Көне сына жазуы және Киелі кітап
БАБЫЛДА адамзат тілі шатастырылғаннан кейін, әртүрлі жазу жүйесі пайда бола бастады. Месопотамия өңірінде тұратын адамдар, мысалы шумерлер мен бабылдықтар, сына жазуын қолданды. Бұл сөз латынның “сына пішінді” деген сөзінен шыққан, әрі дымқыл саз балшыққа арнайы құралмен басып жасалған үшбұрышты белгіні білдіреді.
Археологтар жер астынан Киелі жазбадағы адамдар мен оқиғалар жайында айтылған сына жазбаларын тапты. Осы көне жазу түрі жайлы не білеміз? Бұл жазбалар Киелі кітаптың сенім артуға тұратынын қалай дәлелдейді?
Сақталып қалған жазбалар
Ғалымдар Месопотамияда алғашында пиктографиялық жазу жүйесі, яғни сөзді не ойды білдіретін таңбалар немесе суреттер, қолданылған деп есептейді. Мысалы, бұқаны білдіретін таңба ретінде бұқаның басына ұқсас бейне қолданылған. Алайда көбірек мәлімет жазу және оларды сақтау қажеттілігі артқандықтан, сына жазуы пайда болды. Киелі кітапты археологиялық тұрғыдан зерттейтін бір еңбекте (NIV Archaeological Study Bible) былай делінген: “Енді таңбалар сөздерді ғана емес, бірнешеуі бірігіп бір сөзді құрайтын буындарды да білдіре алды”. Ақыр соңында, 200-ге жуық түрлі таңбалардың арқасында сына жазуы “сөздері мен грамматикасы күрделі ауызекі тілді жеткізе” алатын болды.
Ыбырайымның заманында, б. з. б. 2000 жылдары, сына жазуы өте жақсы дамыған болатын. Ал келесі 20 ғасыр бойы шамамен 15 тілде жазудың осы түрі қолданыла бастады. Табылған сына мәтіндерінің 99 пайызынан астамы қыш тақташаларға жазылған. Соңғы 150 жылдан астам уақыттың ішінде қыруар осындай тақташалар Ур, Урук, Бабыл, Нимруд, Ниппур, Ашур, Ниневи, Мари, Эбла, Угарит, Амарнадан табылған. Бір журналда айтылғандай, “Сарапшылар 1—2 миллионға жуық сына жазу тақташасы қазып алынғанын әрі жыл сайын 25 мың не сол шамада осындай тақташа табылатынын айтады” (Archaeology Odyssey).
Дүниежүзінде сына жазуын зерттейтін ғалымдардың алдында үлкен жұмыс — аударма жұмысы — тұр. Бір есепке сай, “бүгінде қолда бар сына мәтіндерінің оннан бір бөлігі ғана бір-ақ рет оқылып үлгерілген”.
Сына мәтіндерінің екі не үш тілде жазылғанын анықтау оларды түсінуде зор көмек болды. Ғалымдар бұл құжаттардағы бір мәтіннің сына жазумен әртүрлі тілде жазылғанын байқады. Ондағы есімдер, лауазымдар, билеушілердің шежірелері мен тіпті өз-өздерін мадақтаған сөздердің жиі қайталанып отырғаны ғалымдарға мәтінді түсінуге көмектесті.
1850 жылдарға таман ғалымдар Таяу Шығыстағы кең тараған тілдегі, аккад не ассиро-вавилон тіліндегі, сына жазуды оқи алды. “Британ энциклопедиясында” бұл жөнінде былай делінген: “Аккад жазуын оқи алған соң, сына жазу жүйесінің негізі анықталды және ол өзге тілдердегі осындай жазуларды түсінуге үлгі болды”. Бұл жазбалардың Киелі кітапқа қандай қатысы бар?
Киелі кітапқа сай келетін дерек
Киелі кітапта Дәуіт шамамен б. з. б. 1070 жылы Иерусалимді жаулап алғанға дейін, онда қанахан патшалары билік құрғаны айтылған (Ешуа 10:1; Пат. 2-ж. 5:4—9). Алайда бұған кейбір ғалымдар күмәнданатын. Бірақ 1887 жылы Амарнада (Мысыр) шаруа әйел бір қыш тақташаны тауып алады. Ғалымдар ол жерден табылған басқа да 380-ге жуық мәтіннің Мысыр билеушілері (Аменхотеп III пен Ахенатон) мен қанахан патшаларының арасындағы дипломатиялық хаттар екенін анықтады. Оның ішіндегі алтауы Иерусалим билеушісі Абдихебаның хаттары екен.
“Киелі кітапқа археологиялық шолу жасау” атты журналда былай деп айтылған: “Амарна тақташалары Иерусалимнің меншіктегі жер емес, шағын қала екенін, сондай-ақ Абдихебаның өз резиденциясы және Иерусалимде 50 мысырлық сарбазы бар билеуші болғанын нақты көрсетеді, ал бұл Иерусалимнің төбелі жерде орналасқан шағын патшалық болғанына нұсқайды”. Сондай-ақ кейінірек ол журналда: “Амарна хаттары сол заманда әйгілі болған бұл қаланың шынымен болғанына сенімділік береді”,— делінген.
Ассириялық және бабылдық сына жазбалардағы есімдер
Ассириялықтар, кейінірек бабылдықтар да, өз тарихын қыш тақташаларға, сондай-ақ цилиндр, призма және ескерткіштерге жазған. Ғалымдар аккад сына жазуын түсіне алғанда, олардан Киелі кітапта кездесетін есімдерді де тапқан.
“Британ музейіндегі Киелі кітап” атты кітапта былай делінген: “1870 жылы доктор Самуил Бирч жаңа құрылған Киелі кітап археологиясы Қоғамына арнаған сөзінде [сына мәтіндердегі мынадай есімдерді] келтіре алды: еврей патшалары Омри, Ахаб, Ииуй, Әзариях... Менаим, Пақах, Осия, Езекия, Манаса, Ассур патшалары Тиглатпаласар... [III], Саргон, Сеннахирим, Асархаддон, Ашшурбанипал... әрі сириялық Бенадад, Азаил және Ресин”.
Бір еңбекте Киелі кітапта жазылған Исраил мен Яһуданың тарихы көне сына жазу мәтіндерімен салыстырылған. Онда қандай тұжырым жасалған? “Басқа елдердің мәлімет көзінде кездесетін Яһуда мен Исраилдің ұзын саны 15 не 16 патшасының есімдері мен өмір сүрген уақыттары [Киелі кітаптың] Патшалықтар туралы жазбасындағы мәліметтерге толығымен сай келеді. Ондағы есімдердің барлығы Киелі кітапта бұрыннан-ақ бар болатын” (The Bible and Radiocarbon Dating).
1879 жылы табылған әйгілі сына жазбаларының бірі — Кир цилиндрі. Онда Кирдің б. з. б. 539 жылы Бабылды жаулап алған соң, әдеті бойынша, тұтқындарды туған еліне қайтарғаны айтылған. Олардың арасында яһудилер де болған (Езра 1:1—4). XIX ғасырдағы көп ғалымдар Киелі кітапта айтылған Кир жарлығының растығына күмәнданған болатын. Алайда Парсы ірі мемлекетінің тұсындағы сына жазулы құжаттар, соның ішінде Кир цилиндрі де, Киелі кітаптағы мағлұматтың тура екендігін бұлтартпай дәлелдейді.
1883 жылы Бабыл маңындағы Ниппур қаласынан 700-ден астам сына мәтіні табылды. Онда кездесетін 2 500 есімнің ішінде 70-ке жуығы яһуди есімі. Тарихшы Эдвин Ямаучидің айтуынша, олар “келісімшарт жасаушылар, елшілер, куәгерлер, салық жинаушылар және сарай қызметшілері ретінде” сипатталған. Яһудилердің сол уақытта Бабылға жақын маңда осындай істермен айналысып жүргенін дәлелдейтін осы деректің мәні зор. Өйткені бұл Киелі кітаптағы исраилдіктердің “тамтығы” Ассур мен Бабыл тұтқындығынан Яһудеяға оралғанымен, көбісі қалып қоятындығы жайлы пайғамбарлыққа сай келеді (Ишая 10:21, 22 ЖД).
Б. з. б. I мыңжылдықта сына жазумен әліпбилік жазу қатар жүрді. Ассириялықтар мен бабылдықтар ақыр соңында сына жазуынан әліпбилік жазуға көшті.
Мұражайларда әлі зерттелуі керек жүз мыңдаған тақташалар бар. Сарапшылар оқи алған қыш тақташалар Киелі кітаптың сенім артуға тұратындығын бұлтартпастай дәлелдеп отыр. Ал зерттелмеген мәтіндерден әлі қаншама дәлел табылмасына кім кепіл?!
[21-беттегі түпдерек]
Photograph taken by courtesy of the British Museum