Көпшілік орындарда уағыздаудың жаңа мүмкіндіктері
1. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер бізге қандай үлгі қалдырды?
1 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер үйме-үй уағыздаумен ғана шектелмеген. Олар көпшілік орындарда да уағыздаған (Ел. іс. 20:20). Мысалы, олар адам көп жиналатын ғибадатханаға баратын (Ел. іс. 5:42). Афиныда болғанда елші Пауыл күн сайын базар алаңындағы адамдарға уағыздайтын (Ел. іс. 17:17). Бүгінде үйме-үй уағыздау ізгі хабарды таратудың негізгі тәсілі болып қалуда. Алайда адамдар бар жердің бәрінде уағыздау үшін, біз автотұрақтарға, кәсіпорындарға не адамдар көп жүретін көшелерге және тағы басқа жерлерге барамыз. Негізі, әр жариялаушы көпшілік орындарда уағыздай алады, алайда алдағы уақытта көп бауырлас бұл қызметтің қызықты екі түріне қатыса алатын болады.
2. 2011 жылдың қараша айында не нәрсеге бастама берілді?
2 Ірі қалалардағы көпшілік орындарда уағыздаудың арнайы түрі. 2013 жылғы “Жылнаманың” 16, 17-беттерінде айтылғандай, 2011 жылдың қараша айында Нью-Йоркте көпшілік орындарда уағыздаудың арнайы түріне бастама берілген еді. Бұл бастама уағыздаудың осы түрі қаншалықты тиімді екенін көруге мүмкіндік берді. Түрлі тілдердегі әдебиеттер мен стендтер қойылған үстелдер мен арбалар адамдар ең көп жүретін жерлерге қойылған болатын. Күн сайын мыңдаған адам, олардың ішінде күзетілетін үйлерде тұратындар және жиі үйлерінде болмайтын адамдар, сол үстелдер мен арбалардың қастарынан өтті. Нәтижесінде өте көп адам қызығушылық білдірді. Бір айдың ішінде 3797 журнал мен 7986 кітап таратылды. Жолаушылардың көбісі Киелі кітапты зерттеу сабағын өтуді қалайтындарын айтты. Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға баса назар аударылғандықтан, қызығушылық білдірген адамдардың мекенжайлары олар тұратын аумақтағы қауымға тез арада жіберілді.
3. Уағыздаудың арнайы түрі қалай кең көлемде жүргізілмек?
3 Бұл уағыз түрінің нәтижесі жақсы болғандықтан, оны халық тығыз шоғырланған басқа да ірі қалаларда жүргізу жоспарлануда. Жергілікті филиал бұл тәсілді қай қалаларда жүргізу тиімді болатынын анықтайды. Негізінде, бұл үлкен тасымалдау орталықтары бар не кеңсе ғимараттары мен көп пәтерлі үйлер шоғырланған қалаларда тиімді болады. Өйткені мұндай қалаларда жаяу жүретін адамдар көптеп кездеседі. Ал қалаларды таңдаған соң, жергілікті филиал бұл шараға қатысатын қауымдарға хат жазып, қосымша нұсқаулар береді. Уағыздаудың бұл түріне негізінен арнайы және жалпы ізашарлар қатысады, десе де кейбір аймақтарда оған қосалқы ізашарлар да қатыса алады.
4. Көпшілік орындарда уағыздаудың арнайы түрі қалай жүргізіледі?
4 Қалай уағыздалады? Ірі қалалардағы көпшілік орындарда арнайы уағыз түріне қатысатындар үстелдер мен стендтері бар арбаларға адамдардың жақындағанын күтеді. Адам жақындағанда ізашарлар оған қызықты болатын кез келген әдебиетті алуды ұсынады. Ал оның сұрақтары болса, Жазбаларға негіздеп жауап беруге қуанышты болады. Қызығушылық білдірген адам әдебиет алса, ізашарлар ерікті садақа туралы сөз қозғамайды. Алайда адам біздің жұмысымыздың қалай қаржыландырылатыны туралы сұраса, олар ерікті садақаны әдебиетімізде келтірілген мекенжайға жіберуге болатынын айтады. Сондай-ақ, мүмкін болса, олар: “Куәгерлердің сіздің үйіңізге келгенін қалар ма едіңіз?” не “Тегін Киелі кітап зерттеу сабағын өткізетініміз жайлы естігенсіз бе?”— деп сұраса болады.
5. Бір ерлі-зайыпты уағыздаудың арнайы түріне қатысудың қандай батасын көрді?
5 Уағыздаудың бұл түріне қатысу көп бата әкеледі. Бір ерлі-зайыпты былай деп жазды: “Үстелдің жанында тұрып, күн сайын мыңдаған адамның қасымыздан өтіп жатқанын көргеніміз жержүзіндегі адамдарға ізгі хабарды жеткізу үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын түсінуге көмектесті. Қалың жұртқа қарап, Ехобаның әрбір адамның қамын ойлайтыны жайлы ой жүгірткеніміз уағыз ісін әрі қарай да өмірімізде басты орынға қоюға деген шешімімізді нығайта түсті. Біз Ехобаның лайықты адамдарды табу үшін үстелдің жанынан өтіп бара жатқан әр адамның жүрегін тексеретінін елестеттік. Сондай-ақ періштелермен қызметтес екенімізді бұрын-соңды мұншалықты сезінбеген едік”.
6. а) Көп қауымда уағыздаудың тағы қандай түріне бастама берілмек және оның ірі қалалардағы арнайы уағыз түрінен қандай айырмашылығы бар? ә) Көпшілік орындарда уағыз ісіне қатысқанда, қауымдар өзара қалай қызметтес бола алады?
6 Жергілікті жерде ұйымдастырылатын көпшілік орындарда уағыздау. Ірі қалалардағы уағыздаудың арнайы түріне қоса, көпшілік орындарда уағыздаудың тағы бір түріне бастама берілмек. Оны ақсақалдар кеңесі қауымның аумағында ұйымдастыратын болады. Уағыздаудың бұл түріне қатысатын жариялаушылар үстелдер не арбаларды қауымдарына қарасты аумақтағы халық тығыз шоғырланған жерлерге қоя алады. Бұл ірі қалалардағы уағыздаудың арнайы түрінен өзгеше. Өйткені ірі қалаларда уағыздаудың арнайы түрінде филиал таңдаған қалалардың адамдар көп жүретін жерлерінде жүргізіледі және оған бір дегенде бірнеше қауымның жариялаушылары қатыса алады (“Өзара қызметтес болу қажет” деген қоршауды қара.).
7. Ақсақалдар, қажет деп тапса, көпшілік орындарда уағыздауды қалай ұйымдастыра алады?
7 Ақсақалдар қауымға қарасты аумақта адамдар көп жүретін жерлердің бар-жоғын қарастырып, көпшілік орындарда уағыздаудың мұндай түрін ұйымдастыру тиімді болатын-болмайтынын шешеді. Үстелдер мен стендтері бар арбаларды қаланың тасымалдау орталықтарына, көпшілік жүретін алаңдар мен көшелерге, саябақтарға, әуежайларға, сауда орталықтары мен оқу орындарының маңына және адамдар қандай да бір жиынға жыл сайын жиналып тұратын орындарға қоюға болады. Үстелді бір күн мен бір уақытта және әрдайым бір орынға қойған тиімді. Үстелді бір үлкен дүкеннен гөрі, көп дүкендері бар сауда орталығының сыртына қоюдың әлдеқайда тиімді екені де байқалған. Өйткені адамдар бір дүкенге барғанда, өздерінің алғысы келген нәрсесін ғана ойлап тұрады. Кейбір жерлерге, мысалы адамдар әрлі-берлі көп жүретін көшелерге, кішігірім арбаларды қолданған ыңғайлырақ болар. Ал стендтерді жасау үшін ақсақалдар веб-сайтымыздан “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” және “Киелі кітап үйретеді” басылымдарының суреттері бар арнайы файлдарын жүктеп алса болады. Бұл файлдар көпшілік орындарда уағыздаудың осы түріне қолдану үшін арнайы дайындалған. Бұл шараға қатысатындар ірі қалалардағы уағыздаудың арнайы түріне қатысатындар қолданатын әдіспен уағыздайтын болады, сондай-ақ оларға қызмет бақылаушысының нұсқауын мұқият орындау қажет. Егер олар өздерінің қауымына қарасты аумақта тұрмайтын қызығушылық білдірген адамның мекенжайын алатын болса, “Мына кісіге баруды өтінеміз” (S-43) деген бланкіні толтырып, тез арада хатшыға берулері қажет.
8. Қауымда көпшілік орындарда уағыздауға қатысты шара жасалмайтын болса, жариялаушыларда осы қызмет түріне қатысудың қандай мүмкіндіктері бар?
8 Көпшілік орындарда уағызда. Кейбір қауымдардың аумақтарында көп адам жүретін жерлер аз болғандықтан, үстелдер мен стендтері бар арбаларды қолдану тиімді емес. Алайда сондай қауымдардағы жариялаушылар да көпшілік орындарда уағыздауға шақырылады. Сен тұратын жерде дүкендер не сауда алаңдары бар ма? Саябақтар не адамдар жиналып тұратын орындар ше? Тұратын аймағыңда адамдар қандай да бір қоғамдық іс-шараларға жиналатын орындар бар ма? Олай болса, сен де көпшілік орындарда уағыздаудан қуаныш ала аласың.
9. Адамдар бар жердің бәрінде уағыздауға неліктен жауапкершілікпен қарауымыз керек?
9 Ехоба “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тім. 1-х. 2:4). Сондықтан біз осы заманның соңы келгенше Патшалық хабарын мүмкіндігінше көп адамға жеткізгіміз келеді (Мат. 24:14). Көп жерлерде адамдарды үйлерінен табу қиын. Десе де сол адамдарды көпшілік орындарда кездестіруіміз мүмкін. Көпшілік орындарда уағыздағанамыз кейбір адамдар үшін ізгі хабарды естудің жалғыз мүмкіндігі болып табылатын шығар. Олай болса, адамдар бар жердің бәрінде уағыздау арқылы қызметімізді толықтай атқарайық (Тім. 2-х. 4:5).
[5-беттегі қоршау]
Өзара қызметтес болу қажет
Көршілес қауым жариялаушыларының бір көшеде, бір автотұрақта, бір кәсіпорындарының алдында не тасымалдау орталықтарында уағыздағандары байқалған. Бірнеше қауымның жариялаушылары қандай да бір қабылдау не күту бөлмесіне бірінен соң бірі журналдар қалдырған және бір кәсіпорынға барып уағыздаған екен. Олар бұл жерлерге бірдей уақытта бармаса да, сол кәсіпорын жұмыскерлері мен сол жерлердің тұрғындарының ашулануына себеп болған. Сондықтан көпшілік орындарда уағыздағанда қауымға тағайындалған аумақта ғана уағыздаған дұрыс.
Егер де жариялаушылар көрші қауымның аймағындағы көпшілік орындарда уағыздағысы келсе, олар бұл жайлы қауым хатшысына айту керек. Ол басқа қауымның хатшысымен хабарласып, жариялаушылар сол жерге бармас бұрын рұқсат алуы қажет. Ал түрлі тілде сөйлейтін қауымдар бір аумақта уағыздауға тағайындалған болса, сол жердегі тұрғындарды ашуландырмау үшін қауым хатшылары бір-бірімен хабарласқандары жөн. Өзара қызметтес болғанның арқасында барлық нәрсе “лайықты әрі тәртіппен” өтетін болады (Қор. 1-х. 14:40).
[6-беттегі сурет]
[6-беттегі сурет]