Ата-аналар, балаларыңды сүйіспеншілікпен тәрбиелеңдер
“Бәрін де сүйіспеншілікпен істеңдер!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 16:14)
1. Баланың өмірге келуі ата-ананы қандай сезімге бөлейді?
КӨП ата-ана баланың дүниеге келуі өмірдегі ең қуанышты сәттердің бірі екенімен келіседі. Алиа есімді бір ана былай дейді: “Жаңа туылған қызымды алғаш рет көргенде, толқып кеттім. Мұншалықты сүйкімді баланы мен ешқашан көрген емеспін”. Дегенмен мұндай елеулі оқиға ата-анаға қуанышпен бірге уайым да әкелуі мүмкін. Алианың күйеуі: “Қызымды өмірдің қиыншылықтарына толық дайындай аламын ба?” — деп уайымдағанын айтады. Мұндай сезім көп ата-анаға таныс. Олар балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеу керек екенін түсінеді. Алайда балаларын осылай тәрбиелегісі келетін мәсіхші ата-аналар қиындықтарға кезігіп жатады. Олардың кейбірі қандай?
2. Бүгінде ата-аналар қандай қиындықтарға кезігуде?
2 Біз осы дүниенің соңғы күндерінің соңында өмір сүрудеміз. Алдын ала пайғамбарлық етілгендей, бүгінгі таңда сүйіспеншілік сирек кездесетін қасиет болып отыр. Адамдар тіпті отбасында бір-бірін “сүймейтін”, “алғысты білмейтін... ұстамсыз, қатыгез”, “қасиеттіні танымайтын”, не адалдық танытпайтын, болып келеді (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Осындай қасиеттерді танытатын адамдардың арасында өмір сүргені мәсіхшінің отбасы мүшелерімен қалай қарым-қатынас жасайтынына әсер етуі мүмкін. Оның үстіне, ата-аналарға ойланбай сөйлеу, ұстамдылық пен парасаттылық танытпау сияқты туа біткен бейімділіктермен күресуге тура келеді (Римдіктерге 3:23; Жақып 3:2, 8, 9).
3. Қалайша ата-аналар балаларын бақытты етіп өсіре алады?
3 Осындай қиындықтарға қарамастан, ата-аналар балаларын бақытты әрі рухани мықты етіп өсіре алады. Қалайша? “Бәрін де сүйіспеншілікпен істеңдер!”— деген Киелі кітаптағы кеңеске сай әрекет ету арқылы (Қорынттықтарға 1-хат 16:14). Ал сүйіспеншіліктің бәрін де ‘толықтай біріктіретіні’ сөзсіз (Қолостықтарға 3:14). Қазір елші Пауылдың Қорынттықтарға жазған 1-хатында сипатталған сүйіспеншіліктің үш ерекшелігін және ата-аналардың осы қасиетті балаларын тәрбиелегенде қалай таныта алатындарын қарастырып көрейік (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8).
Шыдамдылық таныту қажет
4. Не себепті ата-аналарға шыдамдылық таныту қажет?
4 Пауыл: “Сүйіспеншілік шыдамды”,— деп жазған болатын (Қорынттықтарға 1-хат 13:4). “Шыдамды” деп аударылған грек сөзі ашуға баяу болу дегенді де білдіреді. Ата-аналарға неге шыдамдылық таныту қажет? Олардың өздері бұған көптеген себеп келтіруі мүмкін. Солардың кейбірін қарастырып көрейік. Әдетте бала қалаған нәрсесін қайта-қайта сұраумен болады. Тіпті ата-анасы “жоқ” деп анық айтса да, бала олар жіби ме деген үмітпен сұрауын тоқтатпауы мүмкін. Ата-анасы бұрыс деп есептейтін нәрсені істеуге рұқсат алғысы келген жасөспірімдер болса салғыласуға бейім келеді (Нақыл сөздер 22:15). Сондай-ақ ересек адамдар сияқты балалар да жасаған кейбір қателіктерін қайталай береді (Забур 129:3).
5. Ата-аналарға шыдамды болуға не көмектеседі?
5 Ата-аналарға балаларына шыдамдылық танытуға не көмектеседі? Сүлеймен патша: “Даналығы адамға сабыр сыйлар”,— деп жазған (Нақыл сөздер 19:11). Өздерінің де кезінде ‘балаша сөйлеп, балаша ойлап, балаша пайымдағандарын’ еске алғандары ата-аналарға балаларының әрекетіне түсінушілікпен қарап, даналық танытуға көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 13:11). Ата-аналар, орынсыз өтініш айтып, әкелерің не шешелеріңнің мазасын алған кездерің естеріңде ме? Жасөспірім кездеріңде ата-аналарың сендердің сезімдерің мен қиындықтарыңды түсінбей жатқандай көрінетін бе еді? Солай болса, балаларыңның әрекеттеріне түсінушілікпен қарап, неге айтқандарыңды үнемі әрі шыдамдылықпен олардың естеріне салып отыру керек екенін түсінетін шығарсыңдар (Қолостықтарға 4:6). Бір көңіл қоярлық жайт, Ехоба Исраилдегі ата-аналарға өз заңдарын балаларының ‘санасына құюды’ өсиет еткен (Заңды қайталау 6:6, 7). ‘Санаға құю’ деп аударылған еврей сөзі “қайта-қайта айту”, “нықтай түсу” дегенді білдіреді. Бұл балалары Құдай заңдарын қолдануды үйренбейінше, әке-шешелері оларды қайталап айтып отырулары керек дегенге нұсқайды. Олар балаларына басқа нәрселерді үйрету үшін де осылай етулері керек.
6. Ата-ананың шыдамдылық танытуы неге олардың тым жұмсақ болуын білдірмейді?
6 Алайда шыдамды болу деген тым жұмсақ болуды білдірмейді. Құдай Сөзі: “Бетімен жіберілген бала Анасын ұятқа қалдырар”,— деп ескертеді. Бұған жол бермеу үшін не істеу керек екені сол тармақта айтылған: “Тиянақты тәрбие мен ескерту Баланы ақылды қылар” (Нақыл сөздер 29:15). Кейде балалар ата-анасының өздерін жөнге салуға құқы жоқ деп ойлауы мүмкін. Бірақ мәсіхшілер отбасында басшылық демократиялық жолмен жүргізілмеу керек, яғни ата-ананың ережелерді орнату құқына ие болуы балалардың мақұлдауына байланысты болмау керек. Ехоба отбасының негізгі Басшысы ретінде ата-анаға балаларын сүйіспеншілікпен түзетіп тәрбиелеуге билік берген (Қорынттықтарға 1-хат 11:3; Ефестіктерге 3:15; 6:1—4). Ал мұндай тәрбие сүйіспеншіліктің Пауыл айтып кеткен тағы бір ерекшелігімен тығыз байланысты.
Сүйіспеншілікпен түзетіп тәрбиелеу
7. Неге мейірімді ата-ана балаларын түзетіп тәрбиелейді және бұған не жатады?
7 Пауыл: “Сүйіспеншілік... мейірімді”,— деген болатын (Қорынттықтарға 1-хат 13:4). Нағыз мейірімді ата-ана айтқандарына берік бола отырып, балаларын жөнге салуға тырысады. Осылайша олар Ехобаға еліктейді. “Иеміз сүйетін әркімді Түзетіп тәрбиелейді”,— деп жазды Пауыл. Киелі кітапта түзетіп тәрбиелеу деген сөз тек жазалауды ғана емес, үйрету мен білім беруді де білдіреді. Мұндай тәрбиенің мақсаты қандай? Пауыл айтқандай, “соны басынан өткізіп тәрбиеленгенге ол кейінірек әділдік пен тыныштықтың игілікті жемісін береді” (Еврейлерге 12:6, 11). Ата-ана балаларына мейірімділікпен Құдайдың еркіне сай білім беру арқылы олардың әділ де бейбітсүйгіш адам болып өсуіне мүмкіндік жасайды. Балалар ‘Тәңірдің тәрбиесін’ қабыл алатын болса, алтын мен күмістен де бағалы даналық, білім мен ақыл-парасатқа ие болады (Нақыл сөздер 3:11—18).
8. Ата-ана балаларын түзетіп тәрбиелемесе, жиі мұның нәтижесі қандай болады?
8 Ал ата-ана балаларын түзетіп тәрбиелемесе, бұл мейірімділікке жатпас еді. Киелі рухтың жетелеуімен Сүлеймен былай деп жазды: “Жазасын тартқызбаған баласын сүймейді, Баласын сүйген жасынан тәрбиелейді” (Нақыл сөздер 13:24). Ата-анасы баласын түзетіп тәрбиелемесе, бала жиі өзімшіл және бақытсыз болып өседі. Ал ата-анасы мейірімді, сөйтсе де қойған шектеулерін берік ұстататын отбасындағы бала әдетте мектепте жақсы оқиды, басқалармен қарым-қатынасы жақсы болады, сондай-ақ, жалпы алғанда, бақытты. Олай болса, балаларын түзетіп тәрбиелейтін ата-ана оларға мейірімділік танытады деп сенімді түрде айтуға болады.
9. Мәсіхші ата-ана балаларына не нәрсені үйретеді және балалардың қойылған талаптарға қалай қарағаны жөн?
9 Балаларды мейірімділікпен және сүйіспеншілікпен тәрбиелеуге не жатады? Ата-аналар балаларынан нақты не талап етілетінін түсіндірулері қажет. Мысалы, мәсіхші ата-аналар балаларына кішкентайынан Киелі кітаптың негізгі принциптерін және шынайы ғибадатқа қатысты істерге атсалысудың маңыздылығын үйретеді (Мысырдан шығу 20:12—17; Матай 22:37—40; 28:19; Еврейлерге 10:24, 25). Бұл талаптардың ешқашан өзгермейтінін балалардың білгені жөн.
10, 11. Неге ата-аналар отбасында ережелерді орнатқанда, балаларының өтініштерін ескерулеріне болады?
10 Отбасы ережелерін орнатқанда, кейде ата-аналар балаларын да қатыстыруды шешуі мүмкін. Бала талқылауға қатысатын болса, орнатылған тәртіпті ұстануға анағұрлым бейім болады. Мысалы, ата-ана баланың нақты қай уақытта үйде болу керектігін өздері шешуі мүмкін, не болмаса баланың қалауы мен оның не себепті сол уақытты таңдағанын сұрауына болады. Содан кейін өздері белгілеген уақытты айтып, неге бұны дұрыс деп есептейтіндерін түсіндірулері керек. Бірақ ойлары бір жерден шықпаса, ал бұлай болуы ықтимал, олардың не істеуіне болады? Баланың қалауы Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейтін болса, ата-ана оны ескеруді шешуі мүмкін. Алайда бұл ата-ана билік тізгінін балаларының қолына берді дегенді білдіре ме?
11 Бұл сұраққа жауап беру үшін Ехобаның өз билігін Лут пен оның отбасына қатысты қалайша сүйіспеншілікпен қолданғанын қарастырып көрейік. Періштелер Лут пен оның әйелін және қыздарын Содомнан алып шыққаннан кейін, оларға: “Өліп қалмау үшін тауға барып, соны паналаңдар!”— деді. Алайда Лут: “Жоқ, Тақсыр!”— деп жауап берді. Содан кейін ол өз қалауын айтып: “Міне, алдымызда мына қала бар, ол барып, паналау үшін жақын және кішкентай ғана қалашық қой, соған қашып құтылайын”— деп өтінді. Ехоба оған не деп жауап берді? Ол: ‘Жарайды. Мен осы тілегіңді де орындайын’,— деді (Жаратылыс 19:17—22). Осы жағдайда Ехоба өз билігінен бас тартты ма? Әрине, жоқ! Алайда ол Луттың өтінішіне құлақ асып, ерекше қайырымдылық көрсетуді шешті. Ата-аналар, отбасында ережелерді орнатқанда, кей жағдайларда олардың да өтінішін ескерулеріңе болар ма еді?
12. Қандай жағдайда бала өзін қауіпсіздікте сезінеді?
12 Әрине, бала орнатылған ережелерді ғана емес, оларды бұзатын болса, қалай жазаланатынын да білуі керек. Ата-аналар жаза жайлы балаларымен сөйлесіп, ұққандарына көздері жеткен соң, ережелердің орындалуын қадағалағандары жөн. Айтқанын тыңдамаған баласына жазаланатынын үнемі ескертіп, бірақ оны жүзеге асырмайтын ата-ананы мейірімді дей аламыз ба? Киелі кітапта былай делінген: “Қиянат істерді соттау тез арада бітетін шаруа емес, міне, осыдан барып адамзат әулетінің жүректері жауыздық іс жасаудан сескенбейді” (Екклесиаст 8:11). Ата-анасы баласын ұялтпау үшін оны басқалардың не құрдастарының көзінше жазаламауды шешуі мүмкін. Алайда бала тіпті жазалауға келгенде де ата-анасының “иә” дегені иә, ал “жоқ” дегені жоқ болатынын білсе, өзін қауіпсіздікте сезінеді және оларға деген құрметі мен сүйіспеншілігі арта түседі (Матай 5:37).
13, 14. Ата-аналар балаларын тәрбиелегенде, қалайша Ехобаға еліктей алады?
13 Ата-ана жазаны балаларының ерекшеліктеріне қарай таңдап, жүзеге асыру арқылы да мейірімділік таныта алады. Пам есімді ана былай дейді: “Жазалауға келгенде, екі қызымызға екі түрлі шара қолданатынбыз. Біріне әсер еткен нәрсе екіншісіне әсер етпейтін”. Оның күйеуі Лари былай деп түсіндіреді: “Үлкен қызымыздың алған бетінен қайтпайтын мінезі бар еді. Сондықтан оған қатаң жаза ғана әсер ететін. Ал кіші қызымызға нықтап ескерту жасап, суық қарағанымыздың өзі жеткілікті болатын”. Иә, сүйіспеншілік танытатын ата-ана әр баласына қандай жаза тиімді болатынын байқауға тырысады.
14 Бұған қатысты Ехоба ата-аналарға жақсы үлгі көрсетеді: ол әр қызметшісінің күшті және әлсіз жақтарын біледі (Еврейлерге 4:13). Сондай-ақ жазалауға келгенде, ол тым қатаң не тым жұмсақ емес. Ол қызметшілерін әрдайым “жөнімен” жазалайды (Еремия 30:11, ЖД). Ата-аналар, балаларыңның күшті және әлсіз жақтарын білесіңдер ме? Осы білімдеріңді тиімді қолданып, оларды мейірімділікпен тәрбиелеп жатырсыңдар ма? Осылай етіп жүрсеңдер, балаларыңды сүйесіңдер деуге болады.
Ашық пікір алысу
15, 16. Ата-аналар балаларын ашық сөйлесуге қалай талпындыра алады және кейбір мәсіхші ата-аналар қалайша жақсы нәтижеге қол жеткізді?
15 Сүйіспеншіліктің тағы бір ерекшелігі — ол “әділетсіздікті құптамай, Ақиқатқа қуанады” (Қорынттықтарға 1-хат 13:6) Ата-аналар қалайша балаларын ақиқатты әрі дұрыс болып табылатын нәрсені сүюге үйрете алады? Бұл үшін ата-аналардың балаларын, тіпті айтқандары ауыр тисе де, өз сезімдерін ашық айтуға талпындырғандары аса маңызды. Әрине, балалардың айтқан сезімдері мен ой-пікірлері Құдайдың әділ нормаларына сай болса, бұл ата-аналарды қуантады. Кейде баланың жүрегінен шыққан сөздері оның жамандыққа бейім екенін аңғартуы мүмкін (Жаратылыс 8:21). Бұндай жағдайда ата-аналардың не істеуіне болады? Олар балаларын осындай нәрселерді айтқаны үшін бірден тыйып тастағысы келуі мүмкін. Алайда ата-аналар бұлай ететін болса, балалары көп ұзамай әке-шешесі естігісі келеді деген нәрселерді ғана айта бастауы мүмкін. Әрине, бала дөрекі сөйлейтін болса, оны бірден түзету керек. Алайда балаға қалай ілтипатпен сөйлеу керектігін үйрету мен не айту керектігін нұсқап отырудың арасында айырмашылық бар.
16 Қалайша ата-аналар балаларын ашық әңгімеге тарта алады? Алиа есімді анаға қайта оралайық. Ол былай дейді: “Балаларымыз бізге ұнамайтын нәрселерді айтқанда, біз жағымсыз сезімдерімізді көрсетпеуге тырысамыз. Осылайша балаларымызға ойларын ашық айтуға мүмкіндік береміз”. Ал Том есімді бір әке былай дейді: “Тіпті қызымыз біздің көзқарасымызбен келіспеген жағдайда да, ойын ашық айтуға талпындыратынбыз. Қызымызды үнемі тыйып тастап, өз дегенімізде тұрып алатын болсақ, оның ұнжырғасы түсіп, көңіліндегісін ашық айтпауды шешуі мүмкін екенін түсіндік. Оны тыңдағанымыздың арқасында ол да бізді тыңдайтын болды”. Балалардың ата-аналарының тілін алу керектігі сөзсіз (Нақыл сөздер 6:20). Алайда ашық пікір алысудың арқасында ата-аналар балаларын дұрыс шешімге келуге үйрете алады. Төрт баланың әкесі Винсент былай дейді: “Балаларымыз қандай шешім жақсы нәтиже беретінін көре алулары үшін біз жиі жағдайдың жақсы-жаман жақтарын қарастыратынбыз. Бұл оларға ойлау қабілетін дамытуға көмектесті” (Нақыл сөздер 1:1—4).
17. Ата-аналар не нәрсеге сенімді бола алады?
17 Әрине, ата-аналардың ешқайсысы да Киелі кітаптың бала тәрбиесіне қатысты кеңестерін кемелді түрде орындай алмайды. Әйтсе де балаларың сендердің шыдамдылықпен, мейірімділікпен әрі сүйіспеншілікпен тәрбиелеуге күш салып жатқандарың үшін зор ризашылық білдіретіндеріне сенімді болсаңдар болады. Ехобаның еңбектеріңді бағалап, батасын беретіні сөзсіз (Нақыл сөздер 3:33). Барлық мәсіхші ата-ана балаларының Ехобаға деген сүйіспеншіліктері өздерінікіндей ыстық болғанын қалайды. Олар осы игі мақсатқа қалай қол жеткізе алады? Мұның кейбір жолдары келесі мақалада талқыланады.
Естеріңде ме?
• Ата-ананың балаларына түсінушілікпен қарағаны шыдамдылық танытуға қалай көмектеседі?
• Мейірімділік пен түзетіп тәрбиелеудің қандай байланысы бар?
• Ата-аналардың балаларымен ашық әңгімелескені неге маңызды?
[21-беттегі суреттер]
Ата-аналар, бала кездеріңде қандай болғандарың естеріңде ме?
[23-беттегі сурет]
Балаларыңды ашық әңгімеге тартасыңдар ма?