Құдай Сөзін батылдықпен уағыздаңдар
1 Біз, мәсіхшілер, уағызымызды бәрі бірдей қабылдамайтынын білеміз (Мат. 10:14). Алайда мұның ізгі хабарды басқаларға айтуға деген ықыласымызды суытуына жол бермейміз (Нақ. с. 29:25). Олай болса, Құдай Сөзін батылдықпен айтуымызға не көмектеседі?
2 Елші Пауыл “Иса Мәсіхті жақыннан танып білу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары” екенін білген. Сондықтан ол “зор сеніммен” сөйлеген (Філіп. 3:8; Сал. 1-х. 1:5). Кейбіреулер оның уағыздап жүрген хабарын ақымақтық әрі сенуге тұрмайды деп менсінбей қарағанымен, ол бұл хабардың ‘сенетін барлық адамдарды құтқаратын Құдайдың құдіреті’ екенін білген (Рим. 1:16). Сондықтан ол тіпті қарсылықтарға кезіккенде де, “Иеміз туралы батыл сөйлеп жүрді” (Ел. іс. 14:1—7; 20:18—21, 24).
3 Күш-қуатымыздың қайнар көзі. Пауыл осындай батылдыққа өз күшінің арқасында ие болған жоқ. Өзі мен Сыйлас жайында Пауыл былай деп жазған: “Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды” (Сал. 1-х. 2:2; Ел. іс. 16:12, 37). Кейін Римде қамауда отырғанда, Пауыл ізгі хабарды ‘қаймықпай жариялауы’ үшін бауырластардан өзі жайында дұға етулерін сұраған болатын (Ефес. 6:18—20). Ол өзіне емес, Ехобаға арқа сүйегенінің арқасында Құдай сөзін батылдықпен уағыздай алған (Қор. 2-х. 4:7; Філіп. 4:13).
4 Бүгінде де солай. Бір бауырласқа жұмысында өзінің Ехоба Куәгері екенін айтып, бейресми түрде уағыздау өте қиын болады. Бірақ ол осы жайында дұға айтады да, куәлік ете бастайды. Оның алғашқы әрекеттері сәтсіз болғанымен, қайта тірілу туралы айтқаны қызметтесіне әсер етіп, ол Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды. Содан бері бауырлас куәлік етудің бірде-бір мүмкіндігін жібермейді. Кейін ол жаңа жұмысқа ауысып, онда істеген 14 жылда 34 адамның шомылдыру рәсімінен өтуіне көмектеседі. ‘Сөзін зор батылдықпен уағыздауымызға’ Ехобаның күш беретініне біздің де сенімді болуымызға болады (Ел. іс. 4:29).