‘Берік тұрыңдар! Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер’
“Жаратушы Ие мені қолдайды — қорқарым жоқ: адам маған не істей қояды?” (ЗАБУР 117:6).
1. Алда адамзатты қандай елеулі оқиғалар күтіп тұр?
БҮГІНДЕ адамзат бұрын-соңды болмаған елеулі оқиғаларды бастан кешкелі тұр. Иса бұның біздің күнімізде болатынын пайғамбарлық ете отырып, ізбасарларына мынадай ескерту айтқан: “Сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын ауыр азап бастарыңа түседі. Егерде Тәңір Ие бұл күндердің санын қысқартпағанда, ешбір жан құтқарыла алмас еді. Бірақ Ол Өзінің таңдап алған адамдарына бола сол кезеңді қысқартып қойған” (Матай 24:21, сілтеме, 22).
2. Ауыр азаптың басталуына не тосқауыл болып тұр?
2 Қазір көкте адам көзінен таса бір жайт болуда: періштелер ауыр азаптың басталуына тосқауыл болып тұр. Мұның себебін Иса елші Жоханға берген аянда ашты. Қарт елші былай сипаттады: “Мен дүниенің төрт бұрышында тұрып... жердің төрт желін ұстаған төрт періштені көрдім. Сол кезде күншығыстан келе жатқан, қолында мәңгі тірі Құдайдың мөрі бар басқа бір періштені де көрдім. Ол... төрт періштеге қатты дауыспен: — Біз Құдайымыздың қызметшілерінің маңдайына таңба салып болмайынша, жер бетіне, теңізге және ағаштарға ешбір зақым келтірмеңдер!— деп айқайлады” (Аян 7:1—3).
3. Ауыр азап басталғанда, ең алдымен не болады?
3 Құдайдың майланған қызметшілерінің біржолата таңбалануы аяқталуға жақын. Төрт періште жойқын желдерді жіберуге дайын тұр. Оларды жібергенде, ең алдымен не болады? Бұған бір періште былай деп жауап береді: ‘Қатты екпінмен Ұлы Бабыл қаласы жерге лақтырылып, Жермен-жексен боп, енді қайтып көрінбейтін болады!’ (Аян 18:21). Дүниежүзілік жалған діндер империясы жойылғанда, көкте қандай зор қуаныш болады десеңші! (Аян 19:1, 2).
4. Алда тағы қандай оқиғалар болады?
4 Жер бетіндегі бүкіл халықтар бірігіп, Ехобаның халқына қарсы шығатын болады. Бірақ олар адал мәсіхшілердің көзін құрта ала ма? Солай көрінуі мүмкін. Бірақ халықтардан тұратын осы қолды Мәсіх Иса бастаған көктегі әскерлер жойып жібереді (Аян 19:19—21). Ақырында, Шайтан мен оның періштелері әрекетсіздікті бейнелейтін түпсіз тұңғиыққа лақтырылады. Олар енді қайтып адамдарды адастыра алмайды, өйткені мың жылға шынжырлап тасталады. Сонда аман қалған сансыз көп адам кереметтей жеңілдік сезінеді! (Аян 7:9, 10, 14; 20:1—3).
5. Ехобаға адалдығын сақтайтындарды қандай қуаныш күтіп тұр?
5 Біз таяуда осы ғажайып та жан тебірентерлік оқиғалардың куәсі боламыз. Осы оқиғалардың бәрінің Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуымен байланысы бар. Мынаны ойлап көрші: егер Ехобаға деген адалдығымызды сақтасақ және оның билігінің жағында берік тұрсақ, оның есімінің қастерленуіне, сондай-ақ ниетінің орындалуына үлес қосуға мүмкіндігіміз болады. Бұл неткен зор қуаныш болмақ!
6. Алда маңызды оқиғалар болатындықтан, нені қарастырғанымыз орынды?
6 Осы маңызды оқиғаларға дайынбыз ба? Ехобаның құтқарушы күшіне сенеміз бе? Ол бізге дәл керек уақытта және ең жақсы жолмен көмектесетініне сенімдіміз бе? Осындай жеке сұрақтарға жауап бергенде, елші Пауылдың Римдегі мәсіхшілерге айтқан сөздерін есте ұстауымызға болады. Ол былай деген: “Киелі жазбалардағылардың бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үмітімізді үзбеу үшін олар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз” (Римдіктерге 15:4). Бізге тәлім болсын, сондай-ақ үміт пен жігер берсін деп жазылғандардың ішінде Ехобаның исраилдіктерді Мысыр қанаушыларының ауыр езгісінен құтқарғаны жайлы оқиға да бар. Ехобаның Исраил халқын құтқарғаны жайлы сол көңіл толқытатын оқиғаларды мұқият қарастырғанымыз жылдам жақындап келе жатқан ауыр азаптың қарсаңында бізге зор жігер береді.
Ехобаның өз халқын құтқаруы
7. Б. з. б. 1513 жылы Мысырда болған жағдай қалай ушыға түсті?
7 Б. з. б. 1513 жыл. Мысырлықтар Ехоба жіберген апаттың тоғызын бастан кешті. Тоғызыншы жазадан соң перғауын жұлып алғандай: “Кет қасымнан! Енді қайтып менің алдыма келуші болма. Көзіме түскен күні-ақ өлетін боласың”,— дейді де, Мұсаны қуып жібереді. Мұса: “Енді қайтып (өтінішпен) алдыңызға келмеймін, айтқаныңыздай болсын”,— деп жауап қатады (Мысырдан шығу 10:28, 29).
8. Исраилдіктерге құтқарылу үшін қандай нұсқаулар берілді және мұның нәтижесі қандай болды?
8 Енді Ехоба Мұсаға перғауын мен бүкіл мысырлықтарға тағы бір апатты, соңғы апатты, жіберетінін айтады. 14-ші абиб (нисан) күні әрбір мысырлықтың және мал атаулының тұңғыштары өлмек. Бірақ исраилдіктер Құдайдың Мұса арқылы берген нұсқауларын мұқият орындаса, мұндай апаттан аман қала алатын. Бұл үшін олар үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына еркек тоқтының қанын жағып, өздері үйден шықпай отырулары керек еді. Сол түні не болды? Мұса былай деп жазады: ‘Түн ортасында Жаратқан Ие Мысырдағы барлық тұңғыштарды өлтірді’. Перғауын дереу әрекет етеді. Ол Мұса мен Һаронды өзіне шақырып алып: “Жолға жиналыңдар! ...халқымның арасынан аулақ кетіңдер! Барып, өз сөздеріңе сай Жаратқан Иеге ғибадат етіңдер!”— дейді. Сөйтіп, үш миллионнан астам исраилдік пен “көптеген бөтен ұлттықтар” тездетіп Мысырдан шығып кетеді (Мысырдан шығу 12:1—7, 29, 31, 37, 38).
9. Құдай исраилдіктерді Мысырдан қай жолмен алып шықты және неге?
9 Исраилдіктер үшін ең қысқа жол Жерорта теңізінің бойымен жүре отырып, філістірлер елі арқылы өтетін жол еді. Бірақ ол жер жауласқан халықтың мекені еді. Сондықтан халқын соғыстан аман сақтау үшін болу керек, Ехоба оларды Қызыл теңіздің бойындағы айдаладағы жолмен алып жүрді. Миллиондаған халық келе жатқанмен, олар ретсіз тобыр емес еді. Киелі кітапта исраилдіктердің “Мысыр жерінен лек-легімен” шыққаны айтылған (Мысырдан шығу 13:17, 18; 12:51).
“Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер”
10. Неге Құдай исраилдіктерге Пи-Һахироттың қасына қоныстануды бұйырды?
10 Бұдан кейін күтпеген жайт орын алады. Ехоба Мұсаға: “Исраил үрім-бұтағына мынаны айт: олар кері бұрылып, Миғдол мен теңіздің аралығындағы Пи-Һахироттың қасына қоныстанып, Бағал-Сефонға қарама-қарсы... орналассын”,— дейді. Айтқанды істеп, сол жерге қоныстанған қалың жұрт таулар мен Қызыл теңіздің ортасында қалады. Ол жерден шығуға жол жоқтай көрінеді. Алайда Ехоба не істеп жатқанын білетін. Ол Мұсаға: “Мен арттарыңнан қуып шықсын деп перғауынның жүрегін қасарыстырып қоямын. Сөйтіп, перғауынға және оның бүкіл әскеріне Өзімнің ұлылығымды көрсетемін, соған қарап мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді мойындайтын болады”,— дейді (Мысырдан шығу 14:1—4).
11. а) Перғауын не істеді және исраилдіктерге бұл қалай әсер етті? ә) Исраилдіктердің наразылығына Мұса не деп жауап берді?
11 Исраилдіктердің Мысырдан кетуіне жол беріп қателік жасадым деп ойлаған перғауын 600 таңдаулы соғыс күймесімен оларды қуа жөнеледі. Мысырлықтарды көріп зәрелері ұшқан исраилдіктер Мұсаға айқайлап: “Не үшін бізді айдалада өлуге алып келдің? Мысырдан бізге мола табылмайтын ба еді?!”— дейді. Ехобаның құтқаратынына сенімді болған Мұса оларға: “Қорықпаңдар, берік тұрыңдар! Бүгін-ақ Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер... Сендер үшін Жаратқан Иенің Өзі шайқаспақ. Ал өздерің тек тыныш тұрсаңдар болғаны”,— деп жауап қатады (Мысырдан шығу 14:5—14).
12. Ехоба халқын қалай құтқарды?
12 Мұсаның өздерің шайқаспайсыңдар деген сөздеріне сай, енді Ехоба жіберген періштелер іске кіріседі. Бір періште Исраилді алып жүрген бағана тәрізді бұлтты керемет түрде көштің артына қарай ығыстырады. Бұлт мысырлықтар жақты қараңғы, ал исраилдіктер жақты жарық қылып тұрады (Мысырдан шығу 13:21, 22; 14:19, 20). Енді Құдайдың бұйрығы бойынша, Мұса қолын созады. Әрі қарай Киелі кітапта былай делінген: ‘Тәңір Ие шығыстан қатты жел жіберді. Ол түні бойы соқты. Исраил халқы құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты. Су оларды оң мен солынан қабырға іспетті қоршап тұрған болатын’. Мысырлықтар олардың соңына түседі, бірақ Ехоба өз халқының жағында еді. Ол мысырлықтарды састырып, берекелерін кетіреді. Сосын, Мұсаға: “Қолыңды теңізге қарай соз! Сонда су қайтадан орнына келіп, мысырлықтардың күймелері мен атты жауынгерлерін бассын”,— дейді. Перғауынның бірде-бір сарбазы тірі қалмай, бүкіл жасағы тып-типыл болады! (Мысырдан шығу 14:21—28; Забур 135:15).
Исраилдің құтқарылуынан алатын тәліміміз
13. Құтқарылғандары исраилдіктерге қалай әсер етті?
13 Керемет түрде құтқарылғандары исраилдіктерге қалай әсер етті? Мұса мен Исраил ұлдары Ехобаны мадақтап шырқай жөнеледі. Олар: “Жаратқан Иені дәріптеймін жырменен, Себебі Ол жеңімпаз, мерейі үстем бәрінен!.. Мәңгі болады билігі Жаратқан Иенің!”— деп жырлады (Мысырдан шығу 15:1, 18). Иә, олардың ойына, ең алдымен, Құдайды дәріптеу келген еді. Осы жағдайда Ехоба өзінің билік етуге құқылы екенін паш етті.
14. а) Исраилдің бастан кешкен оқиғасынан Ехоба жайлы не білеміз? ә) 2008 жылға арналған жылдық тармақ қандай?
14 Көңіл толқытатын осы оқиғалар бізге қандай тәлім, үміт және жігер береді? Біз мынаны анық білеміз: Ехоба халқының басына қандай қиындық түспесін, олар қандай жағдайға тап болмасын, көмектесе алады. Мысалы, Ехоба шығыстан қатты жел тұрғызғандықтан, Қызыл теңіз Исраил үшін бөгет болмады. Сондай-ақ ол құдіретті күшімен дәл сол теңізді перғауынның әскерлерінің моласына айналдырды. Осы жайлы ойланатын болсақ, забур жыршысы сияқты, біз де: “Жаратушы Ие мені қолдайды — қорқарым жоқ: адам маған не істей қояды?”— дей аламыз (Забур 117:6). Сонымен қатар Пауылдың Римдіктерге 8:31-дегі: “Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?!”— деген сөздері біз үшін зор жұбаныш. Құдай рухымен жазылған бұл сөздер бізге қандай сенімділік береді десеңші! Олар бойымызда болуы мүмкін қорқыныш пен күмәнді сейілтіп, көңілімізге үміт ұялатады. Ендеше 2008 жылға арналған жылдық тармақ ретінде ‘Берік тұрыңдар! Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер’ деген сөздер алынғаны қандай орынды! (Мысырдан шығу 14:13).
15. Мысырдан азат етілу үшін исраилдіктерге мойынсұнушылық таныту қаншалықты маңызды болған, ал бүгінде ше?
15 Исраилдің Мысырдан көшіп шыққан оқиғасынан тағы не үйрене аламыз? Ехоба не айтпасын, бәрін орындауымыз керек. Исраилдіктер Ехобаға мойынсұна отырып, құтқарылу күніне қатысты айтқандарының бәрін бүге-шігесіне дейін орындады. Олар тіл алып, 14 нисанда түні бойы үйлерінен шықпады, сондай-ақ Мысырдан “лек-легімен” көшіп шықты (Мысырдан шығу 12:51). Бүгінде біздің “адал да ақылды құл” арқылы беріліп отырған басшылыққа мойынсұнғанымыз аса маңызды (Матай 24:45, ЖД). Біз Құдайдың: “Оңға бет бұрсаңдар және солға қарай бұрылатын болсаңдар, сырт жақтарыңда тұрып: — Жол міне, мынау, сонымен жүріңдер”,— деген сөздерін мұқият тыңдауымыз керек (Ишая 30:21). Ауыр азап жақындаған сайын, бізге егжей-тегжейлі нұсқаулар берілуі әбден мүмкін. Сол бір аумалы-төкпелі күндерден аман-есен өтуіміз Ехобаның басқа да адал қызметшілерімен бірлікте әрі пікірлес болуымызға байланысты.
16. Исраилдіктерді құтқарғанда, Құдайдың оқиға барысын қалай өзгертіп жібергенінен не білеміз?
16 Есіңде болса, Ехоба исраилдіктерді бір жағында таулар, екінші жағында Қызыл теңіз орналасқан жерге бағыттап, олар қақпанға түсіп қалғандай болған еді. Бұның бұрыс қадам болып көрінгені сөзсіз. Алайда Ехоба барлық жайтты қадағалап тұрды; бәрі де ойдағыдай болып, Құдайға мадақ әкелді және халық құтқарылды. Бүгінде ұйымдастыру ісіне қатысты кейбір нәрселерді анық түсінбеуіміз мүмкін, бірақ бізде Ехобаның адал да ақылды құл арқылы беріп отырған басшылығына сенім артуға толық негіз бар. Кейде жауларымыз бізден үстем болып жатқандай көрінер. Мүмкіндіктеріміз шектеулі болғандықтан мән-жайдың бәрін ескермеуіміз мүмкін. Алайда исраилдіктермен болғандай, Ехоба жағдайды дер кезінде өзгертіп жібере алады (Нақыл сөздер 3:5).
Ехобаға сенімді бол
17. Неге Құдайдың басшылығы бізге толық сенімділік береді?
17 Исраилдіктер өздерімен бірге күндіз бағана тәрізді бұлт, ал түнде от бағанасы жүріп отырғанын ойлағанда, бойларында зор сенімділік пайда болған болса керек. Бұл олардың сапарын “Құдайдың періштесі” бастап отырғандығының дәлелі еді (Мысырдан шығу 13:21, 22; 14:19). Бүгінгі күні де Ехобаның өз халқымен бірге екеніне әрі оларға басшылық беріп, қорғап және оларды құтқаратынына сенімді болуымызға болады. Біз: “[Ехоба] Өзінің қасиетті пенделерін елеусіз қалдырмайды; олар мәңгі аман жүреді”,— деген уәдеге сенім артамыз (Забур 36:28). Құдайдың бүгінгі қызметшілерін қолдап жүрген құдіретті періштелер бар екенін де ешқашан ұмытпайық. Олардың көмегімен біз ‘берік тұрып, Жаратушы Иенің құтқаруын көре’ аламыз (Мысырдан шығу 14:13).
18. Неге ‘Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталуымыз’ керек?
18 Шындық жолында ‘берік тұруға’ бізге не көмектеседі? Бұл үшін Пауыл Ефестіктерге жазған хатында сипаттаған рухани қару-жарақты асынуымыз керек. Байқасаң, елші ‘Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталуға’ шақырады. Біз осы рухани қару-жарақтың бәрімен жарақтандық па? Алдағы жылы әрқайсымыз өзімізді тексеріп, қару-жарақты дұрыс асынып, сауыт-сайманды дұрыс кидік пе, олардың бәрі өзімізге тура келе ме, соны анықтап алуымыз керек. Біздің жауымыз Шайтан Ібіліс әлсіздіктерімізді біледі, әрі бізді қаннен-қаперсіз жүргенде ұстап алуға немесе ең әлсіз жерімізден шабуыл жасауға тырысады. Біз зұлым рухтарға қарсы “күресудеміз”. Бірақ Ехобаның күшімен оларды жеңіп шыға аламыз (Ефестіктерге 6:11—18; Нақыл сөздер 27:11).
19. Табанды болсақ, қандай мәртебеге ие болуымыз мүмкін?
19 Иса ізбасарларына: “Табанды болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер!”— деген (Лұқа 21:19). Ендеше қандай қиындыққа кезікпесек те, адалдықпен төтеп беріп, Құдайдың рақымының арқасында ‘берік болып, Жаратқан Иенің құтқаруын көру’ мәртебесіне ие болайық.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Жақында қандай жан тебірентерлік оқиғалар болғалы тұр?
• Б. з. б. 1513 жылы Ехоба өзінің құтқарушы күшін қалай паш етті?
• Сен не істеуге бел будың?
[22-беттегі сөздер]
2008 жылға арналған жылдық тармақ: ‘Берік тұрыңдар! Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер’ (Мысырдан шығу 14:13).
[19-беттегі сурет]
“Киелі жазбалардағылардың бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды”
[20-беттегі сурет]
Перғауынның қиқарлығы Мысырды апатқа ұшыратты
[21-беттегі сурет]
Ехобаның бұйырғандарының бәрін істегенінің арқасында исраилдіктер аман қалды