Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w07 1.9. 24—28 бет.
  • Балаларыңды Ехобаны сүюге үйретіңдер

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Балаларыңды Ехобаны сүюге үйретіңдер
  • 2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Епті ата-ана жақсы үлгі көрсетеді
  • Епті ата-ана балаларымен бірге дұға етеді
  • Епті ата-ана балаларын Құдай Сөзін зерттеуге дағдыландырады
  • Отбасында тыныштықтың орнауына жағдай жасаңдар
  • Балалардың жауапкершілігі
  • Шектеу қоймайтын дүниеде бала өсіру
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ата-аналар, балаларыңды сүйіспеншілікпен тәрбиелеңдер
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Балаларыңызға Ехобаны сүюді үйретіңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Баланы нәресте күнінен тәрбиелеңдер
    Отбасы бақытының сыры
Көбірек мәлімет
2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w07 1.9. 24—28 бет.

Балаларыңды Ехобаны сүюге үйретіңдер

“Адамның жас кезінде туған балалары Жебелері іспетті жауынгердің қолындағы” (ЗАБУР 126:4).

1, 2. Қалайша балалар “жауынгердің қолындағы жебелер іспетті”?

САДАҚШЫ жебесін нысанаға тигізуге дайындалуда. Ол жебені кіріске салып, садағын кереді. Бұған көп күш салса да, ол асықпай жебені нысанаға дәлдеп алады. Сөйтіп, оны тартып жібереді. Жебе нысанаға тие ме? Бұған садақшының мергендігі, жебенің қандай күйде болғаны және желдің әсері сияқты нәрселер ықпал етеді.

2 Сүлеймен патша балаларды ‘жауынгердің қолындағы жебелерге’ теңеген (Забур 126:4). Бұл теңеуді қалай қолдануға болатынын қарастырып көрейік. Жебені нысанаға дәлдеген садақшы әдетте ұзақ уақыт тұрмайды. Нысанаға тигізу үшін оны тез тартып жіберуі керек. Тап солай, ата-ананың балаларын Ехобаны шын жүректен сүюге үйрету үшін салыстырмалы түрде шамалы ғана уақыты бар. Осы азғана жылдар зымырап өте шығады да, балалары өсіп, ер жетеді (Матай 19:5). Ата-ананың жебелері нысанаға тие ме, басқаша айтқанда, балалары есейгеннен соң да Құдайды сүйіп, оған қызмет ете бере ме? Бұл бірнеше жайтқа байланысты. Олардың үшеуі: ата-ананың ептілігі, баланың өскен ортасы және ‘жебенің’, не баланың, берілген тәлім-тәрбиені қалай қабылдауы. Қазір осының әрқайсысын егжей-тегжейлі қарастырайық. Алдымен, епті ата-ананың кейбір ерекшеліктерін қарастырып көрейік.

Епті ата-ана жақсы үлгі көрсетеді

3. Неге ата-ананың ісі сөзіне сай болу керек?

3 Иса үйреткендеріне сай әрекет ету арқылы ата-аналарға жақсы үлгі қалдырды (Жохан 13:15). Ол ‘айтқандарын іс жүзінде орындамайтын’ парызшылдарды айыптаған болатын (Матай 23:3). Балаларын Ехобаны сүюге талпындыру үшін, ата-ананың ісі сөзіне сай болу керек. Әйтпесе, олардың айтқан сөздері кірісі жоқ садақ сияқты пайдасыз болады (Жоханның 1-хаты 3:18).

4. Ата-аналардың өздеріне қандай сұрақтар қойғаны дұрыс және неліктен?

4 Ата-ананың үлгісі неге сонша маңызды? Ересек адамдар Исаның үлгісіне қарап Құдайды сүюді үйренетіні сияқты, балалар да әке-шешесінің жақсы үлгісіне еліктеп Ехобаны сүюді үйрене алады. Баланың араласатын ортасы оны не рухани нығайтуы, не ‘адал әдетінен айыруы’ мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Балалық шақта, әсіресе баланың мінез-құлқы қалыптасатын кезеңде, оған ең жақын әрі ең күшті ықпал ететін адамдар ата-анасы болып табылады. Сондықтан ата-аналардың өздерінен былай деп сұрағандары жөн: “Балам үшін мен қандай жолдас болып табыламын? Менің үлгім оны жақсы нәрселерді әдетке айналдыруға талпындыра ма? Дұға ету мен Киелі кітапты зерттеу сияқты маңызды мәселелерде қандай үлгі көрсетудемін?”

Епті ата-ана балаларымен бірге дұға етеді

5. Балалар ата-аналарының дұғасынан не нәрсеге үйрене алады?

5 Сендердің дұғаларыңнан балаларың Ехоба жайлы көп нәрсе біле алады. Олар Құдайға ас алдында ризашылық білдіргендеріңді және Киелі кітапты зерттеу кезінде айтқан дұғаларыңды естіп, қандай тұжырым жасай алады? Дұғаларыңнан олар Ехобаның тәндік қажеттіліктерімізді қанағаттандыратынын және сол үшін алғыс айтуымызға лайық екенін, сондай-ақ оның Киелі кітаптағы шындықтарды үйрететінін біле алады. Балаларыңның осы жайттарды түсінгені аса маңызды (Жақып 1:17).

6. Ата-аналар балаларына Ехоба әрқайсысының қамын ойлайтынын түсінуге қалай көмектесе алады?

6 Алайда ас алдында және отбасылық зерттеуден басқа кездерде де үй-ішіндегілермен бірге дұға ететін болсаңдар, әрі дұғаларыңда өздеріңе және балаларыңа қатысты нақты мәселелер жайлы айтсаңдар, одан да көп нәрсеге қол жеткізесіңдер. Балаларыңа Ехобаға отбасы мүшесіндей қарауға және жеке сендер үшін оның көп қам жейтінін түсінуге көмектесесіңдер (Ефестіктерге 6:18; Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Бір әке былай дейді: “Қызымыз дүниеге келген күннен бастап онымен бірге дұға ететінбіз. Ол есейе келе, басқалармен қарым-қатынасы туралы және қызымызға қатысты басқа да мәселелер жайлы дұға айтатынбыз. Тұрмысқа шыққанға дейін, онымен бірге дұға етпеген күніміз болған емес”. Сендер де балаларыңмен бірге күнделікті дұға ете аласыңдар ма? Оларға Ехобаға тәндік және рухани мұқтаждықтарын ғана емес, эмоционалдық қажеттіліктерін де ойлайтын Дос ретінде қарауға көмектесесіңдер ме? (Філіпіліктерге 4:6, 7)

7. Дұғалары нақты болу үшін, ата-аналар нені білулері керек?

7 Әрине, дұғаларың нақты болу үшін балаларыңның өмірінде не болып жатқанын білулерің керек. Екі қыз тәрбиелеген бір әкенің не дегеніне көңіл бөлші: “Әр аптаның соңында өзіме “Осы аптада балаларымды не нәрсе мазалады? Қандай жақсы жайттарды бастан кешірді?” деген екі сұрақты қоятынмын”. Ата-аналар, сендер де өздеріңе осындай сұрақтар қойып, алған жауаптарыңдағы кей жайттарды балаларыңмен айтқан дұғаларыңа қоса аласыңдар ма? Егер осылай етсеңдер, оларға дұғаны еститін Құдай Ехобаға дұға етуді ғана емес, оны сүюді де үйретесіңдер (Забур 64:3).

Епті ата-ана балаларын Құдай Сөзін зерттеуге дағдыландырады

8. Неліктен ата-аналар балаларына Құдай Сөзін зерттеуді әдетке айналдыруға көмектесулері керек?

8 Ата-ананың Киелі кітапты зерттеуге деген көзқарасы балаларының Құдаймен қарым-қатынасына қалай әсер етуі мүмкін? Адам біреумен жақсы қарым-қатынас дамытып, оны сақтай алуы үшін, өзі сөйлеп қана қоймай, өзгені де тыңдай білуі керек. Ал Ехобаны тыңдаудың бір жолы — “адал құл” беріп отырған әдебиеттердің көмегімен Киелі кітапты зерттеу (Матай 24:45—47, ЖД; Нақыл сөздер 4:1, 2). Олай болса, балалары Ехобаны сүйіп, онымен берік қарым-қатынас дамытулары үшін, ата-аналар оларды Құдай Сөзін зерттеуге дағдыландырулары керек.

9. Балаларға Киелі кітапты зерттеуді әдетке айналдыруға қалай көмектесуге болады?

9 Балаларға Киелі кітапты зерттеуді әдетке айналдыруға қалай көмектесуге болады? Бұл жерде де ата-ананың үлгісі маңызды. Балаларың әрдайым сендердің Киелі кітапты ынта-ықыласпен оқып және зерттеп жүргендеріңді көре ме? Рас, олардың қамын ойлап, қолың тимейтіндіктен: “Киелі кітапты оқып-зерттеуге уақытты қайдан табам?”— деп ойлайтын шығарсың. Бірақ өзіңнен былай деп сұрап көрші: “Балаларым үнемі менің теледидар көріп отырғанымды көре ме?” Егер осылай болса, оған кеткен уақытыңның біразын жеке зерттеуге арнап, балаларыңа жақсы үлгі көрсете аласың ба?

10, 11. Неге ата-аналар отбасылық зерттеуді жүйелі түрде өткізулері керек?

10 Балаларға Ехобаны тыңдауды үйретудің тағы бір тиімді жолы — Киелі кітапты отбасымен бірге жүйелі түрде зерттеу (Ишая 30:21). Алайда кейбіреулер: “Ата-аналар балаларын қауым кездесулеріне үнемі ертіп баратындықтан, отбасылық зерттеуді өткізудің қажеті қанша?”— деп ойлауы мүмкін. Бұған бірнеше келелі себеп бар. Балаларына тәлім беру — Ехобаның ата-аналарға жүктеген негізгі міндеті (Нақыл сөздер 1:8; Ефестіктерге 6:4). Сондай-ақ Киелі кітапты отбасымен бірге зерттеудің арқасында балалар Құдайға ғибадат ету ел алдында ғана атқарылатын дәстүр емес, отбасы өмірінің ажырамас бөлігі екенін түсінеді (Заңды қайталау 6:6—9).

11 Сонымен қатар жақсылап өткізілген отбасылық зерттеу ата-анаға балаларының рухани және құлықтылық мәселелерге қатысты ойларын білуге мүмкіндік береді. Мысалы, балалар кішкентай болса, ата-аналардың “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым”a сияқты басылымдарды қолдануына болады. Осы кітаптың әр тарауын қарастырғаннан кейін, олар балаларынан соған қатысты пікірлерін сұраса болады. Ал келтірілген Жазба орындарының үстінен ой жүгірту арқылы ата-аналар балаларына ‘жақсы мен жаманды айыра білу’ қабілетін дамытуға көмектесе алады (Еврейлерге 5:14).

12. Ата-аналар отбасылық зерттеуді балаларының қажеттіліктеріне қалай бейімдей алады және сендер бұған қатысты қандай тиімді әдістерді таптыңдар?

12 Балалар өскенде, отбасылық зерттеуді олардың қажеттіліктеріне бейімдеу керек. Мысалы, бір ерлі-зайыптының мектептегі би кешіне баруды өтінген жасөспірім қыздарына дұрыс шешім жасауға қалай көмектескеніне назар аударайық. Әкесі былай дейді: “Біз қыздарымызға келесі отбасылық зерттеуде әйелім екеуіміз балалардың, ал олар ата-ананың рөлін ойнайтынын айттық. Сосын, кімнің әке, кімнің шеше болатынын өздері шешеді деп келісіп алдық та, оларға биге қатысты басшылық беру үшін осы тақырыпты бірге зерттеуді тапсырдық”. Мұның нәтижесі қандай болды? “Қыздарымыздың (ата-ана рөлінде) бізге (балалар рөлінде) биге барудың даналыққа жатпайтынын Киелі кітапқа негіздеп түсіндіріп бергенде, олардың парасаттылығына таңғалдық,— дейді әкесі.— Тағы бір таңғалдырған жайт олардың бидің орнына көңіл көтерудің орынды болып табылатын басқа түрлерін ұсынуы болды. Бұл бізге қыздарымыздың қалаулары мен ойларын білуге жақсы көмектесті”. Әрине, отбасылық зерттеуді жүйелі түрде әрі балалардың қажеттіліктеріне сай етіп өткізу табандылық пен тапқырлықты талап етеді. Десе де бұл күш салуға тұрады (Нақыл сөздер 23:15).

Отбасында тыныштықтың орнауына жағдай жасаңдар

13, 14. а) Қалайша ата-аналар үйде тыныштықтың орнауына жағдай жасай алады? ә) Ата-аналардың қателіктерін мойындағаны қандай жақсы нәтиже әкелуі мүмкін?

13 Садақшы жебені тыныш, ештеңе кедергі жасамайтын жерде тұрып ататын болса, оның нысанаға тиюі әбден мүмкін. Сол сияқты, ата-аналар отбасында тыныштықтың орнауына жағдай жасайтын болса, бұл балалардың Ехобаны сүюді үйренуіне жақсы септігін тигізеді. Жақып: “Татуластырушылар “тыныштық тұқымын” себушілер іспетті. Бұл тұқымның жемісі болып әділ мінез-құлық орнығады”,— деп жазған (Жақып 3:18). Қалайша ата-аналар үйде тыныштықтың орнауына жағдай жасай алады? Бұл үшін ерлі-зайыптылардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болғандары маңызды. Бірін-бірі сүйіп, құрметтейтін ерлі-зайыпты балаларын да Ехобаны және өзгелерді сүюге әрі құрметтеуге үйрете алады (Ғалаттықтарға 6:7; Ефестіктерге 5:33). Ал сүйіспеншілік пен құрмет татулыққа бастайды. Ерлі-зайыптылар өзара тату болса, отбасында туындауы мүмкін келіспеушіліктерді шешу анағұрлым жеңіл болады.

14 Әрине, ешбір неке кемелді емес, сондықтан бүгінде жер бетінде кемелді отбасы жоқ. Кейде ата-ана балаларымен қарым-қатынасында киелі рухтың жемісін танытпауы мүмкін (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сол кезде ата-ананың не істегені жөн? Олар қателіктерін мойындайтын болса, балаларының алдында қадірі азая ма? Мысалы, елші Пауылды алсақ, ол көп мәсіхшінің рухани ‘әкесі’ болған (Қорынттықтарға 1-хат 4:15, Тт). Сөйткенмен де ол өз қателіктерін ашық мойындаған (Римдіктерге 7:21—25). Пауылдың кішіпейілділігі мен шыншылдығы оған деген құрметімізді кемітпей, қайта, арттыра түседі. Кемшіліктері болса да, ол Қорынттағы мәсіхшілерге: “Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар!”— деп сеніммен айта алған (Қорынттықтарға 1-хат 11:1). Сендер де қателіктеріңді мойындасаңдар, балаларыңның оларға мән бермеуі ықтимал.

15, 16. Неге ата-аналар балаларын бауырластарды сүюге үйретулері керек және олар мұны қалай істей алады?

15 Балаларының Ехобаға деген сүйіспеншілігін арттыру үшін ата-аналар тағы қалайша жағдай жасай алады? Елші Жохан: “Біреу: — Құдайды сүйемін,— дей тұра, бауырласын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?”— деп жазған болатын (Жоханның 1-хаты 4:20, 21). Демек, балаларыңды бауырластарды сүюге үйрету арқылы Ехобаны сүюге үйрете аласыңдар. Ата-аналардың өздерінен: “Мен қауым жайлы көбінесе жағымды сөйлеймін бе, әлде сынап-мінеймін бе?”— деп сұрап көргендері абзал. Мұны қалай білуге болады? Балаларыңның кездесулер мен бауырластар жайлы не айтатынына назар аудар. Сонда өз сөздеріңді олардың аузынан естуің әбден мүмкін.

16 Қалай ата-аналар балаларын бауырластарды сүюге үйрете алады? Екі жасөспірім ұлы бар Петр былай дейді: “Балаларымыздың кішкентай кезінен бастап рухани толысқан бауырластарды үйге қонаққа шақырып, бірге уақыт өткізетінбіз және бұған бәріміз мәз-мейрам болатынбыз. Ұлдарымыз Ехобаны сүйетін адамдардың арасында өсті. Құдайға қызмет ету ең жақсы өмір жолы екеніне қазір олардың көздері жетіп жатыр”. Бес қыздың әкесі Денис болса: “Қыздарымызды қауымдағы егде жастағы ізашарлармен достасуға талпындыратынбыз. Сондай-ақ, мүмкін болған жағдайда, аралаушы бақылаушылар мен олардың әйелдеріне меймандостық көрсететінбіз”,— дейді. Сендер де балаларыңа қауымдағыларға отбасы мүшесіндей қарауға көмектесе аласыңдар ма? (Марқа 10:29, 30)

Балалардың жауапкершілігі

17. Қандай шешімді балалардың өздері қабылдайды?

17 Садақшының мысалына қайта оралайық. Ол мерген болғанмен, жебесі майысқан не қисық болса, оны нысанаға дәл тигізуі екіталай. Әрине, ата-аналар балаларының бұрыс ой қалпын түзетуге барынша күш салып, былайша айтқанда, майысқан жебені түзетуге тырысады. Алайда балалар осы дүниеге өздерін “майыстыруға”, не қалыптастыруға, жол бере ме, жоқ әлде Ехобаға өздерін ‘тура жолмен жетелеуге’ мүмкіндік бере ме, мұны түбінде өздері шешеді (Нақыл сөздер 3:5, 6; Римдіктерге 12:2).

18. Балалардың шешімі басқаларға қалай әсер етуі мүмкін?

18 Ата-аналар балаларын ‘Иеміздің тәлімімен нұсқауын беріп, тәрбиелеуге’ жауапты болғанымен, қандай адам боп өсетіні түбінде балалардың өздеріне байланысты (Ефестіктерге 6:4, сілтеме). Сондықтан, балалар, өздеріңнен былай деп сұрап көріңдер: “Мен ата-анамның сүйіспеншілікпен беріп жатқан тәрбиесін қабыл алам ба?” Қабыл алатын болсаңдар, сендердің ең жақсы өмір жолын таңдағандарың. Бұған ата-аналарың өте қуанышты болады. Ал ең бастысы, Ехобаның жүрегін қуантасыңдар (Нақыл сөздер 27:11).

[Сілтеме]

a Ехоба куәгерлері басып шығарған.

Естеріңде ме?

• Қалай ата-аналар дұға ету мен Киелі кітапты зерттеуге қатысты жақсы үлгі көрсете алады?

• Қалайша ата-аналар үйде тыныштықтың орнауына жағдай жасай алады?

• Балаларға қандай шешім қабылдау керек болады және олардың шешімдері басқаларға қалай әсер етеді?

[26-беттегі сурет]

Жеке зерттеуге қатысты балаларыңа жақсы үлгі көрсетесіңдер ме?

[27-беттегі сурет]

Отбасындағы тыныштық үй-ішіндегілердің бақытты болуына септігін тигізеді

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу