Қолдарың қуатты болсын!
“Пайғамбарлардың аузынан шыққан осы сөздерді естіп тұрған халайық, қолдарың қуатты болсын” (ЗӘКӘРИЯ 8:9, ЖД).
1, 2. Неге Нағай мен Зәкәрияның кітаптары көңіл қоюға тұрарлық?
НАҒАЙ мен Зәкәрияның пайғамбарлықтары осыдан 2 500 жылдай уақыт бұрын жазылғанымен, олардың біздің өміріміз үшін де мәні зор. Бұл екі кітапта жазылған оқиғалар — жай тарих емес. Олар ‘бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылғандардың’ бір бөлігі (Римдіктерге 15:4). Онда жазылғандардың көбісі 1914 жылы көкте Патшалық орнағаннан бері болып жатқан жағдайларды көрсетеді.
2 Құдай халқының осыдан ұзақ уақыт бұрын басынан өткізген жағдайларына нұсқай отырып, елші Пауыл: “Солардың бастарынан кешкендері өзгелерге үлгі болып, бізге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. Себебі осы заманның соңғы кезеңінде өмір сүрудеміз”,— деді (Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Бәлкім, Нағай мен Зәкәрия кітаптарының біздің күнімізге қандай пайдасы бар деп сұрарсыңдар.
3. Нағай мен Зәкәрия не нәрсеге көңіл аударады?
3 Алдыңғы мақаладан көргеніміздей, Нағай мен Зәкәрияның пайғамбарлықтарында яһудилердің Бабыл тұтқындығынан босап, Құдайдың өздеріне берген еліне оралған уақыты жайында сөз қозғалады. Екі пайғамбар да ғибадатхананың қайта тұрғызылуына көңіл аударады. Б. з. б. 536 жылы яһудилер ғибадатхананың іргетасын қалаған болатын. Кейбір қарт кісілер өткенді ұмыта алмағанымен, жалпы алғанда, халық ‘шаттықтан қатты дауыспен айқайлады’. Алайда біздің күндерімізде одан да зор нәрсе орын алып отыр. Ол не нәрсе? (Езра 3:3—13)
4. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай қандай жайт орын алды?
4 Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай Ехобаның майланған қызметшілері Ұлы Бабылдың құлдығынан босады. Бұл Ехобаның қолдауының өте зор дәлелі болды. Бұдан ертеректе дінбасылары мен олардың саяси одақтастары Киелі кітапты зерттеушілердің уағыздау мен тәлім беру ісін тоқтатып қойғандай көрінген (Езра 4:8, 13, 21—24). Алайда Ехоба Құдай осы іске қатысты жасалған кедергілерді алып тастады. 1919 жылдан кейінгі онжылдықтар бойы Патшалық ісі кең етек алып, оны ештеңе де тоқтата алмады.
5, 6. Зәкәрия 4:7 неге нұсқайды?
5 Бүгінгі таңдағы Құдайдың мойынсұнғыш қызметшілері атқарып жатқан уағыздау мен тәлім беру ісі Ехобаның қолдауымен әрі қарай жалғасатынына сенімді болуымызға болады. Зәкәрия 4:7-ден (ЖД) былай деп оқимыз: “Ол міндетті түрде негізгі тасты алып шығады. Сонда ол туралы: — Қандай керемет! Қандай керемет!— деп айқайлаған дауыстар шығады”. Бұл біздің күнімізде неге нұсқайды?
6 Зәкәрия 4:7 Әлем Әміршісінің рухани ғибадатханасының жердегі ауласында шынайы ғибадаттың кемеліне жететін уақытына нұсқайды. Рухани ғибадатхана Ехобаның Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында адамдарды өзіне жақындату үшін қарастырған құрылымы болып табылады. Бұл ұлы рухани ғибадатхана б. з. I ғасырынан бері бар екені рас. Алайда оның жердегі ауласындағы шынайы ғибадат кемеліне әлі жету керек. Қазір рухани ғибадатхананың жердегі ауласында миллиондаған адам қызмет етуде. Олар және қайта тірілген сансыз көп адамдар Иса Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде кемелділікке жетеді. Мың жылдың соңында тазарған жер бетінде тек Құдайдың шынайы қызметшілері ғана қалады.
7. Біздің күнімізде Исаның шынайы ғибадатты кемеліне жеткізудегі рөлі қандай және неге бұл бізді жігерлендіру керек?
7 Әмірші Зоробабел мен бас діни қызметкер Ешуа б. з. б. 515 жылы ғибадатхананың аяқталуының куәсі болды. Зәкәрия 6:12, 13-те Исаның шынайы ғибадатты кемеліне жеткізудегі басты рөлі жайында алдын ала былай делінген: ‘Жаратушы Ие Саваоф былай деп айтты де: мына Жігіттің аты — ӨРКЕН. Ол өз тамырынан шығады және Жаратушы Иенің ғибадатханасын салады. Ол... абырой алады, содан соң таққа отырып, Өз тағында әмірін жүргізеді; Өз тағында дін қызметшісі де болады’. Дәуіттің патша әулетінің өркені болып табылатын көктегі Исаның рухани ғибадатханадағы Патшалықты жариялау ісіне қолдау көрсетіп жатқанын ескерер болсақ, оның алға жылжуына кім кедергі бола алады дейсіңдер? Әрине, ешкім де! Бұл күнделікті күйбең тірліктің қамын ойлап алаңдамастан, қызметімізді жалғастыра беруге жігерлендірмей ме?!
Басты орында не тұру керек?
8. Рухани ғибадатханадағы қызметті неге өмірімізде бірінші орынға қоюымыз керек?
8 Ехобаның қолдауы мен батасына ие болу үшін, рухани ғибадатханадағы қызметті өмірімізде басты орынға қоюымыз керек. “Әлі уақыт жеткен жоқ” деген яһудилер сияқты болмай, “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек (Нағай 1:2; Тімотеге 2-хат 3:1). Иса адал ізбасарлары Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап, шәкірттер дайындайтыны жайлы алдын ала айтқан. Осы құнды қызметімізге немқұрайды қарап кетуден сақ болуымыз керек. Осы дүниенің көрсеткен қарсылығынан уақытша тоқтап қалған, бірақ 1919 жылы қайта жанданған уағыздау мен тәлім беру ісі әлі аяқталған жоқ. Бірақ бұл істің міндетті түрде аяқталатынына сенімді бола аламыз.
9, 10. Ехобаның батасы неге байланысты әрі бұл біз үшін нені білдіреді?
9 Уағыздау ісіне әрі қарай да шын көңілмен қаншалықты атсалыссақ, жеке басымыз және халық ретінде, соншалықты батаға кенелеміз. Бұған сенімді болуымызға көмектесетін Ехобаның уәдесіне назар аударайық. Яһудилер жан-дүниесімен Құдайға қайтадан ғибадат етіп, бар ынтасымен ғибадатхананың іргетасын қалауға кіріскенде, Ехоба: “Ал енді мен оларға батамды берем”,— деді (Нағай 2:19). Иә, олар қайтадан Ехобаның ықыласына ие болмақ. Ал Құдайдың уәде еткен баталары мынадай еді: “Егіс тыныштықта болады: жүзім сабағы жемісін береді, жер де ырыздығын аямай төгеді, аспан да ылғалдан қысымшылық жасамайды, осының бәрін Мен осы жұрттың жұрнағына [тамтығына] беремін” (Зәкәрия 8:9—13).
10 Ехоба яһудилерге рухани және материалдық жағынан батасын төккені сияқты, бар ынтамызбен әрі қуанышты көңілмен тапсырған ісін атқаратын болсақ, бізге де батасын береді. Бұл баталарға арамыздағы тыныштық, немесе татулық, рухани қауіпсіздік, жетістік және өсім жатады. Дегенмен де рухани ғибадатханадағы қызметімізді Ехоба қалағандай жолмен атқарғанда ғана оның батасына әрі қарай да ие бола аламыз.
11. Өзімізді қалай тексеріп көруімізге болады?
11 Қазір ‘жүрегімізді өз жолымызға бұратын’ уақыт (Нағай 1:5, 7). Бір сәт тоқтап, өмірімізде басты орында не тұрғанын тексеріп көруіміз қажет. Бүгінде Ехобаның өз халқына беретін батасы оның есімін дәріптеу мен ғибадатханадағы ісін алға жылжытуға қаншалықты атсалысатынымызға байланысты. Өздеріңнен: “Өмірде бірінші орынға қоятын нәрселерімнің орны ауысып кеткен жоқ па? Ехобаға, шындыққа және уағыздау ісіне деген құлшынысым шомылдыру рәсімінен өткен кездегімен салыстырғанда қандай? Жайлы өмір кешуге қызыққаным Ехоба мен оның Патшалығына көңіл қоюыма әсер етіп жатқан жоқ па? Адамдар алдындағы қорқыныш, яғни олар не ойлайды деп уайымдау, қандай да бір шамада маған кедергі болып жатыр ма?”— деп сұрауларыңа болады (Аян 2:2—4).
12. Нағай 1:6, 9-да яһудилердің жағдайы туралы не айтылады?
12 Біз Ехобаның есімін дәріптеуге немқұрайды қарап, оның батасынан айырылып қалғымыз келмейді. Ғибадатхананы салуға басында жақсы-ақ кіріскен яһудилер кейіннен, Нағай 1:9-да айтылғандай, ‘әрқайсысы өз үйлеріне тартқандарын’ еске түсіріңдерші. Олардың есіл-дерті өз қамдары мен жағдайларын жасау болды. Нәтижесінде олар ‘аз орды’, яғни жақсы тамаққа, сусын мен жылы киімге жарымады (Нағай 1:6). Олар Ехобаның батасынан айырылып қалды. Бұдан қандай сабақ аламыз?
13, 14. Нағай 1:6, 9-дан қандай сабақ аламыз және бұл неліктен маңызды?
13 Ехобаның әрі қарай да батасын алғымыз келсе, қызметімізге нұқсан келетіндей дәрежеде қара басымыздың қамын ойлаудан аулақ болу керектігімен келісетін шығарсыңдар? Көңілімізді бұрып әкететіндердің бәрі — дүние қуу, тез баюға ұмтылу, мансап үшін алтын уақытымызды сарп етіп, қосымша білім алу немесе қабілетімізді арттыруға талпыну туралы да осылай деуге болады.
14 Бұл нәрселердің өзі күнә болмағанымен, мәңгілік өмір тұрғысынан қарағанда бұлар, шынында да, ‘өлі істер’ (Еврейлерге 9:14, сілтемені қараңдар). Қай мағынада? Олар рухани өлі, өнімсіз, бекер істер. Егер кімде-кім олардың соңына түссе, рухани өлімге ұшырауы мүмкін. Елшілердің күніндегі кейбір майланған мәсіхшілермен осылай болған (Філіпіліктерге 3:17—19). Бұндай жайт біздің уақытымызда да кездеседі. Бәлкім, біртіндеп мәсіхшілер ісіне қатысуды доғарып, қауымға келмей жүрген біреулерді білетін шығарсыңдар. Олардан әзірге Ехобаға қызмет етуді қайта жандандырайын деген ықылас байқалмайтын болар. Дегенмен мұндай адамдар Ехобаға қайта бет бұрады деп үміттенеміз, бірақ бұлтартпас бір шындық бар: ‘өлі істердің’ соңына түсу ақыр соңында Ехобаның ықыласы мен батасынан айырады. Ал мұның нәтижесі өте қайғылы болмақ. Адам Құдай рухы жетілдіретін қуаныш пен тыныштықты жоғалтады. Сондай-ақ мәсіхшілер бауырластығындағы жылы қарым-қатынастан да айырылады (Ғалаттықтарға 1:6; 5:7, 13, 22—24).
15. Нағай 2:14-тен ғибадатымызға немқұрайды қарамауымыз керектігі қалай көрінеді?
15 Мұның қаншалықты маңызды екендігін Нағай 2:14-тен Ехобаның ғибадат ететін үйіне немқұрайды қарап, ал өздерінің үйлерін сәндеп, әшекейлеген немесе бар есіл-дерті сол ғана болған яһудилерге қалай қарағанынан көруге болады. “Бұл халық осы, Менің алдымдағы бұл нәсіл осындай, дейді Жаратушы Ие, және олардың қолынан шыққан істің бәрі осындай! Демек, олар не әкелсе де, бәрі арамдалған”. Шынайы ғибадатқа немқұрайды қарауын қоймайынша, шын ықылас танытпаған яһудилердің Иерусалимдегі уақытша орнатылған құрбандық үстеліне әкелген құрбандықтары жарамсыз бола берер еді (Езра 3:3).
Ехоба қолдау көрсететініне кепілдік береді
16. Зәкәрияның алған аяндарының арқасында яһудилер не нәрсеге сенімді бола алды?
16 Зәкәрияға берген сегіз аяны арқылы Құдай ғибадатхананы қайта салуға кіріскен мойынсұнғыш яһудилерге қолдау көрсететініне сендірді. Бірінші аянда яһудилер тапсырылған істі мойынсұнушылықпен орындайтын болса, ғибадатхана салынып бітетініне және Иерусалим мен Яһуданың өркендейтініне кепілдік берілді (Зәкәрия 1:8—17). Ал екінші аянда шынайы ғибадатқа қарсы шыққан барлық билеушілердің құритыны уәде етілді (Зәкәрия 1:18—21). Басқалары ғибадатхананы тұрғызу ісінде Құдайдың қорғаныш болатынына, көптеген халықтар Ехобаның салынып біткен үйіне ағылып келетініне, нағыз тыныштық пен қауіпсіздік орнайтынына сендірді. Сондай-ақ ол аяндарда Құдай ісінің алдында тұрған алып таудай көрінген кедергілер алынып тасталатынына, зұлымдықтың жойылатыны мен періштелердің бас-көз болып, қорғайтынына кепілдік берілді (Зәкәрия 2:5, 11; 3:10; 4:7; 5:6—11; 6:1—8). Ехобаның қолдау көрсететініне осылай кепілдік алған тілалғыш яһудилердің өмір салттарын өзгертіп, Құдайдың Бабыл тұтқындығынан олар жүзеге асырсын деп босатқандағы ісіне ден қойғандары түсінікті.
17. Құдайдың кепілдік бергенін ескерер болсақ, өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз керек?
17 Сол сияқты шынайы ғибадаттың біржолата жеңіп шығатынына кепілдік алғанымыз бізді әрекет етуге және Ехобаның үйіндегі ғибадатқа жауапкершілікпен қарауға талпындыру керек. Өздеріңнен былай деп сұрасаңдар болады: “Қазір Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап және шәкірттер дайындайтын уақыт екеніне сенетінімді мақсаттарым мен өмір салтым растай ма? Құдайдың пайғамбарлық Сөзін маңызды санап, оны оқуға жеткілікті уақыт бөлем бе? Сондай-ақ ол туралы бауырластармен және қызметте кездестірген адамдармен сөйлесем бе?”
18. Зәкәрия кітабының 14-тарауына сәйкес, болашақта не болады?
18 Зәкәрия Ұлы Бабылдың жойылуы мен одан кейін болатын Һар-Магедон шайқасы жайлы айтады. Біз былай деп оқимыз: “Бұл өзі сырын тек Жаратушы Ие білетін бірегей күн болады: не күндіз емес, не түн емес, тек кешке қарай жарық түседі”. Ехобаның күні жердегі жаулары үшін шынымен де қараңғы, суық күн болады. Бірақ адал қызметшілері үшін оның толассыз жарығы мен шапағаты түсетін күн болады. Сонымен қатар Зәкәрия жаңа дүниеде барлық нәрсе қалай Ехобаның киелілігін паш ететінін суреттейді. Құдайдың ұлы рухани ғибадатханасындағы шынайы ғибадат жер бетіндегі ғибадат атаулының жалғыз түрі болады (Зәкәрия 14:7, 16—19). Неткен ғажап! Біз осы пайғамбарлықтардың орындалуы мен Ехобаның жоғары билігінің қалай ақталғанын көретін боламыз. ‘Сырын тек Жаратушы Ие ғана білетін’ сол күн қандай ерекше күн болмақ!
Мәңгілік баталар
19, 20. Зәкәрия 14:8, 9-ғы сөздер неге бізді жігерлендіреді?
19 Ехобаның жоғары билігі ақталғаннан кейін, Шайтан мен оның жын-перілері әрекетсіз күйді білдіретін түпсіз тұңғиыққа тасталады (Аян 20:1—3, 7). Сонан соң Мәсіхтің Мыңжылдық билігі кезінде молынан баталар жауады. Зәкәрия 14:8, 9-да былай делінген: “Сол күні Иерусалимнен нәрлі сулар ағады, олардың жартысы шығыс теңізіне, жартысы батыс теңізіне барып құяды; қысы-жазы солай болады. Жаратушы Ие жер-әлемнің Патшасына айналады; сол күні Жаратушы Ие жалғыз болады, Оның аты да біреу болады”.
20 Ехобаның адамзаттың мәңгілік өмірге ие болуына көмектесу үшін қарастырған шараларын бейнелейтін “нәрлі сулар”, немесе ‘өмір суының өзені’, Мәсіхтің Патшалық тағы тұрған орыннан тынбай ағатын болады (Аян 22:1, 2). Соның арқасында Һар-Магедоннан аман қалған өте үлкен тобыр Адам атаның өлім жазасынан құтылады. Тіпті бұрын қайтыс болып кеткендер де қайта тіріледі. Осылайша Ехобаның жер бетіне билігінің жаңа кезеңі басталады. Бүкіл жер шарындағы адамдар Ехобаны Әлемнің Әміршісі және ғибадат етуге лайық жалғыз Құдай деп мойындайды.
21. Не нәрсеге әрі қарай да бел бууымыз керек?
21 Нағай мен Зәкәрияның кітаптарындағы барлық пайғамбарлықты, сондай-ақ олардың орындалуын қарастыра отырып, Құдайдың рухани ғибадатханасының жердегі ауласында атқаруымыз керек істі жалғастыра беруімізге келелі себеп бар екенін көрдік. Олай болса, шынайы ғибадат кемеліне жеткенше, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоя берейік. Зәкәрия 8:9-да біз: “Әулиелердің [пайғамбарлардың] аузынан естігендерің ғибадатхана тұрғызу үшін білектеріңді сыбана беріңдер [“қолдарың қуатты болсын”, ЖД]”,— деп шақырыламыз.
Естеріңде ме?
• Нағай мен Зәкәрия кітаптарында бүгінгі күнге қатысы бар қандай тарихи жайт айтылады?
• Өмірде ең бірінші орынға нені қоюға қатысты Нағай мен Зәкәрия кітабынан қандай сабақ аламыз?
• Нағай мен Зәкәрия кітаптарын қарастырғанымыз неге болашаққа сеніммен қарауға негіз береді?
[15-беттегі суреттер]
Сендер ‘өз үйлеріңе тартасыңдар’ ма?