Сауда орындарында куәлік ету
ЕЛШІ Пауыл Афиныда болған кезінде, күн сайын қаладағы базарға барып, Иса жайлы ізгі хабарды уағыздайтын (Ел. іс. 17:17). Өйткені ол қала тұрғындарының көбінесе сол жерде болатынын білген.
Содан бері 2 000 жылдай уақыт өтсе де, Ехобаның қызметшілері Құдай Патшалығы туралы хабарды жариялау үшін әлі де базарларға барады. Сонымен қатар олар дүкен, сауда үйі сияқты сауда орындарында уағыздайды. Неге? Өйткені ол жерде адамдар көп болады. Кейбір Куәгерлер сауда орнының иесінен рұқсат алған соң, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді үстелдің үстіне не сөрелерге жайып қояды.
Мысалы, Нью-Джерсидегі (АҚШ) бір сауда орталығының ішінде сөрелерге “Отбасы құндылықтарын қалай сақтауға болады?” атты тақырыпта әдебиеттер қойылған болатын. Мұндай куәліктің нәтижесі қандай болды? Бір күннің ішінде 6 тілде 153 кітап таратылды.
Әдебиеттердің жанына келген бір әйел Куәгерлердің бірін мұқият тыңдайды. Ол жеке өмірінде де, отбасында да адам Құдайды ұмытпау керектігімен келіседі. Сосын, “Ұлы Ұстаздан үйрен”, “Отбасы бақытының сыры”, “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” деген кітаптарды алады.
Түстен кейін бір ер кісінің сауда үйінің ішіндегі келесі дүкенге кіріп бара жатып, сөредегі “Жастардың сауалдары” кітабына көзі түседі. Мұны байқаған әйел бауырлас: “Кітаптардың біріне қызықтыңыз ба?”— деп сұрайды. Ол басын изейді де, “Жастардың сауалдары” кітабын көрсетіп, қолын созады. Бауырлас оған кітапты ұстатады. Сосын, әңгімелесе келе ол үш ұлы бар екенін, олармен аптасына бір рет талқылау өткізіп тұратынын айтады. Үлкен екі ұлы жасөспірім екен. Кітапты парақтап тұрып, оны отбасылық талқылаудың бірінде қуана қолданатынын айтады. Бауырлас оның назарын “Отбасы бақытының сыры” кітабына да аударып, одан әйелі екеуі отбасы мәселелерін шешуге қатысты өте пайдалы кеңестер таба алатынын айтады. Әлгі кісі кітапқа ризашылығын білдіріп, садақа береді және үйіне Куәгерлердің келуіне келіседі.
Сауда үйінде куәлік еткен жариялаушылар қандай сезімде болды? Бір әйел бауырлас: “Бұл қызметтің түрі маған қатты ұнады. Мен үшін керемет күн болды!”— деді. Ал басқа бір бауырлас былай деді: “Ехоба ізгі хабардың жердің шетіне дейін уағыздалатынын айтқан. Бүгінде Парамуста (Нью-Джерси) ізгі хабар әртүрлі тілде сөйлейтін адамдарға әсер етуде. Сауда орындарында куәлік беру қандай керемет! Оған атсалысқандардың барлығы да үлкен қуанышқа кенелді. Кешкісін ешқайсымыздың үйге қайтқымыз келмеді”.
Сен де ізгі хабарды түрлі жолдармен уағыздай аласың ба? Әрине, қызметтің негізгі түрі — үйден үйге уағыздау (Ел. іс. 20:20). Алайда неге базарда не сауда орындарында қызмет етіп көрмеске?