‘Иеміз саған міндеттеген қызметіңе ықылас сал!’
“Иеміз саған міндеттеген қызметіңді адал атқаруға ықылас сал!” (ҚОЛ. 4:17).
1, 2. Мәсіхшілерге қандай міндет жүктелген?
АЙНАЛАМЫЗДАҒЫ адамдарға қатысты бізге үлкен міндет жүктелген. Олардың “ауыр азап” кезінде аман қалатын-қалмайтыны қазір қандай шешім қабылдайтындарына байланысты (Аян 7:14). Рухтың жетелеуімен жазылған Нақыл сөздер кітабында: “Ажалға айдалып бара жатқандарды құтқар, Қырғынға теңселіп бара жатқандарды қайтар!”— делінген. Неткен пәрменді сөздер! Жүктелген міндетімізге сай, адамдарға таңдау жасауға мүмкіндіктері бар екендігін ескертпесек, олардың өлімі үшін біз жауапты болуымыз мүмкін. Нақыл сөздерде әрі қарай былай делінген: “Біздер білген жоқпыз” дейсің бе? Жүрек түкпірін сынайтын Жаратқан шындықты білмей ме? Лайым жаныңды бақылайтын Тәңір білмей қалар дейсің бе? Ісіне қарап әрбір жанның Қарымтасын Ол береді де”. Иә, адамдарға төніп тұрған қауіп жөнінде Ехобаның қызметшілерінің “біздер білген жоқпыз” деп айта алмайтыны анық (Нақ. с. 24:11, 12).
2 Ехоба үшін өмір бағалы. Ол қызметшілерін мейлінше көбірек адамның құтқарылуына көмектесуге шақырады. Оның әрбір қызметшісі Құдай Сөзінде жазылған өмірді сақтайтын хабарды жариялауға тиіс. Біздің тапсырмамыз төнген қауіпті көргенде, жар салып, жұртты ескертетін күзетшінікіне ұқсайды. Біз бастарына қатер төнген адамдардың қанын мойнымызға жүктегіміз келмейді (Езек. 33:1—7). Олай болса, ‘Құдай сөзін уағыздауды’ жалғастыра берудің маңызы аса зор! (Тімотеге 2-хат 4:1, 2, 5 оқы).
3. Осы және келесі екі мақалада не қарастырылады?
3 Бұл мақалада қызметте кезігетін қиыншылықтарды қалай жеңуге болатыны және қалайша көбірек адамға көмектесе алатынымыз қарастырылады. Келесі мақалада шебер тәлімгер болуға не көмектесетіні, ал үшіншісінде дүниежүзі бойынша Патшалықты жариялаушылардың қол жеткізіп жатқан жігер беретін жетістіктері қарастырылады. Алайда, алдымен, неге қазіргі заман соншалықты қиын екеніне көңіл бұрайық.
Көп адамдардың үміті жоқ
4, 5. Адамзат бүгінде нені бастан кешуде және бұл көп адамға қалай әсер етеді?
4 Дүниеде болып жатқан оқиғалардан біздің ‘ақыр заманда’ өмір сүріп жатқанымыз, әрі оның соңы өте жақын екені көрінеді. Иса мен оның шәкірттері ‘соңғы дәуірдің’ белгісі болатын оқиғалар мен жағдайларды айтқан; адамзат бүгінде соларды бастан кешуде. Олар соғыс, ашаршылық, жер сілкіністері мен басқа да апаттардан ‘азап’ шегуде. Қайда қарасаң да заңсыздық жасайтын, өзімшіл, құдайдан безген адамдарды көресің. ‘Қиын-қыстау күндердің’ зардабын тіпті Киелі кітаптағы талаптарға сай өмір сүргісі келетін адамдар да тартуда (Мат. 24:3, 6—8, 12; Тім. 2-х. 3:1—5).
5 Алайда адамдардың басым көпшілігі дүниедегі оқиғалардың нағыз мәнін білмейді. Сондықтан көбісі өздерінің және отбасыларының амандығын ойлап уайымдайды. Жақын адамдарын жоғалтқаны немесе бастарына түскен өзге де бақытсыздықтар оларды есеңгіретіп тастайды. Бұл адамдардың еш үміті жоқ, өйткені осындай жайттардың неге орын алып жатқаны жайлы тура білімдері жоқ және оларды қалай шешуді білмейді (Ефес. 2:12).
6. Неге “Ұлы Бабыл” қоластындағыларына көмектесе алмай отыр?
6 “Ұлы Бабылдың”, дүниежүзілік жалған діндер империясының, адамзатқа жұбаныш беріп жатқаны шамалы. Қайта, ол көп адамды өзінің “шарабына” мас қылып, адастыруда. Оның үстіне, жалған дін опасыз әйел сияқты әрекетімен — жалған ілімдері мен спиритизм арқылы қарақұрым халықты саяси қожайындарының құзырына құлдық ұрғызуымен — ‘жер бетіндегі патшаларды’ азғырып, оларға билік етуде. Осылайша ол билігі мен ықпалын арттырып, бірақ діни шындықтан мүлдем бас тартып отыр (Аян 17:1, 2, 5; 18:23).
7. Адамдардың басым көпшілігін не күтіп тұр, бірақ оларға қалай көмектесуге болады?
7 Иса айтқандай, адамдардың басым көпшілігі, өлімге апаратын даңғыл жолмен жүр (Мат. 7:13, 14). Кейбіреулер осы даңғыл жолмен Киелі кітап ілімдерінен әдейі бас тартқандықтан жүрсе, көпшілігі Ехобаның шын мәнінде нені талап ететініне қатысты дінбасылары адастырып, қараңғылықта ұстағандықтан жүр. Кім білсін, Киелі кітаптан келелі себептер келтірілсе, олардың кейбірі өмір салттарын өзгертер ме еді. Бірақ Киелі кітап нормаларынан бас тартатын және Ұлы Бабылдан шықпай қасарысатындар “ауыр азапта” аман қалмайды (Аян 7:14).
Уағыздауды ‘тоқтатпа’
8, 9. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қарсылыққа кезіккенде не істеді және неге?
8 Иса шәкірттерінің Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздайтынын және шәкірт дайындайтынын айтқан (Мат. 28:19, 20). Сондықтан шынайы мәсіхшілер уағыздау ісіне қатыспай, Құдайға деген адалдықтары мен сенімдерін көрсету мүмкін емес деп есептейді. Сол себепті Исаның ертедегі ізбасарлары қарсылықтарға кезіксе де, уағыздауды жалғастыра берген. Олар Ехобаға арқа сүйеп, оның ‘сөзін зор батылдықпен уағыздай’ беру үшін күш сұрап дұға еткен. Сонда Ехоба киелі рухын беріп, олар Құдай сөзін батыл жариялаған (Ел. іс. 4:18, 29, 31).
9 Қарсылық күшейе түскенде, Исаның ізбасарлары уағыздауды доғарды ма? Жоқ, олар уағыздай берген. Бұған наразы болған яһуди дінбасылары елшілерді тұтқындап, қоқан-лоқы жасап, дүре соқтырды. Бірақ олар “тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ”. Елшілер “адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек” екендіктерін жақсы білген (Ел. іс. 5:28, 29, 40—42).
10. Бүгінде мәсіхшілер қандай қиыншылықтарға кезігуде, бірақ олардың жақсы жүріс-тұрыстарының нәтижесі қандай болуы мүмкін?
10 Бүгінде Құдайдың қызметшілері уағыздағандары үшін жаппай соққыға жығылып не қамауға алынып жатқан жоқ. Алайда шынайы мәсіхшілердің бәрі де қандай да бір сынақтар мен қиыншылықтарға кезігіп жатады. Мысалы, ар-ұжданың Киелі кітап бойынша тәрбиеленгендіктен, сенің жүріс-тұрысың өзгелерге ұнамайтын шығар немесе сен оларға елден ерекше көрінетін боларсың. Шешімдеріңді Киелі кітапқа негіздейтіндіктен, әріптестерің, сыныптастарың, я болмаса көршілерің сені бір түрлі деп есептейтін болар. Алайда олардың жағымсыз сөздеріне мән бермегенің дұрыс. Бұл дүниені рухани қараңғылық басқан, бірақ мәсіхшілер “жарық жұлдыздай жарқырап” тұрулары керек (Філіп. 2:15). Бәлкім, сенің ізгі істеріңді байқаған ақ жүректі адамдар қайран қалып, Ехобаны дәріптейтін болар (Матай 5:16 оқы).
11. а) Біздің уағыздағанымызға кейбіреулер қалай қарауы мүмкін? ә) Елші Пауыл қандай қарсылыққа кезіккен және бұл оған қалай әсер еткен?
11 Патшалық туралы хабарды уағыздауды жалғастыра беру үшін батылдық қажет. Кейбір адамдар, тіпті туысқандарың, сені келеке етіп немесе басқа да жолмен жігеріңді құм қылуға тырысуы мүмкін (Мат. 10:36). Елші Пауыл қызметін адал атқарғаны үшін талай рет соққыға жығылған. Мұндай қарсылықтың оған қалай әсер еткеніне көңіл аударшы: ‘Алдында ғана азап шегіп, қорлық көрдік,— деп жазды ол, — Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды’ (Сал. 1-х. 2:2). Пауылды ұстап алып, үстінен киімін жұлып алып, шыбықпен дүре соқтырып, түрмеге жапқан; осының бәрінен кейін оған ізгі хабарды әрі қарай да жариялай беру оңай болмағаны сөзсіз (Ел. іс. 16:19—24). Бұл үшін ол батылдықты қайдан алды? Оған батылдық берген — Құдай жүктеген міндетін атқаруға деген зор ықыласы (Қор. 1-х. 9:16).
12, 13. Кейбіреулер қандай қиындықтарға кезігуде және оларды қалай жеңуге болады?
12 Адамдарды үйлерінен табу қиын немесе Патшалық туралы хабарға деген немқұрайдылық басым аумақтарда қызметте құлшынысты жоғалтпау оңай емес. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Адамдармен бейресми жағдайларда сөйлесу үшін бізге бұрынғыдан да батылдана түсу керек болатын шығар. Сондай-ақ қызмет кестесін өзгертуіміз керек болар, я болмаса адам көп жерлерде уағыздауға баса назар аударатын шығармыз (Жох. 4:7—15; Ел. іс. 16:13; 17:17 салыстыр).
13 Оның үстіне, көп мәсіхші жасы ұлғайғандықтан, денсаулығы нашар болғандықтан уағыздау қызметіне өздері қалағандай қатыса алмауы мүмкін. Сенің де жағдайың осындай болса, қамықпа. Ехоба мүмкіншіліктеріңнің шектеулі екенін жақсы біледі, әрі қолыңнан келгенді істеп жатқаныңды бағалайды (Қорынттықтарға 2-хат 8:12 оқы). Қандай қиыншылықтарға кезіксең де, мейлі қарсылық, немқұрайдылық не денсаулықтың нашарлығы болсын, ізгі хабарды тарату ісінде өз жағдайыңа сай қолыңнан келгеннің бәрін істе (Нақ. с. 3:27. Мар. 12:41—44 салыстыр).
‘Қызметіңе ықылас сал!’
14. Елші Пауыл бауырластарына қандай үлгі көрсеткен және ол қандай кеңес берген?
14 Елші Пауыл қызметін зор ықыласпен атқарған, әрі бауырластарын да соған шақырған (Ел. іс. 20:20, 21; Қор. 1-х. 11:1). Ол бірінші ғасырда өмір сүрген Арқып деген мәсіхшіні ерекше жігерлендірген. Қолостықтарға арналған хатында Пауыл: “Арқыпқа: — Иеміз саған міндеттеген қызметіңді адал атқаруға ықылас сал! — деген сәлемімді жеткізіңдер”,— деп жазды (Қол. 4:17). Біз Арқыптың кім болғанын да, жағдайын да білмейміз, бірақ оған қандай да бір міндет жүктелгенге ұқсайды. Егер Құдайға бағышталған мәсіхші болсаң, саған да міндет жүктелген. Сен оны адал атқаруға ықылас салып жүрсің бе?
15. Мәсіхшінің бағышталуы нені көрсетеді және бұған қатысты қандай сұрақтар туындайды?
15 Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, біз шын жүректен дұға етіп, өмірімізді Ехобаға бағыштадық. Осылайша оның еркін орындауға бел буғанымызды көрсеттік. Олай болса, енді өзімізден былай деп сұрап көрейікші: “Мен үшін Құдайдың еркін орындау шынымен өмірдегі ең маңызды нәрсе ме?”. Ехобаның алдында біздің әртүрлі міндеттеріміз бар. Мысалы, солардың бірі — отбасын қамтамасыз ету (Тім. 1-х. 5:8). Бірақ бар уақытымыз бен күш-жігерімізді не нәрсеге жұмсап жүрміз? Өмірімізде бірінші орында не тұр? (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15 оқы).
16, 17. Жас мәсіхшілер және міндеттері онша көп емес бауырластар үшін қандай мүмкіндіктер бар?
16 Сен мектепті бітірген не жақында бітіретін Құдайға бағышталған мәсіхшісің бе? Онда сенің отбасылық міндеттерің әлі үлкен емес шығар. Олай болса, болашаққа қандай жоспарың бар? Ехобаның еркін орындауға қатысты берген уәдеңде тұра алу үшін қандай шешімдер қабылдағаның дұрыс? Көп жастар істерін ізашар бола алатындай етіп жайғастырып, нәтижесінде, қуаныш пен қанағатқа бөленіп жүр (Заб. 109:3; Екк. 12:1).
17 Мүмкін, сен жас жігіт не бойжеткен боларсың. Сен толық уақытты жұмыс істейсің, бірақ өзіңді қамтамасыз етуден басқа міндетің жоқтың қасы. Жұмыс кестесіне қарай, қауымның істеріне қатысудан қуаныш тауып жүргенің шүбәсіз. Алайда одан да зор қуанышқа бөленуге бола ма? Көбірек қызмет ету туралы ойлап көрдің бе? (Заб. 33:9; Нақ. с. 10:22). Кейбір аймақтарда адамдарға өмір беретін шындықты жеткізу үшін әлі көп жұмыс күтіп тұр. Көбірек жариялаушылар қажет жерде қызмет ету үшін өміріңде қандай да бір өзгерістер жасай аласың ба? (Тімотеге 1-хат 6:6—8 оқы).
18. Бір жас отбасы қандай өзгерістер жасады және мұның нәтижесі қандай болды?
18 Құрама Штаттарда тұрған Кевин мен Еленаныңa жағдайын қарастырайық. Олар тұратын жерде жаңадан үйленгендер әдетте өз үйіміз болу керек деген көзқараста болатын, сондықтан олар үй сатып алуды шешеді. Сөйтіп, екеуі де толық уақытты жұмыс істеп, тұрмыстары жақсы болады. Бірақ жұмыстары мен үй тірлігінен қолдары босамай, қызметке аз уақыт қалатын. Кевин мен Елена уақыттары мен күш-жігерлерін толықтай дерлік дүние-мүлкіне арнап жатқандарын іштей сезетін. Алайда олар қарапайым тұрмыс кешіп, ізашар болып жүрген бір бақытты ерлі-зайыптыларды көріп, өмірде бірінші орынға нені қоюға қатысты өзгеріс жасауды шешеді. Ехобадан басшылық сұрап дұға еткеннен кейін, олар үйлерін сатып, пәтерге көшеді. Елена жұмыс сағатын қысқартып, ізашар болады. Әйелінің қызметте кезігіп жүрген қызықты оқиғаларынан жігер алған Кевин толық уақытты жұмысын тастап, ізашарлық қызметті бастайды. Біраз уақыт өткен соң, олар жариялаушыларға қажеттілік көп жерде қызмет ету үшін Оңтүстік Американың бір еліне көшіп барады. “Біздің некеміз әрқашан бақытты болған,— дейді Кевин, — бірақ рухани мақсаттарға ұмтылғанда, бақытымыз бұрынғыдан да арта түсті” (Матай 6:19—22 оқы).
19, 20. Неге ізгі хабарды уағыздау бүгінде ең маңызды іс болып табылады?
19 Ізгі хабарды уағыздау — бүгінде жер бетінде атқарылып жатқан ең маңызды іс (Аян 14:6, 7). Ол Ехобаның есімінің қастерленуіне ықпал етеді (Мат. 6:9). Киелі кітаптағы хабар жыл сайын оны қабыл алып жатқан мыңдаған адамдардың өмірін жақсартуда, әрі осының арқасында олар құтқарыла алады. Бірақ, елші Пауыл айтқандай, “оны ешкім уағыздамаса, [олар] қайдан естиді?” (Рим. 10:14, 15). Расында да, қайдан естиді? Сондықтан қызметімізді адал атқару үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге бел буайық.
20 Өзгелерге қандай уақытта тұрып жатқанымыздың маңыздылығын және шешімдерінің нәтижесі қандай болатынын түсінуге көмектесудің тағы бір жолы — жақсы тәлімгер болу. Бұл үшін не істеуге болатыны келесі мақалада талқыланады.
[Сілтеме]
a Есімдері өзгертілген.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Мәсіхшілердің адамдарға қатысты қандай міндеті бар?
• Уағызда кездесетін қиыншылықтарды қалай жеңуге болады?
• Өзімізге жүктелген міндетімізді қалай адал атқара аламыз?
[5-беттегі сурет]
Қарсылыққа қарамай уағыздай беру үшін батылдық қажет
[7-беттегі сурет]
Аумағыңда адамдарды үйлерінен табу қиын болса, не істеуіңе болады?