Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 15.12. 23—26 бет.
  • Кореядағы өсімнің куәсі болдым

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Кореядағы өсімнің куәсі болдым
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Кореяға да жеттік
  • Қиындықтарды жеңуге көмектесу
  • Сынақтарға кезігу
  •     Құдайдың батасы
  • Шын сүю деген не?
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2017)
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 15.12. 23—26 бет.

Кореядағы өсімнің куәсі болдым

АЙТЫП БЕРГЕН: МИЛТОН ГАМИЛЬТОН

“Корея Республикасының үкімет басшылары келгендеріңді қаламай, барлық миссионерлердің рұқсатнамасын жоққа шығарғанын өкінішпен хабарлап отырмыз... Осыған орай, сендер уақытша Жапонияға тағайындаласыңдар”.

ӘЙЕЛІМ екеуміз бұл хабарды 1954 жылдың соңына таман Бруклиннен (Нью-Йорк, АҚШ) естідік. Сол жылдың басында біз Нью-Йорк штатындағы Ғалақад мектебінің 23-сыныбын бітірген едік. Жоғарыдағы хатты алғанда, Индианаполисте (Индиана штаты) уақытша қызмет етіп жатқан болатынбыз.

Жұбайым Лиз (бұрын Лиз Семок) екеуміз мектепте бірге оқыдық. Кейінірек, 1948 жылы үйлендік. Ол толық уақытты қызметті өте жақсы көретін, бірақ Құрама Штаттарын тастап, шетелде қызмет етуге жүрегі дауаламайтын. Оған ойын өзгертуіне не себеп болды?

Лиз Ғалақадта оқығысы келетіндерге арналған кездесуге менімен бірге баруға келісті. Бұл кездесу 1953 жылы Нью-Йорктегі “Янки” стадионында өткен халықаралық конгресте болған еді. Зор жігер алған сол кездесуден соң біз Ғалақад мектебіне өтініш қағазын толтырдық. Бір таңғаларлығы, 1954 жылдың ақпанында өткелі жатқан сыныпқа шақырылдық.

Біз Кореяға тағайындалдық. Елдің күл-талқанын шығарған үш жылға созылған соғыс 1953 жылдың жазында ғана біткен еді. Жоғарыдағы хатта айтылғандай, біз алдымен Жапонияға бардық. Мұхитпен 20 күн бойы жүзіп, мұнда 1955 жылдың қаңтарында келіп жеттік. Қасымызда Кореяға тағайындалған тағы алты миссионер бар болатын. Бізді Жапония филиалының бақылаушысы Ллойд Берри таңғы сағат алтыда кемежайда күтіп алды. Содан, көп ұзамай, Иокогамадағы миссионерлер үйіне жүріп кеттік. Сол күні қызметке шығып та үлгердік.

Кореяға да жеттік

Уақыт өте Корея Республикасына кіру үшін рұқсатнама (виза) алдық. 1955 жылдың 7 наурызында ұшақпен Токиядағы халықаралық әуежай Ханидадан 3 сағаттай ұшып, Сеулдің Иоудо әуежайына келіп қондық. Бізді 200-ден астам корей бауырластар қарсы алды, қуанғанымыздан жылап жібердік. Ол кезде Кореяда небары 1 000 Куәгер бар еді. Батыстың көп адамдары сияқты, біз де, Шығыстағылар, қай жерде тұрмасын, бәрі бір-біріне ұқсайды, бәрі бірдей әрекет етеді деп ойлайтынбыз. Алайда көп ұзамай-ақ бұлай емес екенін байқадық. Корейлердің тек өз тілі мен әліпбиі ғана емес, өз асханасы, ұлттық киімі, сырт көрінісі, сондай-ақ ғимараттарды безендіру сияқты тек өздеріне тән ерекшеліктері көп екен.

Бізге ең алдымен ауыр соққаны тіл үйрену болды. Корей тілін үйренуге көмектесетін ешқандай кітап жоқ еді. Құр ағылшын дыбыстарымен корей сөздерін дәл қайталап айту мүмкін емес екенін көп кешікпей-ақ түсіндік. Адам әліпбиді білсе ғана сөздерді дұрыс айта алады.

Біз сөйлегенде қателер жіберетінбіз. Мысалы, бірде Лиз үй иесінен Киелі кітабы бар-жоғын сұрады. Ол Лиздің түріне таңдана қарады да, сосын, іштен бір қорап сіріңке алып шықты. Сөйтсек, Лиз “Киелі кітап” дегенді білдіретін сәңкуиң сөзінің орнына, саңиаң (сіріңке) депті.

Бірнеше айдан соң бізге оңтүстіктегі портты қала Пусаннан миссионерлерге арналған үй тауып, оны дайындау тапсырылды. Ол жерден шағын үш бөлмесі бар үйді жалға алып, онда Лиз екеуміз және тағы екі әйел бауырлас тұрдық. Үйде су және әжетхана жоқ еді. Су тек түнде ғана қатты ағып, оны шлангымен екінші қабатқа шығаруға болатын. Сондықтан ыдыстарға су толтырып алу үшін, кезекпен түн жарымда тұратынбыз. Ауыз суымызды қайнатып алуға не хлор салуға тура келетін.

Қиындық мұнымен бітпеді. Электр тогы аз болғаны сонша — кір жуатын машинаны және үтікті пайдалана алмайтынбыз. Асханамыз дәлізде болатын, сондай-ақ онда тек керосинмен жанатын жалғыз пеш бар-тын. Көп ұзамай, кезегіміз келген күні тамақ әзірлеуді бәріміз де үйреніп алдық. Үш жылдан соң Лиз екеуміз гепатитпен ауырып, жатып қалдық. Сол жылдары миссионерлердің басым көпшілігі осы ауруды жұқтырып алған болатын. Дертімізден айыққанша бірнеше ай өтті, оның үстіне, басқа да аурулар қосылды.

Қиындықтарды жеңуге көмектесу

Соңғы 55 жыл бойы Корея түбегі Азиядағы саяси өте тұрақсыз жерлердің бірі болды. Түбекті демилитаризацияланған аймақ бөліп жатты. Бұл аймақ Корея Республикасының астанасы Сеулдің солтүстігіне қарай 55 шақырым жерде орналасқан. 1971 жылы Бруклиндегі бас басқармадан Фредерик Френц келді. Мен оны демилитаризацияланған аймаққа дейін шығарып салдым. Бұл — дүниедегі ең берік шекара. Жылдар бойы осы жерде Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері екі елдің өкілдерімен кездесіп жүрді.

Әрине, біз осы дүниенің саяси істеріне қатысты, соның ішінде Корея түбегіндегі жағдай да бар, бейтараптық сақтаймыз (Жох. 17:14). Соғысқа қатысудан бас тартқаны үшін, Кореядағы 13 000-нан аса Куәгер бәрін қосқанда 26 000 жыл түрмеде отырды (Қор. 2-х. 10:3, 4). Бұл елдегі жас ер бауырластардың бәрі алда осындай қиындыққа кезігетінін біледі, бірақ олар бұдан жасымайды. Үкіметтің мәсіхшілерге өздерінің бейтараптығын сақтағанына бола “қылмыскерлер” деп айдар таққаны өкінішті-ақ.

1944 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, Құрама Штаттарында мен де әскери қызмет атқарудан бас тартқаным үшін екі жарым жылға Леисбургтегі (Пенсильвания) түрмеге жабылған болатынмын. Сондықтан жас корей бауырластар түрмеде маған қарағанда әлдеқайда қиын жағдайды бастан кешіп жатса да, олардың жағдайымен таныспын. Кореядағы кейбір миссионерлердің де осындай жағдайдан өткендерін білгені көп бауырластарға жігер берді (Ишая 2:4).

Сынақтарға кезігу

1977 жылы өзіміздің де бейтараптығымыз сыналды. Үкімет басындағылар бізді жас корей жігіттерін әскери қызметтен және қолдарына қару алудан айнытып жүр деп ойлады. Сондықтан үкімет қандай да бір себеппен елден кеткен миссионерлерге қайта кіруге рұқсат бермеуді шешті. Бұл 1977 жылдан 1987 жылға дейін жалғасты. Егер сол жылдары Кореядан шықсақ, қайтып кіре алмас едік. Сол себепті тіпті үйімізге де бармадық.

Біз үкімет басындағылармен талай кездесіп, Мәсіхтің ізбасарлары ретінде бейтараптық сақтайтынымызды түсіндірдік. Ақыр соңында, олар біздің алған бетімізден қайтпайтынымызды көріп, он жылдан кейін бұл шектеуді алып тастады. Сол жылдары тек азғана миссионерлерге денсаулыққа қатысты не басқа да себептермен елден кетуге тура келді, ал басым көпшілігіміз қала бердік, әрі бұлай еткенімізге қазір қуаныштымыз.

1980 жылдардың ортасында қарсыластарымыз заң жүзінде тіркелген корпорация директорларына жастарды әскери қызметтен бас тартуға үйретіп жүр деген жалған айып тақты. Сондықтан үкімет олардың әрқайсысынан жауап алды. Ал 1987 жылдың 22 қаңтарында прокуратура жабылған жаланы негізсіз деп тапты. Бұл болашақта болуы мүмкін түсініспеушіліктердің алдын алуға көмектесті.

    Құдайдың батасы

Бейтараптығымыз үшін Кореяда уағыздау ісімізге көрсетілген қарсылық барған сайын күшейе түсті. Сондықтан конгресс өткізетін қолайлы орын табу тіптен қиындап кетті. Сөйткенмен де бауырластар істің ыңғайын келтіріп, Пусанда Конгресс сарайын соқты. Бұл Шығыстағы ең бірінші сарай болды. Мен 1976 жылдың 5 сәуірінде 1 300 адам алдында ғимаратты бағыштауға арналған баяндама айту мәртебесіне ие болдым.

1950 жылдан бері Құрама Штаттарының он мыңдаған әскері Кореяда қызмет етуге жіберілген болатын. Құрама Штаттарға оралғаннан кейін, олардың көбісі құлшынысқа толы Куәгерлер болды. Біз олардан жиі хат алып тұрамыз, әрі оларға рухани көмектескенімізді зор бата деп білеміз.

Өкінішке қарай, 2006 жылдың 26 қыркүйегінде жан серігім Лизден айырылдым. Мен оны қатты сағынамын. Осында өткен 51 жылының ішінде ол кез келген тапсырманы қуана қабылдап, ешқашан наразылық білдірген емес. Ол бір кездері кеткім келмейді деп айтқан Құрама Штаттарына оралуды ешқашан ұсынған да, тіпті бұған емеурін білдірген де жоқ.

Мен әлі де Кореядағы Бетелде қызмет етудемін. Алғашында санаулы ғана болған Бетел отбасы бүгінде шамамен 250-ге жетіп отыр. Елдегі істі бақылап отырған филиал комитетінде жеті адаммен бірге қызмет ету — мен үшін зор мәртебе.

Біз келгенде Корея өте кедей ел болса, бүгінде ол — дүниедегі ең дамыған мемлекеттердің бірі. Қазіргі таңда онда 95 000-нан астам Куәгер бар, әрі олардың 40%-ға жуығы жалпы және қосалқы ізашар болып қызмет етеді. Мұның бәрі — менің осы жерде қызмет етіп, Құдай отарының өсуін көргеніме риза екендігімнің бір себебі.

[24-беттегі сурет]

Миссионерлермен бірге Кореяға келген бетіміз

[24, 25-беттердегі сурет]

Пусандағы қызмет

[25-беттегі сурет]

Френц бауырласпен бірге демилитаризацияланған  аймақта, 1971 жыл

[26-беттегі сурет]

Лизбен бірге (дүние саларының алдында ғана)

[26-беттегі сурет]

Мен қызмет етіп келе жатқан Кореядағы филиал

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу