Үйме-үй уағыздағанда кездесетін қиындықтарды жеңу
“Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды” (САЛ. 1-Х. 2:2).
1. Еремия қандай қиындықтарға кезікті және оған төзуге не көмектесті?
ЕРЕМИЯ да біз сияқты адам болған. Ехоба оны халқының пайғамбары етіп тағайындайтынын айтқанда, ол: “О, Жаратушы Құдай! мен әлі сөйлей де алмаймын, өйткені әлі тым жаспын”,— дейді. Сөйтсе де Еремия Ехобаға арқа сүйеп, оның тапсырмасын қабыл алады (Ерм. 1:4—10). 40 жылдан астам уақыт бойы оған адамдардың немқұрайдылығына, қарсылығына, қорлауына тіпті ұрып-соғуына төзуге тура келді (Ерм. 20:1, 2). Кейде ол өзін жеңілгендей сезінген, тіпті: “Жаратушы Иенің сөздері өзіме айтылар лағынеттердің және күн сайын естіген келемеждердің тууына себепкер болуда. Сонда мен: “бұдан былай сол айтты деп ескертпейтін болайын және алдағы уақытта Оның атынан сөйлемейін”,— деп ойлаған. Алайда Еремия адамдардың көбісі тыңдағысы келмеген хабарды табандылықпен жариялай берді. Сөйтіп, өздігінен ешқашан атқара алмайтын істі ол Құдайдың күшімен орындай алды (Ерм. 20:7—9).
2, 3. Құдайдың бүгінгі қызметшілерінің жағдайы қай жағынан Еремияның жағдайына ұқсайды?
2 Бүгінде Құдайдың көп қызметшілері Еремияның сезімін жақсы түсінеді. Үйме-үй уағыздау жайлы естігенде, кейбіреуіміз “Мен ешқашан үйден-үйге жүре алмаймын” деп ойлаған шығармыз. Алайда ізгі хабарды жариялау Ехобаның еркі екенін түсінгенде, біз қорқынышты жеңіп, уағыздауға белсене қатысатын болдық. Дегенмен көбіміз қызметімізді қиындатқан түрлі жағдайларға кезіктік, тіпті уағыздамай қойған кезіміз де болған шығар. Рас, үйден-үйге уағыздауды бастау да, оны тоқтатпай, аяғына дейін жалғастыру да оңай емес (Мат. 24:13).
3 Егер сен Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, қауым кездесулеріне үзбей келіп жүрген болсаң, үйме-үй уағыздауды бастаудан тартынып жүрген жоқсың ба? Ал егер шомылдыру рәсімінен өткен болсаң, денсаулығың бола тұра, үйден-үйге жүру саған қиынға соғып жүр ме? Үйме-үй уағыздау кезіндегі қиыншылықтармен жариялаушылардың барлығы да күресіп, оларды жеңіп жүр. Ехобаның көмегімен бұл сенің де қолыңнан келеді.
Батылдық қажет
4. Пауылға ізгі хабарды батыл уағыздауға не көмектесті?
4 Дүниежүзілік уағыздау ісі адамның күші мен даналығының емес, Құдай рухының арқасында жүріп жатқанын мойындайтының сөзсіз (Зәк. 4:6). Жеке мәсіхшілердің қызметіне қатысты осылай деуге болады (Қор. 2-х. 4:7). Мысалға Пауылды алайық. Миссионерлік сапарында өзін және серіктерін қарсыластары ұрып-соққан жағдайды есіне алып, ол былай деп жазды: “Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды” (Сал. 1-х. 2:2; Ел. іс. 16:22—24). Құлшына уағыздап жүрген Пауылдың кейде куәлік беруге батылы бармай қалғанын елестету қиын шығар. Алайда бәріміз сияқты оған да ізгі хабарды батылдықпен жариялау үшін Ехобаға арқа сүйеу керек болған (Ефестіктерге 6:18—20 оқы). Пауылдың үлгісіне қалай еліктей аламыз?
5. Батылдықпен уағыздау үшін не істеуіміз керек?
5 Батылдықпен уағыздау үшін дұға етуіміз керек. Бір ізашар былай дейді: “Мен сенімділікпен әрі адамдардың жүрегіне жететіндей етіп сөйлеу үшін, сондай-ақ қызметтен қуаныш алу үшін дұға етемін. Оның үстіне, бұл өзіміздің емес, Ехобаның ісі болғандықтан, оның көмегінсіз ешнәрсені атқара алмаймыз” (Сал. 1-х. 5:17). Батылдықпен уағыздау үшін, бәрімізге де Құдайдан киелі рух сұрап, ұдайы дұға ету керек (Лұқа 11:9—13).
6, 7. а) Езекиел қандай аян алды және ол нені білдірді? ә) Езекиелдің алған аянында Құдайдың қызметшілері үшін қандай сабақ бар?
6 Езекиелдің кітабынан батылдықпен уағыздауға көмектесетін тағы да бір жайтты көреміз. Ехоба Езекиелге берген аянда екі жағына да “жылау, ыңырсыған үн мен қасірет” деген сөздер жазылған шиыршықты береді. Сосын оған: “Адамзаттың ұлы! Мен саған беріп отырған мына қатталған қағазбен өз құрсағыңды тойындыр және өз іш-құрылысыңды толтыр”,— деп, жеп қоюды бұйырады. Бұл аян нені білдірді? Езекиел жариялау керек осы хабарға өзін толықтай арнаған еді. Ол оның ажырамас бөлігіне айналған, яғни жан-дүниесіне терең әсер еткен. Пайғамбар әрі қарай былай деді: “Сөйтіп, мен жеп алдым, сонда аузыма балдың дәмі келгендей болды”. Құдайдың хабарын адамдарға жариялаудан алған қанағат Езекиел үшін балдың дәміндей тәтті болған. Халыққа тыңдағысы келмеген хабарды айту керек болса да, ол Ехобаның атынан сөйлеуді және Құдайдың тапсырмасын орындауды мәртебе санаған (Езек. 2:8—3:4, 7—9).
7 Осы аянда Құдайдың бүгінгі күнгі қызметшілері үшін құнды сабақ бар. Біз де ісіміздің маңыздылығын түсінбейтін адамдарға барып, тыңдағысы келмейтін хабарды айтамыз. Мәсіхшілік қызметімізді Құдай берген мәртебе деп қарастыра беру үшін, рухани жақсы тамақтануымыз керек. Киелі кітапты анда-санда немесе атүсті зерттейтін болсақ, Құдайдың сөзін бойымызға толығымен сіңіре алмаймыз. Сен Киелі кітапты жеке оқу мен зерттеуді жүйелі әрі әлдеқайда сапалы ете аласың ба? Оқығаныңның үстінен ой жүгіртуге көбірек уақыт бөле аласың ба? (Заб. 1:2, 3).
Киелі кітап жайлы әңгіме бастау
8. Кейбір жариялаушылар үйме-үй уағыздағанда, әңгіме бастау үшін қандай әдісті қолданады?
8 Үйме-үй уағыздағанда, көптеген жариялаушы үшін үй иесімен әңгіме бастау әсіресе қиын. Кейбір аумақтарда әңгіме бастаудың қиын екені рас. Жариялаушылардың кейбіреулері есік ашқан адамға алдын ала дайындаған қысқа да нұсқа ұсыныс айтып, трактат ұстатудың ыңғайлы екенін байқаған (Мұндай ұсыныстардың кейбірін қоршаудан көруге болады.). Адам трактаттың тақырыбы мен түрлі-түсті суреттеріне назар аударғанда, не үшін келгенімізді қысқаша айтып, сұрақ қоя аламыз. Ал осындай әдістің басқа бір жолы — үй иесіне үш не төрт трактатты көрсетіп, өзін қызықтырған біреуін таңдауға мүмкіндік беру. Әрине, біздің мақсатымыз трактат ұсыну ғана емес, Киелі кітапты зерттеуге ұласатын әңгіме бастау болып табылады.
9. Жақсы дайындық неліктен маңызды?
9 Қандай ұсыныс қолдансаң да, жақсылап дайындалғаның үйден-үйге жүріп уағыздағанда байсалды әрі құлшынысты болуға көмектеседі. Бір ізашар былай дейді: “Жақсы дайындалсам, әлдеқайда қуанышпен уағыздаймын. Дайындаған ұсынысымды айтқым келіп тұрады”. Басқа бір ізашар болса: “Ұсынғалы жатқан әдебиеттің мазмұнымен таныс болсам, оны бар ықыласыммен ұсынамын”,— дейді. Кейбіреулер айтатын сөзін іштей қайталап алудың пайдасын көргенмен, көпшілігі ауызша қайталап дайындалғанның көмегі зор екенін байқаған. Осылай етсек, Ехобаға өзіміздегінің ең жақсысын бере аламыз (Қол. 3:23; Тім. 2-х. 2:15).
10. Уағыздауға арналған кездесуді қалайша тиімді әрі пайдалы етіп өткізуге болады?
10 Уағыздау қызметіне арналған кездесудің дұрыс өткені үйме-үй уағыздаудың қуанышты әрі тиімді болуына септігін тигізеді. Егер күнделікті тармақ қызметке қатысты болса, оны оқып, қысқаша талқылауға болады. Алайда кездесуді жүргізетін бауырлас жергілікті аумаққа лайықты қарапайым ұсынысты талқылауға немесе көрсетуге, сондай-ақ сол күнгі уағызға тиімді болатын мәліметті қарастыруға жеткілікті уақыт бөлуі керек. Бұл жариялаушыларды тиімді уағыздауға дайындайды. Осыны жүзеге асырып, кездесуді уақтылы аяқтау үшін кездесуді жүргізетін ақсақалдар және басқа бауырластар жақсылап дайындалу керек (Рим. 12:8).
Тыңдай білудің әсері
11, 12. Жанашырлықпен тыңдау ізгі хабарды адамның жүрегіне жеткізуге қалай көмектеседі? Мысал келтіріңдер.
11 Жақсы дайындық қана емес, адамның өзіне жеке көңіл бөлгеніміз де Киелі кітап жайлы әңгіме бастауға және шындықты жүрегіне жеткізуге көмектеседі. Мұның бір жолы — адамдарды мұқият тыңдау. Бір аралаушы бақылаушы: “Шыдамдылығың мен тыңдауға ықылас білдіргенің адамдарға күшті әсер етеді және олардың қамын шын ойлайтыныңды көрсетеді”,— деді. Адамдарды жанашырлықпен тыңдағанымыз олардың жүрегіне жол табуға көмектеседі. Мұны келесі мысалдардан көруге болады.
12 Францияның Сент-Этьен қаласында шығатын газетте (Le Progrès) бір әйелдің хаты жарияланған болатын. Ол үш айлық қызы қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай үйіне екі әйелдің келгенін айтады. “Мен олардың Ехоба куәгерлері екенін бірден білдім,— дейді ол.— Сыпайы түрде шығарып салмақ болған едім, бірақ олардың ұсынып тұрған кітапшасына көзім түсті. Ол Құдайдың қайғы-қасіретке неге жол беріп отырғаны туралы еді. Сондықтан келтірмек болған дәлелдерін жоққа шығару ниетімен оларды үйге кіргіздім... Куәгерлер бір сағаттан аса отырды. Олар мені зор жанашырлықпен тыңдады, соңында әлдеқайда жеңілдеп қалғанымды сездім. Сондықтан олардың тағы келгендеріне қарсы болмадым” (Рим. 12:15). Уақыт өте келе бұл әйел Киелі кітапты зерттеу сабағына келіседі. Оның алғашқы кездесуден есінде қалғаны Куәгердің айтқан сөздері емес, қалай тыңдағаны еді. Бұл жағдайдан біз көп нәрсеге үйренеміз.
13. Кездестірген адамдарға бейімделіп, ізгі хабарды қалай ұсына аламыз?
13 Адамдарды жанашырлықпен тыңдағанда, біз оларға Патшалықтың неге қажет екенін өздеріне айтуға мүмкіндік береміз. Осылайша ізгі хабармен бөлісуге жақсы жағдай жасаймыз. Нәтижелі уағыздаушылардың әдетте тыңдай білетінін байқаған шығарсың (Нақ. с. 20:5). Олар қызметте кездестірген адамға шын ықылас қояды. Сондай-ақ есімі мен мекенжайын ғана емес, адамды не қызықтыратынын және қажеттілігін жазып алады. Ал біреу өзін мазалап жүрген жайтты айтса, олар соған қатысты ізденіс жүргізеді де, қайтып келіп тапқан мәліметімен бөліседі. Елші Пауыл сияқты мұндай жариялаушылар Патшалық туралы хабарды әрбір адамға бейімдеп ұсынады (Қорынттықтарға 1-хат 9:19—23 оқы). Адамдарға шын ықылас қойғанымыз ізгі хабарды тартымды етеді және ‘Құдайымыздың мейірімді рақымын’ керемет түрде көрсетеді (Лұқа 1:78).
Дұрыс көзқарас сақта
14. Қызмет кезінде Ехобаның қасиеттерін қалай таныта аламыз?
14 Ехоба ерік бостандығын беру арқылы бізге жеке тұлға ретінде қарайтынын көрсетті. Ол Құдіреті шексіз Құдай болса да, ешкімді өзіне қызмет етуге мәжбүрлемейді, қайта, адамдарға сүйіспеншілікпен қарап, қамқорлығы үшін өзіне ризашылық білдіргендерге батасын төгеді (Рим. 2:4). Біз Құдайдың қызметшісі ретінде ізгі хабарды оның мейірімділігіне лайық болатындай мәнермен уағыздауымыз керек (Қор. 2-х. 5:20, 21; 6:3—6). Олай болса, біз аумағымыздағы адамдарға дұрыс көзқарас сақтағанымыз жөн. Осыған қатысты туындайтын қиындықтарды жеңуге не көмектеседі?
15. а) Исаның нұсқауы бойынша, хабарды қабылдамаған жағдайда елшілер не істеу керек еді? ә) Лайықтыларды іздеуге баса назар аударуға не көмектеседі?
15 Иса ізбасарларына ізгі хабарға қарсылық білдіргендерге тым көңіл бөле бермей, лайықтыларды іздеуге баса назар аудару керектігін айтты (Матай 10:11—15 оқы). Қол жеткізе алатын кішігірім мақсаттар қойғанымыз бізге осылай етуге көмектеседі. Бір бауырлас өзін алтын іздеушіге теңеген. Ол күнде қызметке: “Мен бүгін қалай да алтын табатынымды білем”,— деген оймен шығады. Басқа бауырластың мақсаты — “әр аптада бір адаммен жақсы әңгімелесіп, бір-екі күннің ішінде қайтып барып, қызығушылығын арттыру”. Ал кейбір жариялаушылар есік ашқан әр адамға кемінде бір Жазба орнын оқып беруге тырысады. Сен қол жеткізе алатын қандай мақсаттар қоя аласың?
16. Неге уағызды тоқтатпауымыз керек?
16 Үйден-үйге уағыздаудың нәтижелі болуы аумағымыздағы адамдардың ізгі хабарды қабылдағанына байланысты емес. Уағыздау ісі ниеттері түзу адамдардың құтқарылуы үшін маңызды болғанымен, бұның басқа да маңызды мақсаттары бар. Мәсіхшілік қызмет Құдайға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге мүмкіндік береді (Жох. 1-х. 5:3). Сонымен қатар ешкімнің қанын мойнымызға жүктемейміз (Ел. іс. 20:26, 27). Уағыздау қызметі арқылы Құдайдан безгендерге ‘оның адамзатты соттайтын уақыты туғаны’ жайлы ескертеміз (Аян 14:6, 7). Ал ізгі хабарды жариялаудың ең басты мақсаты — Құдайдың есімін бүкіл дүниежүзі бойынша дәріптеу (Заб. 112:3). Олай болса, Патшалық туралы хабарды адамдар тыңдамаса да жариялай беруіміз керек. Ехоба ізгі хабарды жариялау үшін жасап жатқан барлық әрекетімізді көріп, қуанатыны сөзсіз (Рим. 10:13—15).
17. Адамдар жақында нені мойындауға мәжбүр болады?
17 Қазір көп адам уағыздау ісімізді ұнатпаса да, жақында көзқарастарын өзгертуге тура келеді (Мат. 24:37—39). Ехоба Езекиелді: ‘Бүлікші әулет араларында пайғамбар болғанын білетін болады’,— деп сендірді (Езек. 2:5, ЖД). Осы создер Езекиелдің Исраилге жариялап жүрген Құдай соты күні жүзеге асты. Осы зұлым дүниеге шығарылған үкім жүзеге асатын күні де адамдар Ехоба куәгерлерінің шын Құдайдың өкілдері екенін және олардың жұрт алдында әрі үйден-үйге жүріп уағыздағаны соның хабары болғанын мойындауға мәжбүр болады. Осы маңызды кезеңде Құдайдың есімімен аталып, оның хабарын жариялау біз үшін қандай мәртебе! Оның қолдауымен үйме-үй уағыздағанда кездесетін қиындықтарға төтеп беруді жалғастыра берейік.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Батылдықпен уағыздау үшін не істеу керек?
• Үйме-үй уағыздағанда Киелі кітап жайлы әңгіме бастауға не көмектеседі?
• Адамдарға қалай шын ықылас қоя аламыз?
• Аумағымыздағы адамдарға дұрыс көзқарас сақтауға не көмектеседі?
[9-беттегі сурет/қоршау]
Киелі кітап жайлы әңгіме бастаудың жолы
Былай деуіңе болады:
◼ Үй иесімен сәлемдесіп болған соң, қолына трактат ұстатып, былай деуіңе болады: “Сізбен осы маңызды тақырыпқа қатысты жігерлендіретін бір оймен бөлісу үшін келген едім”.
◼ Немесе трактатты ұсынып, былай де: “Осы тақырып жайлы сіздің ойыңызды білгім келіп, қысқаша әңгімелесейін деп едім”.
Трактатты алған болса:
◼ Бірден трактаттың атауына қатысты көзқарасын айтуға талпындыратын қысқаша сұрақ қой.
◼ Үй иесінің ойын білу үшін, оны мұқият тыңда. Пікірін айтқанына ризашылық білдір.
Әңгімені жалғастыру үшін:
◼ Адамды не қызықтыратынын және қажеттілігін ескеріп, бір не бірнеше тармақ оқып, талқыла.
◼ Қызығушылық білдірген адамға әдебиет ұсын және мүмкін болса, Киелі кітапты зерттеу сабағының қалай өтетінін көрсет. Тағы келуге келіс.