Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
Мексикадағы “Жас Шайтандар” атты қылмыс тобындағы жігітті адал әрі еңбекқор азамат болуға не талпындырды? Табысты жапондық іскер әйел өмірінің басты мақсаты ретінде байлық қууды неліктен доғарды және ол өмірінде болған өзгерістер туралы не ойлайды? Табысты бірақ заңсыз қару-жарақ саудасымен айналысқан ресейлік кісі осы ісінен неге бас тартты? Бұл жайында олардың өздері не дейді?
АДРИАН ПЕРЕС
ЖАСЫ 30-ДА
МЕКСИКАДА ТҰРАДЫ
ҚЫЛМЫС ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Шамамен 13 жасымда отбасым Экатепек-де-Морелосқа (Мексика штаты) қоныс аударды. Сол уақытта онда жасөспірімдердің қылмысы, вандализм және нашақорлық кең етек алған еді. Көп ұзамай мен де өзгелердің мүлкін бүлдіріп, ішкілікке және азғындыққа салына бастадым.
Сосын, біз мен туған қала Сан-Висентеге қайта оралдық. Алайда мұнда да нашақорлық белең алып кеткен еді. Көшеде жиі жастардың өлі денелері жатушы еді. Бұл қалада мен “Жас Шайтандар” атты қылмыс тобына қосылдым. Біз ұрлық жасап, есірткі ретінде көбінше желімне сұйылтқыш заттарды иіскейтінбіз. Жиі үйге қалай келгенімді білмейтінмін, сондай-ақ кейде ес білмей көшеде жатушы едім. Достарымның кейбірі ұрлық жасап не адам өлтіріп түрмеге түскен.
Мен жаман жолмен жүрсем де, Құдайға сенетінмін. Ар-ұжданымды мазалайтын сезімдерден арылу үшін діни рәсімдерге қатысатынмын. Алайда бұдан кейін бәріміз Мәсіхтің рөлін ойнаған кісімен бірге мерекеге қатысқанымызды тойлап, мас болғанша ішетінбіз.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Жасөспірім кезімде Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуді бастадым. Өмірімнің мағынасыз өтіп жатқанын және осы бағытпен кете берсем, мұның жақсылыққа апармайтынын жақсы түсіндім. Маған Ғалаттықтарға 6:8-дегі: “Өзінің ескі күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән өлімді орады. Ал Құдай Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады”,— деген сөздер қатты әсер етіп, аман болғым келсе, болашағымды ойлап әрекет етуім керектігін түсінуге көмектесті.
Киелі кітап зерттеудің барысында Ехобаның жеке менің қамымды ойлайтын тірі Құдай екенін және ол өткен өмірімде жасаған күнәларымды даярлықпен кешіретінін біле бастадым. Құдай дұғаларды тыңдап, жауап беретініне көзім жетті.
Өмір салтымды өзгерту оңайға соққан жоқ. Қылмыс тобынан кету де қиын болды. Кейбір аймақтар бұзақы топтардың қарауында болғандықтан, қылмыспен байланысымды үзсем де, сол жерлерде еркін жүре алмайтынмын. Кейде бұрынғы достарымнан тығылып жүруге тура келетін, өйткені олар мені тауып алса, өткен істерге қайта оралуға итермелер еді.
Ал Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайындағы кездесулеріне қатыса бастағанда, ондағы жылулық пен сүйіспеншілікті сезіндім. Олардың сенімдерінің мықтылығы және үйрететін нәрселеріне сай өмір сүретіндері маған қатты әсер етті. Бұл мен араласқан ортадан мүлдем өзгеше еді.
МАҒАН ТИГЕН ПАЙДАСЫ: Менің Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өткеніме он жыл болды. Киелі кітап талаптарын орындауға барынша тырысамын. Осының нәтижесінде туыстарым мені сыйлай бастады. Қазір олар мені еңбекқор адам деп біледі, тіпті оларға қаржы жағынан да көмектесіп жүрмін. Анам Киелі кітап зерттеп, жақында Ехоба куәгері болды. Әкем де өзгеріп келе жатыр. Туыстарымның көбісі Ехоба куәгерлері болмағанымен, менің өмірімді бақылай отырып, Киелі кітап адамның өмірін жақсартатынын түсінді.
ЯЁИ НАГАТАНИ
ЖАСЫ 50-ДЕ
ЖАПОНИЯДА ТҰРАДЫ
ТАБЫСТЫ ІСКЕР БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен халқы жайдары кішігірім қалада өстім. Әкемнің он адам жұмыс істейтін үлкен дүкені болды. Біздің үй сол дүкеннің жанында орналасқандықтан, әке-шешем үнемі жұмыста жүрсе де, мен жалғызсырамайтынмын.
Мен үш қыздың үлкенімін, сондықтан кішкентай кезімнен-ақ әке-шешем мені осы кәсіпті әрі қарай алып кететіндей етіп үйретті. Тұрмысқа ерте шықтым. Күйеуім отбасымыздың кәсібімен айналысу үшін банктегі жұмысын тастады. Біздің үш баламыз бірінен соң бірі туылды. Мен таңертеңнен кешке дейін дүкенде болғандықтан, шешем балаларға қарап, үй тірлігін істейтін. Жұмыстан қолымыз босамаса да, отбасымызбен бірге болуға уақыт табатынбыз.
Алайда біздің аймағымызда сауда жүрмей қалғандықтан, ісіміз алға баспай қалды. Сондықтан біз үлкен жолдың бойынан құрылыс заттары дүкенін аштық. Дүкеннің құрылысын бастау салтанатынан бір күн бұрын компаниямыздың президенті болған әкемнің кенеттен миына зақым келіп, жатып қалды. Оның сөйлеуі қиындап, жаңа дүкеннің жауапкершілігі маған артылды. Ал күйеуім болса ескі дүкенде әрі қарай жұмыс істеді. Осылай екеуміз де жұмыс басты болып кеттік.
Жаңа дүкенімізде жұмыс өте жақсы жүрді. Жетістіктерімді мақтан тұтып, жұмыс үшін ұйқымды құрбан еттім. Балаларымды жақсы көрсем де, есіл-дертім жұмыс болды. Күйеуіммен сөйлесу үшін уақытты зорға табатынмын, ал сөйлесе кетсек, әңгімеміз ұрысқа ұласатын. Стрестен құтылу үшін әр кеште достарым және әріптестеріммен ішімдік ішетінмін. Күнделікті өмірім жұмыспен, ішумен және ұйқымен өтетін. Ақшам көп болса да, күннен күнге бақытсыз болып бара жаттым және неге олай екенін түсінбейтінмін.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Ехоба куәгерлерімен зерттеу сабағын бастағанда, Киелі кітаптағы үш тармақ маған әсіресе қатты әсер етті. Матай 5:3-тегі (ЖД): “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты, өйткені аспан патшалығы солардікі”— деген сөздердің мәнін түсінгенде, еңіреп жыладым. Бұл Жазба орны табысты әрі әріптестерімнің арасында сыйлы болғаныма қарамастан, неге көңілімнің тоқ болмайтынын түсінуге көмектесті. Мен рухани қажеттіліктерімді мойындап, оларды қанағаттандырсам ғана шынымен бақытты бола алатынымды түсіндім.
Жапония экономикасы үлкен дағдарысқа ұшырағанда, әріптестерімнің өміріне қарап Тімотеге 1-хат 6:9-дағы: “Баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі”,— деген сөздердің растығын көрдім. Исаның Матай 6:24-тегі: “Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!”— деген сөздердің маған қатысты айтылғанын түсініп, өмірімде біраз өзгерістер жасауды шештім.
Мен ата-анама, күйеуіме және балаларыма немкетті қарап жүргенімді түсіндім. Сонымен қатар бойымда тәкаппарлық, шыдамсыздық сияқты жағымсыз қасиеттердің пайда болғанын және тез ашуланатынымды байқадым. Басында өзімнің өзгеріп, мәсіхші бола алатыныма сенбеуші едім. Алайда мен балаларымды қатты жақсы көрдім және Киелі кітаптың отбасына қатысты айтылған кеңестерін қолданғаным балаларыма да жақсы әсер ете бастағанын байқадым. Енді оларға көбірек уақыт бөліп, өзіммен бірге мәсіхшілер кездесуіне алып баратын болдым.
МАҒАН ТИГЕН ПАЙДАСЫ: Өмірдің мәнін түсініп, Құдайға қызмет етіп және оған ұнамды өмір сүргенімнің арқасында мен нағыз қуаныш пен қанағат сезіміне бөлендім. Енді мен жұмысымның отбасымды ығыстырып жіберуіне жол бермеймін, сондықтан өзімді қайтадан қадірлей бастадым.
Киелі кітап принциптерін қолданудың арқасында өзгергенімді байқағанда, анам да зерттеу сабағын бастады да, кейіннен мәсіхші болды. Қуанышымызға орай, бізге әкем де, күйеуім де қарсылық көрсеткен жоқ. Балаларыммен қарым-қатынасым нығая түскендіктен, қазір отбасымда өзімді бақытты сезінемін.
МИХАИЛ ЗУЕВ
ЖАСЫ 51-ДЕ
РЕСЕЙДЕ ТҰРАДЫ
ЗАҢСЫЗ ТҮРДЕ ҚАРУ САТУМЕН АЙНАЛЫСҚАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен Красногорск деген өсімдігі мол қалада дүниеге келдім. Оның оңтүстігінде Москва өзені ағып жатыр. Ал қаланың батыс пен солтүстік жақтарын орман қоршап тұр.
Жас кезімде төбелескенді және қарумен ойнағанды жақсы көретінмін. Сондай-ақ дене шынықтыруға да көп уақыт жұмсайтынмын. Мен заңсыз түрде оқатар қарулар, оқ-дәрілер және суық қарулар жасайтын болдым. Ал уақыт өте келе мұны кәсіп қылып алдым. Мен ісіме мығым болып, өнімдерімді қылмыскерлерге сатудан көп пайда түсіретін едім.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: 1990 жылдардың басында мен Ехоба куәгерлерін кезіктірдім, алайда оларға бірден сене қоймадым. Маған олар тым көп сұрақ қоятындай болып көрінетін.
Бір күні олардың бірі маған Римдіктерге 14:12-дегі: “Әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз”,— деген сөздерді оқып берді. Мен Құдай алдында қалай жауап беремін деп ойланып қалдым. Бұл тармақ мені Құдайдың талаптарын білуге талпындырды.
Мен Қолостықтарға 3:5—10 тармақтардағы кеңестерді өмірімде қолдануға көп күш салдым. Онда былай айтылған: “Ал енді, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей! Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр. ... Ал мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық; бір-біріңе өтірік те айтпаңдар! Себебі сендер ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастап, жаңа ізгі болмысқа ие болдыңдар”.
Мұндай өзгеріс жасау мен үшін өте ауыр болды. Бұрынғы “әріптестерім” менен қару сатып алу үшін келе беретін және біреу мені қорлағанда өзімді ұстау қиын болатын. Соған қарамастан мол әрі көп ақша тұратын қару-жарақтар қорымды жойып тастадым. Құдай мен Мәсіхтің өзіме көрсеткен сүйіспеншіліктері жайында көбірек білген сайын, менің де оларға деген сүйіспеншілігім арта түсті. Мен бар зейінмен Киелі кітапты жеке зерттеп, жергілікті қауым кездесуіне барып, Құдайдың көмегін сұрап дұға айта бердім.
МАҒАН ТИГЕН ПАЙДАСЫ: Көп күш салғанның және мәсіхші бауырластардың көмегінің арқасында біртіндеп өзгере бастадым. Ехоба Құдай әр адамның, тіпті өлген адамдардың да, қамын ойлайтынын түсінгенім мені бақытқа бөлейді (Елшілердің істері 24:15). Маған Ехоба куәгерлерінің ақкөңілдігі мен шыншылдығы қатты ұнайды. Оның үстіне, олардың өзіме шынайы ықылас білдіргендерін және Құдайға деген адалдықтарын қатты бағалаймын.
Алғашында кейбір туыстарым мен достарым менің дініме қарсы болды. Алайда кейін олар қылмыспен айналысқанымнан гөрі дінмен айналысқаным дұрыс болар деп өз-өздерін жұбатты. Мен өмірімді енді соғыс қаруларын сатуға емес, бейбітшілік Құдайы туралы айтуға арнағаныма қуаныштымын.
[27-беттегі сурет]
Ар-ұжданым мазаламау үшін католик дінінің рәсімдеріне қатысатынмын
[28-беттегі сурет]
Мен ақшалы, бірақ өте бақытсыз адам едім