Шәкірт дайындау ісінде ұлы ұстазға елікте
“Қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар!” (ЛҰҚА 8:18).
1, 2. Неге Исаның жердегі қызметінің барысында адамдарға қалай қарағанына ден қоюымыз керек?
ИСА МӘСІХ ізбасарларына: “Қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар!”— дегенде, Ұлы ұстаз әрі Шәкірт дайындаушы ретіндегі міндетін атқарған (Лұқа 8:16—18). Бұл принциптің біздің қызметімізге де қатысы бар. Рухани жайттарға қатысты берілген нұсқауларға ден қойсақ, оларды орындаймыз әрі уағыздау ісінде жемісті боламыз. Әрине, бүгінде біз Исаның даусын ести алмаймыз, бірақ Жазбалардан оның айтқан сөздері мен істеген істері туралы оқи аламыз. Одан Исаның жердегі қызметінің барысында адамдарға қалай қарағаны жайлы не білуге болады?
2 Ол керемет уағыздаушы әрі Жазбалардағы шындықты үйрететін тамаша ұстаз болған (Лұқа 8:1; Жохан 8:28). Шәкірт дайындау ісіне уағыздау да, тәлім беру де жатады, десе де жақсы уағыздайтын кейбір мәсіхшілердің өзіне адамдарға нәтижелі тәлім беру қиынға соғады. Уағыздау ізгі хабарды таратудан тұрады, ал Ехоба мен оның ниеттері туралы тәлім беру адамдармен қарым-қатынас дамытуды талап етеді (Матай 28:19, 20). Бұл үшін Ұлы ұстаз әрі Шәкірт дайындаушы Иса Мәсіхке еліктеу керек (Жохан 13:13).
3. Шәкірт дайындау ісінде Исаға еліктегеніміз қызметімізге қалай әсер етеді?
3 Исаның тәлім беру тәсіліне еліктесек, біз елші Пауылдың келесі кеңесіне сай әрекет етеміз: “Қауымнан тыс адамдармен парасатты қарым-қатынас жасап, тиімді сәттерді пайдаланыңдар! Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер” (Қолостықтарға 4:5, 6). Шәкірт дайындау ісінде Исаға еліктеу үшін біраз күш салу керек, бірақ осының арқасында біз нәтижелі тәлім береміз, өйткені бұл әркімнің жеке қажеттілігіне сай ‘жауап беруге’ көмектеседі.
Иса адамдарды өз ойларын айтуға талпындырған
4. Неге Иса жақсы тыңдаушы болған деуге болады?
4 Иса балалық шағынан-ақ адамдарды тыңдай білген, әрі оларды өз ойын айтуға талпындыратын. Мысалы, 12 жасында ата-анасы оны ғибадатханада ұстаздардың ортасында “айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен” тапқан (Лұқа 2:46). Иса онда өзінің көп білетіндігімен ұстаздарды ыңғайсыз жағдайға қалдыру үшін емес, тыңдауға барған, сондай-ақ ол сұрақтар да қойып отырған. Оның жақсы тыңдаушы болғаны Құдай мен адамдарға ұнамды болуына көмектескен қасиеттердің бірі болса керек (Лұқа 2:52).
5, 6. Иса өзі тәлім берген адамдардың ойын тыңдағанын қайдан білеміз?
5 Шомылдыру рәсімінен өтіп, Мәсіх ретінде майланғаннан кейін де Иса жақсы тыңдаушы болудан қалған жоқ. Оған айтып жатқан тәліміне тым беріліп кетіп, өзін тыңдауға келгендерді ұмыт қалдыру тән болмаған. Ол жиі кідіріп, олардың пікірін сұрап, жауаптарын тыңдайтын (Матай 16:13—15). Мысалы, інісі Елазар қайтыс болған Мартаға Иса: “Маған сенген әрбір адам ешқашан да рухани өлмейді,— дейді, сосын:— Бұған сенесің бе?”— деп сұрайды. Бұдан кейін Мартаның: “Иә, Ием, Сіздің пайғамбарлар дүниеге келеді деп алдын ала айтқан Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы, екеніңізге сенемін”,— деген жауабын Исаның құлақ салып тыңдағаны сөзсіз (Жохан 11:26, 27). Осы сөздерді естігені оны қатты жігерлендірсе керек!
6 Шәкірттерінің көбі Исадан бас тартқанда, ол елшілерінің ойын білгісі келіп: “Сендердің де кеткілерің келе ме?”— деп сұрайды. Сонда Шимон Петір: “Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде. Біз Сіздің Мәсіх — мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлы екендігіңізге сеніп, соған көзіміз жетті”,— деп жауап береді (Жохан 6:66—69). Бұл сөздер Исаның жанына жылы тиген болу керек. Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның өз сенімін осылай білдіргені сені де қуантары шүбәсіз.
Иса өзгелерді құрметпен тыңдаған
7. Неге самариялықтардың көпшілігі Исаға сене бастады?
7 Исаның шәкірт дайындау ісінде жемісті болуының тағы бір себебі — ол адамдардың қамын ойлаған және оларды құрметпен тыңдаған. Мысалы, бірде ол Сихар қаласындағы “Жақып құдығының” басында самариялық әйелге уағыздайды. Әңгіме барысында Иса өзі ғана сөйлей бермей, әйелді де тыңдаған. Тыңдай отырып, Иса оны ғибадат мәселесі қызықтыратынын байқап, Құдай өзіне рухында және шындықпен ғибадат етушілерді іздейтінін айтады. Иса әйелге құрмет көрсеткен әрі оған қызығушылық білдірген. Нәтижесінде, ол Иса туралы басқаларға айтып, ‘сол қаладағы самариялықтардың көпшілігі әлгі әйелдің сөзі арқылы Исаға сене бастады’ (Жохан 4:5—29, 39—42).
8. Адамдардың өз ойын айтуға бейім екендігі қызметте әңгіме бастауыңа қалай көмектеседі?
8 Адамдар әдетте өз көзқарастарын қуана-қуана айтады. Мысалы, ежелгі Афины тұрғындары өз ойларын айтуға немесе бір жаңалық естуге құштар болған. Бұл елші Пауылға сол қаланың Ареопагында жақсы сөз сөйлеуге мүмкіндік тудырған (Елшілердің істері 17:18—34). Қызметте үй иесімен әңгіме бастағанда, былай дерсің: “Менің келген себебім [бір тақырыпты таңда] осыған қатысты сіздің ойыңызды білгім келген еді”. Адамның жауабын тыңдап, өз ойыңды айт немесе жауабына қатысты сұрақ қой. Сосын, бұл жөнінде Киелі кітапта не айтылғанына ізетпен көңіл аудар.
Иса әңгімеге тарта білген
9. Клеопа мен оның серігіне ‘Киелі жазбалардың мәнін ашып бермес’ бұрын, Иса не істеді?
9 Исаның сөз таба алмай қалған кезі болмаған. Жақсы тыңдаушы болуымен қатар, ол адамдардың ойын және нақты не айту керектігін білетін (Матай 9:4; 12:22—30; Лұқа 9:46, 47). Мынадай мысалды қарастырайық: Иса жуырда ғана қайта тірілді; оның екі шәкірті Иерусалимнен Еммаусқа бет алып келеді. “Олар өзара сөйлесіп, пікір алысып бара жатқанда, Исаның Өзі жақындап келіп, екеуіне қосылды,— делінген Киелі кітапта,— Бірақ олар Оны тани алмады. — Сендер өзара не туралы әңгімелесіп, қайғыланып келе жатырсыңдар?— деп сұрады Ол. (Бұл сөзді естігенде олар тұнжырап тұрып қалды.) Клеопа есімді біреуі Оған:— Иерусалимге келген, бірақ осы күндері онда не болғанынан еш хабары жоқ жалғыз Сіз шығарсыз?— деді. Иса: — Не болған еді?— деп сұрады”. Ұлы ұстаз олардың назареттік Исаның жұртқа тәлім бергені, кереметтер жасағаны және өлімге кесілгені, ал енді біреулердің оны қайта тірілді деп жүргені туралы әңгімесін тыңдады. Иса Клеопа мен оның серігіне көңіліндегісін айтуға мүмкіндік берді. Сосын, оларға білуі керек жайттарды түсіндіріп, ‘Киелі жазбалардың мәнін ашып берді’ (Лұқа 24:13—27, 32).
10. Қызметте кездестірген адамның қандай да бір діни сұрақтарға қатысты көзқарасын қалай білуге болады?
10 Сен үй иесінің қандай да бір діни сұрақтарға қатысты көзқарасын білмеуің мүмкін. Мұндай жағдайда, бәлкім, дұға жайлы өзгелердің не ойлайтынын білуге қуанышты болатыныңды айтарсың. Сосын: “Біздің дұғаларымызды біреу шынымен тыңдайды деп ойлайсыз ба?”— деп сұрауға болады. Айтқан жауабынан оның көзқарасы мен діні жайлы көп нәрсе білуің мүмкін. Егер ол діндар адам болса, әрі қарай сөзге тартып: “Құдай барлық дұғаларды тыңдай ма, жоқ әлде оған ұнамайтын дұғалар да бар ма?”— деп сұрарсың. Осындай сұрақтардың арқасында еркін әңгімелесуге болады. Бұл жайында Жазбаларда не айтылғанын көрсетуді орынды деп тапсаң, бас салып оның нанымдарының бұрыстығын дәлелдеп кетпей, ілтипат сақтарсың. Әңгімелерің жарасса, ол сенің тағы келгеніңді қалайтын шығар. Сен жауап бере алмайтын сұрақ қойылса ше? Мұндай жағдайда біраз ізденіп, үмітіңді ілтипат пен құрмет танытып түсіндіруге дайындалып, қайта бар (Петірдің 1-хаты 3:15).
Иса тыңдауға дайын адамдарға тәлім берген
11. Тәлім алуға дайын адамдарды табуға не көмектеседі?
11 Кемелді адам Иса қырағы болған: ол тәлім алуға лайықты адамдарды тани білген. Ал бізге “мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандарды” табу әлдеқайда қиын (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Елшілерге де солай болған, сондықтан Иса оларға: ‘Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде сендер әкелген Ізгі хабарға көңіл бөлуге дайын адамды іздестіріп тауып алыңдар’,— деген (Матай 10:11, сілтеме). Исаның елшілері іспетті, сен де тыңдауға және Жазбалардағы шындықты үйренуге дайын адамдарды іздеуің керек. Бұл үшін өзің сөйлескен адамдарды мұқият тыңдап, әрқайсысының ой қалпын байқауға тырыс.
12. Қалай қызығушыға әрі қарай да көмектесуге болады?
12 Патшалық туралы хабарға қызығушылық білдірген адамды кездестірген соң, оның Киелі кітаптағы қандай шындықты білгені дұрыс болатыны жайлы ойлан. Әңгімелескен адам туралы не білгеніңді жазып алсаң, оған әрі қарай да рухани көмек бере аласың. Ал нанымдары, көзқарасы немесе тіршілігі жайлы көбірек білу үшін, әр барғанда оны мұқият тыңдауың керек.
13. Адамның Киелі кітапқа қатысты ойын білуге не көмектеседі?
13 Қалай адамды Құдай Сөзі туралы өз ойын айтуға талпындыруға болады? Кей аумақтарда былай деп сұраған тиімді болып жатады: “Сізге Киелі кітапты түсіну қиын болып көрінбей ме?”. Көп жағдайда оның жауабы Жазбаларға деген көзқарасын аян етеді. Немесе бір тармақты оқы да: “Осы сөздер жайлы не ойлайсыз?”— деп сұра. Сұрақтарды дұрыс қолдансаң, сенің де қызметің Исанікідей жемісті болады. Алайда абай болуды да ұмытпау керек.
Иса сұрақтарды тиімді қолданған
14. Қалай адамдарды тергемей, олардың көзқарасын білуге болады?
14 Өзгелердің көзқарасын білуге тырысқанда, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырудан аулақ бол. Исаға елікте. Ол ілтипаттылық дегенді білмейтін тергеуші емес, қайта, ойландыратын сұрақтар қоя білетін адам болған. Сондай-ақ ол мейірімді тыңдаушы болғандықтан, оның жанында ақ жүректі адамдар өздерін еркін сезініп, жандарына рақат тапқан (Матай 11:28). Оған әртүрлі адамдар келіп, өздерін мазалаған жайттарды қысылмай айта алатын (Марқа 1:40; 5:35, 36; 10:13, 17, 46, 47). Өзгелер Киелі кітап пен ондағы ілімдер туралы ойларын еркін айтсын десең, оларды тергеп кетуден аулақ болуың керек.
15, 16. Қалай адамдарды дінге қатысты әңгімеге тартуға болады?
15 Адамды әңгімеге тарту үшін, сұрақтарды тиімді қолданумен қатар, қызықты бір нәрсе айтып, сосын, оның ойын тыңда. Мысалы, Иса Нікөдемге: “Кімде-кім қайтадан туылмаса, Құдайдың Патшалығына кіре алмайды”,— деген (Жохан 3:3). Бұл сөздердің қызық көрінгені сонша — Нікөдем үнсіз қала алмады, ол Исаның түсіндіргенін де ұйып тыңдады (Жохан 3:4—20). Бәлкім, сен де адамдарды осылай әңгімеге тарта аларсың.
16 Бүгінде Африка, Шығыс Еуропа және Латын Америкасы сияқты жерлерде жаңа діндердің көптеп пайда болып жатқаны көп әңгімеленеді. Осындай жерлерде әңгімені жиі былай бастауға болады: “Мені бүгінде түрлі діндердің қаптап кеткені мазалайды. Бірақ жақында барлық халықтар жалғыз шынайы дінді ұстанады деп үміттенемін. Сіз осылай болғанын қалайсыз ба?”. Осылайша таңғаларлық нәрсеге үміттенетініңді айтқаның адамдарды өз ойымен бөлісуге талпындыруы мүмкін. Сондай-ақ әдетте альтернативті сұрақтарға жауап беру оңайырақ болады (Матай 17:25). Үй иесінің жауабынан кейін бір-екі тармақты келтіріп, өз жауабыңды айт (Ишая 11:9; Софония 3:9). Оның жауабын мұқият тыңдап, есте сақтасаң, келесі жолы не жайлы сөйлесуге болатынын анықтай аласың.
Иса балаларды тыңдаған
17. Исаны балалар қызықтырғаны неден көрінеді?
17 Исаны ересектер ғана емес, балалар да қызықтырған. Ол олардың қандай ойындар ойнап, не жайлы сөйлесетінін білетін. Кейде ол балаларды өзіне келуге шақыратын (Лұқа 7:31, 32; 18:15—17). Исаны тыңдауға келген қалың жұрттың арасында балалар көп болған. Балалар Исаны Мәсіх ретінде дауыстап мадақтағанда, ол мұны елеусіз қалдырмай, Жазбалардағы пайғамбарлықтың орындалып жатқанын айтқан (Матай 14:21; 15:38; 21:15, 16). Бүгінде көп балалар Исаның шәкірті болуда. Олай болса, сен оларға қалай көмектесе аласың?
18, 19. Қалай балаңа рухани көмек көрсете аласың?
18 Балаңа рухани көмек көрсету үшін, оны тыңдауың керек. Оның кейбір жайттарға қатысты ойы Ехобаның көзқарасына қайшы келуі мүмкін, саған мұны біліп алу қажет. Балаң не айтса да, алдымен оны мақтаған дұрыс. Сосын, сол мәселеге қатысты Ехобаның көзқарасын түсінуіне көмектесу үшін, орынды болатын Жазба орындарын қолдан.
19 Әрине, сұрақ қойған жақсы. Алайда үлкендер сияқты, балалар да тергегенді ұнатпайды. Күрделі сұрақтарға жауап беруін талап етіп, баланы қинағанша, неге өзің туралы бірдеңе айтып бермеске? Не жайлы әңгімелесіп жатқандарыңа қарай, бұрын бұған қатысты қандай ойда болғаныңды және оның себебін айтып берерсің. Ал кейін: “Сен де осындай ойдасың ба?”— деп сұрарсың. Балаңның жауабы Жазбаларға негізделген пайдалы да жігерлендірерлік әңгімеге арқау болуы мүмкін.
Шәкірт дайындауда Ұлы ұстазға еліктей бер
20, 21. Неліктен шәкірт дайындау ісінде мұқият тыңдаудың маңызы зор?
20 Балаңмен не басқа біреумен болсын, қандай да бір тақырыпты талқылағанда, жақсылап тыңдаудың маңызы зор. Бұл — сүйіспеншіліктің көрінісі. Біреуді тыңдау арқылы біз кішіпейілділік танытамыз, сондай-ақ оны елеп, құрметтейтінімізді көрсетеміз. Әрине, тыңдау адамның сөзіне мұқият көңіл қоюды талап етеді.
21 Уағызда үй иесін әрқашан ден қойып тыңда. Сонда оның сөздерінен Киелі кітаптағы қандай шындықтың әсіресе жанына жылы тиетінін байқауың әбден мүмкін. Сосын, Исаның тәлім беру әдістерін қолданып, оған көмектесуге тырыс. Сонда қуаныш пен қанағат сезіміне бөленесің, өйткені сен шәкірт дайындауда Ұлы ұстаздың үлгісіне еліктеп жүрсің.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қалай Иса өзгелерді ойларын айтуға талпындырған?
• Неліктен Иса өзі тәлім берген адамдарды тыңдаған?
• Қызметте сұрақтарды қалай қолдануыңа болады?
• Балаларға рухани көмек көрсету үшін не істеуіңе болады?
[28-беттегі сурет]
Уағыздау қызметінде жақсы тыңдаушы бол
[30-беттегі сурет]
Балаларға рухани көмек көрсеткенде, біз Исаға еліктейміз