Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 15.7. 3—7 бет.
  • Бүгінде үйме-үй уағыздау неліктен маңызды?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Бүгінде үйме-үй уағыздау неліктен маңызды?
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Елшілердің уағыздау әдісі
  • Бүгінгі шегірткелер әскері
  • Құтқарылу үшін адамдарға таңба қою
  • Алдағы уағыздау ісі
  • Үйден-үйге уағыздау
    Біздің патшалық қызметіміз. 2006
  • Үйме-үй уағыздағанда кездесетін қиындықтарды жеңу
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 15.7. 3—7 бет.

Бүгінде үйме-үй уағыздау неліктен маңызды?

“Олар күн сайын ғибадатханада және үй-үйді аралап тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ” (ЕЛ. ІС. 5:42, сілт.).

1, 2. а) Ехоба куәгерлерінің қандай уағыздау әдісі бүгінде көпшілікке танымал? ә) Осы мақалада біз нені қарастырамыз?

КЕЛЕСІ жайт барлық елге дерлік танымал. Ұқыпты киінген екі адам есік қағып, үй иесімен Киелі кітаптағы Құдай Патшалығы туралы әңгімелеседі. Егер ол хабарға қызығушылық білдірсе, оған Киелі кітапқа негізделген әдебиет қалдырып, үй жағдайында ақысыз Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынады. Содан кейін келесі үйдің есігін қағады. Осы іске қатысып жүрген болсаң, адамдар сенің Ехоба куәгері екеніңді бірден тани кететінін байқаған шығарсың. Иә, үйме-үй уағыздау біздің ерекшелігіміз болып табылады.

2 Исаның уағыздау мен шәкірт дайындау бұйрығын орындау үшін, біз түрлі әдістерді қолданамыз (Мат. 28:19, 20). Мысалы, сауда орындарында, көшелерде және басқа да көпшілік орындарда уағыздаймыз (Ел. іс. 17:17). Адамдармен телефон және хат арқылы байланысамыз. Күнделікті тіршілік қамымен жүрсек те, кездескен адамдармен Киелі кітап шындығы жайлы сөйлесеміз. Тіпті бізде ресми түрде ашылған интернет сайтымызда Киелі кітап жайлы 300-ден астам тілде мәлімет барa. Осы әдістердің бәрі жақсы нәтиже беруде. Алайда көп жағдайда біз ізгі хабарды үйме-үй жүріп таратамыз. Мұндай әдісті неліктен қолданамыз? Құдайдың бүгінгі халқы бұл әдісті қалайша кең көлемде қолданатын болды? Неге ол бүгінде маңызды болып табылады?

Елшілердің уағыздау әдісі

3. Уағыздауға қатысты Иса елшілеріне қандай нұсқаулар берді және олар қалай уағыздады?

3 Үйме-үй уағыздау Жазбаларға негізделген. Иса елшілерін уағыздауға жіберерде оларға: ‘Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде өздеріңе түсуге лайық адамды іздестіріп тауып алыңдар’,— деп нұсқау берген. Олар лайықты адамдарды қалай іздеп таппақ еді? Иса олардың үйлеріне бару керектігін айтып: “Үйге кіргенде амандасып: “Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!” деп бата беріңдер. Сол үйдегілер лайық болса, берген баталарың қонады”,— деді. Сонда олар адамдарға шақырусыз бара берген бе? Исаның келесі сөздеріне көңіл бөлейікші: “Егер біреу сендерді қабылдамаса не сөздеріңе құлақ салмаса, сол үйден немесе қаладан шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар” (Мат. 10:11—14). Бұл нұсқаудан елшілердің ‘ауыл-ауылды аралап, әр жерде Ізгі хабарды жариялағанда’, үйлерге шақырусыз барғаны анық көрінеді (Лұқа 9:6).

4. Киелі кітаптың қай жерінде үйме-үй уағыздау жайлы айтылған?

4 Киелі кітапта елшілердің үйме-үй уағыздағаны анық айтылған. Мысалы, Елшілердің істері 5:42-де (сілт.) былай делінген: “Олар күн сайын ғибадатханада және үй-үйді аралап тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ”. 20 жылдан кейін елші Пауыл Ефестегі қауым жетекшілеріне: “Ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлім беріп жүргенде сендерге пайдалы болатын еш нәрсені қалдырмай, бәрін түгел айттым”,— деп, естеріне салған. Сонда Пауыл бұл жетекшілердің үйлеріне қашан барған, олар әлі сенуші болмай тұрғанда ма? “Күнәларыңа өкініп, Құдайға бет бұрып, Иеміз Исаға сеніңдер!”— деп үйреткеніне қарағанда, солай болғанға ұқсайды (Ел. іс. 20:20, 21). Елшілердің істері 20:20-ға түсініктеме берілген бір еңбекте былай делінген: “Ұлы уағыздаушылардың үй-үйді аралап уағыздағаны ескеретін жайт” (Robertson’s Word Pictures in the New Testament).

Бүгінгі шегірткелер әскері

5. Жоелдың пайғамбарлығында уағыздау ісі қалай суреттелген?

5 Бірінші ғасырдағы уағыздау ісі — біздің күнімізде атқарылатын көлемді істің бейнесі. Жоел пайғамбар майланған мәсіхшілердің уағыздау ісін шегірткелер мен басқа да жәндіктердің жорығына теңеген (Жоел 1:4). Шабуылға шыққан әскер сияқты, шегірткелер ешбір кедергіге қарамай, үйлерге кіріп кете береді және жолындағының бәрін жайпап өтеді (Жоел 2:7, 9 оқыb). Бұл — бүгінгі Құдай халқының уағыздау ісін табандылықпен әрі түбегейлі атқарып жатқанын суреттейтін керемет мысал. Пайғамбарлыққа сай, майланған мәсіхшілер мен олардың ‘басқа қойлардан’ тұратын серіктері қолданып жүрген әдістерінің ең бастысы — үйме-үй уағыздау (Жох. 10:16). Біз, Ехоба куәгерлері, осы әдісті қалай қолданатын болдық?

6. 1922 жылы үйме-үй уағыздауға қатысты қандай шақыру болды, бірақ кейбіреулер мұны қалай қабылдады?

6 Куәлік беру әрбір мәсіхшінің міндеті екеніне 1919 жылдан бастап аса көңіл бөліне бастады. Мысалы, 1922 жылдың 15 тамыздағы “Күзет мұнарасында” “Қызметтің маңыздылығы” деген мақала шықты. Онда майланған мәсіхшілердің “адамдарға қағаз бетіндегі хабарды тарату мен есік алдында әңгімелесіп, көктегі патшалықтың жақындағаны туралы куәлік беруде белсенді болу керектігінің” маңыздылығы айтылды. “Бюллетеньде” (қазір “Біздің патшалық қызметіміз”) егжей-тегжейлі түсіндірілген ұсыныстар берілетін болды. Бірақ алғашында үйден-үйге жүріп уағыздайтындардың саны көп емес еді. Кейбіреулер бұдан бас тартты. Олар түрлі себептер келтіргенімен, негізгі себебі үйден-үйге жүруді өздеріне лайық емес деп есептеуі еді. Қызметтің осы түріне көбірек көңіл бөлінген сайын, бұл адамдардың көпшілігі біртіндеп Ехобаның ұйымымен байланысын үзе бастады.

7. 1950 жылдары қандай қажеттілік бар екені байқалды?

7 Кейінгі он жылдықта уағыз ісінің аясы кеңейе түсті. Алайда жеке жариялаушыларды үйме-үй уағыздауға үйрету қажет екені байқалды. Құрама Штаттарындағы куәгерлердің жағдайын алсақ, 1950 жылдары олардың 28 пайызы мәлімет қағазын тарату немесе көшеде журнал ұстап тұру арқылы ғана уағыздайтын. Ал 40 пайыздан астамы уағызға жүйелі түрде қатыспайтын, яғни бірнеше ай бойы мүлдем куәлік етпейтін. Бағышталған мәсіхшілердің бәріне үйме-үй уағыздаулары үшін қандай көмек көрсетуге болар еді?

8, 9. 1953 жылы қандай бағдарлама жүргізіле бастады және нәтижесі қандай болды?

8 1953 жылы Нью-Йоркте өткен халықаралық конгресте үйме-үй уағыздауға ерекше көңіл бөлінді. Нейтан Норр бауырлас баяндамасында мәсіхші бақылаушылардың негізгі міндеті әрбір куәгерге жүйелі түрде үйме-үй уағыздайтын қызметші болуға көмектесу екенін айтты. Сондай-ақ ол: “Әрбір куәгер ізгі хабарды үйден-үйге жүріп айта алуы керек”,— деді. Бұл мақсатқа жету үшін, дүниежүзі бойынша үйрету бағдарламасы жүргізіле бастады. Әлі үйме-үй уағыздамаған жариялаушыларға есік қағып, үй иесімен әңгіме бастау, Киелі кітапты қолданып пікір алысу және сұрақтарға жауап беру үйретілді.

9 Осы бағдарламаның нәтижесі зор болды. Он жылдың ішінде дүниежүзі бойынша жариялаушылардың саны 100 пайызға, адамдарға қайта барудың саны 126 пайызға, ал Киелі кітап зерттеу сабақтарының саны 150 пайызға өсті. Бүгінде ізгі хабарды дүниежүзінде жеті миллиондай Патшалықтың уағыздаушысы таратып жүр. Осы зор өсім — Ехоба үйме-үй уағыздап жүрген халқына батасын беріп жатқанының дәлелі (Ишая 60:22).

Құтқарылу үшін адамдарға таңба қою

10, 11. а) Езекиел қандай аян алды? ә) Бұл аян бүгінгі күні қалай орындалуда?

10 Үйме-үй уағыздаудың маңызды екенін Езекиел пайғамбардың алған аянынан көруге болады. Ол бұл аянда қолдарында қаруы бар алты кісіні және кенептен тоқылған киім киген, беліне хат түзушінің аспаптарын байлап алған тағы бір кісіні көреді. Осы жетінші кісіге: ‘Қаланың ортасымен жүр де... жасалып жатқан барлық жексұрындықтарды ойлап қайғырған жұрттың маңдайына таңба сал’,— делінеді. Таңба салу ісі біткен соң, қырып-жоятын қаруы бар алты кісіге таңба салынбағандардың бәрін жоюға бұйрық беріледі (Езек. 9:1—6).

11 Осы пайғамбарлықтағы “кенептен тоқылған киім киген” кісі киелі рухпен майланған мәсіхшілердің тамтығын бейнелейтінін білеміз. Майланғандар табы уағыздау әрі шәкірт дайындау ісі арқылы ‘басқа қойлардан’ тұратын мәсіхшілердің маңдайына таңба салуда (Жох. 10:16). Бұл қандай таңба? Бұл — қой іспетті адамның Иса Мәсіхтің бағышталған әрі шомылдыру рәсімінен өткен шәкірті екенінің, сондай-ақ жаңа болмысқа ие болғанының маңдайға басылғандай айқын дәлелі (Ефес. 4:20—24). Осы қой тәріздес адамдар майланған мәсіхшілермен бір отар болып, оларға таңба салу ісінде көмек көрсетуде (Аян 22:17).

12. Езекиелдің аяны қой тәріздес адамдарды іздеудің маңыздылығына қалай баса назар аударады?

12 Езекиелдің аяны “қайғырған” адамдарды іздей берудің күттірмейтін іс екеніне баса назар аударады. Неге? Себебі бұл — өмірлік маңызы бар іс. Жақында қолына қару ұстаған алты кісі ретінде суреттелген Ехобаның көктегі әскері маңдайларына бейнелі таңба салынбағандарды жоймақ. Алдағы сотқа қатысты елші Пауыл былай деп жазды: “Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен... Өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазаламақ” (Сал. 2-х. 1:7, 8). Байқасақ, адамдар ізгі хабарды қабылдаған-қабылдамағанына қарай сотталатын болады. Демек, Құдайдың хабары соңғы сәтке дейін жариялана беруі керек (Аян 14:6, 7). Бұл Ехобаға өзін бағыштаған қызметшілерге маңызды жауапкершілік жүктейді (Езекиел 3:18 оқыc).

13. а) Елші Пауыл қандай жауапкершілікті сезінді және неге? ә) Учаскеңдегі адамдарға қатысты сенде қандай жауапкершілік бар?

13 Елші Пауыл адамдарға ізгі хабарды айтуға өзін міндетті деп есептеді. Сондықтан ол былай деп жазды: “Гректер мен басқа ұлттарға білімділер мен білімсіздерге Ізгі хабарды жариялау менің парызым. Сондықтан Римде тұратын сендерге де оны уағыздауға деген ықылас менде жетерлік” (Рим. 1:14, 15). Пауыл өзіне көрсетілген Құдай мейірімінің игілігін көріп, сол үшін риза болғандықтан, оны басқалардың да көре алуына көмектесуге міндетті екенін түсінген (Тім. 1-х. 1:12—16). Бұл оның кездестірген әрбір адамға қарызы бар болған жағдайға ұқсады, одан құтылу үшін ол әрқайсына ізгі хабарды айту керек еді. Сен де учаскеңдегі адамдарға қарызым бар деп есептейсің бе? (Елшілердің істері 20:26, 27 оқы).

14. Ел алдында және үйме-үй уағыздауымыздың ең маңызды себебі қандай?

14 Адамдардың өмірін сақтау маңызды болғанымен, үйме-үй уағыздаудың бұдан да маңызды себебі бар. Малахи 1:11-де Ехоба былай деген: “Күннің шығысынан батысына дейінгі халықтар арасында Менің атым абыройға бөленеді, жер-жердің бәрінде Менің атыма мадақ айтып, таза құрбандық әкеледі; халықтардың арасында Менің атым ардақты болады”. Осы пайғамбарлыққа сай, Ехобаның бағышталған қызметшілері кішіпейілдікпен міндеттерін атқарып, оның есімін ел алдында мадақтауда (Заб. 108:30; Мат. 24:14). Ехобаны ‘мадақтап сый-тартуымызды ұсыну’ ел алдында және үйме-үй уағыздауымыздың ең маңызды себебі болып табылады (Евр. 13:15).

Алдағы уағыздау ісі

15. а) Иерихонды жетінші күні айналғанда, исраилдіктер қалай белсенді болды? ә) Бұдан уағыздау ісіне қатысты не білеміз?

15 Уағыздау ісіне қатысты алда не күтіп тұр? Бұл үшін Ешуа Набын кітабында жазылған Иерихон қаласы қоршауға алынған жағдайды қарастырайық. Қаланы жоймас бұрын Ехоба исраилдіктерге бір реттен алты күн бойы қаланы айналып шығуды бұйырады. Алайда жетінші күні олардың белсенділігі арту керек еді. Ехоба Ешуаға былай дейді: “Жетінші күні қаланы жеті рет айналыңдар және дін қызметшілері кернейлерін тартсын. Мерекелік сырнай тартылып, кернейдің үні естілгенде барлық жұрт айқайға бассын, сонда қаланың қабырғасы табаны көктен келіп құлап түседі” (Ешуа 6:2—5). Осы сияқты уағыздау ісіміздің де қарқыны күшейе түсетін шығар. Қалай болған күнде де, біз осы дүние жойылғанға дейін Құдай есімі мен оның Патшалығының бұрын-соңды болмағандай әйгілі болатынын көреміз.

16, 17. а) “Ауыр азап” бітпей тұрып қандай іс жүзеге асады? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?

16 Біз жариялап жүрген хабардың ‘айқайға басқандай’ жарияланатын уақыты келеді деп күтуге болады. Аян кітабында Құдайдың үкімі туралы хабар ‘салмағы жүз қадақтай дәу тастарға’ теңелгенd. Сондай-ақ Аян 16:21-де оларды “қорқынышты пәле” деген. Құдайдың соты туралы жариялаудың соңғы кезеңінде үйме-үй уағыздаудың қандай рөл атқаратынын әлі көре жатармыз. Алайда “ауыр азап” бітпей тұрып Ехобаның есімі адамзат тарихында бұрын-соңды болмағандай жарияланатынына сенімді бола аламыз (Аян 7:14 сілт.; Езек. 38:23).

17 Біз алда болатын маңызды оқиғаларды күтудеміз. Ал оған дейін Патшалық туралы ізгі хабарды құлшына жариялай берейік. Осы тапсырманы орындап, үйден-үйге жүріп уағыздағанда, қандай қиындықтарға кезігеміз және оларды қалай жеңе аламыз? Бұл сұрақ келесі мақалада қарастырылады.

[Сілтемелер]

a Интернет сайттың адресі: www.watchtower.org.

b Жоел 2:7, 9: “Олар палуандарша жүгіріп, қабырғаға сайыпқыран жауынгерлерше өрмелейді... Қаланы шарлап жүгіріп, қабырғаларға өрмелеп, үйлердің төбесіне шығып, ұрыларша терезеден түседі”.

c Езек. 3:18: “Мен заңды бұзушыға: “ажалыңды табасың!” деген кезде ол тірі қалып, өмір сүруі үшін заңды бұзушыны соның заңсыз жолынан сақтандыру мақсатында сен онымен сөйлеспесең, және де оған ақыл-кеңесіңді айтпасаң, онда заңды бұзушы сол өзінің заңсыздығынан қаза табады, ал Мен оның қанын сенің қолыңнан өндіріп алатын боламын”.

d “Қадақ” деп аударылған сөз грек тіліндегі түпнұсқада “талант” деп берілген. Бір талант шамамен 20 келіге тең.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Үйме-үй уағыздаудың Жазбаларға негізделген қандай себебі бар?

• Біздің уақытымызда үйме-үй уағыздауға қалай баса көңіл бөлінуде?

• Өмірін Ехобаға бағыштаған қызметші неліктен уағыздауға міндетті?

• Алда қандай уағыздау ісі күтіп тұр?

[4-беттегі суреттер]

Елші Пауыл сияқты, адамдарға уағыздауға міндеттімін деп есептейсің бе?

[5-беттегі сурет]

Норр бауырлас, 1953 жыл

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу