Құдай Патшалығы деген не?
ИСАНЫҢ уағызының басты тақырыбы қандай болған? Өзі айтқандай, ол Құдай Патшалығы туралы жариялаған (Лұқа 4:43). Исаның әңгімелерін тыңдаған халық оның аузынан Патшалық туралы жиі естігені шүбәсіз. Бұл олар үшін қандай да бір түсініксіз нәрсе болды ма? Олар: “Патшалық деген не?”— деп сұраған ба? Жоқ. Інжілде бұл іспетті сұрақтар кездеспейді. Ендеше сол халықтың Құдай Патшалығы туралы хабардар болғаны ғой?
Иә, еврейлер киелі деп қастерлеген көне Жазбаларда аталмыш Патшалықтың не екені және оның болашақта не істейтіні айқын және нақты суреттелген. Бүгінде сол еврейлер сияқты, біз де Киелі кітапқа жүгінер болсақ, Патшалық туралы әлдеқайда көп біле аламыз. Қазір Патшалық туралы Киелі кітапта жазылған жеті шындықты қарастырып көрейік. Алғашқы үшеуін Исаның заманындағы және одан бұрын өмір сүрген еврейлер де білген. Келесі үшеуін бірінші ғасырда Мәсіх не оның елшілері ашқан. Ал соңғысы біздің заманымызда айқындала түсті.
1. Құдай Патшалығы — мәңгі-бақи тұратын шын үкімет. Киелі кітаптағы алғашқы пайғамбарлықта Құдайдың адал адамдарға құтқарушы жіберетіні көрсетілген еді. “Ұрпақ” деп аталған ол — Адам мен Хауа және Шайтан шығарған бүліктің қайғылы салдарын жоқ қылу керек-тін (Жаратылыс 3:15). Ұзақ уақыттан соң адал патша Дәуітке “ұрпақ”, яки Мәсіх, туралы жан тебірентерлік жайттар айтылды: ол Патша болмақ еді. Оның Патшалығы ешқандай үкіметке ұқсамайтын әрі мәңгі тұратын үкімет болмақ еді (Патшалықтар 2-жазба 7:12—14).
2. Құдай Патшалығы адамзат үкіметтерінің барлығын талқандайды. Даниял пайғамбар аянда көне заманнан біздің күнімізге дейінгі дүниежүзілік ірі мемлекеттердің алмасатынын көрген. Сол аянның шарықтау шегі қандай болатынына көңіл бөлейікші: “Сол [соңғы адами] патшалықтардың кезінде көктегі Құдай өмір-бақи құламайтын патшалық құрады әрі ол патшалық өзге бір халықтарға берілмейтін болады; ол барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды, ал өзі мәңгілік тұрады”. Сонымен, соғыс, қанаушылық және жемқорлығымен қоса, осы дүниенің барлық патшалықтары, не үкіметтері, мәңгілікке жойылады. Осы пайғамбарлықтан көрінетіндей, Құдай Патшалығы жақын болашақта бүкіл жер бетіне билік жүргізетін болады (Даниял 2:44, 45). Иә, бұл шын ғана емес, жалғыз үкімет болмақa.
3. Құдай Патшалығы соғыс, ауру, ашаршылық, тіпті өлімді де жояды. Киелі кітапта Құдай Патшалығының жер бетінде не істейтіні жайлы көңіл толқытатын пайғамбарлықтар жазылған. Бұл үкімет адамзат ұйымдары ешқашан істемеген әрі істей алмайтын нәрселерді жүзеге асырады. Көз алдыңызға елестетіңізші: бірде-бір қару-жарақ жоқ! Құдай ‘дүниедегі соғыстарды тоқтатқан’ (Забур 45:10). Дәрігерлер, ауруханалар, тіпті ауру атаулы да жоқ. “Бірде бір тұрғын “мен науқас едім” деп айтушы болмайды” (Ишая 33:24). Ашаршылық, азық-түлік тапшылығы, асқа жарымай жүргендер не аштан өлгендерді көрмейсің. ‘Жерде астықтың молшылығы болады’ (Забур 71:16). Жерлеу, жоқтау, молалар мен мүрдеханалар және осының бәрінен болатын қайғы-қасірет те жоқ. Ақырында, жауыз дұшпанымыз — өлім жойылады. “Өлім ғұмыр бақи құрдымға кетіп жоғалады, сөйтіп, Жаратушы Ие барлық адамдардың бет-жүзіндегі жас тамшысын тыяды” (Ишая 25:8).
4. Патшалықтың Билеушісін Құдай өзі тағайындаған. Мәсіх — өзін-өзі не кемелсіз адамдар тағайындаған патша емес. Оны Ехоба Құдайдың өзі таңдаған. Мәсіх деген лауазымы да осыған нұсқайды. Бұл сөз “май жағу рәсімі жасалған кісі” дегенді білдіреді. Демек, бұл Патшаға май жағу рәсімін жасаған, яғни оны ерекше қызмет атқаруға тағайындаған — Ехоба Құдай. Ол Мәсіх жайында былай дейді: “Міне, Менің қолдап жүрген Қызметшім, Жаным рақат табатын таңдаулым! Оған қондырдым Өзімнің Рухымды, Ол халықтарға жеткізеді әділдікті” (Ишая 42:1; Матай 12:17, 18). Бізге қандай Билеуші керектігін Жаратушымыздан артық кім біледі?!
5. Құдай Патшалығының Билеушісі бүкіл адамзатқа өзінің билік етуге лайық екенін көрсетті. Назарет қаласынан шыққан Иса уәде етілген Мәсіх болды. Ол Құдай таңдаған әулеттен шықты (Жаратылыс 22:18; Шежірелер 1-жазба 17:11; Матай 1:1). Жерде болғанда, ол Мәсіх туралы ғасырлар бұрын жазылған көптеген пайғамбарлықтарды орындады. Сондай-ақ оның Мәсіх екендігіне көктен куәлік берілді. Қалайша? Құдай аспаннан сөйлеп, Исаның өз Ұлы екенін айтты; періштелер оның алдын ала уәде етілген Мәсіх екенін жариялады; сондай-ақ Иса жиі жүздеген не мыңдаған адамның алдында кереметтер жасаған, әрі бұдан оның бойында Құдай дарытқан құдіреттің бар екені анық көрінетінb. Иса өзінің қандай Билеуші болатынын талай рет көрсеткен. Оның адамдарға көмектесуге құдіреті ғана емес, зор ықыласы да болған (Матай 8:1—3). Ол риясыз, жанашыр, батыл әрі кішіпейіл болған. Исаның жердегі өмірі туралы мәлімет барлығымыз оқи алуымыз үшін Киелі кітапқа жазылған.
6. Құдай Патшалығында Мәсіхпен бірге 144 000 адам билік етеді. Иса өзімен бірге, елшілерін қоса алғанда, басқа да адамдардың билік ететінін айтқан. Ол бұл топты “шағын қауым”, немесе “кішкентай қора”, деп атаған (Лұқа 12:32, сілтеме). Кейінірек, елші Жоханға бұл “кішкентай қораны” құрайтын адамдардың толық саны 144 000 болатыны айтылды. Олар Мәсіхпен бірге патша ретінде билік ету және діни қызметкер ретінде қызмет ету мәртебесіне ие болады (Аян 5:9, 10; 14:1, 3).
7. Қазір көкте билік етіп жатқан Құдай Патшалығы жақында бүкіл жер бетіне билік жүргізеді. Бұл ерекше жан тебірентерлік шындық болып табылады. Исаға көкте Патша болуға билік берілгендігінің Киелі кітапта дәлелі көп. Қазір ол көкте патшалық етуде, ал көп ұзамай бүкіл жер бетіне билік ететін болады әрі жоғарыда айтылған керемет пайғамбарлықтарды жүзеге асырады. Алайда неге біз Құдай Патшалығының қазір билік етіп жатқанына сенімді бола аламыз? Сондай-ақ ол жер бетіне билік жүргізуін қашан бастайды?
[Сілтемелер]
a Осы сияқты басқа да пайғамбарлықтар, көп адам сенетіндей, Құдай Патшалығы адамның жүрегінде емес екенін көрсетеді. 13-беттегі “Оқырман сауалдары” айдарын қараңыз.
b Мысалы, мына Жазба орындарын қараңыз: Матай 3:17; Лұқа 2:10—14; Жохан 6:5—14.