Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 1.1. 10—12 бет.
  • Отбасын ‘әдемі сөздермен’ көркейтейік

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Отбасын ‘әдемі сөздермен’ көркейтейік
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Не айтатыныңа және қалай айтатыныңа мұқият бол
  • Сезіміңді жүгендеуді үйрен
  • Орынды болатын сөздерді ізде
  • “Жан дүниең неге толса”
  • Бірдеңе айтпас бұрын ойлан
  • Тіліңді жақсылыққа қолдан
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Жақсы сөз — жан азығы
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
  • Ілтипатпен сөйлеп, өзгелермен жақсы қарым-қатынас сақта
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Айтар сөзіміз Ехобаға жағымды болсын
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
Көбірек мәлімет
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 1.1. 10—12 бет.

Отбасын ‘әдемі сөздермен’ көркейтейік

ӘР МИНУТ өткен сайын, Дейвид ашулана түсіп, ызаға булықты. Әйелін көлікте күтіп отырған ол сағатына қарағыштаумен болды. Бір кезде көп күттірген әйелі Диана да үйден шықты. Дейвид өзіне ие бола алмай, оған кәрін төкті.

— Қанша күтуге болады сені?— деп айқайлады ол. — Үнемі осы! Ең болмаса бір рет кешікпейтін күнің бола ма сенің?

Диана қатты көңілі түсіп, жылаған күйі үйге қарай жүгіре жөнелді. Дейвид артық кеткенін түсінді. Оның ашуын ұстай алмағаны жағдайды тек ушықтыра түсті. Енді не істесе екен? Ол қозғалтқышты сөндіреді де, терең күрсініп, баяу үйге қарай жүреді.

Көбімізге таныс жағдай, солай емес пе? Айтқан сөздеріңді қайтарып алғың келген кездер болған ба? Ойланбай сөйлеген кезде, жиі артынан өкініп жатамыз. Осыған орай, Киелі кітапта: “Әділ жан жауабын ойлап берер”,— деген орынды сөздер бар (Нақыл сөздер 15:28).

Алайда бірдеңе айтарда, әсіресе егер ашуланып, қорқып немесе ренжіп тұрсақ, анық ойлау қиынға соғады. Әсіресе отбасы мүшелеріне келгенде, сезімдеріміз жайлы сөйлесуге тырысудың арты өзгені айыптау не сынауға ұласып кетіп жатады. Ал бұл, өз кезегінде, реніш тудырады, я болмаса сөз таластыруға талпындырады.

Осының бәрінен аулақ болу үшін не істеуге болады? Сезімді ақылға жеңдіру үшін не істеу керек? Киелі кітапты жазған кісілердің бірі Сүлейменнің сөздерінен осыған орай пайдалы кеңестер табуға болады.

Не айтатыныңа және қалай айтатыныңа мұқият бол

Жазбалардағы Екклесиаст кітабын жазғанда, Сүлеймен өмірдің бос әбігершілікке толы екеніне қатты кейігені байқалады. “Мен өмірден түңілдім”,— деп жазды ол. Ал бірде өмірді “барып тұрған әурешілік” деп атады (Екклесиаст 2:17; 12:8, ЖД). Бірақ Екклесиаст кітабы — Сүлейменнің кейістерінің жиынтығы емес. Ол өмірдің көлеңкелі жағын ғана көрсеткісі келмеген. Аталмыш кітаптың соңында Сүлеймен ‘әдемі сөздерді іздестіруге ден қойып, нақты шындық сөздерді жазғанын’ айтқан (Екклесиаст 12:10). Басқа бір аудармада оның “осы жайттарды ең жақсы әрі дұрыс жолмен жеткізуге тырысқаны” айтылған (Contemporary English Version).

Сүлеймен сезімдерін жүгендеп отыруы керек екенін түсінгенге ұқсайды. Басқаша айтқанда, ол өзінен былай деп сұрап отырған: “Айтқалы отырған сөздерім шынымен рас немесе дұрыс па? Осы сөздерді қолдансам, өзгелер оларды әдемі, орынды деп таба ма?”. Шындықты жеткізу үшін ‘әдемі сөздер’ іздеу арқылы Сүлеймен сезімін ақылға жеңдірген.

Нәтижесінде, керемет туынды ғана емес, өмірдің мағынасы жайлы Құдайдың даналығы жазылған шығарма жарық көрді (Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Сүлейменнің сезімге толы жайттарды қалай талқылағаны өзіміз жақсы көретін адамдармен дұрыс сөйлесуге көмектесе ала ма? Бір мысалды қарастырып көрейікші.

Сезіміңді жүгендеуді үйрен

Қолына үлгірім табелін ұстаған бала басы салбырап мектептен келді делік. Пәндердің тізіміне көз жүгіртіп шыққан әкесі бір сабақтан үлгірмей қалғанын көреді. Баласының сабағын орындамай жүргенін талай көрген әкесі бірден ашу шақырып: “Жалқау! Осы бетіңмен кете берсең, ешқашан адам болмайсың!”— деп салғысы келеді.

Жағымсыз сезімнің билігіне берілмес бұрын, әкесінің өзінен былай сұрағаны дұрыс болар: “Менің ойым шынымен рас яки дұрыс па?” Бұл сұрақ оған сезімнің жетегінде кетпей, шындығында жағдайдың қандай екенін көре білуге көмектеседі (Нақыл сөздер 17:27). Бір пәннен үлгірмей қалғандықтан баласы шынымен-ақ ешқашан адам болмай ма? Ол шын мәнінде жалқау ма, жоқ әлде үлгірмей қалған пәннен кейбір нәрселерді түсінбегендіктен үй жұмысын жасамай жүрген бе? Жазбаларда жағдайға парасатты да байсалды қараудың маңыздылығына қайта-қайта көңіл бөлінеді (Қолостықтарға 1:9; Жақып 3:13). Балаларының көңіліне жел беру үшін, ата-аналар ‘шындық сөздерді’ айту керек.

Орынды болатын сөздерді ізде

Әкесі не айтуды шешкеннен кейін, өзінен: “Енді осыны балам әдемі де орынды деп табатындай сөздермен қалай жеткізуге болады?”— деп сұрағаны дұрыс болар. Шыны керек, дұрыс сөз табу оңай бола бермейді. Бірақ жасөспірімдердің “қолымнан бірдеңе келмесе, онда ештеңе келмейді” деп ойлауға бейім екенін ата-ананың ұмытпағаны дұрыс. Олар бір нәрсені істей алмағанына не бір әлсіздігіне тым көп мән беріп, ал бұл өздеріне қандай баға беретініне әсер ете бастауы мүмкін. Ата-ананың тым әсершілдігі баланың өзі туралы бұрыс түйін жасауына түрткі болуы ықтимал. Қолостықтарға 3:21-де: “Ата-аналар, балаларыңның ынжық болмауы үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар!”— делінген.

“Үнемі”, “ешқашан” деген сияқты сөздер әдетте жағдайды жалпылап не әсірелеп жібереді. Ата-анасы: “Сен ешқашан адам болмайсың”,— десе, бала өзін сыйлай ала ма? Баланы осылай міней беретін болса, ол өзін ісі мүлдем оңға баспайтын адам санай бастауы мүмкін. Ал бұл — көңілді түсіретін тұжырым. Мұнысымен қоймай, шындыққа да жанаспайды.

Әр жағдайдың жақсы жақтарына көбірек көңіл бөлген әлдеқайда жақсы. Мысалы, жоғарыда әңгімеленген жағдайда әкесі ұлына былай дер: “Балам, мына сабақтан үлгірмей қалғаныңа көңілің түсіп тұр ғой деймін. Өзіңе берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындауға тырысатыныңды білемін. Келші сөйлесейік, бұл пән қай жағынан қиын болып жүр — бірге көрейік”. Әкесі жасырын қиындықтардың бар-жоғын біліп, баласына көмектесудің ең жақсы жолын табу үшін, оған нақты сұрақтар қоюы мүмкін.

Осылай мейірімділікпен әрі ойланып жасалған әрекет сезімге берілуден әлдеқайда жақсы нәтиже береді деп күтуге болады. Киелі кітап бізді: “Ұнамды сөз балдай тәтті, Жаныңа жағымды, тәніңе шипалы”,— деп сендіреді (Нақыл сөздер 16:24). Балалар — тек олар емес, түгел отбасы мүшелері — тату-тәтті, сүйіспеншілік орнаған ортада жайнап сала береді.

“Жан дүниең неге толса”

Мақаланың басында келтірілген мысалды еске алайықшы. Күйеуінің бар ашуын әйеліне лақ еткізе салғанша, шындықтың ‘әдемі сөздерін’ іздестіруге уақыт бөлгені әлдеқайда артық болмас па еді? Мұндай жағдайда күйеудің өзінен былай деп сұрағаны дұрыс: “Әйелім уақтылы жүріп-тұруды үйрену керек шығар, бірақ ол шынымен-ақ үнемі кешігіп жүре ме? Бұл мәселені қазір көтерген орынды бола ма? Ашу шақырып, сынап-мінегенім оны жақсаруға талпындыра ма?” Сәл кідіріп, өзімізге осындай сұрақтар қойсақ, жақсы көретін адамдарымызды аңдамай ренжітіп алудан аулақ боламыз (Нақыл сөздер 29:11).

Ал отбасымен бірдеңені талқылаудың арты дәйім сөз таластыруға ұласатын болса ше? Онда бұған үстірт қарамай, айтқан сөздеріміздің астарында жатқан сезімге үңілу керек шығар. Біздің сөздеріміз, әсіресе ашуланғанда не ренжігенде айтқан сөздеріміз, жан дүниемізде шын мәнінде не барын аян етуі мүмкін. Иса: “Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”,— деген (Матай 12:34). Басқаша айтсақ, біздің айтқан сөздеріміз — ішкі ойымыз, қалауымыз бен көзқарасымыздың көрінісі.

Біз шындыққа тура, болашаққа сеніммен қарайтын, еш үміт үзбейтін адамбыз ба? Онда бұл не айтатынымыздан және дауысымыздан байқалып тұрады. Біз ымыраға келмейтін, болашаққа сенімсіздікпен қарайтын немесе сынап-мінеуге бейім адамбыз ба? Онда не және қалай айтатынымызбен өзгелердің жігерін құм қылуымыз мүмкін. Ойымыз бен сөзіміздің қаншалықты тартымсыз болып кеткенін өзіміз байқамайтын да шығармыз. Тіпті өз ой қалпымыздың дұрыс екеніне сенімді болуымыз мүмкін. Бірақ өз-өзімізді алдаудан сақ болуымыз керек (Нақыл сөздер 14:12).

Қуанышымызға орай, бізде Құдай Сөзі бар. Ол ойларымызды тексеріп, қайсысы дұрыс, ал қайсысын түзету керектігін салмақтап-саралауға көмектеседі (Еврейлерге 4:12; Жақып 1:25). Туа біткен бейімділігіміз не тәрбиеміз қандай болмасын, егер шынымен қалайтын болсақ, бәріміз де ойымызды да, мінез-құлқымызды да өзгерте аламыз (Ефестіктерге 4:23, 24).

Өзгелермен қалай сөйлесетінімізді білу үшін біз тағы бірдеңе істей аламыз. Атап айтқанда, мұны өзгелерден сұрай аламыз. Мысалы, жарыңнан не балаңнан осыған қатысты өз ойын бүкпесіз айтуды өтін. Өзіңді жақсы білетін досыңнан сұра. Ал олардың айтқандарына құлақ асып, өзгерістер жасау үшін кішіпейілділік қажет.

Бірдеңе айтпас бұрын ойлан

Сөзімізбен өзгелердің көңілін қалдырудан шынымен аулақ болғымыз келсе, Нақыл сөздер 16:23-те айтылғанды орындауымыз керек: “Дананың ақылы сөзін де дана қылар, Аузынан тәлімді сөз шығарар”. Әрқашан сезімімізді жүгендеп отыру оңай емес. Бірақ өзгелерді кінәлап не кемсіткеннің орнына, түсінуге тырысатын болсақ, орынды сөз табу оңайырақ болады.

Әрине, бұл жалғанда кемелді адам жоқ (Жақып 3:2). Бәріміздің де ойланбай сөйлейтін кездеріміз болады (Нақыл сөздер 12:18). Сөйтсе де Құдай Сөзінің көмегімен бірдеңе айтпас бұрын ойлануды және өзгенің сезімі мен мүддесін өзіміздікінен жоғары қоюды үйрене аламыз (Філіпіліктерге 2:4). Шындықтың ‘әдемі сөздерін’ іздестіруге бел буайық. Әсіресе отбасы мүшелерімен сөйлескенде, осылай етуге тырысайық. Сонда біздің сөздеріміз өзіміз жақсы көретін адамдардың көңілін қалдырып, жігерін жасытатын емес, қайта, көңілін көншітіп, жігерін тасытатын болады (Римдіктерге 14:19).

[12-беттегі сурет]

Артынан өкінетін сөздер айтудан қалай аулақ болуға болады?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу