Отбасы бақытының сыры
Жасөспірімдермен пікір алысу
“Бұрын баламмен тіл табысуым оңай еді, бірақ қазір күйеуім екеуміз 16 жасар баламның не ойлап жүргенін біле алмай дал боламыз. Бөлмесіне кіріп алып шықпайды, бізбен зорға сөйлеседі!” МИРИАМ, МЕКСИКА.
“Бұрын балаларымның екі құлағы менде болушы еді. Енді олар жасөспірім жасқа келді және мені өздерін түсіне алмайды деп ойлайды”. СКОТ, АВСТРАЛИЯ.
ЕГЕР жасөспірім бала тәрбиелеп отырсаң, осы ата-аналардың күйін түсіну саған қиын болмас. Бұрын балаңмен пікір алысу сен үшін еш қиындық тудырмаған болар. Алайда енді араларыңда бір бөгет пайда болғандай. Италияда тұратын Анжэла есімді бір ана: “Кішкентай кезінде баламның сұрақтары таусылмаушы еді,— дейді.— Ал қазір әңгімені өзім бастаймын. Егер мен бастамасам, күні бойы дұрыстап сөйлеспей жүре береміз”.
Бұрын тынбай сөйлейтін балаңның тұйық мінезі пайда болғанын Анжэла сияқты сен де байқап жүрген боларсың. Әңгімеге тарта бастасаң, қысқа әрі суық жауап қайырады. Мысалы, балаңнан: “Күнің қалай өтті?”— деп сұрасаң, ол: “Жақсы”,— деп дүңк ете қалады. Қызыңа: “Мектепте қандай оқиғалар болды?”— дейсің. Ал ол: “Ештеңе де болған жоқ”,— деп иығын қиқаң еткізеді де қояды. “Неге сөйлемей отырсың?”— деп, әңгімелесуге мәжбүрлей бастасаң, тіптен сөйлемей қояды.
Рас, кейбір жасөспірімдерде мұндай тұйықтық байқалмайды. Алайда олардың сөздері ата-аналарына ұнамауы мүмкін. Нигерияда тұратын Эдна есімді бір ана:
—Қызыма бір нәрсені істе десем, жиі “тиіспеші маған” деп жауап беретін,— дейді. Мексикада тұратын Рамон да 16 жасар баласынан осындай өзгерісті байқайды. Ол: “Біз дауласпайтын күн жоқ шығар,— дейді.— Бір нәрсеге жұмсасам болды, ол соны істемеудің әртүрлі сылтауын айта бастайды”.
Тұйық жасөспірімді әңгімеге тартамын деп кейде ата-аналардың шыдамы таусылуы мүмкін. Киелі кітапта: “Кеңессіз құрған [“ашық әңгімесіз”, ЖД] іс аяқсыз қалар”,— деген сөздер бар (Нақыл сөздер 15:22). Баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Ресейде тұратын Анна: “Кейде баламның не ойлап отырғанын білмеймін, мұның ашуымды қоздыратыны сонша, оған айқайлап бергім келеді”,— деп мойындайды. Неге жасөспірімдер мен ата-аналар пікір алысу әсіресе маңызды болған кезде, бұл қабілеттерінен айырылып қалғандай болады?
Бөгет болатын нәрселерді анықтау
Пікір алысу — бұл жай ғана сөйлесу емес. Иса: “Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”,— деген (Лұқа 6:45). Жақсы пікір алысу арқылы біз басқалардан үйренеміз, сондай-ақ өзіміз де ашыла түсеміз. Алайда жасөспірімдерге ашылу қиын болуы мүмкін, себебі мұндай жаста тіпті ең әңгімешіл баланың өзінде жасқаншақтық пайда болуы ықтимал. Мамандар жасөспірімдер өздеріне елдің бәрі қарап тұрғандай сезінетінін айтады. Сол себепті олардың кейбіреулері елдің назарынан қашу үшін, бейнелеп айтқанда, ата-аналары оңайлықпен кіре алмайтын бөлмеден шықпай отырып алуы мүмкін.
Пікір алысуға бөгет болатын тағы бір жайт — жасөспірімдердің тәуелсіздікке ұмтылуы. Бұдан қашып құтылу мүмкін емес, себебі балаң өсіп келе жатыр және азамат болып қалыптасу өсіп-жетілудің ажырамас бөлігі болып табылады. Жоқ, бұл жасөспірім үйден кетуге дайын дегенді білдірмейді. Қайта, көп жағдайда ол сенің көмегіңе бұрын-соңды болмағандай мұқтаж. Алайда жеке адам болып қалыптасу есеюден бұрын басталады. Осы кезде көп жасөспірім қандай да бір мәселеге қатысты ойын айтпас бұрын ойланып алғысы келеді.
Алайда Мексикада тұратын Джесика есімді бір ана байқағандай, жасөспірімдер өз құрбы-құрдастарына келгенде, сонша тұйық болмауы мүмкін. Джесика: “Кішкентай кезінде қызым қиындығын айтып үнемі маған келетін,— дейді.— Ал қазір ол достарына барады”. Егер сенің де балаң осындай болса, оған енді керек емес екенмін деп ойлап қалма. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, тіпті өздері мойындамаса да, жасөспірімдер достарының сөздерінен гөрі ата-аналарының кеңесін көбірек бағалайды. Алайда пікір алысуға есік әрқашан ашық тұру үшін не істеуіңе болады?
Табыстың кілті — бөгет болатын нәрселерді жою
Ұзақ және түзу жолда көлік айдап келе жатқаныңды көзіңе елестетіп көрші. Сен көптеген шақырым бойы рульді сәл ғана қозғалтып айдап келдің. Бір кезде күтпеген жерден жол кілт бұрылды. Мұндайда көлік жолдан шығып кетпеу үшін, сенің де кілт бұрылуыңа тура келеді. Балаң өсе бастағанда да тап осылай болады. Саған біраз жыл бойы бала тәрбиесінде көп өзгеріс жасаудың қажеті болмаған шығар. Алайда енді балаңның өмірі күрт өзгергенде, бала тәрбиесіндегі тәсілдеріңді осыған бейімдей отырып, сен де “кілт бұрылуың керек”. Сондықтан өзіңнен былай деп сұра:
“Балам не қызым ашылып сөйлесуге дайын болғанда, әңгімелесуге мен де дайын боламын ба?” Киелі кітапта: “Орнымен [“дер кезінде”, ЖД] айтылған сөз күміс табаққа Салынған алтын алмадай тамаша”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 25:11). Осы Жазба орнынан анық көрініп тұрғандай, уақытты таңдай білудің маңызы зор. Мысалы, егінші егінді уақытынан бұрын да, кейін де емес, піскен кезінде жинап алады. Сол сияқты балаңның сөйлесуге ыңғай танытатын белгілі бір уақыты болуы мүмкін. Осы мүмкіндікті жіберме. Австралияда тұратын Фрэнсис есімді балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ана былай дейді: “Жиі қызым менің бөлмеме жатып қалған кезде келіп, кейде бір сағаттай менің қасымда болатын. Мен, негізі, түнде ұйықтаймын, сондықтан бұл мен үшін оңай болмайтын, алайда сол сәттерде біз кез келген тақырыпқа сөйлесе беруші едік”.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Егер балаң сөйлескісі келмей тұрғандай көрінсе, жаяу не көлікпен қыдырып қайтыңдар, ойын ойнаңдар немесе үй шаруасын атқарыңдар, қысқасы, қандай да бір нәрсемен бірге айналысыңдар. Көбінше осындай бейресми жағдайлар жасөспірімдердің ашылуына септігін тигізеді.
“Мен баламның неге осылай сөйлейтінін түсінуге тырысамын ба?” Әйүп 12:11-де: “Сөзді ажырататын құлақ емес пе, тағамның дәмін ажырататын тіл емес пе еді?”— деген сөздер бар. Қазір қызыңның не балаңның сөздерін нағыз “ажырататын” кез. Жасөспірімдер асырып сөйлеуге бейім келеді. Мысалы, ұлың не қызың: “Маған үнемі кішкентай бала сияқты қарайсың!” немесе “Мені ешқашан тыңдамайсың!”— деп айтуы мүмкін. Мұндайда “үнемі” немесе “ешқашан” деген сөздердің қате айтылғанын дәлелдеуге тырыспа, өйткені балаң тура мағынада сөйлеп тұрмаған болуы мүмкін. Мысалы: “Маған үнемі кішкентай бала сияқты қарайсың!”— дегенде, ол: “Сен маған сенім артпайтын сияқтысың”,— деп айтқысы келетін шығар, ал: “Мені ешқашан тыңдамайсың!”— дегенде: “Мен саған өзімнің шын мәнінде не сезініп тұрғанымды айтқым келеді”,— дегісі келер. Балаңның неге осылай сөйлейтінін түсінуге тырыс.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Балаң қатты сөз айтып жіберсе: “Сенің көңіл-күйің жабырқау ғой, не болды, айтшы маған. Неге мен саған кішкентай бала сияқты қарайтындай көрінемін?”— деген сияқты сөздер айт. Сосын, сөзін бөлмей тыңда.
Баламды әңгімелесуге күштеп, пікір алысуды одан сайын қиындатып жібермеймін бе? Киелі кітапта былай жазылған: “Татуластырушылар “тыныштық тұқымын” себушілер іспетті. Бұл тұқымның жемісі болып әділ мінез-құлық орнығады” (Жақып 3:18). Жасөспірім балаң әңгімелесуге ыңғай таныту үшін сөзің мен іс-әрекетің арқылы “тыныштық тұқымын” сеп. Есіңде болсын, сен балаңның “адвокатысың”. Сондықтан қандай да бір мәселені талқылағанда, өзіңді адамның әр сөзіне күмәнмен қарайтын прокурор сияқты ұстама. Кореяда тұратын Ан есімді әке былай дейді:
—Дана әке не шеше “Қашан адам болады екенсің?” немесе “Саған осы қанша рет айтамын?” деген сияқты сөздер айтпайды. Осыған қатысты талай қателік жасаған соң, менің қалай айтқаным ғана емес, не айтқаным да ұлдарымның ашуына тиетінін түсіндім.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Балаң сұрақтарыңа жауап бермесе, басқа тәсілді қолданып көр. Мысалы, қызыңнан күнінің қалай өткенін сұрамай, өз күніңнің қалай өткенін айтып бер де, мұның оған қалай әсер еткенін көр. Сондай-ақ қандай да бір мәселеге қатысты балаңның көзқарасын білу үшін, оған емес басқа біреуге назар аударатын сұрақ қой. Бұл мәселеге оның құрбысының қалай қарайтынын біл. Бұдан соң оған қандай кеңес бергісі келетінін сұра.
Жасөспіріммен пікір алысу мүмкін емес деп ойлама. Жағдайға қарай тәсілдеріңді өзгертіп отыр. Үлгілі ата-аналармен ақылдас (Нақыл сөздер 11:14). Балаңмен пікір алысқанда, “тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, әрі ашулануға баяу” бол (Жақып 1:19). Ең бастысы, жасөспірім балаңды “Иемізбен жүргендерге лайықты” тәрбиелей беруді ешқашан доғарма (Ефестіктерге 6:4).
ӨЗІҢНЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРА:
Жасөспірім баламның бойынан қандай өзгерістерді байқадым?
Пікір алысу қабілетімді қалай жақсартуыма болады?