Балаңызға қайғымен күресуге көмектесіңіз
АДАМ көп жиналған кітап дүкенінде бір ашулы әйел сатушыға: “Дүкендеріңде кітап толып тұр, бірақ менің балама көмектесетін түк жоқ!”— деп айғай салады. Күтпеген жерден жақын туысқаны қайтыс болған бұл әйел баласына қайғымен күресуге көмектесу үшін, басшылық іздеген еді.
Оның осылай қапалануы орынды да болған. Кішкентай бала үшін жақын адамның қайтыс болуы неткен ауыр! Отбасының қамқорлығын сезінетін балалар гүлдей жайнайды, алайда өлім баланы жанына жақын адамынан айырады. Олай болса, әке не шеше ретінде балаңызды болғалы жатқан не болып қойған осындай қайғымен күресуге қалай көмектесе аласыз?
Әрине, жақын адамыңыз қайтыс болғанда, сіз өз сезімдеріңізбен күресуіңіз мүмкін: қатты ауыртпалық сезініп, еңсеңізді көтере алмай қалуыңыз да ықтимал. Алайда балаңыздың да көмекке мұқтаж екенін ұмытпаңыз. Бір басылымда былай айтылған: “Әңгімелеріңізді балалардың құлағы шалып қалады және біреу түсіндірмесе, жиі мұны өздерінше түсініп алулары мүмкін”. Онда әрі қарай: “Балаларға не болғанын айту керек”,— деп жазылады. Сондықтан да балалардың түсіну қабілетін ескере отырып, болған нәрсені айтып түсіндірген даналыққа жатады. Алайда бұл оңайға соқпас, себебі әр баланың түсіну қабілеті әртүрлі (Қорынттықтарға 1-хат 13:11).
Өлім туралы түсіндіру
Кейбір зерттеушілер балаларға өлім туралы айтқанда, “ұйықтап жатыр”, “айырылдық” немесе “кетіп қалды” деген сияқты сөздерді абайлап қолдану керек екенін айтады. Түсіндірмесе, мұндай сөздер кішкентай балаларды шатастыруы мүмкін. Рас, Иса өлімді түсіндіру үшін ұйқы туралы айтқан және сол жағдайда бұл орынды да болған. Алайда оның мұны балаларға айтпағанын ұмытпаңыз. Оның үстіне, ол өзінің не айтқысы келгенін түсіндіріп берген. Иса ізбасарларына: “Досымыз Елазар ұйықтап жатыр”,— деді. Ал оның шәкірттері, ересек адамдар болса да, “кәдімгі ұйқыны айтып тұр деп ойлап қалды”. Сонда Иса: “Елазар өлді”,— деп анық айтады (Жохан 11:11—14). Егер мұндай жайттарды үлкендердің өзіне түсіндіру керек болса, онда балалардан не күтуге болады?
Бір жазушылар былай деген: “Әке не шеше балаға өлімнің не екенін барынша жұмсақ түсіндіремін деп, бұрын баланың ойына да кіріп-шықпаған нәрсені айтып, үрейін ұшыруы не оған зиян тигізуі мүмкін”. Мысалы, кішкентай балаға өлген адамды ұйықтап жатыр деп айтса, ол ұйықтасам мен де қайтып ояна алмай қаламын деп қорқуы мүмкін. Ал егер ол адам “кетіп қалды” деп түсіндірсе, бала өзін тастап кеткендей сезінуі мүмкін.
Көп ата-ана балаға өлімнің не екенін түсіндіргенде, олардың абстрактілі ұғымдардан гөрі қарапайым әрі тікелей айтылған сөздерді тез түсінетінін байқаған (Қорынттықтарға 1-хат 14:9). Зерттеушілер баланы сұрақ қойып, өзін мазалайтын жайттарды айтуға талпындыру керек екенін айтады. Жиі сөйлесетін болсаңыз, оларға қате түсінген нәрселерін дұрыс түсіндіріп, тағы қандай көмек көрсетуге болатынын білесіз.
Сенімді басшылық
Жақын адам қайтыс болғанда, балаңыз сіздің басшылық беріп, қолдау көрсететініңізді әрі сұрақтарына жауап беретініңізді күтеді. Олай болса, өлімге қатысты сенімді мәліметті қайдан табуға болады? Көп адам Киелі кітаптың жұбаныш пен үміт беретінін байқаған. Онда өлімнің қайдан шыққаны, өлген адамдар қандай күйде болатыны және олар үшін қандай үміт бар екені жайында тура мәлімет жазылған. Өлген адамдардың ештеңені білмейтіні туралы шындық балаңызға жақын адамының жан азабын тартып жатпағанын түсінуіне көмектесуі мүмкін (Екклесиаст 9:5). Оның үстіне, Киелі кітап арқылы Құдай өлген адамдардың қайта тіріліп, жер бетіндегі жұмақта өмір сүретінін айтады (Жохан 5:28, 29).
Киелі Жазбаларға сүйене отырып, сіз балаңызға кез келген қиын жағдайда Киелі кітаптан басшылық пен жұбаныш алуға болатынын көрсетесіз. Сондай-ақ балаңыз сіздің әке не шеше ретінде маңызды мәселелерде басшылықты Құдай Сөзінен іздейтініңізді білетін болады (Нақыл сөздер 22:6; Тімотеге 2-хат 3:15).
Сұрақтарыңыздың жауаптары
Кей жағдайда балаңызға қайғымен күресуге қалай көмектесеріңізді білмей қалуыңыз мүмкін. Мұндайда не істеуге болады?a Төменде осындай кезде туындайтын сұрақтардың кейбірі қарастырылады.
• Мен қайғымды баламнан жасыруым керек пе? Баланы қорғаштау — ата-анаға тән нәрсе. Алайда қайғырып жүргеніңізді балаңыздың көргені оғаш па? Көп ата-ана өз күйзелістерін жасырудың қажеті жоқ екенін және осылайша балаларға қайғыруда тұрған ештеңе жоқ екенін көрсетуді дұрыс деп тапқан. Кейбіреулер балаларына Киелі кітаптағы қайғысын жасырмаған адамдар туралы айтып берген. Мысалы, Иса жақын досы Елазар қайтыс болғанда, көзіне жас алған. Ол өз сезімдерін жасырмаған (Жохан 11:35).
• Кішкентай баламның кісі өлген үйге немесе қабірдің басында өтетін жерлеу рәсіміне барғаны орынды бола ма? Егер балаңызды онда апаруды шешсеңіз, оған ол жерде не болатынын және неге олай болатынын алдын ала түсіндіріп қойғаныңыз абзал. Әрине, кей жағдайда ата-аналар балаларын жерлеуге қатысты шаралардың кейбіріне не ешқайсына қатыстырмауды шешуі мүмкін. Ехоба куәгерлері өткізетін жерлеу рәсіміне келген балалар онда айтылатын Киелі кітапқа негізделген баяндаманың пайдасын көруі ықтимал. Оның үстіне, келген адамдардың өзара сүйіспеншілігі тіпті балалардың өзіне зор әсер қалдырып, оларды жұбатуы мүмкін (Римдіктерге 12:10, 15; Жохан 13:34, 35).
• Баламмен қайтыс болған адам туралы сөйлескенім дұрыс бола ма? Кейбір зерттеушілердің айтуынша, егер қайтыс болған адамды мүлдем ауызға алмауды шешсеңіз, балаңыз ол туралы бір құпияны жасырып не оны ұмытуға тырысып жүрсіз деп ойлап қалуы мүмкін. Джулия Ратки есімді бір автор былай дейді: “Балаларға қайтыс болған адамды жадында сақтап, қорықпай өмір сүруді үйретудің маңызы зор”. Өмірден өткен адамның жақсы жақтары және жалпы өмірі жайында емін-еркін сөйлесу қайғымен күресуге жақсы көмектесуі мүмкін. Куәгер ата-аналар ауру мен өлім жойылып, жер бетіне жұмақ орнағанда, қайтыс болған адамдардың қайта тірілетінін айтып, балаларын жұбатады (Аян 21:4).
• Қайғырып жүрген балама қалай көмектесуіме болады? Қайғырып жүргенде балаңыз ауырып та қалуы мүмкін. Ол өзін дәрменсіз сезініп, қамыққандықтан ашушаң немесе мазасыз болып кетуі ықтимал. Егер балаңыз өзін қатты кінәлай берсе, етегіңізге орала берсе, болмаса үйге кеш келгеніңізде не ауырып қалғаныңызда қатты қорқатын болса, бұған таңғалмаңыз. Мұндайда балаңызға қалай көмектесуіңізге болады? Өзінің қиналып жүргенін әкем не шешем байқамай жүр екен деп ойлап қалмау үшін қырағы әрі мұқият болыңыз. Балаңызды қайғыға тым беріліп кетті деп жазғырудан не оған ешнәрсе болмайды деп қолды бір сілтей салудан аулақ болыңыз. Оны үнемі жұбатып отырыңыз және сұрақ қоюға әрі ашық әңгімелесуге талпындырыңыз. Киелі кітап беретін жұбаныш арқылы балаңыздың да, өзіңіздің де үмітіңізді нығайтуыңызға болады (Римдіктерге 15:4).
• Отбасында қалыптасқан істерді қанша уақыттан соң қайтадан қолға алғаным дұрыс? Мамандар күнделікті істерді мүмкіндігінше жалғастыра беру керек екенін айтады. Пайдалы істерден ажырамау қайғымен күресудің жақсы жолы деп айтуға болады. Ехоба куәгері болып табылатын ата-аналар отбасымен жүйелі түрде Киелі кітап зерттеу, қауым кездесуілеріне бару сияқты күнделікті рухани істермен айналысу үй ішіндегілердің өз-өздеріне келіп, нығаюларына септігін тигізетінін байқаған (Заңды қайталау 6:4—9; Еврейлерге 10:24, 25).
Ехоба Құдай ауру мен өлімді жоятын уақыт келгенше, балалар кейде адам өлімімен кезігіп отырады (Ишая 25:8). Алайда дұрыс түрде жұбаныш пен қолдау көрсете отырып, балаларға жақын адамның өлімі әкелетін қайғымен күресуге көмектесуге болады.
[Сілтеме]
a Осы мақаладағы мәліметтерді қатып қалған ереже ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Адамдардың тұрған елдеріне және мәдениеттеріне қатысты жағдайдың да әртүрлі болатынын ескерген жөн.
[25-беттегі сөздер]
Балаңызды сұрақ қоюға талпындырыңыз және оны мазалаған ойлар туралы сөйлесіңіз
[26-беттегі сурет]
Отбасылық зерттеуді қоса алғанда, күнделікті істерді жалғастыра беріңдер