өйткені ‘Құдай Рухының жетелеуімен жазылған’, әрі тәлім беруге тиімді (Тім. 2-х. 3:16). Мысалы, Жаратылыстың басталуы деп аталатын оның бірінші кітабында Нұхтың заманында Құдайдың жер бетін зұлымдардан қалай тазартқаны түсіндіріледі. Ал Мысырдан шығу деп аталатын екінші кітабынан Ехобаның исраилдіктерді Мысыр құлдығынан азат ету арқылы өзінің шынайы Құдай екенін дәлелдегенін көруге болады. Забур жыршысы келесі сөздерді айтқанда осындай оқиғаларды ойында тұтқан болса керек: “[Ехобаның] ісі — даңқ пен әсемдік, және Оның шындығы [“әділдігі” ЖД] ғасырлар бойы жасай береді. Ол Өзінің ғажайыптарын есте қалатын етіп жасады; Жаратқан Ие мейірімді және жомарт” (Заб. 110:3, 4). Ехобаның тарих бойы және сенің заманыңда жасаған істері оның ‘даңқы мен әсемдігін’ есте қалатындай ететінімен келіседі емессің бе?

8, 9. а) Құдайдың істері адамдардікінен қалай ерекшеленеді? ә) Құдайдың қандай қасиеттері сен үшін бағалы?

8 Байқасаң, забур жыршысы Ехобаның әділдік, мейірімділік және жомарттық сияқты әсем қасиеттеріне де назар аударған. Күнәкар адамдардың істері әділ бола бермейді. Жиі олардың әрекеттерінің артында ашкөздік, қызғаныш және өркөкіректік тұрады. Адамның экономиканы көтеру және соғыс жүргізу үшін жойқын қару-жарақ шығарып, миллиондаған жазықсыз адамды жантүршігерлік қасіретке душар ететіні — осының көрінісі. Сондай-ақ адам баласы көп істерді кедейлерді жұмысқа мәжбүрлеу арқылы жүзеге асырады. Мысалы, пирамидаларды құлдар соққаны көпшілігімізге мәлім. Ал олар, негізінен, менмен перғауындардың қабірі ретінде қолданылған. Оның үстіне, бүгінде адамдар көптеген істерімен өзгелерді қанап қана жатқан жоқ, сонымен қатар ‘жерді құртып’ жатыр (Аян 11:18 оқы).

9 Ал Ехобаның істері ондай емес, ол әрқашан дұрыс әрекет етеді! Оның істеріне күнәкар адамдардың құтқарылуына мейірімділікпен шара жасағаны да жатады. Төлем құрбандығы арқылы Құдайдың ‘әділеті айқын көрінді’ (Рим. 3:25, 26). Иә, оның әділдігі “ғасырлар бойы жасай береді”! Ал жомарттығы мен кеңпейілділігіне келсек, бұл оның күнәкар адамдарға шыдамдылық танытуынан көрінеді. Ехоба олардан жаман жолдарын тастап, дұрыс әрекет етуді тіпті өтініп сұраған кездер де болған (Езек. 18:25).

Ехоба уәделеріне берік

10. Ыбырайыммен жасасқан келісіміне қатысты Ехоба қандай үлгі көрсетті?

10 “Одан қорқатындарға тағам береді; Өзінің шартын мәңгі ұмытпайды” (Заб. 110:5). Забур жыршысы мұнда Ыбырайыммен жасалған шартқа, не келісімге, нұсқағанға ұқсайды. Ехоба Ыбырайымның ұрпағын жарылқап, оларға жауларының қалаларын беруді уәде еткен (Жар. 22:17, 18; Заб. 104:8, 9). Осы уәде алғаш орындалғанда, Ыбырайымның ұрпағынан Исраил халқы пайда болған еді. Бұл халық ұзақ уақыт Мысыр құлдығында болды, бірақ ‘Құдай Өзінің Ыбырайыммен жасаған келісімін есіне алды да’, оларды азат етті (Мыс. ш. 2:24). Ехобаның одан кейін оларға қалай қарағанынан қаншалықты жомарт екені көрінеді. Ол исраилдіктерді тән азығымен де, жан азығымен де қамтамасыз етті (Заң. қ. 6:1—3; 8:4; Нех. 9:21). Бұдан кейінгі ғасырларда тура жолдан тайып кетіп отырғандарына қарамастан, пайғамбарларын жіберіп, оларды өзіне бет бұруға шақырумен болды. Исраилдіктер Мысыр құлдығынан азат етілгеннен кейін 1 500 жылдан аса уақыт өткен соң, Құдай өзінің жалғыз Ұлын жер бетіне жіберді. Яһудилердің басым көпшілігі Исадан бас тартып, оның өлімге кесілуіне тосқауыл болған жоқ. Сондықтан Ехоба жаңа халық, “рухани Исраил халқын”, құрды. Бұл халық Мәсіхпен бірге Ыбырайымның рухани ұрпағын құрайды әрі Ехобаның уәдесіне сай, сол ұрпақ арқылы бүкіл адамзат жарылқанбақ еді (Ғал. 3:16, 29; 6:16).

11. Неге Ехоба Ыбырайыммен жасасқан келісімін ұмытқан жоқ деуге болады?

11 Ехоба Ыбырайыммен жасасқан келісімін және сол арқылы бата төгуді уәде еткенін ұмытқан жоқ. Бүгінде ол 400-ден аса тілде мол рухани ас-су беріп отыр. Сондай-ақ: “Күнделікті нанымызды әр күні бере гөр”,— деген сөздерге сай, тәндік қажеттіліктерімізге қатысты айтқан дұғаларымызға да жауап беруде (Лұқа 11:3; Заб. 71:16, 17; Ишая 25:6—8).

Ехобаның ғаламат күші

12. Ежелгі Исраил халқына ‘пұтқа табынушылардың мұрасы’ қалай берілді?

12 “Өз ісінің күш-қуатын Ол Өз халқына... пұтқа табынушылар мұрасын беру үшін көрсетті” (Заб. 110:6). Осы сөздерді айтқанда забур жыршысы Исраил халқының тарихындағы елеулі оқиғаны, олардың Мысыр құлдығынан керемет түрде азат етілгенін, ойда тұтқан болса керек. Уәде етілген жерге алып кіргеннен кейін, Ехоба исраилдіктерге Иордан өзенінің шығысы мен батысындағы патшалықтарды жаулап алуға көмектесті (Нех. 9:22—25). Осылайша, оларға ‘пұтқа табынушылардың мұрасын берді’. Құдайдың құдіретінің неткен керемет көрінісі!

13, 14. а) Забур жыршысы Құдайдың күшінің қандай көрінісін ойда тұтқан болуы мүмкін? ә) Ехоба халқын тағы не нәрселерден азат еткен?

13 Алайда өзіміз жақсы білетіндей, істеген бар жақсылығына қарамастан, Исраил халқы Ехобаны, сондай-ақ ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпты да құрмет тұтпаған. Бабылға жер аударылғанша, олар Ехобаға қарсы шығумен болды (Шеж. 2-ж. 36:15—17; Нех. 9:28—30). Кейбір ғалымдар айтқандай, 110-шы Забур жыры исраилдіктер Бабыл тұтқындығынан оралғаннан кейін жазылған болса, оны шығарған жыршының Ехобаның адалдығы мен күш-қуатын мадақтауына тағы бір себебі болған. Ехоба адалдығы мен күш-қуатын яһудилерді Бабылдан — тұтқындарын ешқашан босатпайтын империядан — алып шығу арқылы көрсетті (Ишая 14:4, 17).

14 Шамамен бес ғасыр өткеннен кейін, Ехоба одан да зор құдіретін көрсетіп, күнәларына өкінген адамдарды күнә мен өлімнің құрсауынан құтқарды (Рим. 5:12). Осының арқасында жерден таңдап алынған 144 000 адамға Мәсіхтің рухтан туылған ізбасарлары болуға жол ашылды. 1919 жылы Ехоба өз күшін осы майланғандардан қалған азғана тамтықты жалған діннің құрсауынан босату үшін қолданды. Қазіргі соңғы күндері олар өз істерін Құдайдың күшінің арқасында ғана атқарып жүр. Ал адалдықтарынан таймай өлгеннен кейін, олар күнәларына өкінген адам баласының игілігі үшін Иса Мәсіхпен бірге жер бетіне билік жүргізетін болады (Аян 2:26, 27; 5:9, 10). Олар ежелгі Исраил халқының жағдайындағыдай емес, бүкіл жерді мұра ететін болады (Мат. 5:5).

Мәңгі әрі сенім артуға тұрарлық принциптер

15, 16. а) Құдайдың қолының істеріне не жатады? ә) Құдай ежелгі Исраил халқына қандай нұсқаулар берген?

15 “Оның қолының істері — ақиқат пен сот; Оның барлық әмірлері дәл [“сенім артуға тұрарлық” ЖД], Ғасырдан-ғасырға кететін берік, ақиқат пен дұрыстыққа негізделген әмірлер” (Заб. 110:7, 8). Ехобаның ‘қолының істеріне’ Исраил халқына берілген негізгі он заң қашалып жазылған екі тас тақтайша да жатады (Мыс. ш. 31:18). Аталмыш заңдар және Заң келісіміне кірген басқа да нұсқаулар мәңгі әрі сенім артуға тұрарлық принциптерге негізделген.

16 Мысалы, сол тақтайшалардағы нұсқаулардың, не заңдардың, бірінде: “Мен — сенің Құдай Иеңмін, Өзімнен басқа тәңірлеріңнің болуына төзбеймін”,— деген сөздер бар. Бұдан кейін Ехобаның ‘Өзін сүйіп, өсиеттерін ұстанғандарға мыңыншы ұрпағына дейін рақымын төгетіні’ айтылған. Сонымен қатар тақтайшаларда “Ата-анаңды сыйла!”, “Ұрлық жасама!” деген еш өзгермейтін принциптер, сондай-ақ өзгенің меншігіне сұқтанбау керектігін терең түсінуге көмектесетін заң да жазылған (Мыс. ш. 20:5, 6, 12, 15, 17).

Киелі әрі қорқыныш сезімін оятатын Құтқарушымыз

17. Құдай есімін киелі тұтуға исраилдіктерде қандай себептер болған?

17 “Ол өз халқын құтқарды. Өзінің келісімін мәңгілікке бекітті. Оның есімі киелі әрі қорқыныш сезімін оятады” (Заб. 111:9 ЖД). Забур жыршысы бұл жерде де Ыбырайыммен жасасқан келісіміне деген Ехобаның адалдығы жайлы айтса керек. Ол, алдымен, Мысыр құлдығында, ал кейінірек, Бабылда тұтқында болған халқын тастап кетпей, оларды азат етті. Осы екі жағдайдың өзі исраилдіктердің Құдайдың есімін киелі тұтуына жеткілікті себеп болу керек еді (Мысырдан шығу 20:7; Римдіктерге 2:23, 24 оқы).

18. Неге Құдай есімімен аталуды мәртебе санайсың?

18 Күнә мен өлімнің құлдығынан азат етілген бүгінгі күнгі мәсіхшілер жөнінде де осылай деуге болады. Біз үлгілі дұғадағы “Сенің киелі есімің қастерлене берсін” деген бірінші өтінішке сай өмір сүру үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек (Мат. 6:9). Құдайдың даңқты есімі жөнінде ой жүгірткеніміз бойымызда қорқыныш сезімін оятуы тиіс. 110-шы Забурды жазған жыршының Құдай алдындағы қорқынышқа деген көзқарасы дұрыс болған. Ол: “Даналықтың бастауы — Жаратқан Иеден қорқу; Оның ережелерін орындаушылардың бәрінде адал парасат бар”,— деген (Заб. 110:10).

19. Келесі мақалада не талқыланады?

19 Құдай алдындағы қорқыныш жамандықты жек көруге көмектеседі. Сондай-ақ бұл бізге 111-ші Забур жырында жазылған Құдайдың керемет қасиеттеріне еліктеуге көмектеседі. Забур жырының бұл тарауы келесі мақалада талқыланады. Одан біз Құдайды мәңгі мадақтайтын миллиондаған адамның арасынан табылу үшін не істеуіміз керектігін көреміз. Ехоба осыған әбден лайық. Иә, ‘Оған айтылатын мадақ мәңгі’ бола бергей! (Заб. 111:10).

Ой жүгіртуге арналған сұрақтар

• Неге Ехоба біздің бірігіп мадақ айтуымызға лайық?

• Ехобаның істері оның қандай қасиеттерін паш етеді?

• Құдайдың есімімен аталу мәртебесіне қалай қарайсың?

[20-беттегі сурет]

Біздің үнемі жиналып тұруымыздың басты себебі — Ехобаны мадақтау

[23-беттегі сурет]

Ехобаның барлық заңдары мәңгілік әрі сенім артуға тұрарлық принциптерге негізделген

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу