“Сергек болыңдар”
“Күллі дүние атаулының ақыры таяп келеді. Сондықтан сиынып дұға ете алу үшін... салауатты [“сергек” ЖД] болыңдар!” (ПЕТ. 1-Х. 4:7).
1. Исаның уағызының тақырыбы қандай болған?
ЖЕРДЕ болғанда Исаның айтқан уағызының тақырыбы Құдай Патшалығы еді. Осы Патшалық арқылы Ехоба өзінің бүкіләлемдік билігін ақтайды және киелі есімін қастерлі етеді. Сондықтан да Иса шәкірттерін: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!”— деп Құдайға дұға етуді үйретті (Мат. 4:17; 6:9, 10). Таяуда бұл үкімет Шайтанның дүниесін жойып, Құдай еркінің жер бетінде орындалуын қадағалайды. Даниял пайғамбар алдын ала айтып кеткендей, Құдай Патшалығы “[осы күнгі] барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды, ал өзі мәңгілік тұрады” (Дан. 2:44).
2. а) Исаның ізбасарлары оның Патшалық билікке келгендігін қалай біле алар еді? ә) Белгі тағы ненің нышаны болмақ еді?
2 Құдай Патшалығының орнауы Исаның шәкірттері үшін өте маңызды болғандықтан, олар: “Сіздің келгендігіңіз бен заманның ақырын қандай белгі білдірмек?”— деп сұраған (Мат. 24:3 ЖД). Мәсіхтің Патшалық билігіне келгендігін жердегілер көре алмайтындықтан, көзге көрінетін белгі берілу керек еді. Бұл белгіге Жазбаларда алдын ала айтылған түрлі оқиғалар мен жайттар жатпақ еді. Осылайша белгі көріне бастаған кезде өмір сүретін Исаның ізбасарлары оның көкте билік етуді бастағанын біле алар еді. Сондай-ақ бұл белгі Киелі кітапта зұлымдық жайлаған дүниенің ‘соңғы дәуірі’ деп аталатын кезеңнің басталғанының нышаны болмақ еді (Тім. 2-х. 3:1—5, 13; Мат. 24:7—14).
Соңғы дәуірде сергек болыңдар
3. Мәсіхшілер неге сергек болулары керек еді?
3 Елші Петір: “Күллі дүние атаулының ақыры таяп келеді. Сондықтан сиынып дұға ете алу үшін байсалды да салауатты [“сергек” ЖД] болыңдар!”— деп жазды (Пет. 1-х. 4:7). Исаның ізбасарлары оның Патшалық билікке келгендігін білдіретін оқиғаларды бақылап, сергек болулары керек еді. Ал зұлым заманның ақыры жақындаған сайын олардың сергектігі арта түспек еді. Сондықтан Иса шәкірттерін сергек болуға шақырды, себебі олар ‘үй иесінің [Шайтанның дүниесін жоюға] қашан келетінін білмеді’ (Мар. 13:35, 36).
4. Шайтан дүниесіндегі адамдардың және Ехобаның қызметшілерінің көзқарасындағы айырмашылықты көрсет. (Қоршаудағы ойларды ескер.)
4 Жалпы адамзат Шайтанның билігінің ықпалында, сондықтан дүниежүзінде болып жатқан оқиғалардың мәнін ұқпайды. Сондай-ақ адамдар Мәсіхтің Патшалықта билік етіп отырғанын білмейді. Ал Мәсіхтің шынайы ізбасарлары сергек болып, соңғы жүз жылда болған оқиғалардың шын мәнінде нені білдіретінін түсінді. 1925 жылдан бері Ехоба куәгерлері Бірінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі оқиғалар Мәсіхтің 1914 жылы көктегі Патшалықта билік ете бастағанының дәлелі екенін мойындап келеді. Олай болса, Шайтанның зұлым дүниесінің соңғы дәуірі 1914 жылы басталды. Байқампаз адамдар мұның мәнін түсінбесе де, Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезең мен одан кейінгі кезең бір-бірінен қатты ерекшеленетінін мойындайды. (“Аласапыран заман басталды” деген қоршауды қара.)
5. Неге біздің сергек болып қала бергеніміз өте маңызды?
5 Бір ғасырға жуық уақыт бойы дүниежүзінде орын алып жатқан жан түршігерлік оқиғалар біздің соңғы дәуірде өмір сүріп жатқанымыздың дәлелі болып табылады. Ехобаның Мәсіхке қуатты періштелерімен Шайтанның дүниесіне шабуыл жасауды бұйыратын кезіне өте аз уақыт қалды (Аян 19:11—21). Киелі кітапта шынайы мәсіхшілердің сергек болу керектігі айтылған. Осы зұлым дүниенің ақыры жақындап қалғандықтан, мұның маңызы өте зор (Мат. 24:42). Біз сергек болып қала беруіміз және Мәсіхтің басшылығымен жер жүзінде жүріп жатқан іске атсалысуымыз керек.
Дүниежүзілік іс
6, 7. Заманның ақырында Патшалық туралы уағыздау ісі қалай алға басты?
6 Ехобаның қызметшілерінің атқарып жатқан ісі осы зұлым дүниенің соңғы дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды білдіретін белгінің құрамына кіреді. Иса бұл дүниежүзілік істі заманның ақырында орын алатын түрлі жайттармен бірге атап өткен. Оның пайғамбарлығында келесі маңызды сөздер бар: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (Мат. 24:14).
7 Исаның пайғамбарлығының осы бөлігіне қатысты кейбір нәрселерге көңіл бөлейік. 1914 жылы соңғы дәуір басталғанда, ізгі хабарды уағыздаушылар аз ғана болатын. Алайда уақыт өте келе олардың саны өсті. Бүгінгі күні 100 000-нан астам қауымдағы 7 000 000-нан асатын Ехоба куәгері ізгі хабарды дүниежүзінде уағыздауда. Сондай-ақ 2008 жылы Мәсіхтің өлімін Еске алу кешіне Ехоба куәгерлерімен бірге 10 000 000 адам жиналды. Сол жылы алдыңғы жылға қарағанда айтарлықтай өсім болды.
8. Неге қарсылықтар уағыздау ісімізді тоқтата алмады?
8 Зұлым дүние жойылар алдында барлық ұлттарға Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік беріліп жатқаны таңғалдырады. Себебі “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” Шайтан бұл іске қарсылық көрсетуде (Қор. 2-х. 4:4). Осы дүниенің барлық саяси, діни және сауда-саттық жүйесі, сондай-ақ оның үгіт-насихат құралдары Шайтанның ықпалында. Олай болса, куәлік ісінде керемет жетістікке қалай қол жеткізілуде? Бұл Ехобаның қолдау көрсеткенінің арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан Шайтан Патшалық туралы уағыздау ісін тоқтатуға қанша тырысып бақса да, ол алға басуда.
9. Рухани өркендеуімізді неге ғажайып нәрсе деуге болады?
9 Патшалық туралы уағыздау ісінің алға басуы және Ехобаның халқының өсімі мен рухани өркендеуі — ғажайып нәрсе. Құдай қолдамаса, яғни басшылығын беріп, өз халқын қорғамаса, уағыздау ісі жүрмес еді (Матай 19:26 оқы). Құдайдың киелі рухы сергек жүрген әрі қызмет етуге дайын адамдардың жүрегіне әсер етіп, нәтижесінде, уағыздау ісі мақсатына жетіп, аяқталатынына, ‘содан кейін бұл заманның ақыры келетініне’ сенімді болуымызға болады. Ал бұл уақыт тез жақындап келеді.
“Ауыр азап”
10. Алдағы ауыр азапты Иса қалай суреттеді?
10 Зұлым дүние жойылар алдында “ауыр азап” деген кезең болады (Аян 7:14). Киелі кітапта оның қанша уақытқа созылатыны айтылмаған, бірақ Иса оны былай деп суреттеген: “Сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын ауыр азап бастарыңа түседі” (Мат. 24:21 сілт.). Егер адамзаттың басына түскен азап — мысалы 50—60 миллион адам өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс — сұрапыл болса, алдағы ауыр азап бұдан әлдеқайда сұрапыл болмақ. Бұл кезең Һар-Магедон шайқасымен аяқталады. Сол шайқаста Ехоба көктегі әскеріне Шайтанның дүниесін түгін қалдырмай жоюға ерік береді (Аян 16:14, 16).
11, 12. Ауыр азап қандай оқиғамен басталады?
11 Киелі кітап пайғамбарлығында ауыр азаптың қашан басталатыны айтылмаған, бірақ оның басталғанын білдіретін ерекше бір оқиға жазылған. Бұл — саяси күштердің барлық жалған дінді жоюы. Аян кітабының 17, 18-тарауларында жалған дін жердің саяси жүйелерімен азғындық жасаған опасыз әйелге теңелген. Аян 17:16-дан көретініміздей, саяси күштердің ‘опасыз әйелді жек көріп... оны елсіз дара, тыр жалаңаш қалдырып, талан-таражға салып, тәнін жалмап, отпен тып-типыл ететін’ уақыты жақындап қалды.
12 Белгіленген уақыт келгенде, Құдай барлық жалған дінді жойғызу үшін “олардың [саяси басшылардың] жүректеріне әсер етіп, өз мақсатын жүзеге асыртқызады” (Аян 17:17). Сондықтан мұны Құдайдың ісі дей аламыз. Бұл — ұзақ уақыттан бері Құдай еркіне қарсы ілімдерге үйретіп келген және оның қызметшілерін қудалап келген екіжүзді дінге шығарылған үкім. Жалған діннің жойылуы жалпы осы дүние үшін күтпеген жайт болмақ. Ал Ехобаның адал қызметшілері оны алдын ала білетіндіктен, соңғы дәуірде адамдарға сол жайлы айтуда.
13. Жалған діннің жойылуы жылдам болатынын неден көреміз?
13 Жалған діннің жойылғанын көргенде, адамдар қатты таңғалады. Киелі кітап пайғамбарлығында тіпті кейбір ‘жер патшаларының’ осы жойылуды көргенде: “Ой, бауырым... Бір-ақ сағат ішінде үкімің кесіліп, іске асты!”— деп жоқтайтыны жазылған (Аян 18:9, 10, 16, 19). Мұндағы “бір-ақ сағат” деген сөздер оқиғаның салыстырмалы түрде жылдам болатынын көрсетеді.
14. Жауларының өз қызметшілеріне шабуыл жасағанын көргенде, Ехоба қалай әрекет етеді?
14 Жалған діннің жойылуынан біршама уақыттан кейін, Ехобаның соты туралы хабарды жариялап жүрген қызметшілерге шабуыл жасалады (Езек. 38:14—16). Шабуыл жасаушылар мұнысымен өз қызметшілерін қорғауды уәде еткен Ехобаға қарсы шығады. Ехоба: “Мен ашуға мініп, ызадан оттай лаулап сөйлеймін. ...Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады,— дейді (Езекиел 38:19, 23 ЖД). Сондай-ақ Құдай өзінің Сөзінде: “Кім сендерге [өзінің адал қызметшілеріне] тисе, менің көзіме тигені”,— дейді (Зәк. 2:8 ЖД). Демек, жаулары өзінің қызметшілеріне жаппай шабуыл жасағанда, Ехоба әрекетке кіріседі. Бұл әрекет ауыр азаптың соңғы бөлігі Һар-Магедон шайқасына ұласады. Мәсіх бастаған құдіретті періштелер әскері Ехобаның Шайтанның дүниесіне шығарған үкімін жүзеге асырады.
Біз не істеуіміз керек?
15. Зұлым дүниенің жойылуы жақын екенін білгендіктен, не істеуіміз керек?
15 Осы зұлым дүние жойылатын уақыт қарқындап келе жатқанын білгендіктен, біз не істеуіміз керек? Елші Петір: “Бар дүние осылайша құрып кететіндіктен, сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс!”— деп жазды (Пет. 2-х. 3:11). Бұл сөздер жүріс-тұрысымыздың Құдай талаптарына сай келетініне және оны сүйгендіктен оған ұнамды істер істеп жатқанымызға көз жеткізіп отыру керектігіне баса назар аударады. Бұл істерге Патшалық туралы хабарды зұлым заман жойылғанша жан-тәнімізбен уағыздау да жатады. Сондай-ақ Петір: “Күллі дүние атаулының ақыры таяп келеді. Сондықтан сиынып дұға ете алу үшін... салауатты [“сергек” ЖД] болыңдар!”— деп жазған (Пет. 1-х. 4:7). Біз Ехобадан киелі рухы және дүниежүзілік қауымы арқылы басшылық беруін сұрап үнемі дұға етуімізбен оған жақындай түсеміз әрі оған деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз.
16. Неліктен біз Құдайдың кеңесіне барынша құлақ асуымыз керек?
16 Осы аумалы-төкпелі кезеңде біз Құдай Сөзіндегі келесі кеңеске барынша құлақ асуымыз керек: “Парасатсыз емес, парасатты адам іспетті әрекет ету үшін әрқашан мұқият болыңдар. Өздеріңе қолайлы уақыттың құнын өтеп алыңдар, өйткені бұл күндер зұлымдыққа толы” (Ефес. 5:15, 16 ЖД). Бүгінде зұлымдық бұрын-соңды болмағандай кең тараған. Шайтан адамдарға Ехобаның еркін орындатпау үшін, не болмаса одан көңілдерін бұрып әкету үшін, түрлі айла-амал ойлап табуда. Құдайдың қызметшілері болғандықтан, біз мұның бәрін білеміз және еш нәрсенің оған деген адалдағымыздан тайдыруына жол бергіміз келмейді. Сондай-ақ біз жуырда қандай оқиғалардың орын алатынын білеміз, әрі Ехобаға және оның ниетінің орындалатынына сенімдіміз (Жоханның 1-хаты 2:15—17 оқы).
17. Һар-Магедоннан аман өткендердің қайта тірілу кезіндегі қуанышын суреттеп беріңдер.
17 Құдайдың өлгендерді өмірге қайтаруға қатысты керемет уәдесі орындалады, себебі Киелі кітапта: “[Ол] сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді”,— делінген (Ел. іс. 24:15). Ехоба сөз бергендіктен, бұл уәденің жүзеге асатынында күмән жоқ. Ишая 26:19-да былай делінген: “Сенің өліктерің тіріледі... Күлге айналғандар сілкініңдер және қуаныңдар... жер өлі мүрделерді өз қойнынан аластап тастайды”. Бұл сөздер Құдай өзінің ежелдегі халқын еліне қайтарғанда, яғни оларды бейнелі мағынада өмірге қайта әкелгенде, алғаш рет орындалды. Сондықтан біз олардың жаңа дүниеде тура мағынада орындалатынына сенімді бола аламыз. Қайта тірілгендер жақындарымен қайта қауышқанда қандай зор қуаныш болады десеңші! Иә, жақында Шайтанның дүниесі құрып, жер бетінде Құдайдың жаңа дүниесі орнайды! Ендеше, сергек болып қалғанымыз өте маңызды!
Естеріңде ме?
• Исаның уағызының тақырыбы қандай болған?
• Қазір Патшалық туралы уағыздау ісі қандай көлемде жүріп жатыр?
• Неге сергек болудың маңызы зор?
• Елшілердің істері 24:15-тегі уәде сені қалай жігерлендіреді?
[16-беттегі қоршау/сурет]
Аласапыран заман басталды
2007 жылы Алан Гринспанның “Аласапыран заман: Жаңа әлемдегі оқиғалар” (“The Age of Turbulence: Adventures in a New World”) деп аталатын кітабы жарық көрді. Алан Гринспан АҚШ-тың орталық банк жүйесін бақылайтын федералдық сақтық қор жүйесінің кеңесінде 20 жылдай төрағалық еткен болатын. Ол дүниенің 1914 жылға дейінгі және одан кейінгі жағдайы бір-бірінен мүлдем өзгеше болғанына баса назар аударды:
“Сол кездегі мәліметтерге сай, 1914 жылға дейін дүние адамгершілік пен өркениеттің ең жоғарғы сатысына өрлеп бара жатқандай болып көрінген; адамзат қоғамы кемелділікке жететін сияқты еді. Он тоғызыншы ғасырда құл саудасы жойылды. Жантүршіктірер қатыгездік саябырсығандай болды... Дүниежүзі бойынша технология саласы жетіліп, теміржол, телефон, электр жарығы, кинематография, автокөлік және үй шаруасын жеңілдететін түрлі құрал-жабдықтар пайда болды. Медицинаның дамуының және көпшіліктің сапалы азық-түлік пен ауызсуға қол жеткізуінің арқасында адам өмірі ұзара түсті... Мұндай ілгерілеу кедергісіз жалғаса беретіндей болып көрінді”.
Бірақ... “Екінші дүниежүзілік соғыс әлдеқайда жойқын болса, Бірінші дүниежүзілік соғыстың адамгершілікке және өркениетке тигізген кесірі одан асып түсті... Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жылдар әлі есімде: адамзаттың жарқын келешегіне еш нәрсе кедергі жасай алмайтындай көрінген. Ал бүгінде өмірге деген көзқарасымыз бұрынғыдан мүлдем өзгеше: біз айналадағы жағдайларға, шамалы болса да, тура қарайтын болғанбыз. Терроризмнің, ғаламдық жылудың, халық ықпалының арта түсуінің қазіргі заманға кесірі Бірінші дүниежүзілік соғыстың кесіріндей болмас па екен? Бұл сұраққа ешкім нақты жауап бере алмайды”.
Гринспан студент шағында экономика саласының профессоры Бенджамин Андерсоннан (1886—1949) естіген сөздерді келтіріп, былай деді: “Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі өмірді көрген ересек адамдар сол кезді қатты сағынады. Себебі ол уақыттағы адамдарда кейін ешқашан қайталанбаған қауіпсіздік сезімі болған” (“Economics and the Public Welfare”).
Г. Дж. Майер да осындай тұжырымға келіп, 2006 жылы жарық көрген кітабында былай деп жазды: “Тарихи оқиғалар “бәрін өзгертті” дегенді естіп жатамыз. Ұлы соғысқа (1914—1918) келгенде, бұл шынымен солай болып шықты. Бұл соғыс бәрін: шекараларды, үкіметтер мен халықтардың тағдырын, тіпті адамзаттың дүниеге және өз-өзіне деген көзқарасын — өзгертті. Соғыс уақытты екіге бөлді де, нәтижесінде, бұрынғыға мүлдем ұқсамайтын заман басталды” (“A World Undone”).
[18-беттегі сурет]
Һар-Магедонда Ехоба құдіретті періштелерден тұратын әскеріне ерік береді