Ешбір қару-жарақ сені құрта алмайды
“Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады” (ИШАЯ 54:17).
1, 2. Албаниядағы Ехоба куәгерлерінің бастан кешкен жағдайы Ишая 54:17-дегі сөздерді қалай растайды?
ОНДАҒАН жылдар бұрын оңтүстік-шығыс Еуропаның шағын бір еліндегі мәсіхшілердің тобы батылдық танытқан еді. Атеисттік бағытты ұстанған коммунисттік үкімет оларды жою үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Қаншама азапқа салды, еңбекпен түзету лагерьлеріне жіберді, ақпарат құралдары арқылы жала жапты, алайда оларды құрта алмады. Бұл кімдер еді? Албаниядағы Ехоба куәгерлері. Аса қиын жағдайға қарамастан, олар кездесу өткізуді және уағыздауды тоқтатпады. Осылайша олар мәсіхшіліктің мәртебесін асырып, Ехобаның атына мадақ әкелді. Өткен жылы сол елдегі жаңа филиалдың бағышталуы өтті. Ұзақ уақыт адал қызмет еткен бір Куәгер сол мерекеде былай деді: “Қанша тырысып бақса да, Шайтанның әрекеттері сәтсіз болды, ал Ехоба үнемі жеңіп отырды”.
2 Бұл Құдай өз халқына берген уәдесіне берік екенін дәлелдейтін өмірден алынған мысал. Ишая 54:17-де былай делінген: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың”. Тарихтан көрінетіндей, Шайтанның дүниесінің ешбір әрекеті адал қызметшілерге Ехобаға ғибадат етуге тосқауыл жасай алмайды.
Шайтанның сәтсіз әрекеттері
3, 4. а) Шайтан қандай қару-жарақты қолданады? ә) Шайтанның шабуылдары сәтсіздікке ұшырайтыны қалайша дәлелденді?
3 Құдайдың шынайы қызметшілеріне қарсы қолданатын қару-жарақтың түрі көп. Бұл — тыйым салу, ұрып-соғу, түрмеге жабу және “заңды қолданып қиянат жасау” сияқты әрекеттер (Забур 94:20, ЖД). Дәл қазірдің өзінде кейбір елдерде Ехоба куәгерлерінің Құдайға деген адалдығы сыналып жатыр (Аян 2:10).
4 Мысалы, Ехоба куәгерлерінің бір филиалы Құдайдың қызметшілеріне уағыздау кезінде күш көрсетілгенін, әрі бір жылда осындай 32 жағдайдың орын алғанын хабарлады. Бұған қоса Куәгерлерді, жас-кәрісіне, әйел-еркегіне қарамастан, қызмет кезінде полиция ұстап, қамауға алған 59 жағдай болған. Кейбіреулерін қылмыскер сияқты саусақтарының ізін алып, суретке түсіріп, түрмеге жапқан. Басқаларына қоқан-лоқы көрсеткен. Тағы бір елде Ехоба куәгерлері түрмеге жабылған, немесе айып пұл салған және ұрып-соққан 1 100 жағдай тіркелген. Оның 200-ден астамы Исаның өлімін еске алу үшін жиналған кезде болған. Сонда да осы және басқа елдердегі Ехобаның халқы киелі рухының арқасында қиындықтарды жеңіп келеді (Зәкәрия 4:6). Жаудың қаһары Ехобаны мадақтаушылардың үнін өшіре алған жоқ. Иә, ешбір қару-жарақ Құдайдың ниетін бұза алмайды.
Айыптаған сөздер жоққа шығарылады
5. Бірінші ғасырда Ехобаның қызметшілеріне қандай жалған айыптар тағылды?
5 Ишая пайғамбар Құдай халқы өзіне қарсы айтылған айыптау сөздерді жоққа шығаратынын алдын ала айтқан. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге қылмыскер ретінде жиі жала жабылатын. Сондай жағдайдың бірін Елшілердің ісі 16:20, 21 тармақтардан оқимыз: “Мыналар... қалаға іріткі салып жүр! Олар уағыздап жүрген дәстүрлерді бізге Рим азаматтарына, қабылдап, орындауға болмайды”. Басқа бір жолы діни қарсыластар Мәсіхтің ізбасарларына “бүкіл әлемде төңкеріс жасаушылар мұнда да келіпті!.. Бұлар римдік патшамыздың әмірлеріне қарсы” деген жала жауып, қала тұрғандарын оларға қарсы айдап салды (Елшілердің істері 17:6, 7). Ал елші Пауылды “індеттей қауіпті” және “дүние жүзінде” бүлік шығарушы діни бағыттың, не сектаның, жетекшісі деп қаралады (Елшілердің істері 24:2—5).
6, 7. Шынайы мәсіхшілер айыптаған жалған сөздерді қалай жоққа шығарады?
6 Олай болса, бүгінде шынайы мәсіхшілерді қаралап, олар жайлы жалған сөздер таратылып жатқанына таң қалудың қажеті жоқ. Айыптаған жалған сөздерді қалай жоққа шығаруға болады? (Ишая 54:17).
7 Кең тараған мұндай сөздерді Ехоба куәгерлері жиі үлгілі жүріс-тұрыстарымен жоққа шығаруда (Петірдің 1-хаты 2:12). Олардың заңға мойынсұнғандары және маңайындағы адамдардың қамын шын ойлап, моральдық нормаларды ұстанғандары айыптау сөздердің жалған екенін дәлелдеуде. Біздің үнемі игі істер жасайтынымызды байқағанда, адамдар Ехобаны мадақтауға талпынады және оның қызметшілерінің өмір жолы ең дұрысы екенін мойындайды (Ишая 60:14; Матай 5:14—16).
8. а) Кейде Жазбаларға негізделген ұстанымымызды қорғау үшін не істеу қажет болады? ә) Исаға еліктеп, айыптаған жалған сөздерді қалай жоққа шығара аламыз?
8 Құдайға ұнамды өмір салтын ұстанумен қатар, бізге кейде Жазбаларға негізделген ұстанымымызды батыл қорғау керек болады. Мұның бір жолы үкіметке не құқық қорғау органдарына жүгіну (Естер 8:3; Елшілердің істері 22:25—29; 25:10—12). Иса жерде болған кезінде қарсыластарының жапқан жаласын ашық түрде жоққа шығарған болатын (Матай 12:34—37; 15:1—11). Исаға еліктеп, берік ұстанатын ілімдерімізді басқаларға айтып түсіндіру мүмкіндіктерін қолданғанымыз жөн (Петірдің 1-хаты 3:15). Мектепте, жұмыста не сенімді бөліспейтін туыстарымыздың тарапынан жасалған қарсылыққа төтеп беріп, жұртқа Құдай Сөзіндегі шындықтарды айтуды доғармайық (Петірдің 2-хаты 3:3, 4).
Иерусалим — ‘көтере алмас тас’
9. Закәрия 12:3-те қай Иерусалимді “көтере алмас тасқа” теңеген және оның жердегі өкілдері кімдер?
9 Закәрияның келесі пайғамбарлығынан халықтардың шынайы мәсіхшілерге қарсы шығуының себебін білеміз. Зәкәрия 12:3-те былай делінген: “Сол күні Иерусалимді барлық жұрттардың көтере алмас тасы етемін”. Бұл пайғамбарлық қай Иерусалимге қатысты еді? Ол “Көктегі Иерусалимге”, яғни майланған мәсіхшілерден тұратын көктегі Патшалыққа қатысты айтылған болатын (Еврейлерге 12:22). Мәсіх басқарған бұл Патшалықтың мұрагерлерінің шағын бөлігі әлі жер бетінде өмір сүріп жатыр. Олар “басқа қойлардан” құралған серіктерімен бірге адамдарды уақыт барда Құдай Патшалығына мойынсұнуға шақыруда (Жохан 10:16; Аян 11:15). Халықтар бұл шақыруды қалай қабылдауда? Ехоба бүгінгі қызметшілерін қалай жігерлендіруде? Бұның жауабын алу үшін Закәрия кітабының 12-ші тарауын әрі қарай қарастырайық. Сонда Ехобаның майланған қызметшілері мен олардың жердегі серіктерін ‘ешқандай қару-жарақ’ құрта алмайтынына сенімді боламыз.
10. а) Құдай халқы неге қудалануда? ә) “Көтере алмас тасты” жолдан алып тастауға тырысқандар қандай жағдайға ұшырауда?
10 Зәкәрия 12:3-те халықтардың “ішегі үзілетін болады” делінген. Қалайша? Ехоба өз қызметшілеріне Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауды бұйырған. Сондықтан Ехоба куәгерлері өздерін бұл тапсырманы орындауға міндетті деп есептейді. Алайда Патшалықтың адамзатқа берілген жалғыз үміт екенін есту халықтар үшін “көтере алмас тасқа” айналып отыр. Олар уағыздаушыларды құртуға, яғни тасты жолдарынан алып тастастауға тырысуда. Бұдан олардың “ішектері үзіліп”, көп жарақат алып жатыр. Тіпті абыройлары түсіп, масқара болуда. Олар Құдай Патшалығының “мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды” осы дүниенің ақыры келгенше жариялауды мәртебе санайтын Құдайдың қызметшілерінің үнін өшіре алмайды (Аян 14:6). Африкадағы Ехоба куәгерлеріне зорлық жасалып жатқанын көріп, бір түрменің қарауылы: “Бұл адамдарды бекер қинап жатырысыңдар. Бұдан олар ешқашан берілмейді, қайта, нығая түседі”,— деген.
11. Құдай Зәкәрия 12:4-те айтқан уәдесін қалай орындады?
11 Зәкәрия 12:4-ті оқып шықшы. Ехоба Патшалықтың батыл жариялаушыларына қарсы күрескендерді бейнелі мағынада соқыр етіп, “құтырма” ауруына шалдықтыруды уәде еткен. Ол сөзінде тұрды. Мысалы, шынайы ғибадатқа тыйым салынған бір елде қарсыластар Ехобаның халқының рухани ас-суды алып тұруына кедергі жасай алмаған. Олар тіпті бір газетте Ехоба куәгерлері әдебиетті шекарадан үрленген шарлар арқылы өткізеді деп жазып, шарасыздық көрсеткен. Құдай адал қызметшілеріне берген келесі уәдесін орындады: “Оларға оң көзіммен қараймын; жұрттың кез-келген атын су қараңғы соқыр қыламын”. Патшалықтың жаулары ашудан булығып, жүрер жолын таба алмай әуре болуда. Ал біз Ехобаның өз халқын топ ретінде сақтап қалатынына және олардың қамын ойлайтынына сенімдіміз (Патшалықтар 4-жазба 6:15—19).
12. а) Иса қай мағынада жерге от тастауға келді? ә) Майланғандардың қалдығы қалайша рухани мағынада өрт тудыруда және мұның нәтижесі қандай болуда?
12 Зәкәрия 12:5, 6-ны оқып шықшы. “Иуданың кінәздері” деген Құдай халықының бақылаушыларын білдіреді. Патшалықтың жердегі мүддесіне қызмет ету үшін, Ехоба оларға жалындаған рух берген. Бірде Иса шәкірттеріне: “Мен дүние жүзіне бір “отты” тастауға келдім”,— деген болатын (Лұқа 12:49). Иса адамдарға Құдай Патшалығының аса қажет екенін құлшына жариялау арқылы, шынында да, от тастады. Бұл оттың ұшқыны Яһуди халқының арасында қызу дау-жанжал тудырды (Матай 4:17, 25; 10:5—7, 17—20). Бүгінде де мәсіхшілер “шоқтың ортасындағы таба және баулардың ортасында жанып тұрған шырағдан сияқты” рухани мағынада өрт тудыратын хабар айтуда. 1917 жылы жарық көрген “Аяқталған құпия”a атты кітапта христиан әлемінің екіжүзділігі әшкереленген болатын. Бұл дінбасыларын қатты ызаландырды. Сондай-ақ жуырда “Жалған діннің ақыры таяп келеді!” деп аталатын №37-ші “Патшалық туралы хабарды” тарату науқаны жүрді. Бұл хабар адамдардың кейбірін Құдай Патшалығының жағына шығуға талпындырса, басқаларын қарсы қойды.
“Иуданың шатырлары” аман қалады
13. “Иуданың шатырлары” деген тіркес нені білдіреді және шабуыл кезінде Ехоба оларды неге қорғап қалады?
13 Енді Зәкәрия 12:7, 8-ді оқып шықшы. Ежелгі Исраилде қойшылар мен егіншілер әдетте шатырларда өмір сүрген. Иерусалим қаласына қарсы шыққан жау алдымен шатырда тұратын осы қорғансыз халыққа шабатын болған. “Иуданың шатырлары” деген тіркес қазіргі уақыттағы майланған тамтықтың, бейнелеп айтқанда, қабырғамен қоршалған қалада емес, ашық далада екенін білдіреді. Олар Мәсіхтің Патшалығының мүддесін батылдықпен қорғауда. Сондықтан олар Шайттаның басты нысанасы айналған. Алайда Әскерлер Басшысы Ехоба “алдымен Иуданың шатырларын” қорғап қалады.
14. Ехоба “Иуданың шатыраларында” тұратындарды қалай қорғауда және әлжуаз болмауға көмектесуде?
14 Шынында да, тарихи мәліметтер Ехобаның “шатырда” тұратын майланған өкілдерін қорғап отырғанын дәлелдейдіb. Ехоба оларды ‘әлжуаз’ болмай, жауынгер Дәуіттей мықты әрі батыл етуде.
15. Ехоба неліктен “халықтардың бәрін жамсатып салмақшы” және бұл қашан болады?
15 Зәкәрия 12:9-ды оқып шықшы. Неліктен Ехоба “халықтардың бәрін жамсатып салмақшы”? Себебі олар Мәсіхтің Патшалығына қатты қарсылық жасауда. Халқына тыныштық бермей қудалағандықтан, Құдай оларға үкім шығарды. Жақында Шайтанның жердегі жақтастары Құдайдың шынайы қызметшілеріне қарсы соңғы шабуылға шығады. Сол кезде Киелі кітапта Һар-Магедон деп бейнеленген дүниежүзін қамтитын оқиға орын алады (Аян 16:13—16). Жоғарғы Төреші бұл шабуылға қарсы шығып, өз қызметшілерін қорғайды және халықтардың көз алдында есімін ақтайды (Езекиел 38:14—18, 22, 23).
16, 17. а) Құдай халқы қандай ‘игілікті иеленген’? ә) Шайтанның қастық әрекеттеріне төзгеніміз ненің дәлелі?
16 Құдайдың дүниежүзіндегі халқының сенімін әлсіретіп, құлшынысын сөндіре алатын қару-жарақ Шайтанда жоқ. Ехобаның құтқарушы күшіне сенім артудан туындаған біздегі рухани тынышық — Құдай халқының ‘иеленген игілігі’ (Ишая 54:17). Осы тыныштығымыз бен рухани жұмағымызды ешкім бұза алмайды (Забур 117:6). Шайтан қарсылық жасауды және азапқа салуды тоқтатпайды, сондықтан қиындықтарға мойымай, адалдықпен төзуіміз керек. Ал бұл, өз кезегінде, бізді Құдай рухы қолдап жатқанын дәлелдейді (Петірдің 1-хаты 4:14). Бүгінде Ехобаның Патшалығы орнағаны жайлы ізгі хабар дүниежүзіне уағыздалуда. Сондықтан қарсыластар Құдай халқын естен тандыру үшін ‘сақпанның тастарымен’ атқылауда. Алайда олар Ехобаның күшімен тастарды қағып тастап отырғандықтан, зиян шегіп жатқан жоқ (Зәкәрия 9:15). Яғни майланған тамтық пен оның адал серіктері қызметтерін жалғастыруда.
17 Шайтан Ібілістің қастық әрекеттері толық тоқтайтын уақытты күтудеміз. ‘Қандай қару-жарақ бізге қарсы жасалса да, бізді құрта алмайтын болады. Бізді айыптағандардың сөздері әшкереленеді’. Осыны білу біз үшін қандай жұбаныш!
[Сілтемелер]
a Ехоба куәгерлерінің басылымы, бірақ қазір шығарылмайды.
b Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Ехоба куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар” кітабының 675, 676 беттерін қарауға болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Шайтанның шабуылы сәтсіз болатынын қайдан білеміз?
• Көктегі Иерусалим қалайша “көтере алмас тасқа” айналды?
• “Иуданың шатырын” Ехоба қалай аман сақтауда?
• Һар-Магеддон жақындаған сайын не нәрсеге сенімдіміз?
[23-беттегі суреттер]
Шайтанның қарсылықтарына қарамастан, Албаниядағы Ехоба куәгерлері адалдық сақтауда
[25-беттегі сурет]
Иса жалған айыптарды жоққа шырған
[26-беттегі суреттер]
Ізгі хабарды жариялушыларға қарсы жасалған ешбір қару-жарақ оларды құрта алмайды