Құдай Патшалығы қашан орнайды?
“ИЕМІЗ, Исраил елінің патшалығын осы кезде қайта орнатасыз ба?” (Елшілердің істері 1:6). Елшілер Исаның өз Патшалығын қашан орнататынын қатты білгісі келген. Бүгін де, 2000-дай жылдан кейін де, адамдар Құдай Патшалығының қашан орнайтынын білгісі келеді.
Исаның уағызының басты тақырыбы Құдай Патшалығы болғандықтан, ол бұл сұрақты жауапсыз қалдырмаған деп күтетін шығарсыз. Әрине, жауапсыз қалдырмаған! Иса бір ерекше кезең жайлы көп айтқан, әрі оны өзі “осында болатын” кезең деп атаған (Матай 24:37, ЖД). Бұл кезең Патшалықтың орнауымен тығыз байланысты. Сонда Исаның “осында болатыны” нені білдіреді? Осыған қатысты Киелі кітапта ашылған төрт шындықты қарастырып көрейік.
1. Мәсіх осында болатын кезең оның өлімінен кейін, ұзақ уақыттан соң басталу керек-тін. Иса бір астарлы әңгімесінде өзін ‘алыс елге барып, сол жерде өз елінің патшалығына тағайындалу үшін’ сапарға шыққан адамға теңейді (Лұқа 19:12). Бұл пайғамбарлық мәні бар әңгіме қалай орындалды? Иса өлді, сосын, қайта тірілді; бұдан кейін “алыс елге”, яғни көкке, сапар шекті. Жоғарыдағыға ұқсас тағы бір астарлы әңгімесінде алдын ала айтқанындай, Иса патшалық билікті “көп уақыт өткеннен кейін” ғана алмақ еді (Матай 25:19).
Иса көкке көтерілгеннен соң, біраз жылдардан кейін елші Пауыл былай деп жазды: “Ал Мәсіх сенушілердің күллі күнәларын өтеп, тазарту үшін бір ғана құрбандық ұсынған соң, Құдайдың оң жағындағы құрметті орнына мәңгілікке жайғасты. Енді Ол барлық жауларының Өзінің табанының астына түсуін күтіп отыр” (Еврейлерге 10:12, 13). Осылайша көкке көтерілгеннен кейін, Исаның күтіп отыратын ұзақ уақыты басталды. Бұл уақыт Ехоба өз Ұлын көп жылдар бұрын уәде еткен Патшалықтың Билеушісі етіп тағайындағанда бітіп, Мәсіх “осында болатын” кезең басталды. Адамдар осы бір таңғажайып жайтты көре алар ма еді?
2. Бұл адамдардың көзінен таса. Иса осында болатын кезеңнің белгісі туралы айтқан (Матай 24:3). Егер оның осында болуын адамдар көре алатын болса, белгі қажет болар ма еді? Мынадай мысалды қарастырып көрейік: сіз мұхитты көргіңіз келіп сапарға шықтыңыз делік. Жол бойы бағытты нұсқайтын белгілерді көретін шығарсыз. Бірақ жағажайға келіп, о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін ұшан-теңіз мұхит суының жиегінде тұрғанда, сол жерде “Мұхит” деген үлкен жазуы бар белгі тұрады деп күтесіз бе? Әрине, жоқ! Онсыз да көрініп тұрған нәрсеге белгі қоюдың қажеті не?
Иса осында болуының белгісін сипаттағанда, адамдар көзбен көре алатын емес, оларға көкте орын алатын жайтты білуге көмектесетін нәрсеге нұсқаған. Сондықтан ол: “Осы оқиғалардың болып жатқанын көргенде Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезінің таяп қалғанын білетін боласыңдар”,— деген (Лұқа 21:31). Алайда бұл белгіден Мәсіх осында болатын кезеңнің басталғаны қалай көрінбек еді?
3. Иса осында болатын кезеңді жер бетіндегі өте ауыр жағдайлар ерекшелендірмек еді. Иса өзі көктегі Патша тағында отырған кезде жер бетінде соғыстар, аштық, жер сілкіністері, індеттер болатынын және заңсыздық жайлайтынын айтқан (Матай 24:7—12; Лұқа 21:10, 11). Мұның себебі неде? Киелі кітапта Мәсіх Патша ретінде осында болатын кезең басталғаннан бері “осы дүниенің әміршісі” Шайтан өз уақытының аз қалғанын білгендіктен өте ашулы екені айтылған (Жохан 12:31; Аян 12:9, 12). Мәсіхтің осында және Шайтанның өте ашулы екеніне нұсқайтын жайттар бүгінде жетіп артылады. Әсіресе тарихшылар дағдарыс жылы деп білетін 1914 жылдан бері мұндай жайттар бұрын-соңды болмағандай әрі кең көлемде орын алуда.
Мұның бәрі жағымсыз хабар болып көрінуі мүмкін, бірақ, шындығында, олай емес. Бұл — Мәсіхтің Патшалығы көкте билік етіп отыр деген сөз. Көп ұзамай осы үкімет бүкіл жер бетіне билік етеді. Алайда адамдар Патшалықтың билігін мойындап, оның азаматы болу үшін ол туралы қалай біле алады?
4. Иса осында болатын кезеңді дүниежүзілік уағыздау ісі ерекшелендіреді. Иса өзі осында болатын кезеңдегі жағдай ‘Нұх пайғамбардың заманындағы жағдайға’a ұқсас болатынын айтқан (Матай 24:37—39). Нұх тек кеме соғушы емес, “әділдікті уағыздаушы” да болған (Петірдің 2-хаты 2:5). Ол адамдарға Құдайдың соты жақындап келе жатқанын ескерткен. Иса өзі осында болатын кезеңде оның жер бетіндегі ізбасарлары да осындай жұмыс атқаратынын айтқан. Ол былай деп пайғамбарлық етті: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (Матай 24:14).
Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Құдай Патшалығы дүниедегі үкімет атаулыны жояды. Уағыздау ісі арқылы адамдар жақында осы көктегі үкіметтің әрекет етуді бастайтынынан құлағдар болуда. Осылайша әр адам үшін төніп келе жатқан апаттан аман қалып, Патшалықтың азаматы болуға мүмкіндік туып отыр. Олай болса, мынадай маңызды сұрақ туады: сіз осы мүмкіндікті қолданасыз ба?
Құдай Патшалығының орнауы сіз үшін ізгі хабар бола ма?
Иса теңдесі жоқ хабарды уағыздаған. Едем бағында мыңдаған жылдар бұрын жасалған бүліктен кейін, Ехоба Құдайдың еркі адамзатты о баста өзі ойластырғандай жер бетіндегі мәңгі өмірге жеткізу арқылы жағдайды қалпына келтіретін үкімет орнату еді. Көптен күткен үкіметтің қазір көкте билік етіп жатқанын білу неткен ғанибет! Бұл — қандай да бір көмескі, дерексіз түсінік емес, нағыз шындық!
Қазір Құдай тағайындаған Патша жауларының арасында билік етуде (Забур 109:2, Тт). Қазіргі құдайдан безіп, әбден бұзылған дүниеде Иса Мәсіх Құдайдың шынымен кім екенін білгісі және оған киелі рухқа кенеліп, шындықпен ғибадат еткісі келетіндерді іздеу арқылы Әкесінің жүрек қалауын орындауда (Жохан 4:24). Шыққан нәсілі, жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамай, барлық адамдар Құдай Патшалығының билігінің астында мәңгі өмір сүру үмітіне ие бола алады (Елшілердің істері 10:34, 35). Біз сізді осындай керемет мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырамыз. Құдай Патшалығы туралы қазір білім алыңыз, сонда оның әділ билігінің астында мәңгі өмір сүре аласыз! (Жоханның 1-хаты 2:17).
[Сілтеме]
a Исаның осы сөздері кейбір Киелі кітапта “осында болу” деген ой дұрыс аударылмағандықтан пайда болған қате түсінікті түзетуге көмектеседі. Кейбір аудармаларда ол қысқа уақытта болатын әрекетке нұсқайтын “келу”, “оралу” немесе “қайта келу” деген сөздермен аударылған. Алайда, байқасаңыз, Иса өзі осында болатын кезеңді Нұхтың тұсындағы топан сумен, яғни қысқа оқиғамен, емес, ‘Нұхтың заманымен’, яғни маңызды кезеңмен, байланыстырған. Сол байырғы замандағы сияқты, Мәсіх осында болатын кезең де адамдар күнделікті тіршілік қамының әуре-сарсаңына түсіп кетіп, ескертуге құлақ аспайтын уақыт болмақ еді.
[8, 9-беттердегі суреттер]
Біз күнде еститін жағымсыз хабардың бәрі — жақында болатын жақсылықтың нышаны
[Түпдерек]
Antiaircraft gun: U.S. Army photo