Отарға тезірек оралуға көмектесіңдер!
“Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде” (ЖОХ. 6:68).
1. Көп шәкірті Исаны тастап кеткенде, Петір не деді?
БІРДЕ Иса Мәсіхті бір ілімі үшін көп шәкірті тастап кетеді. Сонда ол елшілерінен: “Сендердің де кеткілерің келе ме?”— деп сұрайды. Петір оған: “Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде”,— деп жауап береді (Жох. 6:51—69). Шынында да, баратын басқа жер жоқ еді. Иудаизмде “мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер” болмаған, бұл сөздерді бүгінде дүниежүзілік жалған діндер империясы — Ұлы Бабылдан да таба алмаймыз. Құдай отарынан адасқан, алайда Ехобаға ұнамды болғысы келетін адам үшін қазір “рухани ұйқыдан оянып”, отарға қайтатын уақыт (Рим. 13:11).
2. Сот комитеті қарастыратын немесе қандай да бір құпия жайттарға қатысты нені есте ұстау керек?
2 Ехоба Исраилдің жоғалған қойларының қамын ойлайтынын көрсеткен (Езекиел 34:15, 16 оқыa). Тап солай, мәсіхші ақсақалдар отардан адасқан қой іспетті адамдарға көмектескісі келеді, әрі көмектесуге міндетті. Олар көмек сұраған мұндай адаммен Киелі кітап зерттеуді жариялаушылардың біріне тапсыруы мүмкін. Егер жариялаушы ол адамның ауыр күнә жасағанын білсе, не істегені жөн? Ол сот комитеті қарастыратын немесе қандай да бір құпия жайттарға қатысты кеңес бермей, оны ақсақалдарға баруға талпындыруы қажет. Егер ол барғысы келмесе, мұны жариялаушының өзі істеуі керек (Леуі. 5:1; Ғал. 6:1).
3. Жоғалған қойы табылғанда, қойшы қандай сезімде болды?
3 Алдыңғы мақалада 100 қойы бар адам жайлы Исаның мысалы келтірілген болатын. Ол бір қойын жоғалтқанда, 99 қойын тастап, оны іздеуге шығады. Ал қойын тауып алғанда, қатты қуанады! (Лұқа 15:4—7). Құдайдың жоғалған бір қойы отарға қайтып оралғанда, біз де қуанамыз. Ақсақалдар мен қауымның басқа да мүшелерін сүйіспеншілік осындай адамға барып тұруға талпындырған болу керек. Олар да оның отарға қайтып, Құдайдың қолдауын, қорғанышы мен батасын көргенін қалайды (Заң. қ. 33:27; Заб. 90:14; Нақ. с. 10:22). Егер олардың ондай адамға көмек көрсетуге мүмкіндіктері болса, не істей алады?
4. Ғалаттықтарға 6:2, 5-тегі қандай ойға назар аударуға болады?
4 Мұндайда Ехобаның өз қойларын жақсы көретінін және олардан қолдарынан келмейтінді талап етпейтінін жайлап түсіндіру арқылы бауырласты қауымға қайта оралуға шақыруға болады. Мысалы, Киелі кітапты зерттеу, мәсіхшілер қауымына бару және Патшалық жайлы уағыздау — орындай алмайтын талаптар емес. Бәлкім, онымен бірге Ғалаттықтарға 6:2, 5-ті оқып, мәсіхшілер бір-бірінің ауыр жүгін көтерісетіні, сөйтсе де Құдай алдындағы міндеттерін ‘әр адам өзі атқаруға тиіс’ екені жайлы сөйлескен орынды болар. Себебі Құдайға біз үшін басқа біреу адал бола алмайды.
‘Күнделікті тұрмыс уайымы’ себеп болды ма?
5, 6. а) Неге қауымға келмей жүрген бауырласты мұқият тыңдау маңызды? ә) Оған қауыммен араласпаудың кері әсер еткенін түсінуге қалай көмектесуге болады?
5 Ақсақалдар не өзге рухани толысқан жариялаушылар қауымға келмей жүрген бауырласқа қалай көмек көрсету керектігін білу үшін, ол өз сезімін айтып жатқанда, мұқият тыңдаулары керек. Мысалы, сен ‘күнделікті тұрмыс уайымына’ беріліп, қауымға келмей жүрген ерлі-зайыпты бауырластарға барған ақсақалсың делік (Лұқа 21:34). Олар қаражат жағынан қысылып не отбасылық жауапкершіліктері көбейіп, бірте-бірте рухани істерден қол үзіп қалған болар. Бәлкім, бәрінен шаршап, демалғысы келетінін айтатын шығар, бірақ қауымнан тыс жүргеннен оларға еш пайда жоқ екеніне назар аударғаның жөн (Нақыл сөздер 18:1 оқы). Бұл үшін оларға әдеппен келесідей сұрақтарды қойып көр: “Жиналысқа баруды тоқтатқалы бері өздеріңді әлдеқайда бақытты сезініп жүрсіңдер ме? Отбасылық өмірлерің жақсара түсті ме? Әлі де Ехобаның алдындағы қуаныштан күш алып жүрсіңдер ме?” (Нех. 8:10).
6 Осындай сұрақтардың үстінен ой жүгірту оларға қауыммен байланысты үзгендіктен рухани әлсіреп, бұрынғыдай бақытты бола алмай қалғандарын түсінуге көмектесер (Мат. 5:3 ЖД; Евр. 10:24, 25). Сондай-ақ уағыздау ісіне қатыспағандықтан, қуаныштарынан айырылғандарын түсінуге көмектесуге болатын шығар (Мат. 28:19, 20). Олай болса, олардың не істегені жөн?
7. Отардан адасқандарды не істеуге талпындырғанымыз жөн?
7 Иса былай деген: ‘Өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Алдағы осы апаттардан құтылу үшін әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер!’ (Лұқа 21:34—36). Ендеше, отардан адасқан, бірақ бұрынғыдай бақытты болғысы келетіндерді киелі рух және көмек сұрап Құдайға дұға етуге әрі соған сай әрекет етуге талпындырсақ болады (Лұқа 11:13).
“Сүрініп” қалды ма?
8, 9. Ақсақалдың сүрінген адаммен не жайлы ой жүгіртуіне болады?
8 Кемелсіз болғандықтан, адамдар арасында түсініспеушілік болып жатады, ал бұл кейбіреулердің сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін. Мысалы, біреулер қауымдағы беделді бауырластың Құдайға ұнамсыз әрекетін көріп сүрінуі мүмкін. Егер бір бауырлас осының салдарынан қауымға келмей қойған болса, ақсақал оның назарын мынаған аударса болады: Ехоба ешқашан адамның сеніміне нұқсан келтіретін іс жасамайды. Онда ол неге біреудің Құдаймен және оның халқымен қарым-қатынасын бұзуына жол беруі керек? Қайта, “бүкіл әлемнің Қазысы” бәрін білетініне және өз уақытында қажетті шара қолданатынына сенім артып, Құдайға қызмет ете бергені дұрыс емес пе? (Жар. 18:25; Қол. 3:23—25). Әдетте адам сүрініп құлап қалса, жата бермей, орнынан тұруға талпынады ғой.
9 Рухани көмек беру үшін ақсақал басқа біреулердің жағдайын мысал етуіне болады. Кезінде оларды қатты қапаландырған жағдай уақыт өте келе маңызсыз болып қалған. “Сүріндіретін тас”, шынында да, қазір жоқ. Егер адам өзін түзеткені үшін сүрінген болса, оның дұға ете отырып ой жүгірткені жақсы. Сонда ол өзінің де қандай да бір шамада кінәлі болғанын және өзін түзеткенге бола сүрініп қалғаны дұрыс болмағанын түсінуі мүмкін (Заб. 118:165; Евр. 12:5—13).
Қандай да бір іліммен келіспеді ме?
10, 11. Киелі кітаптың қандай да бір ілімімен келіспеген адамға көмектесу үшін не жайлы ой жүгіртуге болады?
10 Кейбіреулер Жазбалардағы қандай да бір іліммен келіспей, Құдай отарынан кетуі мүмкін. Мысыр құлдығынан азат етілген исраилдіктер өздері үшін жасаған “[Құдайдың] істерін ұмытып”, ‘Оның әрекетін [“кеңесін” ЖД] күтпеген’ болатын (Заб. 105:13). Отардан адасқан бауырласқа көмектесу үшін, ‘адал да ақылды құлдың’ керемет рухани ас-су беріп жатқанын оның есіне салуға болады (Мат. 24:45 ЖД). Бастапқыда ол шындықты солар арқылы білді емес пе?! Олай болса, неге қайтадан шындық жолымен жүрмеске? (Жох. 2-х. 4).
11 Құдай отарынан адасқан бауырласқа көмектескенде, ақсақал Исаның қандай да бір ілімімен келіспей, оны тастап кеткен шәкірттердің мысалына көңіл аударса болады (Жох. 6:53, 66). Олар Исамен және оның адал ізбасарларымен араласуды доғарған соң, рухани күйреп, қуаныштарын жоғалтқан болатын. Бүгінде мәсіхшілер қауымымен байланысын үзген адамдар басқа жерден мол рухани ас-су таба алды ма? Әрине, тапқан жоқ!
Ауыр күнә жасалды ма?
12, 13. Отардан адасқан бауырлас ауыр күнә жасағанын мойындаса, оған қалай көмектесуге болады?
12 Кейбіреулер ауыр күнә жасап қойғандықтан, уағыздауды және қауым кездесулеріне келуді доғарып жатады. Олар күнәсін ақсақалдардың алдында мойындаса, қауымнан шығарыламыз деп ойлауы мүмкін. Бірақ күнә жасауды тоқтатып, шын өкінетін болса, олар қауымнан шығарылмайды (Қор. 2-х. 7:10, 11). Қайта, олардың қауымға келгеніне ақсақалдар қуанып, қажетті рухани көмек көрсетеді.
13 Саған отардан адасқан бауырласқа көмек көрсету тапсырылды делік. Егер ол өзінің ауыр күнә жасағанын айтса, не істеуің керек? Бұл іске араласудың орнына, жоғарыда айтылғандай, бауырласты ақсақалдарға баруға талпындыр. Ал егер барғысы келмесе ше? Онда Ехобаның есімі мен қауымның рухани игілігін ойлайтыныңды көрсетіп, Құдайдың басшылығына сай әрекет еткенің жөн (Леуіліктер 5:1 оқыb). Ақсақалдар қауымға қайта оралып, Құдай еркіне сай өмір сүргісі келетін адамға қалай көмектесу керектігін біледі. Мүмкін, олар түзету шараларын қолданатын шығар (Евр. 12:7—11). Егер адам Құдайға қарсы күнә жасағанын мойындаса, әрі онысын доғарып, шын жүректен өкінсе, ақсақалдар оған көмек беріп, ол Құдайдың кешіріміне ие бола алады (Ишая 1:18; 55:7; Жақ. 5:13—16).
Қайта оралған ұлға қуану
14. Исаның адасқан ұл туралы мысалын өз сөздеріңмен айтып беріңдер.
14 Отардан адасқан адамға көмектесіп жатқан бауырлас онымен Лұқа 15:11—24 тармақтардағы Исаның көрнекі мысалын қарастырса болады. Мысалдағы жас жігіт азғын өмір кешіп, еншісін шашып, ысырап қылады. Ақыр соңында, өз өміріне риза болмай, түңіледі. Әбден қарны ашып, әрі үйін сағынған ол ақылға келіп, үйіне қайтады. Оның келе жатқанын алыстан көрген әкесі жүгіріп алдынан шығады да, құшақтап бауырына басып, бетінен сүйіп, қатты қуанады. Осы мысалдың үстінен ой жүгірткені отардан адасқан бауырласты қауымға қайтуға талпындыруы мүмкін. Осы дүниенің ақыры жақындап қалғандықтан, оның кідірместен ‘үйге’ қайтқаны жөн.
15. Неліктен кейбіреулер қауымнан біртіндеп алшақтап кетіп жатады?
15 Қауымнан алшақтап жататындардың басым көпшілігі дәл мысалдағы жас жігіт сияқты болмауы мүмкін. Кейбіреулер қалқып жағадан алыстап кеткен қайық секілді, қауымнан бірте-бірте алшақтайды. Басқалары болса қатты уайымға беріліп, нәтижесінде, рухани істерден қол үзеді. Ал тағы біреулері қауымдағы біреудің әрекетіне “сүрініп” немесе Киелі кітаптың қандай бір ілімімен келіспей, қауыммен байланысын үзіп жатады. Бірлі-жарымы Киелі кітап принциптеріне қайшы әрекетке барып қояды. Алайда сен осы жайттардың әрбіріне қатысты берілген жоғарыдағы кеңестерді қолданып, осы не басқа да себептермен отардан кетіп қалғандарға тым кеш болмай тұрғанда, қайта оралуға көмектесе алуың мүмкін.
“Үйіңе қош келдің, ұлым”
16—18. а) Ұзақ уақыт бойы қызмет етпеген бауырласқа бір ақсақал қалай көмектесті? ә) Оның қауымнан қол үзуіне не себеп болды, оған қандай көмек көрсетілді және қауымдағылар оны қалай қарсы алды?
16 Бір мәсіхші ақсақал былай деді: “Біздің қауымдағы ақсақалдар кеңесі отардан адасқан бауырластарға баруға көп көңіл бөледі. Мен Киелі кітапты бірге зерттеп, шындықты білуіне көмектескен бір бауырлас жайлы ойладым. Ол шамамен 25 жыл бойы қызмет етпеген, әрі қиын жағдайға тап болған еді. Сондықтан мен оған Киелі кітаптағы принциптерді қолданудың қалай көмектесетінін түсіндірдім. Біраз уақыт өткен соң, ол Патшалық сарайына келе бастады және отарға қайтуға деген шешімін нығайту үшін Киелі кітапты зерттеуге келісті”.
17 Оның қауымнан қол үзуіне не себеп болды? Ол былай мойындады: “Мен рухани істерден гөрі осы дүниелік нәрселерге көп көңіл бөле бастадым. Сосын, зерттеуді, уағыздау мен кездесулерге келуді доғардым. Сөйтіп жүргенде, қауымнан бөлектеніп қалдым. Бірақ ақсақалдың жеке әрі шын жүректен көңіл бөлгенінің арқасында қауымға қайта оралдым”. Зерттеу сабағын қолға алған соң, оның проблемалары да шешіле бастады. Кейіннен ол: “Мен өзіме Ехобаның және оның ұйымының сүйіспеншілігі мен басшылығы жетіспей жүргенін түсіндім”,— деді.
18 Бұл бауырласты қауым қалай қарсы алды? Ол былай деді: “Мен өзімді Иса Мәсіхтің мысалындағы адасқан ұлдай сезіндім. Отыз жыл бұрын қауымда кездестірген, қазір де адал қызмет етіп жүрген бір қарт әйел бауырлас қасыма келіп: “Үйіңе қош келдің, ұлым!”— деді. Бұл маған қатты әсер етті. Мен, шынында да, үйімде едім. Маған көмектескен ақсақал мен бүкіл қауымның танытқан сүйіспеншілігі, мейірімі, шыдамдылығы мен шын ықыластары үшін ризашылық білдіргім келеді. Олардың Ехобаға және жақынына деген сүйіспеншіліктері отарға қайтуыма көмектесті”.
Оларды кідірместен әрекет етуге талпындыр!
19, 20. Қалай отардан адасқандарды кідірместен қайтуға талпындыруға және оларға Құдайдың бізден тым көп нәрсе талап етпейтінін түсіндіруге болады?
19 Біз осы зұлым дүниенің соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз, әрі оның жойылатын кезі жақын қалды. Сондықтан отардан адасқандарды қауым кездесулеріне келуге талпындыр. Мұны кідірмей қолға алуға шақыр. Шайтан оның Құдаймен қарым-қатынасын бұзуға әрі өмірдің ауыртпалықтарынан құтылудың жолы — шынайы ғибадаттан кету дегенге иландыруға тырысып жатқанын айт. Сондай-ақ Исаның адал ізбасары болса ғана жаны нағыз рақатқа бөленетініне көз жеткізуіне көмектес (Матай 11:28—30 оқы).
20 Отардан адасқан бауырласқа Құдайдың бізден шамамыз жетпейтін нәрсені талап етпейтінін есіне сал. Бірде Елазардың бауыры Мәриямды Исаның басына құнды иісмай құйғаны үшін кейбіреулер жазғырған болатын. Сонда Иса: ‘Бұл кісіге тимеңдер! [Ол] қолынан келгенін істеді’,— деді (Мар. 14:6—8). Сондай-ақ Иса ғибадатханаға екі бақыр садақа жасаған бір кедей жесір әйелді мақтаған, себебі ол да шамасы келгенді істеген еді (Лұқа 21:1—4). Мәсіхшілер кездесулеріне бару және Патшалық жайлы уағыздауға қатысу басым көпшілігіміздің қолымыздан келеді. Отардан адасқандардың көбісі де Ехобаның көмегімен бұларды істей алады.
21, 22. Ехобаға қайтқысы келетіндерді не нәрсеге сендіруіңе болады?
21 Отардан адасқан адам бауырластармен кездесуге жүрексінсе, адасқан ұл үйіне оралғанда, қандай қуаныш болғанын есіне түсірсең болады. Бауырластар қауымға оралғанда да біз солай қуанамыз. Оларды Шайтанға қарсы тұрып, Құдайға жақындауға қазірден бастап кірісуге талпындыр (Жақ. 4:7, 8).
22 ‘Ехобаға қайта оралғандарды’ қауым құшақ жая қарсы алады (Ерм. з. 3:40 ЖД). Олар бұрын Құдайға қызмет етуден зор қуаныш алғандары сөзсіз. Кідірместен отарға қайта қосылса, болашақта да мол баталарға кенелмек!
[Сілтемелер]
a Езекиел 34:15, 16: “Мен Өз қойларымды бағатын боламын және Оларды дамылдатып жусатамын, дейді Жаратушы Құдай. Жоғалғанын іздеп табамын және қолды болғанын қайтарамын, жараланғандарын таңып байлаймын және де ауырғандарын сауықтырамын, ал семіргендері мен құтырғандарын соямын; оларды ақиқаттан аттамай бағатын боламын”.
b Леуіліктер 5:1: “Егер кімде-кім қарғыс үнін естісе және соның куәгері болса немесе соны көре тұра, біле тұра хабарламаса, онда ол өзіне күнә жүктейді”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Сүрініп, қауымға келмей қойған мәсіхшіге қалай көмектесе аламыз?
• Қандай да бір іліммен келіспей, Құдай отарынан адасқан адаммен не жайлы ой жүгіртуге болады?
• Қауымға оралуға жүрексініп жүрген адамға қалай көмектесуге болады?
[13-беттегі сурет]
Отардан адасқан бауырлас өз сезімдерімен бөліскенде, мұқият тыңда
[15-беттегі сурет]
Исаның адасқан ұл жайлы мысалының үстінен ой жүгірткені кейбіреулерді отарға қайтуға талпындыруы мүмкін