Оқырман сауалдары.
Құдай Патшалығы адамның жүрегінде ме?
Бүгінде көп адам бұл сұраққа “иә” деп жауап береді. Мәселен, “Католик энциклопедиясында” былай делінген: “Құдай Патшалығы деген... Құдайдың біздің жүрегімізде билік жүргізуін білдіреді”. Дін қызметкерлері әдетте осыған үйретеді. Киелі кітап шын мәнінде Құдай Патшалығы адамның жүрегінде деп үйрете ме?
Кейбіреулердің ойынша, Құдай Патшалығы адамдардың жүрегінде деген түсінікке бастау берген — Исаның өзі. Ол: “Құдайдың Патшалығы сендердің араларыңда”,— деген болатын (Лұқа 17:21, сілтеме). Кейбір аудармаларда бұл тармақта “Құдай Патшалығы сендердің жан дүниелеріңде” немесе тіпті “іштеріңде” делінген. Исаның сөздері осылай аударылғаны дұрыс па? Ол шынымен Құдай Патшалығы адамның жан дүниесінде, немесе жүрегінде, дегісі келді ме?
Алдымен, адамның жүрегі деген не екенін қарастырайық. Киелі кітапта бейнелі жүрек адамның ішкі дүниесін — оның ойлары, көзқарасы мен сезімдерінің қайнар көзін — білдіреді. Құдай Патшалығы сияқты асқақ нәрсе адамның жүрегінде болып, оны жақсы жаққа өзгертеді деу жағымды естілетін шығар, бірақ бұлай деу қисынды ма?
Киелі кітапта: “Басқалардың бәрінен де адам жүрегі құрық бойламас қулыққа толы болады және мүлде бұзылатын да сол”,— делінген (Еремия 17:9). Ал Иса: “Адамның ішкі дүниесінен, яғни оның жүрегінен шығатындар мыналар: жаман ойлар, азғындық, неке адалдығын бұзу, кісі өлтіру, ұрлық, ашкөздік, зұлымдық”,— деген (Марқа 7:20—22). Ойлап көріңізші: дүниеде орын алып жатқан жамандықтың көбісі адамдардың күнәкар жүректерінен бастау алып жатыр емес пе? Ендеше Құдайдың мүлтіксіз, пәк таза Патшалығы қалайша жүректе бола алады? Иә, ошағаннан өрік жинамайтынындай, адам жүрегінен Құдай Патшалығы өніп шыға алмайды (Матай 7:16).
Екіншіден, Иса Лұқа 17:21-де жазылған сөздерді кімдерге айтқанына көңіл бөлейік. 20-тармақта: “Парызшылдар Құдай Патшалығының қашан орнайтынын сұрағанда, Иса оларға былай жауап берді”,— делінген (Лұқа 17:20). Парызшылдар оның жауы болған. Иса сол екіжүзділердің Құдай Патшалығына кірмейтінін айтқан (Матай 23:13). Егер парызшылдар Құдай Патшалығына кірмейтін болса, Патшалықтың олардың жүректерінде болуы мүмкін бе еді? Жоқ, әрине! Ендеше Исаның сөздері нені білдіреді?
Исаның осы сөздері мұқият аударылған бірнеше Киелі кітап аудармаларында қазақ тіліндегі Киелі кітаптың сілтемесіндегідей тәржімеленген. Олардың кейбірінде Патшалық “сендердің араларыңда” немесе “орталарыңда” делінген. Қалайша Құдай Патшалығы, парызшылдарды қоса алғанда, сол адамдардың арасында болған? Ехоба Құдай Исаны сол Патшалыққа Патша етіп тағайындаған еді. Иса болашақ Патша ретінде сол адамдардың арасында болды. Ол Құдай Патшалығы туралы тәлім берді, тіпті кереметтер жасап, оның болашақта не істейтінін көрсетті. Демек, Патшалық, шынымен-ақ, солардың араларында болған.
Құдай Патшалығы адамдардың жүрегінде деген түсінікті Жазбалардың еш қолдамайтыны анық. Ол пайғамбарлар айтып кеткендей, жер бетінде керемет өзгерістер жасайтын шын үкімет болып табылады (Ишая 9:6, 7; Даниял 2:44).