Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 15.11. 17—19 бет.
  • Тату жүруге ұмтылайық

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Тату жүруге ұмтылайық
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Неліктен татулыққа ұмтылу қажет?
  • Сабырлықпен сөйлесу татулық орнатады
  • Тілді ақылмен қолданайық
  • Құдайға “бір ауыздан” қызмет етейік
  • Тату болуға ұмтылыңдар
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Келіспеушіліктің шешімін сүйіспеншілікпен табайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • Тыныштық. Оған қалай қол жеткізуге болады?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 15.11. 17—19 бет.

Тату жүруге ұмтылайық

ЖАҢАДАН салынған жол берік әрі бұзылмайтындай болып көрінеді. Алайда уақыт өте келе, жолдың беті жарылып, шұңқырлар пайда болуы мүмкін. Жолды бұзылудан сақтап, қауіпсіз ету үшін, оны жөндеп тұру қажет.

Сол сияқты, біздің әлдекіммен қарым-қатынасымызға сызат түсіп, арамызда салқындық туындауы мүмкін. Елші Пауыл Римдегі мәсіхшілердің көзқарастарының әртүрлі екенін біліп, оларға: “Өзара тату жүріп, бір-біріміздің рухани өсуімізге көмектесетіннің барлығына жан-тәнімізбен ұмтылайық”,— деп кеңес берді (Рим. 14:13, 19). Неліктен ‘тату жүруге ұмтылуымыз’ керек? Мұны қалай тайсалмай әрі дұрыс жолмен істей аламыз?

Неліктен татулыққа ұмтылу қажет?

Жолға түскен сызат қараусыз қалса, қауіпті шұңқырға айналып кетуі мүмкін. Екі адамның арасындағы түсініспеушілік те шешілмей қалса, қарым-қатынас бұзылады. Елші Жохан: “Біреу: “Құдайды сүйемін”,— дей тұра, бауырласын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?”— деген (Жох. 1-х. 4:20). Мәсіхшілердің арасындағы шешілмеген түсініспеушілік бір-бірін жеккөруге дейін апаруы мүмкін.

Иса Мәсіх басқалармен тату болмасақ, Ехобаның ғибадатымызды қабыл алмайтынын айтқан. Ол шәкірттеріне нұсқау беріп, былай деді: “Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды құрбандық үстеліне алып барғанда, егер бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сол жерде есіңе түсіп кетсе, алып келгеніңді сонда қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағышта” (Мат. 5:23, 24). Ехоба Құдайға ұнамды болуды қалау — татулыққа ұмтылуымыздың басты себебіa.

Татулыққа ұмтылудың тағы бір себебін Філіпідегі қауымда орын алған бір жағдайдан көруге болады. Еуодия мен Сүнтүхе атты әйел бауырластардың арасында келіспеушілік туындап, нәтижесінде бұл бүкіл қауымның татулығына қауіп төндіргенге ұқсайды (Філіп. 4:2, 3). Екі адамның арасындағы түсініспеушілік шешілмесе, көп ұзамай көпшілікке белгілі болуы мүмкін. Сондықтан қауымның сүйіспеншілігі мен бірлігін сақтауға деген ықылас бізді бауырласпен татуласуға талпындыру керек.

“Татуластырушылар бақытты”,— деді Иса (Мат. 5:9). Татулыққа ұмтылу қуаныш пен қанағат әкеледі. Оның үстіне, татулық денсаулыққа септігін тигізеді. Себебі Киелі кітапта: “Жан тыныштығы ғұмырды ұзартар”,— делінген (Нақ. с. 14:30). Ал керісінше, ашуды сақтағанымыз ауруға шалдығу қаупін күшейтеді.

Мәсіхшілердің көбісі татулыққа ұмтылу қажет екенімен келіседі. Бірақ сен түсініспеушілікті қалай шешуге болатынын білгің келетін шығар. Осыған қатысты Жазбалардағы принциптерді қарастырайық.

Сабырлықпен сөйлесу татулық орнатады

Жолдың бетінде пайда болған жарықтарды асфальтпен жауып жөндеуге болады. Біз де бауырластарымыздың болмашы қателіктерін жауып тастап, кешіре аламыз ба? Жеке келіспеушіліктердің көбісін осылай шешуге болады, себебі елші Петір: “Сүйіспеншілік адамдардың көптеген күнәларын жауып тастайды”,— деген (Пет. 1-х. 4:8 сілт.).

Алайда туындаған қиындық ауыр болып көрінсе, оған көз жұма алмайтын шығармыз. Уәде етілген жерге кіргеннен соң көп ұзамай исраилдіктердің басынан өткен бір жағдайды қарастырайық. “Рувимнің ұлдары мен Гадтың ұлдары және Манассия тайпасының жартысы” Иордан өзенінен өтпей тұрып, ‘еңселі құрбантөбе жасайды’. Исраилдің басқа рулары бұл құрбантөбе жалған құдайларға арналған деп ойлайды. Сондықтан мұны жазасыз қалдыруға болмайды деп шешіп, оларға қарсы соғыс ашуға дайындалады (Ешуа 22:9—12).

Батыс жақтағы исраилдіктердің кейбірі ауыр күнә жасалғанына жеткілікті дәлел бар деп, адам өлімі аз болу үшін, тұтқиылдан шабуылдауды ойлаған болу керек. Алайда көпшілік асығыс әрекет етпей, бауырластарымен туындаған қиындықты талқылауға өкілдерін жібереді. Сонда олар: “Осы сендер бүгін Жаратушы Иеден безіп, өздеріңе құрбантөбе соғып, Жаратушы Иеге қарсылық көрсетіп, Исраилдың Құдайы алдында қылмыс жасағандарыңа жол болсын?”— дейді. Шындығына келгенде, бұл рулар Құдайға қарсы қылмыс жасамаған болатын. Бірақ өздеріне тағылған орынсыз айыпты олар қалай қабылдады? Айыптаушыларына қарсы шықты ма, я болмаса сөйлесуден бас тартты ма? Жоқ, олар құрбантөбені Ехобаға қызмет ету ниетімен жасағандарын жұмсақтықпен әрі анық етіп түсіндірді. Олардың мұндай жауабы Құдаймен қарым-қатынастарын және өмірлерін сақтап қалды. Сабырлықпен сөйлескендері мәселені шешіп, татулық сақтауға көмектесті (Ешуа 22:13—34).

Ашуланған исраилдіктер айыпты деп есептеген бауырларын жазаламас бұрын, олармен туындаған қиындық жайлы сөйлескендері дұрыс болған. Құдай Сөзінде: “Асығыстық жасап, бойыңды ашу-ызаға алдырма, өйткені ызақорлықтың ұясы есуастардың жүрегінде орналасқан”,— делінген (Екк. 7:9). Олай болса, қиын жағдайды шешудің Жазбаларға негізделген жолы — сабырлықпен, ашық сөйлесу. Егер көңілімізге тиген адамға ашу сақтап, онымен сөйлесуден бас тартатын болсақ, Ехоба бізге батасын береді деп күте аламыз ба?

Ал мәсіхші бауырласымыз бізге ренжіп жүргенін айтса, тіпті орынсыз кінәласа, не істеуіміз керек? “Жәбір сөз ашу туғызар, Биязы жауап ашуды басар”,— делінген Киелі кітапта (Нақ. с. 15:1). Жәбір көрген Исраил рулары жағдайларын жұмсақтықпен әрі анық етіп түсіндіріп, дүрлігіп келген бауырластарын сабасына түсіре алды. Арада туындаған қиындық жайлы сөйлесуге бірінші болып бауырласымызға біз барсақ та, ол келсе де, өзімізден: “Татулық сақтау үшін, не айтуым, қалай сөйлеуім және өзімді қалай ұстауым керек?”— деп сұрағанымыз абзал.

Тілді ақылмен қолданайық

Ехоба бізді мазалаған қиындық жайлы сөйлесуге мұқтаж екенімізді түсінеді. Алайда түсініспеушілікті екеу ара шешпесек, бұл жайлы басқа біреумен сөйлесуге азғырылуымыз мүмкін. Іште сақталған реніш адам жайлы жағымсыз нәрселер айтуға оп-оңай түрткі болады. Тілді даналықпен қолдануға қатысты Нақыл сөздер 11:11-де былай делінген: “Әділдің ақ батасымен қала өркендер, Зұлымның жалған тілінен бытырап кетер”. Бауырласымыз жайлы ойланбай сөйлеу де қала іспетті қауымның тыныштығын бұзуы мүмкін.

Алайда татулыққа ұмтылу бауырластар жайлы мүлдем сөйлеспеу керек дегенді білдірмейді. Елші Пауыл бір сенімдегілерге: “Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін... Қайта, бір-біріңе мейірімді де жан ашыр болыңдар”,— деп кеңес берген (Ефес. 4:29—32). Егер біз бауырласты сөзімізбен не ісімізбен ренжіткен болсақ, ал ол біз туралы жағымсыз ештеңе айтпаған болса, одан кешірім сұрап, татуласу оңай болады емес пе? Демек, бауырластар жайлы жақсы нәрселерді айтуды әдетке айналдырсақ, әлдекіммен түсініспеушілік туындағанда, татулық орнату қиын болмайды (Лұқа 6:31).

Құдайға “бір ауыздан” қызмет етейік

Бойымыздағы күнәға деген бейімділік бізді ренжіткен адаммен қарым-қатынасты үзіп, бөлектеніп кетуге итермелейді. Бірақ бұлай ету даналыққа жатпайды (Нақ. с. 18:1). Біз Ехобаның есімімен аталатын ынтымақты халық болғандықтан, оған “бір ауыздан” қызмет етуге бел буғанбыз (Соф. 3:9).

Адамдардың бұрыс сөзі мен әрекеті таза ғибадатқа деген құлшынысымызды ешқашан сөндірмеуі керек. Иса дін мұғалімдерін айыптағаннан көп ұзамай ғибадатханада бір жесір әйелдің “күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан” садақа жәшігіне салып жатқанын байқайды. Иса өз құрбандығының жақында ғибадатханаға әкелетін сый тартулардың орнын басатынын біле тұра, жесір әйелді тоқтатты ма? Жоқ, қайта, сол кездегі Ехобаның қауымын адалдықпен қолдағаны үшін оны мақтады (Лұқа 21:1—4). Басқалардың әділетсіз әрекеті жесір әйелді сол кездегі шынайы ғибадатты қолдау жауапкершілігінен босатпаған еді.

Мәсіхші бауырласымыз бұрыс, тіпті әділетсіз әрекет етті деп ойласақ, не істеуіміз керек? Оның Ехобаға шын жүректен қызмет етуімізге кедергі жасауына жол береміз бе? Әлде Құдайдың қауымындағы татулықты сақтау үшін, тайсалмай кез келген түсініспеушілікті шешуге тырысамыз ба?

Киелі Жазбаларда: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар”,— делінген (Рим. 12:18). Лайым осылай әрекет етуге белді бекем буып, өмір жолында берік тұралық.

[Сілтеме]

a Матай 18:15—17 тармақтарда жазылған Исаның кеңесіне қатысты мәліметті 2000 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 ақпандағы санының 14—19 беттерінен қараңдар.

[17-беттегі сурет]

Еуодия мен Сүнтүхеге татулыққа ұмтылу қажет болды

[18-беттегі сурет]

Татулық сақтау үшін, не айту, қалай сөйлеу және өзімізді қалай ұстау керек?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу