Әділдер Құдайды мәңгі мадақтайтын болады
‘[“Әділ адам” ЖД] мәңгі есте болады. Оның шындығы [“әділдігі” ЖД] мәңгілік’ (ЗАБ. 111:6, 9).
1. а) Құдай әділ деп тапқандардың барлығын қандай керемет болашақ күтіп тұр? ә) Осыған орай қандай сұрақ туындайды?
ҚҰДАЙ әділ деп тапқан адамдардың барлығын қандай керемет болашақ күтіп тұр десеңші! Олар Ехобаның ғажайып қасиеттерін мәңгілік бойы танып біле беретін болады әрі бұл оларға қуаныш сыйлайды. Құдайдың жасампаз істері жайлы көбірек білген сайын, оны мадақтауға деген ықыластары да арта түседі. Осындай керемет болашаққа “әділ” адамдар ғана қол жеткізе алады. Забур жырының 111-тарауында осыған айрықша назар аударылған. Алайда киелі де әділ Құдай Ехоба күнәкар адамдарды қалай әділ деп табуы мүмкін? Дұрыс әрекет етуге қанша тырысқанымызбен, біз қателеспей қоймаймыз ғой, кейде тіпті үлкен қателіктер де жасаймыз (Рим. 3:23; Жақ. 3:2).
2. Ехоба сүйіспеншілікпен қандай екі керемет жасады?
2 Қуанышымызға қарай, Ехоба сүйіспеншілік танытып керемет шара жасады. Қандай шара? Алдымен, ол кемелді адам болып туылуы үшін сүйікті Ұлының өмірін керемет жолмен пәк қыздың құрсағына салды (Лұқа 1:30—35). Кейіннен, жаулары Исаны өлтіргеннен кейін, Ехоба тағы бір таңғажайып керемет жасады: оны даңққа бөленген рухани тұлға ретінде көктегі өмірге қайта тірілтті (Пет. 1-х. 3:18).
3. Неге Ехоба Исаға көктегі өмірді беруге қуанышты болды?
3 Ехоба Исаға жойылмайтын өмір берді. Ал жерге келгенге дейін ол мұндай өмірге ие емес еді (Евр. 7:15—17, 28). Ехоба Исаға осы сыйды беруге қуанышты болды, өйткені ол ауыр сынақтарда мінсіздігін толық сақтап қалды. Осылайша ол Шайтанның адамдар Құдайға сүйіспеншілікпен емес, қара бастарының қамын ойлағандықтан қызмет етеді деген жаласын толығымен жоққа шығарды (Нақ. с. 27:11).
4. а) Көкке оралған соң, Иса біз үшін не істеді, ал Ехоба ше? ә) Ехоба мен Исаның өзің үшін істеген игілігі сенде қандай сезім оятады?
4 Көкте Иса Құдай алдына барып, біз үшін төгілген қанының құнын ұсынды. Сүйіспеншілігі мол көктегі Әкеміз біздің күнәларымыз үшін берілген осы құнды құрбандықты мейірімділікпен қабыл алды. Соның арқасында біз таза ар-ұжданмен тірі Құдайға қасиетті қызмет атқара аламыз. Бұл 111-ші Забур жырының алғы сөзіне қосылып, “Аллилуйя!” деуге негіз береді емес пе? (Евр. 9:12—14, 24; Жох. 1-х. 2:2).
5. а) Құдайдың ықыласынан айырылып қалмау үшін не істеуіміз керек? ә) 110 және 111-ші Забур жырлары қалай құрастырылған?
5 Құдайдың ықыласынан айырылып қалмау үшін Исаның төгілген қанына деген сенімімізді сақтауға тиіспіз. Бізге деген зор сүйіспеншілігі үшін Ехобаға күнделікті ризашылық білдіруіміз қажет (Жох. 3:16). Сонымен қатар Құдай Сөзін үнемі зерттеп, соған сай өмір сүруге барынша тырысуымыз керек. Құдай алдында ар-ұжданын таза сақтағысы келетіндер үшін Забурдың 111-ші жырында жақсы кеңес жазылған. Бұл Забур жыры 110-шы жырдағы ойларды толықтырады. Екі жыр да “Аллилуйя”, яғни “Иаһты мадақтаңдар”, деген сөздермен басталады және екеуі де түпнұсқа тілінде 22 жолдан тұрады, әрі әрбір жолы еврей әліпбиінің 22 әрпінің біреуінен басталадыa.
Бақытты болудың жолы
6. 111-ші Забур жырында суреттелген Құдайдан қорқатын “адам” қандай батаға ие болады?
6 “Ехобадан қорқатын, оның өсиеттерінен зор қуаныш табатын адам бақытты. Оның ұрпағы жер бетінде мықты болады. Ал әділдердің ұрпағына бата қонады” (Заб. 112:1, 2 ЖД). Байқасаң, алдымен забур жыршысы бір “адам” жөнінде, ал екінші тармақтың соңында көпше түрге ауысып, “әділдер” туралы айтқан. Бұдан 111-ші Забур жыры біраз адамдардан тұратын топқа нұсқайды деген тұжырымға келуге болады. Бір ескеретін жайт — елші Пауыл 111-ші жырды бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге қатысты қолданған (Қорынттықтарға 2-хат 9:8, 9 оқы). Бұл жырда Мәсіхтің ізбасарларының бүгінде қалай бақытты бола алатындығы керемет суреттелген.
7. Неге мәсіхшілер Құдайға ұнамсыз болып қалудан қорқулары қажет және Құдайдың өсиеттеріне сен қалай қарауың керек?
7 Забур 112:1-де (ЖД) ескерілгендей, осы шынайы мәсіхшілер “Ехобадан қорқып” өмір сүретін болса, зор бақытқа кенеледі. Ехобаға ұнамсыз болып қалудан қорыққандары оларға Шайтанның дүниесінің рухына қарсы тұруға көмектеседі. Сондай-ақ олар Құдай Сөзін зерттеуден және оның өсиеттеріне мойынсұнудан “зор қуаныш табады”. Ал оның өсиеттеріне Құдай Патшалығы туралы хабарды күллі әлемге уағыздау да жатады. Олар зұлымдарға Құдай сотының жақындап келе жатқанын ескерте жүріп, барлық халықтардан шәкірт дайындауға тырысады (Езек. 3:17, 18; Мат. 28:19, 20).
8. а) Құдайдың адал қызметшілері құлшына атқарған қызметтері үшін бүгінде қалай жарылқануда? ә) Жерде өмір сүруге үміті бар адамдарды қандай баталар күтіп тұр?
8 Осындай өсиеттерге мойынсұнып жүргендіктен, Құдай халқының саны бүгінде шамамен жеті миллионға жетіп отыр. Олардың “жер бетінде мықты” болып алғанын кім жоққа шығара алады? (Жох. 10:16; Аян 7:9, 14). Ал Құдай өз еркін жүзеге асырғанда, оларға неткен зор “бата қонады” десеңші! Жерде өмір сүруге үміті барлар жақындап келе жатқан ауыр азаптан топ ретінде аман өтіп, “әділдік орнаған” ‘жаңа жерді’ құрайтын болады. Һар-Магедоннан аман өткен бұл адамдар уақыт өте келе одан да зор баталарға кенеледі. Олар қайта тірілген миллиондаған адамды қарсы алады. Неткен жан тебірентерлік үміт! Ақырында, Құдайдың “өсиеттерінен зор қуаныш табатындар” кемелділікке жетеді және ‘Құдайдың рухани балаларының бостандығына’ мәңгіге ие болады (Пет. 2-х. 3:13; Рим. 8:21).
Байлықты ақылмен пайдалану
9, 10. Шынайы мәсіхшілер рухани байлықтарын қалай пайдалануда және олардың әділдігі қалай мәңгі тұрады?
9 “Оның үйінде бағалы заттар мен байлық бар; оның әділдігі мәңгі тұрады. Ол турашыл адамдар үшін жарық іспетті, түнекте нұрын шашады. Ол кеңпейіл, қайырымды әрі әділ” (Заб. 112:3, 4 ЖД). Киелі кітап жазылған заманда Құдайдың кейбір қызметшілерінің бақуат тұрғаны белгілі. Құдайдың ықыласына ие болғандардың арасында тура мағынада бай болмаса да, басқа жағынан байығандар да бар. Рас, Құдай алдында кішік болғысы келетіндердің көпшілігі кедей әрі жеккөрінішті болуы мүмкін. Исаның күндерінде де солай болған (Лұқа 4:18; 7:22; Жох. 7:49). Алайда адам бай не кедей болғанына қарамастан, рухани жағынан бай бола алады (Мат. 6:20; Тім. 1-х. 6:18, 19; Жақып 2:5 оқы).
10 Майланған мәсіхшілер мен олардың серіктері рухани байлықтарының игілігін өздері ғана көрмейді. Олар Шайтанның түнек басқан дүниесінде “турашыл адамдар үшін жарық іспетті, нұрын шашады”. Мұны олар өзгелерге рухани қазынаның, яғни Құдайдың даналығы мен білімінің, игілігін көруге көмектесу арқылы істейді. Қарсыластар Патшалық хабарын уағыздау ісін тоқтатуға қанша тырысқанмен, бұларынан түк шығып жатқан жоқ. Қайта, осы әділ істің жемісі “мәңгі тұратын” болады. Сынақтарға кезіккенде әділ болып қалғандар “мәңгі тұратындарына”, яғни мәңгі өмір сүретіндеріне, сенімді бола алады.
11, 12. Құдай халқының жомарттық танытып жүргеніне мысалдар келтір.
11 Құдай халқын құрайтын құл табы мен өте үлкен тобыр жомарттығымен танымал. Забур 111:9-да: “Ол шығынданып, қайыршыларға таратып берді”,— делінген. Бүгінде шынайы мәсіхшілер мұқтаждық көрген бауырластарына, тіпті көршілеріне жиі материалдық көмек көрсетеді. Сондай-ақ олар қандай да бір апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету шараларына өз үлестерін қосады. Иса айтып кеткендей, бұл да бақытты етеді (Елшілердің істері 20:35; Қорынттықтарға 2-хат 9:7 оқы).
12 Сондай-ақ мына жайлы ойлап көрші: осы журналды 172 тілде басып шығару үшін бірталай қаржы жұмсалады. Ал оны оқитындардың бәрі бірдей бай емес. Сонымен қатар бұл журнал түрлі ым тілдерінде сөйлейтіндер және Брайль қарпінде оқитындар үшін басып шығарылады.
Кеңпейіл әрі әділ
13. Кеңпейілділіктің ең керемет үлгісін кімдер көрсетті және біз оларға қалай еліктей аламыз?
13 “Кеңпейіл әрі қарыз беретін адам — ізгі адам” (Заб. 112:5 ЖД). Өзгелерге қол ұшын беретіндердің барлығы да кеңпейіл бола бермейтінімен келісетін шығарсың. Кейбіреулер мақтаншақтықпен немесе ренішпен береді. Өзіңді кемсітетін не масыл санайтын адамның көмегін қабыл алу оңай емес. Ал кеңпейіл адамның көмегі жанға жай береді. “Бақытты Құдай” Ехоба кеңпейілділікпен берудің ең керемет үлгісін көрсетеді (Тім. 1-х. 1:11 ЖД; Жақ. 1:5, 17). Иса Мәсіх те Әкесі сияқты кеңпейіл болған (Мар. 1:40—42). Сондықтан Құдай әділ деп табу үшін, біз өзгелерге көмек көрсеткенде, әсіресе уағыз қызметінде, қуанышпен әрі кеңпейілділікпен береміз.
14. ‘Істерімізді әділдікпен атқаратынымызды’ қалай көрсете аламыз?
14 “Ол істерін әділдікпен атқарады” (Заб. 112:5 ЖД). Алдын ала пайғамбарлық етілгендей, адал құл табы Қожайынның меншігін қамқорлауға қатысты тапсырмасын Ехобаның әділдігіне сай орындауда (Лұқа 12:42—44 оқы). Бұл олардың ара-тұра ауыр күнәға қатысты істерді қарастырып тұратын ақсақалдарға беріп отырған Жазбаларға негізделген басшылығынан көрініс табады. Сондай-ақ құл табының әділдігін барлық қауымдардағы, миссионерлер және Бетел үйлеріндегі істердің қалай атқарылу керектігіне қатысты беріп отырған Киелі кітапқа негізделген басшылығынан да көруге болады. Ақсақалдар ғана емес, өзге мәсіхшілер де әділ болулары керек. Мысалы, олардың іскерлік мәселелерді қоса алғанда, бір-бірімен және өзгелермен қатынасында әділ әрекет еткендері маңызды (Миха 6:8, 11 оқы)b.
Әділдер ие болатын баталар
15, 16. а) Бүгінгі күнгі “жаман хабар” әділдерге қалай әсер етеді? ә) Құдайдың қызметшілері нені доғармауға бел буған?
15 “Ол ешқашан тайқымайды, діндар мәңгі есте болады. Жаман өсектен [“хабардан” ЖД] қорықпайды: Жаратқан Иеге сенгендіктен, оның жүрегі мығым. Оның жүрегі бекіген: ол өзінің жауларына қараған кезде қорықпайды” (Заб. 111:6—8). Адам баласы соғыс, терроризм, жаңа аурулардың пайда болуы мен ескілерінің қайта оралуы, қылмыс, кедейшілік және табиғаттың қатты ластануы сияқты жаман хабарды бұрын соңды мұншалықты көп естімеген. Мұндай жаман хабар Құдай әділ деп тапқан адамдарға да әсер етеді, бірақ олар зәрелері ұшып қорықпайды. Қайта, жүректері “мығым” әрі “бекіген”, өйткені олар Құдайдың әділ жаңа дүниесі жақын екенін білгендіктен болашаққа сеніммен қарайды. Қандай да бір ауыр жағдайға ұшыраса, оларға бұған төтеп беру әлдеқайда жеңіл, себебі олар Ехобаға арқа сүйейді. Ал ол әділ қызметшілерінің “тайқуына” ешқашан жол бермейді, қайта, төзуге күш-жігер береді (Філіп. 4:13).
16 Сонымен қатар Құдайдың әділ қызметшілеріне жеккөрушілік пен қарсыластарының жаласына шыдауға тура келеді, алайда бұл мәсіхшілер үшін тосқауыл болған емес, бола да алмайды. Қайта, олар Ехоба тапсырған істі, Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау мен шәкірт дайындау ісін, атқаруда мығым да берік болып қала бермек. Осы дүниенің соңы жақындаған сайын, қарсылықтың да күшейе түсері сөзсіз. Мұндай жеккөрушілік Шайтан Ібіліс Магог жерінен шыққан Гог ретінде Құдай халқына жаппай шабуыл жасағанда шарықтау шегіне жетеді. Сонда, масқара болып жеңілген ‘жауларымызға қарайтын кез’ де келіп жетеді. Сол кезде Ехобаның есімінің толығымен қастерленгенін көру неткен ғанибет! (Езек. 38:18, 22, 23).
“Даңққа бөленеді”
17. Әділ адам қалай “даңққа бөленеді”?
17 Ібіліс пен оның дүниесі қарсылық көрсетпейтін кез келгенде, Ехобаны бірауыздан мадақтау қандай қуанышты болады десеңші! Мұндай қуаныш Құдай алдында әділ болып қалған барлық адамның мәңгілік үлесі болмақ. Олар масқара болмайды және жеңіліске ұшырамайды, өйткені Ехоба әділ адамды ‘даңққа бөлеуді’ уәде етеді (Заб. 111:9). Ехобаның билігіне қарсы шыққан барлық жаулардың күйрегенін көріп, әділ адам қуанып шаттанатын болады.
18. 111-ші Забурдың соңғы сөздері қалай орындалады?
18 “Арам кісі осыны көреді де қапа болады, тісін қайрайды да жамандық ойлайды [“еріп жоқ болады” ЖД]. Арамдардың тілегі түкке аспайды” (Заб. 111:10). Құдай халқына қарсылық көрсетуін қоймағандардың барлығы жақында жеккөрушілік пен қызғаныштан күйіп, “еріп жоқ болады”. Олардың Патшалық ісінің тоқтатағанын көруге деген ықыласы да жақындап келе жатқан “ауыр азапта” өздерімен бірге кетеді (Мат. 24:21 сілт.).
19. Біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?
19 Ехоба зор жеңіске жеткенде аман қалғандардың арасында боласың ба? Ал егер Шайтанның дүниесі жойылғанға дейін аурудан не кәріліктен өлім ұйқысына кетсең, қайта тірілетін әділдердің арасында боласың ба? (Ел. іс. 24:15). Исаның төлем құрбандығына сенім білдіруден және 111-ші Забур жырында бейнеленген әділ “адам” сияқты Ехобаға еліктеуден талмасаң, “иә” деп жауап бере аласың (Ефестіктерге 5:1, 2 оқы). Ехоба әділ адамдардың ‘мәңгі есте’ қалуы үшін қам жасайды, олардың әділ істері де елеусіз қалмайды. Ехоба оларды ешқашан ұмытпайды және мәңгі бақи сүйетін болады (Заб. 111:3, 6, 9).
[Сілтемелер]
a Бұл жырлардың бір-бірін толықтыратынын олардың құрылымынан да, мазмұнынан да көруге болады. 110-шы жырда Құдайдың қасиеттері мадақталған, ал 111-ші жырда әңгіме етілген Құдайдан қорқатын “адам” сол қасиеттерге еліктейді. Бұны Забур 110:3, 4 пен Забур 111:3, 4-ті салыстыру арқылы көруге болады.
b Миха 6:8, 11: “Ей, адам! Жақсылық не екені және сенен Жаратушы Ие нені талап ететіні саған айтылған жоқ па: әділеттен айныма, мейірімділік істерін жаныңа жақын тұт және Құдайыңның алдында құлшылығыңнан тайма деді ғой. Таразым жөндем болмаса, қоржынымда оның алдамшы тастары жүрсе мен қалай таза болайын?”
Ой жүгіртуге арналған сұрақтар
• “Аллилуйя” деп дауыстауымызға қандай себептер бар?
• Бүгінде болып жатқан қандай өсім шынайы мәсіхшілерді зор қуанышқа бөлейді?
• Ехоба қандай ниетпен беретіндерді жақсы көреді?
[25-беттегі сурет]
Құдай алдында әділ болып қалу үшін Исаның төгілген қанына сенім білдіруіміз керек
[26-беттегі суреттер]
Қуанышпен садақа беру арқылы апаттан зардап шеккендерге көмектесу ісіне және Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердің таралуына үлес қосамыз