Ехобаның жоғарғы билігін қолдайсың ба?
“Халықтарға айт: Жаратқан Ие патшалық құруда!” (ЗАБУР 96:10).
1, 2. а) Шамамен б. з. 29 жылы қазан айында қандай маңызды оқиға орын алды? ә) Бұл оқиға Иса үшін нені білдірді?
БІЗДІҢ заманымыздың 29 жылының қазан айында жер бетінде бұрын-соңды болмаған маңызды оқиға орын алды. Бұл жайлы Матай жазған Ізгі хабарда былай делінген: “Иса рәсімнен өтісімен дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Жақия Оған көгершін сияқты төмендеп келіп, қонған Құдай Рухын көрді. Сонда көктен: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!”— деген дауыс естілді” (Матай 3:16, 17, сілтеме; Марқа 1:9—11; Лұқа 3:21, 22; Жохан 1:32—34).
2 Киелі рухтың Исаға қонғаны оның Майланған, яғни Мәсіх болғанын білдірді (Жохан 1:33). Осылайша уәде етілген “ұрпақ” пайда болды! Шомылдырушы Жақияның алдында тұрған бұл адам — өкшесі шағылатын және Ехоба мен оның жоғарғы билігінің қас жауының басын мыжитын адамның дәл өзі еді (Жаратылыс 3:15). Осы кезден бастап Иса Ехобаның жоғарғы билігі мен Патшалығына қатысты ниетін орындау үшін бар күшін салу керек екенін толық түсінді.
3. Иса Ехобаның жоғарғы билігін қолдауға қатысты міндетін атқаруға қалай дайындалды?
3 Тапсырылған істі атқаруға дайын болу үшін, “Киелі Рухқа кенелген Иса Иорданнан қайтқанда Киелі Рух Оны айдалаға апарып тастады” (Лұқа 4:1; Марқа 1:12). Қырық күн бойы ол Шайтанның билікке қатысты көтерген дауы мен Ехобаның жоғарғы билігін қолдау үшін атқаратын міндеті жайлы ойланып-толғанды. Бұл дауға көктегі және жердегі саналы жаратылыстардың барлығының да қатысы бар еді. Сондықтан Исаның қалай адалдық танытқанын және Ехобаның жоғарғы билігін қалай қолдай алатынымызды қарастырған жөн (Әйүп 1:6—12; 2:2—6).
Жоғарғы билікті тікелей дауға салу
4. Шайтан қандай әрекетімен жоғарғы билікті тікелей дауға салды?
4 Әрине, жоғарыда айтылған жайттардың ешқайсысы да Шайтанның назарынан тыс қалған жоқ. Ол кідірместен ‘әйелдің ұрпағының’ басты бөлігіне шабуыл жасады (Жаратылыс 3:15). Әкесінің қалауын емес, өз пайдасын ойлауға итермелеп, Шайтан Исаны үш рет сынады. Үшінші сынағында ол Құдайдың жоғарғы билігін тікелей дауға салған еді. Исаға “әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп”, шімірікпестен: “Егер аяғыма жығылып табынсаң, бұлардың бәрін де Саған беремін”,— деді. “Әлемнің барлық мемлекеттері” Ібілістің қол астында екенін білген Иса өзінің билікке қатысты дауда кімді қолдайтынын көрсетіп, оған: “Кет қасымнан, шайтан! “Құдай Иеңе ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!” деп жазылған ғой!”— деп жауап берді (Матай 4:8—10).
5. Исаға қандай қиын тапсырма берілген еді?
5 Исаның жерге келгендегі басты мақсаты Ехобаның жоғарғы билігін қолдау екені оның өмірінен анық көрінді. Ол Құдайдың жоғарғы биліктің құқылы иесі екенін дәлелдеу үшін, пайғамбарлыққа сай әйелдің “ұрпағының” өкшесі шағылатынын, яғни Шайтанның қолынан өлетінін, сондықтан ақырына дейін адалдық сақтауы керек екенін түсінді (Матай 16:21; 17:12). Сондай-ақ ол Ехобаның Патшалық арқылы Шайтан көтерген бүлікті басып, бүкіл әлемде тыныштық пен тәртіп орнататынын жариялау керек еді (Матай 6:9, 10). Осы қиын тапсырманы орындау үшін ол не істеді?
“Құдай Патшалығы таяп келді!”
6. Құдай Патшалық арқылы Шайтанның ‘ісін талқандайтынын’ Иса қалай көрсетті?
6 Ең алдымен, “Иса Ғалилея аймағына барып, Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды жариялап: —Енді уақыт жетіп, Құдай Патшалығы таяп келді!”— деген (Марқа 1:14, 15, сілтеме). Сондай-ақ ол: ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды жариялауға тиістімін. Мен сол үшін осында жіберілдім’,— деп айтқан (Лұқа 4:18—21, 43). Иса бүкіл елді шарлап, “уағыз айтып Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды жариялады” (Лұқа 8:1). Сонымен қатар ол көптеген кереметтер жасады: халықты тамақтандырды, дауылды басты, науқастарды сауықтырды және өлгендерді тірілтті. Осылайша Иса Құдайдың Едем бағындағы бүліктің кесірінен болған қайғы-қасіреттің бәрін жойып, Шайтанның ‘ісін талқандайтынын’ дәлелдеді (Жоханның 1-хаты 3:8).
7. Иса ізбасарларына қандай тапсырма берді және оның нәтижесі қандай болды?
7 Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар мүмкіндігінше көп жерде уағыздалуы үшін, Иса адал ізбасарларынан топ жинап, оларға уағыздауды үйретті. Алдымен, ол 12 елшісін таңдап алып, оларды ‘Құдай Патшалығын уағыздауға жіберді’ (Лұқа 9:1, 2). Сосын, тағы басқа 70 шәкіртіне: “Құдай Патшалығының араларыңда орнайтын кезі таяп қалды!”— деп, оларды да жариялауға жіберді (Лұқа 10:1, 8, 9). Шәкірттері қайта оралып, уағыздау істерінің нәтижелі болғанын айтып бергенде, Иса: “Шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім”,— деді (Лұқа 10:17, 18).
8. Исаның өмір жолы нені анық көрсетті?
8 Иса бар күшін салып, ешбір мүмкіндікті қалт жібермей, Патшалық туралы хабарды жариялады. Ол күн демей, түн демей еңбек етті, тіпті жұрт қатарлы өмір сүруден бас тартты. Сол себепті ол: “Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деген (Лұқа 9:58; Марқа 6:31; Жохан 4:31—34). Өлерінің алдында Иса Понтий Пилатқа: “Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім”,— деп батыл айтқан (Жохан 18:37). Иса жерге ұлы ұстаз болу үшін, керемет жасау үшін, тіпті өмірін құрбан ету үшін ғана келген жоқ. Ол Ехобаның жоғарғы билігін қолдап, Құдай өз еркін Патшалығы арқылы ғана жүзеге асыратынын жариялау үшін келді. Бұл оның өмір жолынан анық көрінді (Жохан 14:6).
“Енді түгел орындалды!”
9. Қалайша Шайтан ‘әйелдің ұрпағының’ өкшесін шақты?
9 Исаның Патшалыққа қатысты істерінің бәрі Шайтан Ібілісті ызаландырды. Сондықтан Шайтан өзінің ‘ұрпағының’ жер бетіндегі саяси және діни бөлігі арқылы ‘әйелдің ұрпағын’ өлтіруге тырысты. Иса туылған күнінен бастап-ақ Шайтан мен оның нөкерлерінің нысанасына айналды. Ақырында б. з. 33 жылы көктемде Адам ұлы өзінің басты жауының қолына түсіп, өкшесі шағылды (Матай 20:18, 19, сілтеме; Лұқа 18:31—33). Шайтан адамдардың қолымен Исаны азап шегу бағанасында өлтірді. Ізгі хабардан олардың Яһуда Исқариот, бас діни қызметкерлер, дін мұғалімдер, парызшылдар мен римдіктер екенін білеміз (Елшілердің істері 2:22, 23).
10. Азап шегу бағанасында өлуімен Иса орындаған ең басты жайт не еді?
10 Исаның азап шегу бағанасында қиналып өлгенін ойлағанда, есіңе не түседі? Бәлкім, күнәкар адамзаттың игілігі үшін өз өмірін төлем ретінде дайындықпен құрбан еткені түсер (Матай 20:28; Жохан 15:13). Ехобаның осы құрбандық арқылы көрсеткен зор сүйіспеншілігіне таңданатын шығарсың (Жохан 3:16). Мүмкін: “Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!”— деген римдік жүзбасы сияқты сезімде боларсың (Матай 27:54). Әрине, бұл сезімдердің бәрі орынды. Алайда Исаның соңғы сөздерін еске түсірейікші. Ол: “Енді түгел орындалды!”— деген болатын (Жохан 19:30). Сонда не түгел орындалды? Иса өмірі мен өлімі арқылы көп нәрсеге қол жеткізсе де, оның жерге келуінің басты мақсаты Ехобаның жоғарғы билігіне қатысты дауды шешу еді. Сондай-ақ алдын ала айтылғандай, “ұрпақ” Шайтанның ауыр сынақтарына төзіп, Ехобаның есімін ақтау керек еді (Ишая 53:3—7). Ауыр болса да, Иса өзіне жүктелген осы міндетін толығымен атқарды. Сондықтан түгел орындалды деуге болады!
11. Едем бағында айтылған пайғамбарлық толық орындалуы үшін Иса не істейді?
11 Адалдығы мен шексіз берілгендігі үшін Иса қайта тірілді, бірақ адам кейпінде емес, “рухани денемен тірілді” (Қорынттықтарға 1-хат 15:45; Петірдің 1-хаты 3:18). Ұлылыққа кенелген ұлына Ехоба: “Мен сенің жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше өзің отыр оң жағымда!”— деді (Забур 109:1). Исаның ‘жауларына’ басты қылмыскер Шайтан мен оның ‘ұрпағын’ құрайтын сыбайластары жатады. Иса Мәсіх Құдай Патшалығының Патшасы болғандықтан, басшылықты қолға алып, көктегі және жердегі бүлікшілердің бәрін жояды (Аян 12:7—9; 19:11—16; 20:1—3, 10). Содан кейін Жаратылыс 3:15-тегі пайғамбарлық және Исаның: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!”— деген ізбасарларына үйреткен дұғасы толық орындалады (Матай 6:10; Філіпіліктерге 2:8—11).
Еліктеуіміз керек үлгі
12, 13. а) Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздаудың нәтижесі қандай? ә) Исаға еліктегіміз келсе, өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз жөн?
12 Бүгінде Патшалық туралы ізгі хабар, Иса алдын ала айтқандай, көптеген елде уағыздалуда (Матай 24:14). Мұның нәтижесінде миллиондаған адам өз өмірлерін Құдайға бағыштады. Олар Құдай Патшалығының әкелетін баталары жайлы ойланып, қатты қуануда. Сондай-ақ олар жердегі жұмақта тыныштық пен қауіпсіздікте мәңгі өмір сүруге үміттеніп, осы үміттері жайлы басқалармен бөлісуде (Забур 36:11; Петірдің 2-хаты 3:13). Сен Патшалықты жариялаушылардың бірі шығарсың. Онда сені мақтауға болады. Алайда әрқайсымыз үшін маңызды тағы бір жайт бар. Енді соны қарастырайық.
13 Елші Петір: “Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек”,— деп жазды (Петірдің 1-хаты 2:21). Байқасаң, Петір бұл жерде Исаның құлшына уағыздағанын немесе керемет тәлім бергенін емес, азап шеккеніне назар аударған. Петір Исаның азап шеккенін өз көзімен көрген. Сондықтан ол Ехобаның жоғарғы билігін қолдап, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеу үшін, Исаның қандай азапқа төзгенін жақсы түсінген. Олай болса, біз Исаға қалай еліктей аламыз? Алдымен, өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: Ехобаның жоғарғы билігін қолдау үшін, мен қаншалықты азап шегуге дайынмын? Өмір сүру салтымнан және қызметімнен Ехобаның жоғарғы билігін қолдауды өмірде басты орынға қоятыным көріне ме? (Қолостықтарға 3:17).
14, 15. а) Бұрыс кеңес берілгенде, Иса қалай әрекет етті және неге? ә) Не нәрсені үнемі есте ұстауымыз керек? (“Ехобаның жағында тұр” деген қоршаудағы мәліметті қолдан.)
14 Біз күн сайын қиындықтарға кезігеміз және түрлі шешімдер қабылдауымыз керек болып жатады. Мұндайда біз үшін басты орында не тұру керек? Мысалы, мәсіхшілік ұстанымымызға қайшы әрекетке итермелейтін жағдайға кезіккенде, қандай шешім қабылдаймыз? Петір Исаны жанын қинамауға шақырғанда, оның не деп жауап бергені есіңде ме? Ол: “Менен аулақ кет әзәзіл! Сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың”,— деген (Матай 16:21—23). Ендеше бізге де біреу табысы жақсы немесе дәрежесі жоғары, бірақ рухани күйімізге кері әсер ететін жұмысты ұсынса, Иса сияқты әрекет етеміз бе? Кереметтерін көрген адамдардың өзін ‘патша ету үшін келіп, қапысызда ұстап алмақшы болғанын білгенде’, Иса олардан аулақ кетіп қалған болатын (Жохан 6:15).
15 Неліктен Иса осындай жағдайларда үзілді-кесілді әрекет етті? Өйткені ол өз қауіпсіздігі мен игілігінен де маңызды жайт бар екенін білген. Ол әкесінің еркін орындауды және оның жоғарғы билігін қолдауды қалаған әрі сол үшін кез келген құрбандыққа баруға дайын болған (Матай 26:50—54). Олай болса, адалдығымызға қауіп төндіретін жағдайларға үнемі кезігіп тұратындықтан, біз де Иса сияқты жоғарғы билікке қатысты дауды есте ұстауымыз керек. Неліктен? Өйткені дұрыс емес нәрсені тартымды етіп көрсетуге шебер Шайтан, Хауаны азғырғандай, бізді де өзінің торына оп-оңай түсіре алады (Қорынттықтарға 2-хат 11:14; Тімотеге 1-хат 2:14).
16. Адамдарға көмектесуде біздің басты мақсатымыз қандай болу керек?
16 Уағыздау қызметімізде адамдарды ойландыратын мәселелер жөнінде сөйлесіп, соған байланысты Киелі кітаптың жауабын көрсетуге тырысамыз. Бұл Киелі кітапты зерттеуге қызығушылық оятудың тиімді жолы. Алайда біздің мақсатымыз адамдарға Киелі кітапта не айтылғанын және Құдай Патшалығының қандай баталар әкелетінін айтып қана қою емес. Біз оларға Ехобаның жоғарғы билігіне қатысты даулы мәселені түсінуге көмектесуіміз керек. Олар шынайы мәсіхшілер болып, өз ауыртпалығын көтеруге және Патшалықтың мүддесі үшін қиыншылықтарға төзуге дайын ба? (Марқа 8:34). Сондай-ақ олар Ехобаның жоғарғы билігін қолдап, осылайша Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеп жатқандардың қатарына қосылғысы келе ме? (Нақыл сөздер 27:11). Ехобаның жағында тұру және өзгелерге де солай етуге көмектесу біз үшін үлкен мәртебе (Тімотеге 1-хат 4:16).
“Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады”
17, 18. Ехобаның жоғарғы билігін қолдайтын болсақ, қандай уақытты қуана күтетін боламыз?
17 Жүріс-тұрысымызбен және уағыздауға қатысуымызбен Ехобаның жоғарғы билігін қолдайтынымызды көрсететін болсақ, Иса Мәсіх ‘өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсыратын’ уақытты қуана күтетін боламыз. Бұл уақыт қашан келеді? Елші Пауыл былай деп түсіндірді: ‘Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жібереді... Құдай “барлық жауларын аяғына жығып бергенше, Мәсіх билік жүргізуге тиіс. Сол кезде Құдайдың рухани Ұлы әлемді Өзіне бағындырып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады’ (Қорынттықтарға 1-хат 15:24, 25, 28).
18 ‘Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізген’ кезде өмір қандай керемет болады десеңші! Құдай Патшалығы өз мақсатына жетеді. Ехобаның жоғарғы билігінің қарсыластары түгел жойылады. Бүкіл әлемде қайтадан тыныштық пен тәртіп орнайды. Забур жыршысының сөзіне қосылып, жаратылыс атаулының бәрі де: “Жаратқан Иеге Оның атының даңқын беріңдер, ... Халықтарға айт: Жаратқан Ие патшалық құруда!”— деп дауыстайтын болады (Забур 96:8, 10).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Иса ең бастысы жоғарғы билікке қатысты даудың шешілуі екенін қалай көрсетті?
• Исаның қызметі мен өлімі арқылы не орындалды?
• Ехобаның жоғарғы билігін қолдау үшін Исаға қалай еліктей аламыз?
[11-беттегі қоршау/сурет]
ЕХОБАНЫҢ ЖАҒЫНДА ТҰР
Кореядағы және басқа да елдердегі көптеген бауырластар сынақтарға кезіккенде, не себепті сыналып жатқандарын білгендері төзуге көмектесті.
Кеңес үкіметінің режимі кезінде түрмеге қамалған бір Ехоба куәгері былай деді: “Қиындықтарға төзуге Едем бағында көтерілген дауды, яғни Құдайдың билік ету құқына қатысты мәселені, анық түсінгеніміз көмектесті... Біз Ехобаның билігін қолдайтынымызды дәлелдеуге мүмкіндік туғанын түсіндік... Бұл бізге күш берді, сондықтан мінсіздігімізді сақтай алдық.”
Ал басқа бір Куәгер еңбекпен түзету лагерінде өзіне және бір сенімдегілеріне не көмектескенін түсіндіріп, былай деді: “Бізге қолдау көрсеткен Ехобаның өзі. Жағдайымыздың қиын болғанына қарамастан, рухани сергек болдық. Бүкіләлемдік билікке қатысты дауда Ехобаның жағында тұруымыз керектігін көрсететін ойлармен бір-бірімізді жігерлендіретін едік”.
[8-беттегі сурет]
Шайтан сынаған кезде, Иса Ехобаның жоғарғы билігін қалай қолдады?
[10-беттегі сурет]
Исаның өлімі арқылы не орындалды?