Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 15.9. 20—24 бет.
  • ‘Осы дүниелік рухқа’ қарсы тұрыңдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • ‘Осы дүниелік рухқа’ қарсы тұрыңдар
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Киелі рух па, әлде осы дүниелік рух па?
  • Қауіптің белгілерін көре біл
  • “Жүректерің шеменденіп кетпесін!”
  • Уайымға салынып кетпе
  • ‘Рух бойынша өмір сүре’ бер
  • Бағышталғаныңа сай киелі рухпен өмір сүр
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Осы дүниенің емес, Құдайдан келген рухты қабылда
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Неге Құдай рухының жетелеуімен жүруіміз керек?
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Рухани нәрселер жайында ойлаңдар да, өмір сүріңдер!
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 15.9. 20—24 бет.

‘Осы дүниелік рухқа’ қарсы тұрыңдар

“Біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық” (ҚОР. 1-Х. 2:12).

1, 2. а) Бұрын неге Британ кен орындарында канарейка шымшығын ұстаған? ә) Мәсіхшілер үшін қандай қауіп бар?

БРИТАН үкіметі 1911 жылы көмір қазатын шахтерлардың қауіпсіздігі үшін заң шығарды. Осы заң бойынша, әрбір кен өндіретін орнында екі канарейка шымшығы болу керек еді. Не үшін? Шахтада өрт шыққан жағдайда құтқаруға баратын шахтерлар оларды өздерімен бірге ішке алып кіру керек болған. Себебі осы кішкентай шымшықтар көмірқышқыл газы сияқты улы газдарға өте сезімтал келеді. Олар ауаның улана бастағанын сезгенде, мазасызданып, тіпті отырған жерінен құлап түсуі мүмкін. Бұл қауіптің жақын екенін білдіреді. Түссіз, иіссіз көмірқышқыл газы қанның қызыл түйіршіктерінің денеге оттегін тасымалдауына кедергі жасап, адам өліп кетеді. Құтқарушылар қауіптің белгісіне назар аудармаса, уланып қалғанын сезбей, естен танып қалуы, тіпті өліп кетуі мүмкін.

2 Рухани мағынада мәсіхшілердің жағдайы шахтерлардың жағдайына ұқсайды. Қай жағынан? Иса шәкірттеріне ізгі хабарды бүкіл әлемге уағыздауды тапсырғанда, оларды Шайтан билеген әрі осы дүниелік рух жайлаған қауіпті ортаға жіберіп жатқанын білген (Мат. 10:16; Жох. 1-х. 5:19). Сондықтан ол шәкірттерін қатты уайымдап, өлер алдындағы түні Әкесіне: “Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын”,— деп дұға етті (Жох. 17:15).

3, 4. Иса шәкірттеріне қандай ескерту айтты және неге оның бізге де қатысы бар?

3 Иса шәкірттерін рухани ұйықтатып, өлімге ұшырататын қауіп жөнінде ескерткен. Оның сөздерінің әсіресе ақыр заманда өмір сүріп жатқан біздерге қатысы бар. Иса шәкірттерін: ‘Алдағы осы апаттардан құтылып, Билеуші ретінде көктен келген Менің алдымда тұра алу үшін әрқашан сергек болыңдар!’— деп шақырды (Лұқа 21:34—36). Ол сондай-ақ Әкесі шәкірттеріне білгендерін естеріне түсіру үшін және сергек те батыл болуларына көмектесу үшін киелі рух беретінін уәде етті (Жох. 14:26).

4 Ал біз жайында не деуге болады? Киелі рух бізге де көмектесе ала ма? Киелі рухты алу үшін не істеуіміз керек? Осы дүниелік рух деген не және ол қалай әсер етеді? Қалай біз оған қарсы тұра аламыз? (Қорынттықтарға 1-хат 2:12 оқы).

Киелі рух па, әлде осы дүниелік рух па?

5, 6. Киелі рух бізге қалай көмектеседі және оны алу үшін не істеуіміз керек?

5 Киелі рух бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге көмектескені сияқты, бізге де көмектеседі. Ол дұрыс нәрсені істеуімізге және құлшына қызмет етуімізге күш береді (Рим. 12:11; Філіп. 4:13). Сондай-ақ бойымызда сүйіспеншілік, қайырымдылық, кеңпейілділік сияқты ‘киелі рухтың жемісіне’ кіретін қасиеттерді дамытады (Ғал. 5:22, 23). Алайда Ехоба алғысы келмейтіндерге киелі рухын күштеп бермейді.

6 Олай болса, өзімізден: “Киелі рухты алу үшін не істеуім керек?”— деп сұрағанымыз дұрыс. Киелі кітапта бұның бірнеше жолы көрсетілген. Мұның қарапайым да маңызды жолы — оны Құдайдың өзінен тікелей сұрау (Лұқа 11:13 оқы). Тағы бір тиімді жолы — рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзін зерттеп, ондағы кеңестерді қолдану (Тім. 2-х. 3:16). Әрине, Киелі кітапты құр оқығаннан адам Құдай рухын ала салмайды. Мәсіхші шын жүректен зерттегенде ғана киелі рухпен жазылған Сөздің астарындағы сезімдер мен көзқарасты қабылдай алады. Сондай-ақ Ехобаның Исаны өзінің өкілі етіп тағайындағанын және киелі рухын сол арқылы беретінін мойындау маңызды (Қол. 2:6). Сондықтан біз Исаның үлгісіне еліктеуіміз және тәлімдеріне сай өмір сүруіміз керек (Пет. 1-х. 2:21). Мәсіхке неғұрлым еліктеуге тырыссақ, соғұрлым киелі рухқа кенеле түсеміз.

7. Осы дүниелік рух адамдарға қалай әсер етеді?

7 Ал осы дүниелік рух адамдардың Шайтанға тән қасиеттерді танытуына ықпал етеді (Ефестіктерге 2:1—3 оқы). Мұның түрлі жолдары бар. Мысалы, айналамыздан көріп жүргендей, ол адамдарды Құдайдың нормаларына қарсы шығуға талпындырады. Сондай-ақ күнәкар құмарлықтар мен көздің қомағайлығын оятып, мал-мүлікке мастануға итермелейді (Жох. 1-х. 2:16). Сонымен қатар азғындық, жалған тәңірлерге табынушылық, сиқыршылық, қызғаныш, ашу-ыза мен маскүнемдік сияқты күнәкар болмысқа тән қылықтар жасауға түрткі болады (Ғал. 5:19—21). Ол Құдайдың адал жолынан тайдыратын сөздердің тарауына да ықпал етеді (Тім. 2-х. 2:14—18). Адам осы дүниелік рухтың өзіне ықпал етуіне қаншалықты жол берсе, соншалықты Шайтанға ұқсай түседі.

8. Әр адам қандай таңдау жасай алады?

8 Адамның өміріне міндетті түрде осы екі рухтың біреуі — киелі рух не осы дүниелік рух — әсер етеді. Қайсысының әсер етуіне жол беруді әр адам өзі шешеді. Осы дүниелік рухтың ықпалымен жүрген адам оның құрсауынан босап, өміріне киелі рухтың басшылық етуіне жол бере алады. Бірақ керісінше де болуы мүмкін. Біраз уақыт киелі рухтың жетегінде жүрген адам қайтадан осы дүниелік рухтың шырмауына түсіп қалуы мүмкін (Філіп. 3:18, 19). Енді осы дүниелік рухқа қалай қарсы тұруға болатынын көрейік.

Қауіптің белгілерін көре біл

9—11. Осы дүниелік рухтың әсер ете бастағанының кейбір белгілері қандай?

9 Жоғарыда айтылғандай, британдық шахтерлар канарейка шымшықтарының арқасында ауаның улана бастағанын білетін. Құстың құлап қалғанын көргенде, шахтер аман қалу үшін шұғыл әрекет жасау керек еді. Ал рухани жағынан алғанда, бізге осы дүниелік рухтың әсер ете бастағанын қандай белгілерден білуге болады?

10 Құдай Сөзіндегі шындықты алғаш естіп, Құдайға өмірімізді бағыштаған кезде, Киелі кітапты бар ықыласымызбен оқыған шығармыз. Сондай-ақ шын жүректен жиі дұға еткен болармыз. Бұлақты тапқан сусаған адамдай, әрбір қауым кездесуін рухани судың көзі деп, оларға үзбей қатысқан шығармыз. Мұның бәрі бізге осы дүниелік рухтың ықпалынан босап, одан аулақ жүруге көмектескені сөзсіз.

11 Киелі кітапты әлі де күнделікті оқып жүрміз бе? (Заб. 1:2). Жиі әрі шын жүректен дұға етуден айныған жоқпыз ба? Апта сайынғы кездесулердің бәріне баруды жақсы көреміз бе? (Заб. 83:11). Әлде осы жақсы әдеттеріміздің бірінен айнып қалдық па? Уақытымыз бен күшімізді жұмсайтын жауапкершіліктеріміз көп болса, рухани дағдымызды сақтау қиын болуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе қандай да бір жақсы әдетімізді жоғалтып алған болсақ, бұл осы дүниелік рух әсер етіп жатқанының белгісі емес пе екен? Жоғалтқан әдетімізді қалпына келтіру үшін шұғыл түрде әрекет етеміз бе?

“Жүректерің шеменденіп кетпесін!”

12. Исаның айтуынша, шәкірттері кімге ‘сақ болулары’ керек еді және неге?

12 Осы дүниелік рухқа тағы қалай қарсы тұруға болады? Иса шәкірттерін ‘сергек болуға’ шақырар алдында оларды кейбір қауіпті жайттардан сақтандырып, былай деді: “Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап [“шамадан көп тамақ жеп”, ЖД], мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді” (Лұқа 21:34, 35).

13, 14. Ішіп-жеуге қатысты өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз жөн?

13 Осы ескерту жайлы ойланып көрші. Иса ішіп-жеуден рақат алуды айыптады ма? Жоқ. Ол Сүлейменнің мына сөздерін жақсы білген: “Мен [адам баласы] үшін өз өмірлерінде тек жақсылық жасау мен көңіл көтеруден артық ешқандай игілік жоқ екендігін түсіндім. Және де егер әлдебір адам ауқат ішіп-жейтін болса, әрі өзінің ісінен ләззат алатын болса, онда бұл да — Құдайдың сыйы” (Екк. 3:12, 13). Алайда Иса осы дүниелік рухтың адамды шектен тыс ішіп-жеуге итермелейтінін білген.

14 Осы дүниелік рух санамызды улап, шамадан тыс көп тамақ жеп не ішімдік ішіп жүрген жоқпыз ба? Бұны анықтау үшін өзімізге келесі сұрақтарды қойсақ болады: Киелі кітаптағы немесе әдебиеттеріміздегі мешкейлікке қатысты берілген кеңестер маған қалай әсер етеді? Оларды қажеті жоқ не асыра сілтеушілік деп қабылдап, өз әрекетімді ақтауға бейіммін бе?a Ішімдікке қатысты — шаманы біліп ішуге, не тіптен ішпеуге және ‘маскүнемдіктен’ аулақ болуға қатысты — кеңестерге қалай қараймын? Олардың маған қатысы жоқ деп есептеп, елеусіз қалдырамын ба? Әлдекім менің ішімдік ішкеніме алаңдайтынын айтса, өзімді қорғаштап не ашуланып шыға келем бе? Өзгелерді де осындай кеңестерге немкетті қарауға талпындырамын ба? Иә, адамның көзқарасынан оның осы дүниелік рухтың ықпалына берілген-берілмегенін байқауға болады (Римдіктерге 13:11—14 салыстыр).

Уайымға салынып кетпе

15. Иса адамдардың қандай бейімділігіне қатысты ескерту айтқан?

15 Осы дүниелік рухқа қарсы тұрудың тағы бір маңызды жолы — уайымға берілмеу. Иса кемелсіз адамдардың күнделікті тұрмыс қамын ойлап, уайымдауға бейім екенін білген. Ол шәкірттеріне сүйіспеншілікпен: “Уайымдамаңдар!”— деп ескертті (Мат. 6:25). Құдайға ұнамды болу, мәсіхшілік жауапкершіліктерді атқару, отбасының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету сияқты маңызды жайттарды ойлау — кәдімгі нәрсе (Қор. 1-х. 7:32—34). Олай болса, біз үшін Исаның ескертуі нені білдіреді?

16. Осы дүниелік рух көп адамға қалай әсер етеді?

16 Осы дүниелік рух адамдарды мал-мүлкіне мақтануға талпындыратындықтан, көп адам орынсыз уайымға салынады. Ол адамдарды қауіпсіздік ақшаға байланысты және адамның қадірі рухани қасиеттеріне емес, дүние-мүлкінің саны мен сапасына қарап бағаланады дегенге сендіргісі келеді. Мұндай үгітке алданып қалғандар байлықтың құлына айналып, бар уайымы ең жаңа, ең үлкен және ең соңғы үлгідегі заттарға иелену болып кетеді (Нақ. с. 18:11). Дүние-мүлікке деген осындай бұрыс көзқарас адамның рухани өсуіне кедергі жасайтын уайым тудырады (Матай 13:18, 22 оқы).

17. Уайымға салынбау үшін не істеу керек?

17 Уайымға салынбау үшін, Исаның: “Ең бастысы, [Құдай] Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар”,— деген келесі сөздеріне құлақ асуымыз керек. Сонда Құдай бізге шынымен мұқтаж нәрселерімізді қосып береді (Мат. 6:33). Осы уәдеге сенетінімізді қалай көрсете аламыз? Мұның бір жолы — Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылу, яғни Құдайдың әділ нормаларын ұстану. Мысалы, қаржы мәселесін алсақ, салық төлегенде қулыққа барудан немесе іскерлік мәселелерде тіпті “кішкентай” өтірік айтудан бас тартамыз. Қарызымызды өтеуге келгенде, “иә” дегендерің шынымен “иә” болсын” деген принципке сай әрекет етіп, берген уәдемізде тұруға барынша тырысамыз (Мат. 5:37; Заб. 36:21). Мұндай шыншылдықтан байып кетпесек те, Құдайдың қолдауы мен таза ар-ұжданға ие боламыз, әрі көңіліміз де әлдеқайда тыныш болады.

18. Иса бізге қандай жақсы үлгі қалдырды және оған еліктеудің қандай пайдасы бар?

18 Ең алдымен Құдай Патшалығының қамын ойлау үшін, маңызды нәрселерді өмірде бірінші орынға қоюымыз қажет. Бұл орайда Иса қандай үлгі қалдырды? Оның сапалы киімі болған (Жох. 19:23). Ол жақын достарымен бірге тамақ жеп, шарап ішкен (Мат. 11:18, 19). Алайда киім-кешек пен көңіл көтеру ол үшін тамақтың еті емес, дәмдеуіші іспетті болған. Оның негізгі тағамы Ехобаның еркін орындау еді (Жох. 4:34—36). Исаның үлгісіне еліктесек, өмірден қанағат аламыз. Еңсесі түскен адамдарға Жазбалардағы жұбаныш беретін ойлармен бөлісіп, қуанышқа кенелеміз. Сондай-ақ қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп, қолдауына ие боламыз. Ехобаның жүрегін қуантамыз. Ең маңызды нәрселер өз орнында тұрса, дүние-мүлік пен көңіл көтеру “қожайынымызға” емес, қайта, Ехобаға ғибадат етуге көмектесетін “қызметшімізге” айналады. Құдай Патшалығын белсене қолдаған сайын, осы дүниенің рухы біз үшін әлсірей түседі.

‘Рух бойынша өмір сүре’ бер

19—21. Қалай ‘рух бойынша өмір сүре’ аламыз және неге бұл маңызды?

19 Ой адамды іс-әрекетке талпындырады. Ойланбай істелген әрекеттер көбінесе тәннің қалауын ойлаудан туындайды. Сондықтан Пауыл ой-санамызды қорғау керектігін ескертіп былай деді: “Тән бойынша өмір сүретіндер тән жөнінде ойлайды, ал рух бойынша өмір сүретіндер рух жөнінде ойлайды” (Рим. 8:5 Тт).

20 Ойымызға, нәтижесінде іс-әрекетімізге, осы дүниелік рух үстемдік етпеуі үшін не істей аламыз? Осы дүниенің үгіт-насихатына мейлінше тосқауыл қойып, ой-санамыздың ластануына жол бермеуіміз керек. Мысалы, көңіл көтерудің түрін таңдағанда, біз азғындық пен зорлық-зомбылықты дәріптейтін бағдарламалардан бас тартамыз. Өйткені Құдайдың киелі, не таза, рухы ластанған ойға қонбайды (Заб. 10:5; Қор. 2-х. 6:15—18). Ал Киелі кітапты күнделікті оқу, дұға ету, ой жүгірту және кездесулерге қатысу арқылы ойымызға Құдай рухының әсер етуіне жол береміз. Уағыздау ісіне үнемі қатыссақ та, осы рухтың көмегін көреміз.

21 Сонымен, осы дүниелік рух пен күнәкар тәннің құмарлықтарына қарсы тұруымыз керек. Әрине, бұл үшін көп күш салу керек, бірақ бұл соған татиды. Өйткені Пауыл: “Тәндік ойлаудың мәні — өлім, ал рухани ойлау — өмір және тыныштық”,— деген (Рим. 8:6 Тт).

[Сілтеме]

a Мешкейлік — ашкөздіктен не құлқын тыя алмаудан байқалатын адамның ой қалпы. Демек, мешкейлікті адамның дене салмағына қарап емес, тамаққа деген көзқарасынан анықтауға болады. Дене салмағы қалыпты, тіпті арық болса да, адам мешкей болуы мүмкін. Керісінше, семіздік міндетті түрде мешкейлікті білдірмейді. Адам аурудың салдарынан немесе толуға бейім болғандықтан семіріп кетуі мүмкін. Олай болса, мешкейлік адамның салмағынан емес, тамаққа қатысты шектен тыс ашкөздік танытуынан көрінеді (2004 жылдың 1 қарашадағы “Күзет мұнарасының” (ор.) “Оқырман сауалдарын” қара).

Естеріңде ме?

• Киелі рухты алу үшін не істеуіміз керек?

• Осы дүниелік рух бізге қандай жолдармен әсер етуі мүмкін?

• Осы дүниелік рухқа қалай қарсы тұра аламыз?

[21-беттегі сурет]

Жұмысқа не мектепке барарда киелі рух сұрап дұға ет

[23-беттегі суреттер]

Бізге ой-санамызды таза сақтап, іскерлік мәселелерде шыншыл, ішіп-жеуде ұстамды болу керек

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу